Ақтанова Л.П

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің

1-курс магистранты, Қазақстан

 

ҚАЗАҚ МИФОЛОГИЯСЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУІНІҢ КЕЙБІР ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

«Миф» – адам баласының рухани мәдениетінің ең көне түрі болса, «мифология»   адамзат баласының қоршаған ортаны танып-түсінуінің алғашқы көрінісін, мәдениеттің алғашқы базисін, дүниені танып - білудің ең көне көрінісін зерттеуді мақсат еткен ғылым саласы. Қазіргі кезде когнитивтік тіл білімінде тіл мен ойдың, тіл мен танымның арақатынасы адамның танымдық тәжірбиесінің көрінісі ретінде қарастырылады. Адам танымының алғашқы көрінісі мифтік шығармаларда сақталған. Осыған сәйкес зерттеудің дереккөзі ретінде алынып отырған қазақтың мифтік, фольлорлық шығармаларындағы мифологемаларды зерделеу қазіргі тіл біліміндегі басты мәселелерінің бірі.

Мифологияда сыртқы дүние мен адам, ой мен сезім, зат пен идея, объективтік және субъективтік дүниелер арасында айқын шекара болмағаны анық. Бұл шекаралар кейіннен пайда болып, мифологияда олардың барлығы тұтасып беріліп, дүние жайындағы біртұтас түсінік болып қабылданды. Белгісіз дүниені түсіндіруге тырысудан және белгісіздігі мол дүниені танып білуге ұмтылу, егерде ол дүние танып білуге мүмкіндік бермесе, тәңірге немесе құпия ғаламат күшке сілтеме жасау – мифтің өзіне тән ерекшелігі.    

 ХIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында кешенді зерттеле бастаған алғашқы қауым адамына тән ойлау мен алғашқы қауым танымы, сонымен бірге этнология мен этнографиядағы ашылған жаңа ізденістер мифологияның да зерттелу шеңберін кеңейтті. Аталған мәселелермен айналысқан ірі ғалымдар Э.Тайлор, Дж.Фрэзер, Э.Кассирер, Л.Леви-Брюль, К.Леви-Стросс т.б. еңбектерінде мифология логикалық, лингвистикалық, философиялық аспектіде қарастырылды. Ғалым М.Элиаде мифке мынадай анықтама береді: «Миф белгілі бір қасиетті тарих туралы болған алғашқы оқиғаны сөз етеді. Бұл әрқашан «жаратылыс» туралы, белгілі бір заттың қалайша қалыптасқандығы, яғни өз тіршілігін қалай бастағандығы туралы сөз» [1].

Дж.Ф.Бирлайн: «Миф – адам баласы үшін барлық уақытта да бейне бір өзгермейтін, тұрақты дүние. Мифте көрініс тапқан жалпы модельдер, сюжеттер, тіпті ұсақ детальдар барлық жерде немесе заттарда кездеседі. Басқаша айтқанда, ұрпақтан-ұрпаққаберіліп келе жатқан біздің ата-бабаларымыздың естелік мұраларының жиынтығы. Миф – біздің дүниетан ымымыздың құрылымында көрініс тапқан. Ол қанымызда, генімізде таңбаланған», – дегенді айтса[2], ал К.Г.Юнг «Миф – энергияның сарқылмас қайнаркөзі», -дейді [3]

Эпос, ертегі, аңыздар, тарихи әңгімелер арқылы мифологиялық кейіпкерлер түрлі халықтардың рухани мәдениетіне, әдебиетіне, сурет-мүсін өнеріне енді. Олар қазақтың ауыз әдебиетінде, эпостық жырларында да бар. Қоғамдық өмірдің алғашқы қауымдық формасының жойылуына байланысты қоғамдық сананың алғашқы түрі ретінде мифология да тарих сахнасынан кетті. Бірақ мифологиялық санада туған сұрақтар: дүниенің, адамның пайда болуы, әлеуметтік өмірдің себебі, адамның тууы мен өлімі т.б. жайындағы сұрақтар дүниеге көзқарастың түбірлі сұрақтары ретінде қалып қойды.

