Филологические науки”\ 1.Методика  преподавания языка и литературы

Исаев С.І.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана, Қазақстан

Аға оқытушы, филология магистрі

Төлеген Т. Б.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана, Қазақстан

«Шетел тілі: екі шетел тілі» мамандығының 4 курс студенті

 

Ағылшын тілін үйретуде грамматикалық ойындарды

қолданудың маңыздылығы

 

          Жалпы, орта білім беретін мектептерде қазіргі таңда шетел тілін меңгертуге аса мән беріліп отыр. Қазақстан Республикасындағы ең бірінші кезекте тұрған тіл саясаты туралы басты мәселе мемлекеттік тілді еркін меңгерту, шет тілін меңгертудегі басты мақсат – білім алушылардың сапасын халықаралық стандартқа сай көтеру. Осы орайда ойын технологиясының шетел тілі сабағында қолдану тиімділігі шексіз.

           Aғылшын тілі – қaзaқ елін әлемге тaнытaтын, әлемдік деңгейге шығaрaтын тіл. Сол себепті ағылшын тілін үйренудің маңызы зор. Ағылшын тілін оқытуда ойын түрлерін қолдану оқушының тілді үйренуге деген ынтасын, қызығушылығын арттырып, жаңа тақырыпты жақсы түсінуге әсер етеді және арттырады. Ойын арқылы балалар ағылшын тілінде жеңіл қарым-қатынас жасай алады және шаршағандығын сезбей, әсерлене, қызыға отырып тілді тез үйренеді. Ойын белгілі бір білім беруді мақсат етіп ойналған кезде ғана нәтижелі болады. Ойындар баланың тапқырлығын, байқағыштығын, зейінділігін арттырумен қатар, ерік сезім түрлерін де дамытады.

           Ағылшын тілі сабағында әрбір оқушының сабаққа белсенді қатысуының, ауызекі сөйлеуге құлшындыратын, тілді оқып үйренуге талпынысы мен қызығушылығын арттыратын әдіс-тәсілдер түрі ерекше орын алады. Бұл міндеттерді сабақта оқытудың ойын әдістерінің көмегімен шешуге болады.

          Ойын дегеніміз – жaс ерекшеліктеріне қaрaмaйтын, aдaмның көңіл-күйін көтеретін, ойлaндырaтын үрдіс. Ойын – төзімділікті, aлғырттықты, тaпқырлықты, ұқыптылықты, ізденімпaздықты, іскерлікті, дүниетaным өрісінің көлемділігінің, көп білуді, сондaй-aқ, бaсқa да толып жaтқaн сaпaлылық қaсиеттердің қaлыптaстыруғa үлкен мүмкіндігі бaр педaгогикaлық тиімді әдістердің бірі. 

          Қазіргі таңда қарым-қатынастың шынайы ситуациялық жағдайын моделдеу үшін шет тілі сабағында ойын түрлерін пайдалану үлкен қызығушылық туғызады. И.И. Петричук атап өткендей, «адам өмірінің ғажап көрінісінің бірі ретінде ойын барлық дәуірлердегі философтар мен ғалымдардың назарын аударып келеді. Платонның өзі ойынды пайдалы іс-әрекеттің бірі деп есептесе, Аристотель ойыннан жан-дүниенің тепе-теңдігі мен жан мен дененің үндестігін көрген» [1.37]. Біздің мақсатымыз - сабақ барысын қызықты ету. Оқушылардың назары бірқалыпты емес, олар ең қызықты нәрсеге баса көңіл аударады.

