Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ

                         Шетел тілі факультетінің студенті Серікбаева Раушангүл

    Қазақ тілінің практикалық курсы кафедрасының

                                                                   аға оқытушысы Б.О. Рахимбаева

 

АРАБ, ПАРСЫ, АҒЫЛШЫН  СӨЗДЕРІНІҢ  ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ ЕНУ  СЕБЕПТЕРІ

 

         Кірме сөздер – бір тілден екінші тілге енген бөтен тілдің элементі. Кірме сөздерді тек қана этимологиялық талдаудың көмегімен анықтауға болады, өйткені ол сөзді пайдаланып жүрген тілде оның бөтендігі бірден білінбейді.

Тілдің тарихын зерттеуде кірме сөздер ерекше орын алатыны жасырын емес. Осы бағытта шығыс тілдерінің, әсіресе араб, парсы кірме элементтерінің орны ерекше. Олардың маңыздылығы мен өзектілігі бүгінгі таңда да өз құндылығын жоғалтқан жоқ. Қазіргі кезде араб, парсы элементтерінің лексикалық ерекшеліктерін зерттеу жайлы бірқатар келелі еңбектер бар екені анық. Бұл мәселеде шетел шығыстанушы ғалымдары мен түрколог ғалымдар және өзіміздің отандық ғалымдарымыздың еңбектерін атап өтуге болады. Араб, парсы элементтерінің түркі тілдеріне ықпалы жайлы жазылған  А.К.Боровков, Н.К.Дмитриев, Б.Я.Владимирцевтің зерттеулерімен қатар, С.С.Майзель, С.Н.Иванов, Ф.А.Абдуллаев, У.Кумісбаев, Х.Назарованың ғылыми жұмыстарын ерекше атап өткен жөн [1, 15]. 

Араб кірме сөздерінің қазақ тіліне ену себептері. Араб тілінен қазақ тіліне ауысқан көптеген сөздер бар. Белгілі ғалым Л.Рүстемов тіліміздің сөздік құрамының активті лексикасының 15%-ын, пассивті лексикасының 7%-ын араб-парсы кірме сөздері құрайтынын айтады. Араб кірме сөздері күнделікті өмірде қолданылып жатса, ақын-жазушыларымыздың еңбектерінен де, ғылымның кез-келген саласынан да кездестіреміз [2]. 

Араб тілінен енген кірме сөздер тікелей де, үшінші бір тіл арқылы да енген деген пікір бар. Тікелей енген кірме сөздердің қатарына фонетикалық, морфологиялық тұлғалары танымастай өзгерген сөздерді жатқызамыз. Мұндай сөздерді “қазақыланған” деуге болады.

         Ендігі кезекте “қазақыланған” және “кірме сөз” терминдерінің ара жігін ажыратқан жөн. “Қазақыланған” және “кірме сөз” терминдерінің негіздемесі ретінде төмендегі берілетін тұжырымдарды ұсынамыз.

 “Қазақыланған” терминінің негіздемесі:

-           қазақ тіліне өте ерте замандардан енуі;

-           қазақ тілінің фонетикалық, сингармонизм заңдарына толық бағынуы (ﻢﻠﻌﻣ – мұғалім, ﺓﺪﺟﺴ – сәжде, ﺐﺘﻛﻣ – мектеп, ﺔﻤﺭﻜ – керемет);

-           ғылымның белгілі бір салаларында термин ретінде қолданылуы (ﻢﻠﻌﻣ–мұғалім: пән мұғалімі, бастауыш сынып мұғалімі, мұғалімнің методикасы, мұғалімнің психологиясы; ﻢﺎﻣﺇ – имам: бас имам, найып имам – имамның орынбасары; ﺐﺘﻛﻣ – мектеп: бастауыш мектеп, орта мектеп, арнаулы мектеп, мектеп ұжымы, мектеп директоры, т.б.);

-           сөз жасау тәсілдері (морфологиялық, синтаксистік) арқылы жаңа сөз тудыруға бейімделуі (мұғалім+дік, азан+шы, азан+шылық, мектеп-медресе, иманшарт, т.б);

-           қазақ тіліндегі қажеттілікті күнделікті өтеуі (қарым қатынас құралы ретінде және аударма барысында);

“Кірме сөз” терминінің негіздемесі:

-       бұл белгілерге қазақ тілінің төл сөздері, еуропалық тілдердегі секілді, қатар келетін екі не одан да көп дауыссыздардан басталмайдығын (стадион, студио, практика, психология, стратегия, т.б),

-       төл сөздердің -ия, -изм, – тика қосымшаларына аяқталмайтындығын (философия, лексикология, биология, зоология, социализм, капитализм, фонетика, практика, грамматика, т.б), яғни қазақ тіліндегі қосымшалар жалғанғанымен, сыртқы бейнесі “мен өзге тілдікімін” деп тұрған экономикалық, техникалық, медициналық және ғылымның басқа салаларындағы толып жатқан кірме сөздерді келтірсек, жетіп жатыр деп ойлаймыз.

 Араб кірмелерінің төл сөзімізге айналуына қазақ тіліндегі сөзжасам тәсілдері ерекше әсер етті. Тілімізге енген және енетін сөздерге сөзжасам процесіне байланысты көптеген тілдік талаптар қойылады. Бұл талаптар негізінен қазақ тіліндегі сөзжасам тәсілдеріне, атап айтсақ, лексика-семантикалық, синтетикалық (морфологиялық), аналитикалық (синтаксистік) тәсілдерге байланысты көрініп отырады. Бұл тәсілдер олардың мағыналық және грамматикалық құрылысына әсерін тигізіп, сөздік қорымыздан орын алуға ықпал еткен, тіліміздегі атқаратын қызметінің аумағын кеңейткен.

Қазақ тіліндегі араб кірме сөздерінің терминжасамдағы орны елеулі. Араб кірме сөздерінен жасалынған терминдерді ғылымның барлық салаларынан кездестіреміз. Араб кірме сөздерінен жасалынған терминдерді айтпағанның өзінде, араб кірме сөздері әр түрлі тілдердің сөздерімен қосарлана келе күрделі ғылыми термин жасай алады: қағаз-қалам, кәсіптілік-техникалық, алгебра-геометрия, себеп-салдар, ғылыми-техникалық, ғылыми-теориялық және тағы басқа көптеген терминдерді айтуға болады.

Араб кірмелерінің жазба әдебиетіміздегі орны да ерекше болып келеді. Араб кірме сөздері ауызекі сөйлеу және кітаби жазба кірмелер ретінде ғана қолданылмай, қазіргі ғылымның әр түрлі саласындағы терминжасамдық қызметі кеңеюде. Сонымен қатар, жазба әдебиетімізде де қанатын барынша кең жайды. Араб кірмелерінен жасалған сөздер, күрделі сөздер, тұрақты тіркестерді кез-келген қазақ жазушыларының шығармаларынан кездестіруге болады.

         Араб тіліне қатысты мынандай тақырыптық топтар бар:

1.  Әлеуметтік-қоғамдық, саяси атаулар: ахдпейман (келісім), хәкімнешин (әкім билейтін өлке), сиасат (саясат), султанат, мәслихат, хабар, арыз, қызмет, мәселе, насихат, т.б.

2.  Іс қағаздарына байланысты атаулар: хат, мабале (мәмле-келісім), арызнаме (арыз хат), ахднаме (келісім хат), хисаб (есеб) т.б.

3.  Атақ-дәрежеге байланысты атаулар: сұлтан, әмір, хәкім, уәзір, сейд, мәлік, шейх,уәлі,әлғаһад т.б. «Алтұн ханға уәзірінің сөзі мақұл болұб Шынғыз ханға елчі йіберді»

4.  Діни ұғымдарға байланысты атаулар: аллах, азан, дұға, шариғат, кафір, құтба, мұсылман, месжед, айд, уағыз, масахәқ, т.б.

5.  Соғыс қимылдарына байланысты атаулар: ғалыб келу (жеңіп келу), ғам қылу (қыру), хераб қылу (талқандау), мәсһәр қылу (жаулау), фарағат сұрау (бейбітшілік сұрау), әсір қылу (тұтқындау), мухарабе қылу (талқандау), хежуб (шабуыл жасау) т.б. [3,11].