Алғашқы қоғамдағы адам санасында орын алатын мифтік ойлаудың нәтижесі жайлы Ш. Уәлиханов мынадай ой айтады: «Жаратылыс пен адам! Міне, осы жаратылыс пен адам керемет, олардыңсыры не болмақ? Әлемді, оның кереметтерін білудің қажеттігі, өмір мен өлім туралы мәселе және адамның жаратылысқа қатынасы шаман дінін туғызды – әлемді немесе жаратылысты және өлген адамдардың рухын ұлы көруді туғызды. Осылайша келіп, сәбилік дәрежедегі адамдар күнді, айды, жұлдыздарды және жаратылыс немесе әлем деп атайтын ұшы-қиыры жоқ, мәңгі жасайтын әрқилы құбылыстардың бәрін зор тұтатын болды» [9]

Табиғат пен адамның өзара қатысындағы мифтік танымның көрінісі туралы Қ. Жұбанов: «Алғашқы әзірге адам қоғамы табиғатпен арпалысқан шағында түрлі табиғат күштерін өздеріне бағындырмақшы болған. Табиғатты өзіне бағындырудың алғашқы түрі турадан-тура балталап бұзып өзгерту, турадан-тура өңдеу болған болса, кейінірек олай туралай өзгерту емес, магия еңбегі арқылы табиғаттың жасырын күштерімен астарласып барып, соған дегенін жүргізуге, қазақша айтқанда, арбауға тырысады», –деген тұжырым жасайды[12].  

Миф зерттеушісі С.Қондыбай өзінің «Қазақ мифологиясына  кіріспе» атты еңбегінде қазақ мифологиясы деген ұғымға: «Бүгінгі қазақ халқын жасауға қатысқан бірнеше мыңжылдық көшпелі ру-тайпалардың «орташа» алынған өздері, дүние-ғалам, өмір туралы түсініктерінің, ежелгі танымдарының бірыңғай жүйесі»,-деп түсінік бере келіп, «мифологияның ауыз әдебиеті мұраларыныңж ырлар мен дастандардың, әртүрлі шежіре аңыздардың, ертегілердің, жұмбақ пен мақал-мәтелдің, фразеологизм мен діни әпсаналардың өн бойында және қазақ тілінің сөздік қорының қойнауында жасырынып жатқандығын» айтады. Осылай дей келе, қазақ мифологиясын зерттеудің үш кезеңін ұсынады.

Ол: «бірінші кезең – ықтимал мифтік сипаты бар сөздер мен ұғымдарды, аңыздар мен басқа да фольклорлық материалдарды жинақтап, олардың негізінде алғашқы мифологиялық түсініктердің долбарлы бағыттарын, үлгілерін, тұрақты трафареттерін анықтау. Оны географиялық «рекогносцировка», «алдын ала бажайлап-байыптау» деуге болады.

Екінші кезең – қазақ мифологиясының ғылыми пән ретінде тарихи даму, өзгеру, қалыптасу жолдарын, негізгі зерттеу нысандарын, әдістемелерін, теориялық ережелері мен жөн-жосықтарын бір арнаға түсіру. 

Үшінші кезең – бастапқығылыми мифология пәнін рухани саланың мамандарының көмегімен (этнопсихолог, дін ғұламалары, философ, өнертанушы, мәдениеттанушы, социолог, тарихшы, этнограф, фольклоршы т.б.) дамыған мифологиялық зерттеу мектептерімен (мәселен, европалық мектеппен) теңестіру. Қазақ мифологиясын өнер мен мәдениетте кеңінен пайдалану жолын іздеу», –деп бөліп көрсетеді [13].

Әдебиеттанушы ғалым С. Қасқабасов: «Қазақ фольклорында миф –өзіндік орны бар ең көне жанр. Ол дүниежүзі халықтарында кездесетін мифке типологиялық сипатымен ұқсас, сонымен бірге ерекшеліктен де ада емес. Стадиялық жағынан келгенде, қазақ мифі – алғашқы қауымға тән  австралиялықтар мен африкалықтардың, солтүстік азиялықтар мен америкалықтардың мифі мен антикалық Греция, Рим, сондай-ақ ежелгі Египет, Үнді, Қытай, вавилондықтар мифологиясының ортасындағы аралық жанр. Ол өзінің алғашқы классикалық түрінен дамып шыққан да, тарихи-қоғамдық дамуға сәйкес мифология ретінде жүйеленбей, басқа жанрға айналған. Оның басты себебі – Қазақстанда ертеде мекендеп, қазақты құраған ру-тайпалардың құл иеленуші мемлекет құрмай, рулық қауымнан бірден феодалдық қоғамға иек артуы. Жүйелі иерархиясы, тұрақталған орталығы бар, көп ғасырлар жасаған құл иеленуші империяларда Миф көркем мифологияға айналып, эстетикалық қызмет атқарған», – дей келе «Мифтік сана бойынша әдет-ғұрып, салт-дәстүр, әрбір нәрсенің жүріс-тұрысы, әрекеті, қалыптасқан қағидалары, қысқасы, біздің өміріміздің бар-жоқ көрінісі мифтік дәуірде белгіленген. Оны бұзуға да, орындамауға да болмайды. Сол себепті мифтік дәуір, түптеп келгенде, ұлттық дүниетанымның да бастау негізі», –деп ұлттық дүниетанымның мифтік санамен сабақтастығын ерекше атап көрсетеді [14].

