п.ғ.к. Серикбаева Г.Ж.

Шет тілдер және карьера университеті,

Журналистика және қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі

Тіл тазалығы, сөйлеу мәдениеті

Тіл тек коммуникативтік құрал емес, сонымен бірге адам болмысының, оның мәдениетінің көрінісі, өйткені мәдениет тілден тысқары өмір сүре алмайды.

Тілде әр халықтың тарихы, оның өмірі, тіршілігі, шаруашылығы мен мәдениеті жатыр. Негізгі комуникация құралы тіл болғандықтан, тілге ауызекі сөзге негізделген салт–дәстүрлер, әдет-ғұрыптар да жатады.

Қазақ халқы тіл тазалығына сөйлеу шеберлігіне ерекше мән берген.

Қазақтар тіл өнерін - өнердің өнері деп бағалаған. Асылы жақсы сөзді жанына азық еткен. Жүйелі сөзге бас иген халық - қазақ халқы.

Қазақ зиялылары: А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, М.Балақаев, К.Аханов, Т.Қордабаев, Ы.Маманов, Н.Уәлиев, Р.Сыздықова, А.Жапбаров, Ә.Болғанбаев, С.Исаев, А.Ысқақов, Р.Әміров, Қ.Жұбанов т.б. ғалымдардың еңбектерінде «тіл» ұғымының сан қырлы жағына тоқталады. Тіл табиғатының қыр-сырына терең жан-жақты үңілу – ғалым А.Байтұрсынұлынан бастау алып, Қ.Жұбанов зерттеулерімен өз жалғасын тапқан.

Тіл мәдениеті студенттердің тілін ұстарту міндетін жүзеге асырудың амал-тәсілдерін көрсетеді. Тіл мәдениетіне тән нормалар студенттердің таза, нақты, лайықты әдеби тілмен сөйлеуге, диалект сөздер мен дөрекі сөздерді қолданбауға, сөйлеген сөздері жатық, әсерлі, түсінікті болуын қадағалайды. Сонымен қатар, олардың мәнерлеп оқуын, сондай-ақ өз ойларын логикалық тұрғыдан байланыстыра, жүйелі жазу дағдыларын қалыптастыруға тиіс.

Осы мәселені негізге ала отырып, алдымен тіл мәдениеті дегеніміз не деген сұраққа жауап іздедік. М.Балақаевтың жоғарыдағы мәдениет туралы айтқан анықтамасын ары қарай тіл мәдениетімен жалғастырсақ ол өз ойын былайша көрсетеді: «Тіл мәдениеті дегеніміз - тілдік тәсілдердің ширау, жетілу дәрежесі. Сонымен қатар, ол тіл жұмсаудағы ізеттілік, сауаттылық қана емес, тілдік тәсілдерді, фонетикалық, орфографиялық, орфоэпиялық, морфологиялық, синтаксистік, стильдік құбылыстарды ұқыпты, дұрыс қолдану дағдысы»

«Тіл мәдениеті дегеніміз - сөйлеудегі, жазудағы сыпайылық, ізеттілік қана емес, сонымен қатар айқын ойлылық, сөзді дәл айыру шеберлігі, сөйлеу өнеріне шыныққандық», - деп анықтама береді Н.Уәлиев өзінің «Сөз мәдениеті» атты еңбегінде.

Ал тілші-ғалым Р. Сыздықова: «Тіл мәдениеті дегеніміз - сөздерді дұрыс орнымен қолдану (лексикалық), дұрыс құрастыру (синтаксистік), дұрыс қиюластыру (морфологиялық), дұрыс дыбыстау (орфоэпиялық), сауатты жазу (орфографиялық), тілді әсерлі етіп жұмсау (лингвостилистикалық) нормаларын ұстану, орнықтыру, жетілдіру», - дейді.

 «Тіл мәдениеті» негізінен «Сөз мәдениеті», «Сөзді орынды қолдану» деген ұғымды білдіреді. Өйткені, тіл мәдениетінің негізгі зерттейтін объектісі - сөз, сөздің дұрыс айтылуы, дұрыс жазылуы, дұрыс қолданылуы, сол арқылы ойдың айқын, әсерлі жетуі, екі ұштылықтың, күңгірттіктің болмауы. Соған орай тіл мәдениеті ғылымын үлкен екі салаға: ауызша сөйлеу мәдениеті, сөз қолдану мәдениеті деп бөлуге болады.

Сондай-ақ М. Балақаев, Т. Қоңыратбаев, С. Қирабаев, Ш. Беркімбаева, Н. Уәлиев тағы да басқа ғалымдардың зерттеулерін негізге ала отырып, студент жастардың тіл мәдениетінің төмен болуының себептері деп, төмендегілерді сараладық:

1. Көркем әдебиет оқуға деген студенттердің қызығушылығының төмендігі. Тіл мәдениетіне жастарды тәрбиелеу көркем әдеби шығармаларын көптеп оқумен байланысты. Көркем әдебиетті аз оқитын адамның сөздік қоры аз болады, соған орай олардың сөйлеу мәдениеттілігі мен өз ойын логикалық баяндауы да төмен екендігі байқалады;