         М.Ф.Стронин бойынша, ойын дегеніміз эмоциялық және ақыл-ой күшін талап ететін, ерекше ұйымдастырылатын іс-әрекет [2.193]. Ойын әрқашан да қабылданатын шешімді болжайды – не істеу керек, не айтқан дұрыс, қалай ұта аламыз? Осы сауалдарды шешуге деген ынта ойыншының ойлау қабілетін арттырады. Ал балалар үшін ойын, ең алдымен, қызықты іс. Сонысымен де ол оқытушыларды, оның ішінде шет тілі оқытушыларын тартады. Ойында барлығы тең. Оған, тіпті, сабақ үлгерімі төмен оқушының да қабілеті де бар. Теңдік сезімі, қызығушылық пен қуаныш атмосферасы, берілген тапсырманы орындауға күш-жігерінің жететінін сезіну – мұның барлығы оқушыға сөйлеуде шет тілін қолдануға кедергі жасайтын ұялшақтықты жеңуіне мүмкіндік беріп, оқу барысында нәтижелі болады. Тілдік материал білінбей бала бойында қалыптасып жатады.

          Л.С.Выготскидің «жалған жағдаят» терминологиясы бойынша, ойын шыңы сюжетті немесе рөлдік ойындар болып есептеледі [3.37].

          Мұғалім жұмысының негізгі міндеті А.С.Макаренконың пайымдауына сай келеді: «Ойын баланың өмірінде үлкен маңызға ие, оның үлкейгенде қоғамдағы орны мен жұмысына, қызметі қандай болатынына да әсер етеді. Бала ойында қандай болса, есейген соң қызметінде де сондай болады» [4. 56].

          Алайда сабақ барысында пайдалануға кеңес берілетін ойындар көбіне дамытушы емес, оқу-жаттығу мақсатында болып келеді. Оқу-жаттығу ойынының басты мақсаты машықты (грамматикалық, лексикалық, және сөйлеу дағдылары), шеберлікті (монологтық және диалогтық пікір) дамыту. Оларға қарама-қарсы ойын түрі дамытушылық. Оның мақсаты қабілеттілікті, оның ішінде дағды мен шеберлікті (оқу, сөйлеу, жазу, тыңдау) дамыту.

           Көптеген әдіскерлердің пікірінше, оқу-жаттығу ойындарын грамматиканы үйреткенде пайдаланған тиімді.

          Грамматика – бұл әдістемеде тұрақты даулардың объектісі. Шет тілін үйретуде грамматиканың рөлі мен орны туралы дауларды шешудің әртүрлі тәсілдері белгілі.

          Оқушыларға шетел тілі сабағында грамматиканы оқу ұнамайды, яғни теориялық білім оны үйренуге көп уақыт пен ерекше назар аударуды талап етеді. Ал орта мектептегі оқушылар үшін бұл әрқашан қызықты бола бермейді.

          Грамматикалық ойындардың ерекшелігі мұғалім ұсынатын кез келген үлгі – бұл алдамшы үлгі емес, коммуникативтік міндетті шешудің үлгісі. Балалар әрқашан не (мақсат) не үшін (мотив) екенін және мұны не үшін істеп жатқанын біледі.

          И.Л.Бимнің айтуынша, грамматиканы үйретуде екі негізгі мақсатты жекелеп көрсетуге болады: бірінші, мазмұнына мән бере отырып, оқушының ауызекі сөйлеуінде грамматикалық ережелерді дұрыс пайдалануға үйрету; екіншіден, берілген ақпараттың үзіндісіне назар аудара отырып, оқу мен тыңдауда оқушыларға грамматикалық құбылыстарды тануға үйрету [5.223].

          Грамматикалық дағдыларды қалыптастыруда оқушының сөйлеу дағдыларын дамытатын жұмыстың тиімді амалы ретінде ойын қарастырылады. Шет тілі сабағында қолдануға ұсынылатын грамматикалық ойындардың көптеген әдістемелік оқу құралдары бар.

         Грамматикалық ойындардың негізгі мақсаттары мынадай:

- Оқушыға белгілі бір грамматикалық қиындықтары бар сөйлеу үлгілерін қолдануды үйрету;

- Берілген сөйлеу үлгілерін қолдануды қалыпты жағдаят туғызу;

- Қатысушының сөйлеу белсенділігі мен дербестігін дамыту.

          Осылайша, ойын грамматикалық әртүрлі жағдаяттарда пайдаланылатын, грамматикалық дағдыларды қалыптастыруда тиімді амал болып есептеледі.

