ф.ғ.к.,
доцент Кадина Ж.З.
1 курс студенті Қайырбекова Т.Қ.
Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды
мемлекеттік университеті, Қазақстан
Ана тілі —
белгілі бір этностың қалыптасып, ұлт деңгейіне дейін
үздіксіз дамуына ұйтқы болып келген және сол
этностың негізгі тілі саналатын, өзара қауымдаса тіршілік
етуіне қажетті тіл. «Ұлттың тілі – ұлттың ділі»
демекші, қандай ұлт пен ұлыс болмасын ең басты
байлығы – ана тілі. Тілін жоғалтқан халықтың жеке
мемлекет болып басқа елдермен терезесі тең дәрежеде
тұра алмайтындығы тарихтан белгілі. Сондықтан сан
ғасырлар бойы арман болған тәуелсіздігімізге қол
жеткізіп, егеменді ел болып жатқан сындарлы кезеңде
мемлекетіміздің нышаны ана тілімізді бүкіл тіршілігіміздің
түп қазығына айналдыру – әрбір ұлтжанды
азаматтың басты міндеті. Ана тілінің қадір-қасиетін
біле білген халқымыз оны ұлттың рухына, қазына
байлығына балайды. Себебі не? Себебі, тіл – халықтың жаны,
сәні, тұтастай кескін-келбеті, ұлттық болмысы. Адамды
мұратқа жеткізетін – ана тілі мен ата дәстүрі. 1989
жылы 22 қыркүйек - Қазақстанда Қазақ ССР
Жоғарғы Кеңесі "Тіл туралы заң"
қабылдап, оған сәйкес қазақ тіліне мемлекеттік
мәртебе берілген. Республикамызда мемлекеттік тілдің қолдану
аясын кеңейту – бүгінгі таңдағы өзекті
мәселе. Тәуелсіз Қазақстанда тіл мәселесіне
айтарлықтай көңіл бөлініп келеді. 1997 жылы «Қазақстан
Республикасы Тіл туралы» Заңы қабылданғаннан бері мемлекеттік тіліміз болып – Қазақ
тілі белгіленді. Осы Заң Қазақстан Республикасында
тілдердің қолданылуының
құқықтық негіздерін, мемлекеттің оларды
оқып-үйрену мен дамыту үшін жағдай жасау
жөніндегі міндеттерін белгілейді, Қазақстан Республикасында
қолданылатын барлық тілге бірдей құрметпен
қарауды қамтамасыз етеді. Елбасының
«Қазақстанның болашағы – Қазақ тілінде»,
«Ана тілі – бәріміздің анамыз, өйткені ол –
ұлтымыздың анасы» деген сөзінен тілден асқан
байлық жоқтығын, халықпен бірге мәңгі
жасайтын тіл байлығы екенідігін түсінуге болады.
Елбасымыз
Н.Ә. Назарбаев «Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат
бар! Ана тіліміз Мәңгілік елімізбен бірге Мәңгілік тіл
болды. Бұл мәселені даудың тақырыбы емес,
ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн. Біздің
тіліміз мемлекеттің барлық жүйесінде қолданылуы
үшін біз өзімізді өзіміз қамшылауымыз керек және
осыған өзіміз атсалысуымыз қажет. Мен әлемдегі ең
бай, ең сұлу тілдердің бірі – қазақ тілінің
құдіретіне әрдайым сенемін. Тіліміз - бірлігіміздің
тірегі, халқымыздың ұлттық байлығы» деп, кезекті
бір жолдауында айтып өткен болатын [1].
Қазақ
ресми іс қағаздар стилі халықтың
қоғамдық өмірімен, мәдени өркендеуімен,
әдеби тілдің жанрлық тармақталуымен,
қоғамдық қызметінің артуымен байланысты дамып,
жетіліп отырған. Қазақ ресми іс қағаздар
тілінің тарихына шолу жасай отырып, оның екі түрлі арнадан
сусындағанын байқауға болады. Бірі – сонау көне
дәуірден бері үзілмей келе жатқан хан жарлықтары
және де ресми құжаттар үлгілері.
Екіншісі-қазақ жерінің Ресей мемлекетінің қол
астына кіруімен байланысты қазақ тіліне аударылып таратылған
орыс әкімшілік орындарының бұйрық-жарлықтары,
заңдары, қатынас қағаздары. Яғни, қазіргі
қазақ ресми іс қағаздар тілі жоқ жерден пайда
бола салмаған, өзіндік тарихы бар құбылыс.
Бұрынырақта
қазақтар саны басым алыс аудандарда ғана іс
қағаздары қазақша жүргізіліп келгені мәлім.