Парсы  кірме  сөздерінің  қазақ тіліне ену  себептері. Түркі  тілдеріне  иран (парсы)  тілінен  енген  сөздердің  орын  алуының  өзіндік  маңызы  бар.  Бұл  түркі  халықтары  иран  халқымен  исламнан  бұрын  да  тығыз  қарым-қатынаста  болғандығының  айғағы.   Бұл  кездері  Орта  Азияның  бірқатар  өлкелері  иранмен  аралас  өмір  сүрген.  Тіпті  осы  өлкелерде  өздерінің  сөйлеу  тілі  қалыптасқан.   Атап  айтқанда,  Самарқанд, Бұхара, Хорасан  және  Әндіжан  өлкесіндегілер  қос  тілді  халық  жасаған  өлке  болып  саналған.  Осы  өлкеде  жасаған  түркі  халықтары  түрік  тіліне  қоса  парсы-иран  тілінде  де  сөйлеу  қабілетіне  ие  болған.  Оны  кезінде  белгілі  ғалым  М.Оразов  «қос  тілділік»  деп  атаған  болатын.  Ол: «XI  ғасырға  дейін-ақ  Мавранахр, Тохарстан  мен  Соғды  қалаларында  қос  тілділік  қалыптасқан  болатын»  деп  келтіреді [4, 16].

         М.Қашқари  да  кезінде  түркі  тілдері  туралы  айта  келе  түркілердің  парсылармен  араласқан  өлкеде  қос  тілде  сөйлейтін  тайпаларды  атап  өткен.  Оның  айтуынша:  «Екі  тіл  білетін  және  шахарлармен  араласып  қалған  кісілердің  тілінде  бұзықтық  бар.  Соғдақ, кенжек, арғу  тайпалары  сондай  екі  тіл  білетіндерге  кіреді.  Шетелдіктермен  араласатын  және  қалалықтармен  араласатын  хотан, түбіт  халықтары  мен  таңғұттардың  бағзылары  сондай» [5].            

Қазақ тіліне енген парсы сөздерінің тақырыптық топтары төмендегідей:

1.     Тұрмыстық зат атаулары: тәбәр (балта), зәрбафт (зерлі мата), сарұпай (киім), хоссе (зат), хус (ыдыс), кефін (кебін), пуст (шапан) т.б.

2.     Сауда-сатыққа байланысты атаулар: керуен, базар, базарган, сауда, саудагер, баға, пұл, арзан, хұн (құн), ашраф (ақша), харыж (қарыз), т.б.

3.     Кәсіби сөздер: ұстадлар уа нақышлар (қолөнершілер), дадбан (прокурор), дафтардар (хатшы), нависанде(жазушы), т.б.

4.     Туыстыққа байланысты атаулар: аба аждад (ата-баба), фәрзанд (перзент), кәдхуда (үйлену), дадкие (күң), нәбире (немере), т.б.

5.     Атақ-дәрежеге байланысты атаулар: падшаһ, сардар, фарман (қолбасшы), мырза, т.б.

6.     Діни терминдер: құдай, ауфариде, пайғамбар, ораза, намаз, фәрз, бейіш, пері, т.б.

7.     Соғыс қимылдарына байланысты атаулар: бәнде қылу (тұтқынға алу), фарман болу (басшы болу), руи кардан болу (жауласу), ағаз қылу, т.б. 

Ағылшын кірме сөздерінің қазақ тіліне ену себептері. Қазіргі таңда лингвистер қазақ-ағылшын тілдік қатынастарына да баса назар аударып отыр. Ағылшын тілінен енген кірме сөздердің көп көлемінің пайда болуы, олардың қазақ тілінде берік орнығуы қоғамдық және ғылыми өмірдегі қарқынды өзгерістермен түсіндіріледі. Ақпарат ағымдарының артуы, ғаламдық компьютер желісі ғаламтордың пайда болуы, мемлекетаралық және халықаралық қатынастардың күшейюі, әлемдік нарықтың, экономиканың, ақпараттық технологияның дамуы, гүлденуі, олимпиадаларға, халықаралық фестивальдарға, сән көрмелеріне қатысу, бәрі тілімізге ағылшын тіліндегі сөздердің енуіне түрткі болды [6, 22].

Жоғарыда айтып өткендей, араб тілінен енген сөздер секілді ағылшын тілінен енген сөздердің де терминжасамдағы орны елеулі.