Сонымен қатар, зерттеуші-ғалым К. Матыжанов: «Дәстүрлі дүниетанымның, соның ішінде мифтің көрсемдік ойлау жүйесіне қатысы туралы зерттеулер қазақ фольклортану ғылымына тапшы болғанмен, адамзаттың рухани дүниесіндегі мифтік сананың орны әлем халықтарының назарнан тыс қалған емес. Бұл тұстағы бірден-бір құнды дереккөзі – әркез фольклор болып келеді» [15] – дей келе мифтік ойлаудың негізін фольклорлық шығармалардан іздеудің негізді екендігін атап көрсеткен:

Жалпы қазақ ертегілерін жинап, жариялауда үлкен еңбек еткен зерттеушілердің бірі – академик В.В.Радлов. Ол өзінің «Образцы народной  литературы тюркских племен» деп аталатын еңбегінде түркі халықтарының,  нақтырақ айтсақ, қазақ, қырғыз, өзбек, ұйғыр, әзербайжан ұлттарының көне  мәдени мұрасы болып саналатын эпостық шығармалары мен ертегілерін жинақтап, жариялау арқылы келер ұрпаққа жеткізуде үлкен еңбек жасаған. Ол сонымен қатар қазақ тілінің бай тілдік қоры жайлы: «Өзге туыстас елдерінен қазақтың ерекшелігі – сөз орамына шебер, тамаша шешен», –деген пікірін білдіреді [28].

Қазақ ертегілерін жинаушылардың бірі Г.Н. Потаниннің В. Радловтан ерекшелігі ол көбінесе өзіне белгілі ертегі, аңыз әңгімелерді айтып берген адамдардың аттарын, тұрған болыстарын, ауылдарын атап отырған.

Сонымен қатар қазақ ертегілерін жинап, оны баспа бетіне шығарған ғалым А.Е. Алекторов 1861 –1918 жылдар аралығында өмір сүрген зерттеуші тек халық ауыз әдебиетінің озық үлгілерін жинап қана қоймай, қазақ тарихының, қазақ мәдениетінің, этнографиясының зерттелуіне елеулі үлес қосқан. Қазақ тілі мен тарихына арналған «Қырғыздар өмірінің бейнесі», «Бақсы», «Қырғыздардың халық әдебиеті» және т.б. ғылыми еңбектер жазған.

Ауыз әдебиеті үлгілерін ел аузынан жинап, оны жариялауда еңбек еткен зерттеушілердің бірі – Н.Н. Пантусов. Ол Орта Азияхалықтарыныңкөне археологиясын, әдебиеті мен мәдениетін қарастырған. Ғалым халық ауыз әдебиетінің озық үлгілерін, әсіресе Ұлы жүз қазақтарының географиялық орналасуына орай көптеп жинап, көбіне «Дала уалаяты газетіне» шығарып отырған. Н.Н. Пантусов бірнеше ғылыми еңбектерімен қатар «Қазақ халық әдебиетінің үлгілері» деген атпен жинақшығарған[35].

