Тәңірбергенова Г.К., Мәлік Г.
Есенқұл
Жақыпбек шығармашылығы
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе
өңірлік мемлекеттік университеті, Қазақстан.
Поэзия өнерінің майталманы, қара
өлеңнің көсегесін биіктетіп, өзіндік дара жолын
қалыптастырған Есенқұл Жақыпбек
шығармашылығы сан қырлылығымен ерекше. Суырып салма
қабілетімен танылған дарын,
дауылпаз ақын, айтыс
өнерінің хас шебері еді. Халық ауыз әдебиетінің
жауһарларын барынша терең де, жан-жақты меңгеріп, бала
күнінен Сүйінбай, Жамбыл, Құлмамбет,
Үмбетәлі, Кенен бабаларымыздың ақындық мектебінен
нәр алған ақын, айтыста да, жазба ақын ретінде де
қамшы салдырмайтын шын шабыттың иесі болатын.
Адам баласы өмірге
елеусіз тозаң секілді із-түссіз
жоқ боп кету үшін тумайды, ол өзгеледің
ақыл-ой, таным дүниесінде, жүрегінде із қалдыру
үшін туады. Әсіресе, бұл ақындарға тән. Ақын
Есенқұл да артына өшпестей мол мұра қалдырды.
Оның алғашқы жыр
жинағы 1984 жылы «Қарлығаш» деген атпен жарық
көрді. Кейін, «Біз екеуміз» 1990 жж., «Жеріңе табын» 1994 жж., «Жанқисса»
1996 ж., «Есіл дүние-ай» 1999 жж., «Біздің елдің жігіттері»
және «Бұл жаз да өтер» 2001 жж., атты өлеңдер
жинағы баспа жүзін көрді. Сондай-ақ, «Тау басында
кәрі қар» атты еңбегі де оқырманға таныс.
Өзінің
ақындық қабілеті жайында автор былай дейді: «Өзімнің
ақын екеніме кейде сенемін, кейде сенбеймін. Мұқағали
күнделігінде өлең жазғанда менің
құлағыма біреу бірдеме деп сыбырлап тұрады дейді, менде
ондай да қасиет жоқ. Әйтеуір, тәнім –
күйбең тіршіліктің құлы, жаным – өлеңнің
құлы екендігі айдан анық».
Расымен де, суырып-салма қабілетімен танылған ақын, өлең
құдіретін түсінетін поэзияның нағыз жанашыры еді.
Кез келген талантты қаламгердің ең бірінші сыншысы –
ақынның өзі. Оған дәлел мына шумақтар:
Өлең жазам… Бар ісім осы ғана.
Өлең бердім досыма, қасыма да.
Туыс-туған ішінде еркелетті,
Мұқағали, Төлеген, Қасым
аға.
Арғы атамды сұрасаң – Абай, Жамбыл.
Өрт Махамбет өз ағам – Абайлап
жүр!
Жолдас болдым бөрінің бөрісімен,
Сырлас болдым серінің серісімен,
Аруақтандым солардың перісімен
[1;7-б. ].
Ақын,
елге үлгі болар адам образын танытуға талаптанады. Адамның
жақсы қасиеттерін термелеп отырып, ерлікті бірінші орынға қояды. Елі үшін еңіреп туған ер азаматқа деген қаламгер ықыласы бөлек. Ел арасында кеңінен тарап,
тыңдарманы сүйсіне тыңдаған «Біздің елдің
жігіттері» деген өлеңінде нағыз азамат, нақ ердің
нар тұлғасын сүйсіне
жырлайды:
Біздің елдің жігіттері – жігіттердің
сырттаны,
Кешегі өткен ақындар мен батырлардың ұрпағы.
Ерте туып, еш заманның маңдайына
сыймаған
Өз елінің ұлтаны мен өз
елінің сұлтаны.
Олар жайлы білгің келсе, ортасына кіріп көр,
Солар жүрген жолдарменен дәтің болса жүріп
көр.
Ерте туып, еш
заманның маңдайына сыймаған
Қайран біздің қасиетті
қара нардай жігіттер [1;34-б.].
Ақын қай
өлеңін алсақ та оның тәрбиелік мәні,
тағылымдық маңызы зор. Оның басты ерекшелігі
шынайылығында. Өлеңдерін оқи отырып,
үйреншікті айқын
теңеулер арқылы бейнелеуге келгенде
шеберлігі, өлең тілін жан-жақты меңгергеніне көз жеткізуге
болады. Алуан түрлі тақырыптарға жазған
өлеңдерінің де әлеуметтік сипаты жоғары, ойлы, терең.
Шығармаларында адамгершілік сарын басым.
Жыр иірімдерінен өмірге деген асқақ
құлшынысты, болашаққа деген зор сенімді
аңғаруға болады. Адамның жартылысы мен оның қоғамдық
орны туралы нанымды ой-пікірі жырларының әр беріп, оқырманын
баурап алады.