Кез келген тілдің лексикалық қорында кірме сөздер және англицизмдер кездеседі. Ағылшын тілінің лексикалық жүйесінің ерекше саласын құрайтын, беруші тілдің семантикалық, грамматикалық, фонетикалық, орфогорафиялық ерекшеліктері сақталған. Өздерінің «шетелдік» бейнесін сақтап қалған, сондықтан сол тілді пайданалушыларға «шетелдік» қасиеті көрініп тұратын, тілдік санасында өзге тілден енген  «бөтен» сөздер ретінде қабыладанатын сөздер.

Ағылшын тілінің кірме сөздеріне ғылыми тұрғыдан баға беріп, сараласақ төмендегідей болмақ:

1. Ағылшын тіліндегі сөздердің ғылымилығы, олардың ғылыми стильге тән болып келуі, кітаби стилистикалық бояудың  ерекше көрінісіне ие болып, ғылыми-кәсіптік, ғылыми-техникалық тілге тәуелділігі және т.б. олардың қолданысындағы басты ерекшеліктері болып табылады. Мысалы, Атмосфера, перпендикуляр, индукция, молекула, т.б.

2. Ағылшын тілінің халықаралықтығы, яғни негізгі мағыналық және тұлғалық жағынан (кейде фонетикалық, графикалық заңдылықтары алушы тілдің варианттарымен сәйкестенеді) халықаралық түсініктерді беретін әр түрлі тілдердегі сөздермен сәйкес келуі. Мысалы, спорт, антоним, демократия, философия, т.б.

3. Сөздің ішкі формаларының түсініксіздігі, яғни төл сөздермен салыстырғанда мағыналарының түсініксіздігі. Мысалы, антропогенез (гр. anthropos- адам, genesis- шығу тегі), лизосома (гр. Lysis –еріту, soma-дене), коэффициент – (лат.co(n) –бірге, efficiens –өндіретін), диаметр (гр.dia-бөлек, metros-өлшеу), т.б.

4.   Халыққа түсініктілігіне, сөздік қордың құрамына кіруіне және кейбір сөздердің  түпнұсқасын ешбір түсініктемесіз-ақ түсінікті болуына қарамастан өзінің «шетелдік» қасиетін сақтауы, мысалы, university – университет, student – студент, music – музыка, notebook – блокнот, hectare – гектар, kilometer –километр, meter –метр, т.б.

 5.  Ағылшын тіліндегі фонетикалық, морфологиялық, сөзжасамдық және т.б. белгілер, мәселен, қазақ тілінің төл сөздерінде префикстердің жоқтығына қарамастан, префикс сөздердің болуы, қазақ тілінің заңдылығы бойынша екпін соңғы  буынға түссе де, сөз басында немесе қос екпінді сөздердің болуы, кейбір сөздердің құрылымдық жағынан буын үндестігіне бағынбауы, аффиксациядағы тұрақсыздық және т.б. мысалы, counterrevolution – контрреволюция, non metal – бейметалл, non organics –бейорганика, antiworld – антидүние, antiparticle – антибөлшек, т.б.

Ағылшын  тілінен енген сөздердің келесідей тақырыптық топтарын атап көрсетуге болады:

·     Тікелей кірген. Түпнұсқадағы сөздер тілімізде тура мағынасында қолданылады. Мысалы: weekend – (уик-энд) - демалыс күндер, sponsor – (спонсор) – демеуші, т.б.

·     Калька (көшірме). Фонетикалық дыбысталуы жалпы формасы сақтай отырып қолданылатын, шет ел сөздері. Мысалы: menu - меню, the disk - диск және т.б.

·     Экзотизмдер (Ерекше сөздер). Басқа халықтың ерекше ұлттық дәстүрін сипаттайтын, біздің табиғатымызға жат өз мағынасында сақталатын сөздер. Бұл сөздердің ерекшелігі, қазақ тіліндегі синонимдерінің болмауы. Мысалы: chips - чипсы, hot dog - хот-дог және т.б.

·     Колориттер. Бұл сөздердің лексикалық баламалары болады, бірақ олардан стилистикалық ерекшелігі бар және қандай да бір қарым-қатынас саласында сөзге ерекше мәнер беретін мәнерлік құралы ретінде бекітіледі. Мысалы: ОК - О׳кей, wow - вау, super - супер.

·     Композиттер. Екі ағылшын тілінен тұратын сөздер. Мысалы, second hand - (секонд-хенд) - қолданылған заттарды сататын дүкен, Video Salon - (видео-салон) - фильм көретін зал және т.б. [7, 21].   