2. Мәдени орталықтарға бару, ол туралы пікірлесудің өте сирек кездесетіндігі;

3. Ата-аналардың балаларының тіл мәдениетіне жете мән бермеушілігі;

4. Тілдік ортаның әсері;

5. Тіл мәдениетін қалыптастыруды тек қазақ тілі сабағына міндеттеп, басқа пәндерді бұл мәселеден мүлдем бөліп тастаушылық;

6. Бастауыш сыныпта казақ алфавитін терең меңгермегендігін ескермей, орыс тілі, шетел тілі пәндерін қосып үйрету. Бірнеше тілді игеру ауыр тиетіндігіне көңіл бөлінбеу;

7. Кей оқытушылардың өздерінің тіл мәдениетінің төмендігі. Оқытушының студент алдында сөйлейтін сөзін ешбір оқулықпен айырбастауға болмайды. Студент оқытушыны тыңдағанда одан білім алумен қатар сұлу, көркем, анық, түсінікті сөйлей білуге үйренеді;

8. Отбасы тәрбиесінде ұлттық педагогиканың, халық ауыз әдебиеті үлгілерінің тар шеңберде қолданылуы;

9. Оқытушылардың көпшілігінің бұл мәселеге арнайы көңіл бөлмеуі т.б.

Жалпы тіл мәдениетіне қойылатын талаптар қандай, әрбір мәдениетті адам мәдениетті сөйлеу, қарым-қатынас жасау үшін нені меңгеруі керек деген сұрақтар туындайды. Зерттеуші М. Балақаев өзінің тіл мәдениетін тереңінен зерттеген еңбектерінде тіл мәдениетінің негізгі принципі деп сөйлемдердің, жеке сөздердін тыңдаушыға, оқушыға бірден түсінікті болу керектігін көрсетеді. Зерттеуші жазуда, сөйлеуде адам ойына қажетті сөз таңдағанда олардың стильдік ерекшелігтерін ескеруді айтады. Тілдік норманы қалыптастыру, сауаттылық, тіл тазалығы, сөздерді дұрыс айту, дұрыс жазу тіл мәдениетінің басты талаптары ретінде тұжырымдалады.

Осы сияқты көптеген зерттеушілер, ғалымдар, педагогтардың ой-тұжырымдары мен пікірлерін қарастыра келе тіл мәдениетіне қойылатын талаптарды төмендегідей сараладық:

- сөйлегенде тілдегі дыбыстарды дұрыс, анық айту;

- сөйлеу әуені, қарқыны, дауыс күші мен кідірісті сақтау;

- екпіннің түсуін, үндестік заңын сақтау;

- сауатты, қатесіз жазу;

- жазба мәтіндерде тыныс белгілерін сақтау;

- әріп таңбаларын дұрыс, түсінікті жазу;

- дұрыс айтып, сөздердің тізбегін табиғи заңдылықтарымен дыбыстау;

- сөйлегенде сөз тұлғаларын, түрленуін сақтау, қосымша, көмекші сөздерді дұрыс, өз орнында қолдану;

- сөздерді өз мағынасына қарай қолдану, мағыналарын анық біліп отыру;

- сөйлемдерді, әсіресе, күрделі ойды білдіретін кұрмалас сөйлемдерді дұрыс құрастыру;

- керекті сөзді сөздік құрамның ішінен іріктеп, әдеби вариантын қолдану, ретсіз енген, баламасы бар кірме сөздерді, жергілікті тілге тән диалектілерді, жаргон сөздерді тұс-тұстан қолданудан қашық болып, реттеп отыру;

- тілдегі ауызекі, ресми іс-қағаздарды, публицистикалық, көркем поэзиялық, ғылыми стильдердің әрқайсысының ерекшелігін сақтап отыру;

- сөйлеу әдебінің сақталуы;

- тілдегі көркемдік құралдар, тіл байлығын, оның мүмкіндіктерін пайдалану;

- сөйлеуде тілдің өз заңдылықтарына қатысты халықтың ұлттық ерекшеліктерін сақтау;

Қазақ тілін оқытудың мақсаты — ана тілінің тарихымен бүгіні шешендік өнердің алуан сипаттары туралы мағлұмат негізінде студентердің сөз мәдениетін жетілдіру, тілді әлеуметтік қызметіне сай орынды жұмсай білуге үйрету, интеллектуалдық қабілеттерін арттыру болып айқындалды.

Пайдаланылған  әдебиеттер:

1. Р.Сыздықова.Тілдік норма және оның қалыптасуы. -Астана, 2001.

2. М.Балақаев, М. Серғалиев.Қазақ тілі мәдениеті. Алматы,1995.

3. М Балақаев.Қазақ тілінің мәдениеті.-Алматы, 1971.

4. С.Негимов.Шешендік өнер.-Алматы: Ана тілі, 1997.

5. Р.Сыздықова.Сөз құдіреті.-Алматы:Санат, 1997.

6. Н.Уәлиев. Сөз мәдениеті.-Алматы: Мектеп, 1987.

7. Р.Нұрғалиев. Өнер алды-қызыл тіл.-Алматы: Мектеп, 1974

8. М.Серғалиев.Ғ.Мүсірепов және  тіл мәдениеті.-Алматы,2004