          Сынып деңгейіне сәйкес келетін грамматикалық ойын түрін таңдау үшін мұғалім өзіне төмендегідей сұрақтарды қоюы қажет:

- Ойын барысы мен нәтижесінде грамматиканың орны мен рөлі бар ма? Олар қандай және қаншалықты жоғары?

- Бұл қандай ойын? Стартегиялық па, әлде грамматикалық коммуникативті ме?

- Грамматика оқушы жасына сай келе ме?

- Грамматикаға барлық оқушылар қатысып жатыр ма? Олардың барлығының қатысуы қажеттігі бар ма?

- Сіздің оқушыларыңыз ойынға қызыға ма?

           Осы сауалдармен қатар қосымша мынадай сұрақтар да маңызды:

- Атамыш ойын түрінде сіз қандай грамматиканы енгізіп, қолдануға үйретуді жоспарладыңыз?

- Ойын ойнау барысында барлық сыныпты басқара аласыз ба?

- Бұл грамматкиа ойыны үшін сізге арнайы бір материалдар қажет пе? Солай болса оларға қол жеткізу оңай ма?

- Бұл ойынды ойнау кезінде оқушылардың үлгерімін қалай бақылай аласыз?

- Ойынның ұзақтығы қанша уақыт болмақ?

- Грамматиканы ойынның қай сәтінде енгізесіз?

- Ережелер анық түсінікті ме? Ұстаздың сөйлеу уақытының ұзартпай ойынды қалай сәтті жеткізесіз?

          Шет тілі сабақтарында ойында пайдалану арқылы жаңа грамматикалық материалды үйрету оңайырақ әрі оқушылар ойыннан шаршап, жалығып кетпейді.

           Ойын - грамматикалық материалдар әртүрлі жағдаяттарда қолданылатын грамматикалық жетістікке жетуде тиімді жұмыс түрі. Жасөспірім шақта назар, есте сақтау қабілеті, елесте алу туралы оқушының өз түсінігі болады. Жасөспірімнің аталмыш қабілетті игергені сона жоғарыдағы қасиеттерді ендігі  өздері басқарып кете алады. Сонымен қатар, есте сақтау логикалық сипатқа ие болады, ал жасөспірімдердің неге аса көңіл бөлетінін назардан тыс қалдырмай, ылғи байқап-біліп жүру маңызды. Қиялдай алу шығармашылықта өте жақсы көрініс тапса, абстрактілі ойлау өз бетінше дамуға жол алады. Демек, шетел тілі сабағында грамматиканы оқу кезінде дамытушы ойындарды қосып отыру өте орынды. Яғни, дәл ойындар сабаққа деген қызығушылық пен көңіл бөлуге көп жақсы әсерін тигізіп, қатысушының абстрактілі ойлауы мен шығармашылық қабілетін арттырады.

          Қорыта айтқанда, әдебиеттерді талдау ағылшын тілін үйрену процесінде ойынды қолдану өте пайдалы екенін көрсетті. Барлық әдіскерлер мен психологтардың ойынша, ойын мотивациясы грамматикалық материалды қалыптастырудағы басты негіздердің бірі деуге болады.

          Осылайша, орта мектеп оқушыларына ағылшын тілі сабағында грамматикалық материалды үйрету процесінде ойын түрлерін пайдалану орынды әрі өте қажет деген ұйғарым жасай аламыз.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Петричук И.И. Еще раз об игре / И.И. Петричук // Иностранный язык в школе. – 2008. – № 2. – С. 27-37;

2. Стронин М.Ф. Обучающие игры на уроке английского языка. - М.: «Просвещение», 1984.

3. Выготский Л. С. Игра и ее роль в психологическом развитии ребенка //Вопросы психологии. – 1966. - №6.

4. Макаренко А.С. Педагогическая поэма. - М.: Педагогика, 1981.

5. Бим И.Л., Пассов Е.И. Книга для чтения.-М.:«Просвещение», 1991. - С.223.