Қазіргі ағылшын тілінің сөздік қоры көптеген ғасырлар бойы кірме сөздермен толыққан және олар өзгерістерге ұшыраған, вокабулярды бірнеше рет қайта құруға әсері  болғандығы сөзсіз. Бірақ, осы жайттарға қарамастан, ағылшын тілі “гибрид” сияқты өзгермей, өзіндік қасиетін жоғалтқан жоқ. Бір жағынан, тіл өзіндік қасиеті мен болмысын сақтау қажет. Осы  орайда ағылшын тілі, еш шектеусіз, өзінің  “бейнесін” жоғалтпады; ол өзінің даму барысында, барлық қасиеттерімен герман тобы тілі  болып қалды, ал тарихи жағдайдағы  кірме сөздер арқылы енген өзгерістер, сөздік қорды байытып, тек жақсы қырларынан танытты.

Экономикалық,саяси,ғылым мен мәдени байланыстар арқылы енген кірме сөздер ұлттарды өзара жақындатуға әсерін тигізді. Кірме сөздердің ерекшеліктері ретінде, яғни олар басқа тілге енген кезде бұрынғы мағыналарын жоғалтып, жаңа түсініктерге ие болғандығы таңқаларлық жайт.

 Қазіргі таңда қазақ тілінің кемелденіп, қолдану өрісі барынша ұлғайып, сөздік қоры байып отырған кезде ана тіліміздің басқа тілдермен бұрыннан келе жатқан қарым-қатынасын, өзге тілдерден енген сөздердің қазақ тілінен алатын орнын, сондай-ақ кірме сөздердің лексикалық, семантикалық, грамматикалық және де этимологиялық мәселелерін ғылыми тұрғыдан зерттеп, анықтаудың маңызы зор.

Ә. Болғанбайұлы мен Ғ. Қалиұлы «Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы» атты еңбегінде айтып өткендей: «Бір халық пен екінші халық ертеде тек мал-мүлік пен киім-кешек, ыдыс-аяқ сияқты жалаң заттарды ғана алмастырып қоймаған, соған қоса рухани байлық та бір-бірінен молынан ауысқан. Әсіресе, бір тілден екінші тілге көптеген сөздер кірген. Осымен байланысты тіліміздегі қыруар кірме сөздерді қоғам тарихымен, қазақ халқының басынан кешкен даму тарихымен тығыз байланыстырып зерттеген жөн.

 Кірме сөздер (заимствование) – тілдің өзіндік сөзжасам тәсілімен емес, басқа тілдердің ықпалымен жасалған немесе олардан енген сөздер. Яғни сөздің дыбыстық тұлғасы да, мағынасы да өзге тілге қатысты сөздер кірме сөздер делінеді. Жер шарында өмір сүріп келе жатқан үлкенді-кішілі халықтардың қай-қайсысында болсын өзге тілдерден ауысып келген кірме сөздер көптеп кездеседі. Мәдениеті кенжелеп дамыған ұсақ халықтарды былай қойғанда, мәдениеті гүлденіп өскен ең озат деген халықтардың сөздік құрамы да таза тума сөздерден құралмайтындығы дәлелденген».

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

 

1.     . Майзель С.С.   Арабские и  персидские  элементы  в  турецком  языке.  –М.. 1945.;   Иванов С.Н.  Арабизмы  в  турецком  языке.  –Л.: Изд. ЛГУ.1973.

2.     Рустемов Л.З. Қазіргі қазақ тіліндегі араб-иран сөздері, филолог. ғыл. канд. дисс., А., 1963

3.     Жолдасов С. Ислам  тарихы.   Алматы:  Нұрлы  әлем, 1998. –136 б.

4.     Оразов М.  Шағатай  тілі. //  Қазақ  ССР ҒА Хабарлары.  Тіл, әдебиет  сериясы, 1991, №4, 45-б.

5.     Қашқари М.  Түрік  сөздігі  III томдық,  I т.  –Алматы:  Хан, 1997. – 591 б.

6.     Крысин Л.П.Социолингвистические аспекты изучения современного русского языка М.,1989г.-31c

7.     Қызырова Ә.М.  Ағылшын кірме сөздерінің қазақ тіліндегі ассuмиляция үдерісі.  Канд.дисс.автореф.  –Алматы, 2007.  25 б.