Қазіргі таңда республикамыздың барлық
аймақтарында іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге
бет бұрды. Бұл әрине әр мекемеде әр түрлі
дәрежеде атқарылып жатқан іс. Бұл істің
оп-оңай орындалып, бір күнде қалыптаса қалмайтыны
белгілі. Осыған байланысты мәселелер де жетерлік. Оның
бірі-мемлекеттік қызметкерлердің ана тілінде еркін сөйлеп,
жаза алмайтыны. Ал орыс тілді кез-келген маман орыс тіліндегі ресми
құжатты еркін жазып шығады. Бұның себебі,
біріншіден, тілді жетік меңгергендігі болса, екіншіден орыс тілінде іс
қағаздары ғасырлар бойы уақыт тезінен өтіп
әбден қалыптасқан, қай салада да дайын, мәтіндері
стандартқа айналған. Оларда бұл дәстүрлі мектеп.
Біз қазақ тіліндегі іс қағаздарын да осындай
дәрежеге көтеруіміз керек. Екінші мәселе-қазақ
тілінде іс қағаздарын жүргізуге байланысты
оқулықтар, оқу құралдары, сөздіктер, іс
қағаздарының үлгілері әлі де аз десе болады. Үшінші мәселе-жоғары
оқу орындарында, арнаулы оқу орындарында іс қағаздарын қазақша
жүргізуге байланысты пән оқу бағдарламасына міндетті
курс болып енгізілуі керек [2].
Мемлекеттiк
тiл - мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық
қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк
басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс
қағаздарын жүргiзу тiлi. Мемлекеттік тілді іс
қағаздарын жүргізуде қолдану мемлекеттік тілді дамытудың
бірден-бір шарты. Егерде іс, ресми тілге
жүгінген жағдайда ресми тілде жауап беріліп, міндетті түрде
қазақ тілде аудармасы болуы қажет. Тіл мәселесі
қашанда басты назарда тұрды. Өйткені
қоғамның ілгері дамуы да, мәдениеттің
өркендеуі де тілмен тығыз байланыста болады. Мемлекеттік Тіл
мәртебесі конституцияда бекітілген, мемлекеттік мекемелерде
іс-қағаздар осы тілде жүргізіледі. Әдетте мемлекет
негізін құраушы әрі жердің байырғы иесі болып
саналатын халықтың тілі мемлекеттік тіл болып бекітіледі. Қазақстан Республикасында
қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қызмет
етуінің бірнеше алғы шарты бар. Атап айтқанда, сол тілді
қолданушылардың санының жеткілікті болуы, табиғи
және табиғи емес тілдік ортаның болуы, республиканың
барлық аймақтарына таралуы, қоғамдық
өмірдің әр алуан саласында қызмет етуі және
ауызша әрі жазбаша түрде қызмет етуі сияқты сыртқы
факторлардың болуы, сондай-ақ қазақ тілінің
құрылым-жүйесі жетілген, лексика-фразеологиялық
қоры аса бай, ежелден келе жатқан жазба және ауызша
дәстүрі бар ұлттық тілдердің бірі ретіндегі ішкі
тілдік факторлардың болуы – қазақ тілінің мемлекеттік
тіл ретінде қызмет етуіне толық мүмкіндік береді.
Мемлекеттік
тілдің қоғамдық қызметі
қоғамдық өмірдің аса маңызды мынадай
салаларында жүзеге асады: басқару, ақпарат, білім беру мен
тәрбие ісі (мектепке дейінгі
мекемелер, бастауыш, орта мектеп, жоғары мектеп), ғылым мен техника
(ғылыми-зерттеу мекемелерде); қоғамдық ғылымдар,
жаратылыстану мен нақты ғылымдар, техникалық және
қолданбалы ғылым, экономика салаларында, ғылымның
жалпыға ортақ салаларында,
бұқаралық ақпарат құралдары
саласында, іс жүргізу саласында; мемлекеттік,
қоғамдық-саяси, мәдени мекемелер мен ұйымдарда;
дене тәрбиесі, спорт, туризм, денсаулық сақтау мен емдеу
мекемелерінде; қоғамдық тамақтандыру орындарында;
өнер мекемелерінде (театр, кино); дипломатиялық
қарым-қатынаста; әскери-патриоттық тәрбие және
білім беру ісінде; шаруашылық жүргізу және
ұйымдастыруда; өндіріс және өнеркәсіп орындарында;
Қазақстан Республикасында өтетін республикалық,
халықаралық құрылтай, конференция, мәжіліс,
жиындар т.б. [3].