Өмір,
қоғам мәселелерін тереңнен толғап, көп сыр
шерткен тынысы кең ақын аталған жайттарды бүге-шігесіне
дейін тәпіштеп жырлайды. Оның назарынан еш нәрсе қалт
қалған емес. Қоғамның қалтарысы мен
көлеңкесін жырласа да, болашақтан жақсылық
күтіп, жарқын өмірден күдер үзген емес. Осы
арқылы оқырманын да бір
серпілтіп тастайтын:
Жас
едік бір күлгені мың
қаралық,
Бізде
осы қуаң тарттық гүлдеп алып,
Өмірден
қай қорытынды шығарсаң да,
Бәрі
де тіреледі мұңға батып.
Егдеміз
егде жасқа бағынышты.
Кеудеңде лықып тұрған
сағынышты
Білмейсің айтарыңды кімге
барып
Сонда
да шуағы ұяң тұман таңда
Ынтығып
оянасың күнге жарық [2;2-б.].
Ақын
үшін өмірдің маңызы зор. Мәні биік. Тіршілікті қалай болса, солай өткізе салуға түбегейлі
қарсы, жаны қас. Самарқаулық пен
селқостықты дұшпан санайды. Оның аңсағаны мазмұнды
тірлік, берекелі әрекет:
Пендеміз мәңгі жүрген септеп үміт,
Ештеме құлазисың жоқ көрініп.
Өрісі тар, өзі кең бұл ғаламда
Адасқан
ұқсап бөтен
тырналарға
Алармыз байқатпай бір көшке кіріп [2;26-б.].
Бастың амандығы, елдің тыныштығы
– ақынның басты мұраты.
Бүтіндік пен бірлік өмірлік
басты талап болса дейді.
Есенқұл жырлары
тақырып
ауқымының
кеңдігі, көркемдік қуатының өзгешелігі жағынан
да оқшауланады. Ақындық табиғаты күрделі, шығармашылығының қыры
да, сыры да мол. Ақындық болмысы
мен ерекшелігіне, бейнелеу шеберлігіне
көз жіберер болсақ, ол күшті
ағысы мол, тау
суындай тасқынды. Өз
қолтаңбасы, өз мәнер-машығына қоса
ақындық мәдениеті де қалыптасқан ақын өз
кезеңіндегі қазақ поэзиясының қарымын,
өресін де таныта алды, үлесін қосты. Талантты, табиғаты
құнарлы ақынның арынынан жігерлі тұлғаның
сазы естіледі.
Өмірге
көзқарасы бар кез-келген суреткердің, ақынның
өз түйін, өз тұжырымы, өз философиясы бар. Оны
әр суреткер шеберлік арқылы таныта алады. Автор бұл
шеберліктің шынынан өтті деп айта аламыз:
Езілген үнсіз дүние
Сыз. Нөсер. Күз...
Емексіп бұл өмірден біз де өтерміз,
Бірде жақсы, ал бірде жек көріліп,
немесе:
Қара тас сенен қорықпаймын,
Сенен де кейде от шығар.
Айналайын ағайын!
Сендермен жерді
бір басқан,
Сүйгізген, сүйген,
мұңдасқан.
Өмірі өлең жыр-дастан,
Менде де арман жоқ
шығар [2;2-б. ].
Оның
өмір ағымы туралы
түйіндері бір кездегі
халық түсініктерін танытқандай. Өткінші дүниеден
қапы қалмай, маңызды, мәнді істер жасап өтуді ұсынады. Тума талант шабытты шағында
өлең
нөсерін селдетіп, жыр
топанын
тұрғызады. Қиналып, өлерменденіп те жазбайды. Арам тер
боп тыраштанып,
тыртаңдамайды да. Есенқұл – ұлт ақыны. Оның өлеңдерінде қазақ қаны
атқақтап, қаракөздердің жүрегі
лүпілдеп соғып тұрады, ұлттық намыс
отайлап көрініс береді.
Қай кезде де
өнер иесі – өзі жасаған дәуірдің перзенті. Қас өнер шебері өз заманының тілегіне сай
қызмет атқарып, жалпы адам баласы
мүдделерін көздейтін рухани
тәлім- тәрбие беруге азды-көпті үлес қосады. Туған
елінің сойылын соғып, жоғын жоқтайды. Терең
де, мағыналы идеялар ұсынып,
ұмытылмас өресі биік шығармалар туындатады. Өзіне ғана тән сөз
өрнектерін төгіп, бейнелі сөз кестесін жасайды. Есенқұл
Жақыпбектің де әдебиет саласында өзіндік орны бар ойлы ақын. Көркем туындылары мазмұны
жағынан қандай
салмақты болса, түр жағынан да сондай көрікті, сан
алуан. Өлеңдерінде
артық сөз, орынсыз пікір кездеспейді. Бәрі белгілі
өлшемге сай, терең ойға құрылып, етек жеңі
жинақы келеді. Жалпы алғанда, ақынның шеберлігі
жөніндегі зерттеулер әр қырынан қарастырылып, таныла
түсетін өзекті тақырыптардың бірі деп есептейміз.
Пайданылған әдебиеттер:
1.
Жақыпбек Е. Біздің елдің жігіттері. –Алматы: «Жалын»,1999.
2.
Жақыпбек
Е. Тасқара құстың тағдыры// Alashainasy.kz 10.06.2014.
3.
Қазақстан жазушылары: Анықтамалық
/Құрастырушы: С.Қамшыгер, Қ.Жұмашева. – Алматы:
«Ан арыс», 2009.