Қазақстан
Республикасы Жоғарғы Соты төрағасының 2009
жылдың 27 ақпанындағы «Ісқағаздарын мемлекеттік
тілге көшіру туралы» №36 шешімі бойынша, қазір іс
қағаздарын жүргізу номенклатурасына сәйкес
жүргізілетін кітаптар, есептік карточкалар, жедел кеңес және
семинар сабақ хаттамалары, жоғары сатыдағы соттармен
және басқа да мемлекеттік мекемелермен хат алмасу тек мемлекеттік
тілде жүргізіледі делінген. Бұдан қазақ тілінің
беделінің жоғарылауын, тілдік құрметтің
және ұлттық тілдің ұлылығының артуын
байқауға болады.
Жоғары
оқу орындарында 2006-2007 оқу жылынан бері іс қағаздар
мемлекеттік тілде жүргізіліп келеді. Күнделікті жұмыста
әр маман қазақ тілінде дайындаған
құжаттарын мекеменің мемлекеттік тіл жөніндегі
мамандардың сараптамаларынан өткізеді. Осылайша олар бірте-бірте
бұл іске біршама жаттыға, үйрене бастады. Осы жылдары іс
жүргізуші мамандарға арналып «Мемлекеттік тіл – іс
қағаздарын жүргізу тілі», «Ана тілімізде іс
қағаздарын сауатты жүргізейік!», «Ресми іс
қағаздарын мемлекеттік тілде ресімдеу» және «Аударма
және құжаттарды мемлекеттік тілде ресімдеу мәселелері»
атты әдістемелік және көмекші құралдар
шығарылды. Жүргізілген іс-шаралардың барлығы, мемлекеттік
тілде іс қағаздарын жүргізу қазақ тілінің
мемлекеттік тіл ретінде дәрежесінің өсуін көрсетеді.
Жоғарғы
оқу орындарындағы «Мемлекеттік тілде іс қағаздарын
жүргізу» пәнінің берері көп. Студенттердің бойында осы пән арқылы тілдік жауапкершілікті
сезіндіру және іс қағаздарды қазақша
жүргізудің мемлекеттік құндылығын,
әлуметтік маңыздылығын, оның қазақ
тілінің мемлекетік тіл ретінде қызмет етуінің алғы шарттарының
бірі екендігін ұғындырып, іс қағаздарын
жүргізудің дербес ғылым екендігін таныту. Іс
қағаздарын жургізудің тарих, саясаттану, архив ісі, тіл
білімі, педагогика сияқты ғылым салаларымен байланысын
көрсетіп, үлкен маңызға ие екендігін дәлелдеп,
сол арқылы тіл мәртебесін жоғарылату. Мемлекетіміздің
арқа сүйер болашақ мамандық иелерін іс
қағаздарын толтырудың мемлекеттік стандарттары мен толтыру
әдістері, жазылу стилі, қызметі, мақсаты сияқты білім
негіздерімен қаруландырып, қазақ тілінің
қоғам дамуындағы рөлінің күшеюіне
олардың өз септігін тигізуін қамтамасыз ету [5].
Қорыта
келе, іс қағаздар қоғам өмірінде үлкен
қызмет атқарады. Іс қағаздары саяси, тарихи,
құқықтық, экономикалық маңызы зор, ақпараттың табылыс
қайнар көзі бола алады. Құжаттар фактілерді,
оқиғаларды, қоғам өмірінің
құбылыстарын дәлелдейтін айғақ қызметін де
атқарады. Қазір Елбасымыз мемлекеттік тілде іс жүргізумен
қатар үш тілді білуді міндеттеп отыр. Болашақта бұл
үлкен мәселе болмақ. Үш тілді білу үшін алдымен
өз тілімізді меңгергеніміз жөн. Өз тілімізде таза
сөйлеп, қадірлеп, өзге тілді де үйрене білген адам рухани
бай адам болмақ. Өйткені, сол тіл арқылы басқа
халықтың мәдениетін, дәстүрін үйренеді,
басқа тілді үйрену арқылы танымы кеңейеді. Сондықтан, «өзге
тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп
ақын Қ.Мырзалиев айтқандай, басқа тілді біле отырып,
ең алдымен өз ана тілімізді құрметтеуге шақырамын
және тіл мәртебесі үнемі биікте көрінгенін
қалаймын.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1. Қазақстан Республикасының Президенті
Н.Ә. Назарбаевтың жолдауы. –Астана, 2014.
2. Қ.Жарықбаев «Ақылдың кені ұлағатты сөздер». –Алматы:
«Ана тілі» баспасы ЖШС, 2008.
3. Л.Дүйсембекова «Іс қағаздарын
қазақша жүргізу». –Алматы: «Ана тілі», 2001.
4. Л.Дүйсембекова «Қазақ тілі: Іс
қағаздары жүргізу». –Алматы: «Мемлекеттік тілді дамыту
институты» (Екінші басылым), 2011.
5. Салагаев В., Шалабай Б. Іс қағаздарын
жүргізу //Алматы, «Раритет», 2006.