Халық мұрасының қаймағын бұзбай, мәдени құндылығын сақтай отырып, асқан ұқыптылықпен жинап, жазып алып отырған зерттеушілердің бірі – Мәшһүр Жүсіп Көпеев екені баршаға мәлім. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің еңбегі жайлы Ә. Диваев өз жазбаларында: «Көпеевбүкіл дерлік қазақ даласын, Түркістан өлкесін аралап, көптеген адамдармен, суырыпсалма жыршылармен кездесті... Өзінің белгілі адамдармен әңгімелерін, олардың айтқандарын, маңызды нақылдарын, ұтымды өткір сөздерін өзінің дәптеріне, күнделігіне жазып отырады... Оның үстіне ол орыс, татар ғалымдары мен жазушыларының қазақ жайындағы жазбаларын зейін қоя зерттеді. Қазақтыңәдебиеті мен тарихы жөнінде бағалы материалдар жинады» –деген пікір білдіреді [36]. М.Ж. Көпеевтің «Мес» атауымен белгілі қолжазбаларында қазіргі кезде мифтік ертегілерге жатқызылып жүрген бірнеше ертегілер бар. Атап айтар болсақ, «Ер Тарғын», «Ер Төстік» т.б. ертегілер. Сол сияқты М. Әуезов қазақ ертегілері жайлы: «Қазақ ертегісі көп. Сол ертегілердің ішінде ең ескірегін алсақ, бұрынғы заманғы ескі нанымды білдіретін жалмауыздар араласқан ертегі мен кәсіп ертегілері болады. Кәсіптік ертегіге көп кіретіні аңшылық. Өте ескі ертегілер, «Еділ-Жайық», «Құламерген» сияқтылар болса, бұнда иен тау, елсіз жерлерді жапа-жалғыз мекен еткен баяғының батыр аңшылары әңгімеге кіреді»,– деген ойын білдіреді [37].

         Ғалым Ә.Қоңыратбаев: «Қазақ ертегілерінің қай түрі болса да замана елегінен өтіп, халық санасына сіңіп кеткен сюжеттер. Онда бірқатар елдерге ортақ әрі төл сюжеттер болып жүрген мотив-образдар аз емес», - деп айта келіп, қазақ ертегілерін тақырыбына қарай: «мифтік ертегілер, хайуанаттар туралы ертегілер, тұрмыс-салт ертегілері»,– деп бөліп қарастырады [38].  

Қазақ ертегілері мен әлем, түркі мифологиялық шығармалар тіліндегі сюжеттік ұқсастықтар, кейіпкерлерінің ортақтығы, олардың әр ұлттың таным-түсінігіне қарай құбылужайы арнайы қарастыруды қажет ететіні сөзсіз. Ә.Қоңыратбаев біздің зерттеу жұмысымызға арқау болып отырған мифтік ертегілер жайлы: «Бұл ертегілер тым ерте замандарда адам табиғат сырын толық түсініп болмаған кезде туған» [38], –деген түсінік бере келіп, мифтік шығармаларда өмір көріністерінің аз болатындығын және мифологиялық ойлаудың адамдардың тас дәуірінде, үңгірлерде өмір сүрген кезеңдерінде бастау алуы мүмкіндігі жайында пікір айтады. Сонымен қатар зерттеуші ол замандағы адамдардың ойлау қабілетінің төмен болғандығына да ерекше мән береді. Қазақ әдебиетінде айтар ойымен ерекшеленіп жүрген ғалымдардың еңбектерін саралай келе, қазақ мифі жоқ деген кереғар пікірлердің қате екенін дәлелдеуге болады. Әрине,батыс елдеріндегідей таза мифтік шығарма ұлттық фольклорда сақталмағанымен, мифтік таным-түсінік арқау болған, сол түсініктің негізінде құрылған ертегі, аңыз-әңгімелер ұлттық мәдени мұрамызда көптеп сақталған. Осының негізінде ұлтымыздың рухани мұрасының бастау көзі – мифтерде деп айтуымызға толық негіз бар.

Қорытындылай келе айтарымыз, әлем халықтарының тәжірибесіне сүйенсек те, олар өздерінің рухани байлықтарының, әдебиетінің, сөз өнерінің бастауын мифтен іздейді. Бұл кездейсоқтық емес. Сондықтан біздің де ұлттық танымымыздың бастауын мифтен іздеуіміз негізді. Ал сол таным-түсініктің барлығы тіл арқылы көрініс табатынын ескерсек, мифтік ойлаудың негізінде қалыптасқан мифологемалардың сырын айқындауға ұмтылуымыздың негізсіз емес екендігін аңғарамыз. Қай кезеңде де тілдің пайда болу тарихы, оның қалыптасуымен  қатар жүретін ұлттық танымның тілдегі көрінісі тілші мамандардың, этнографтардың, философтардың, психологтардың зерттеу объектілеріне айналған. Бұл мәселе әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

 

1. Элиаде М. Миф о вечном возвращении / Пер. с фран. Е.Морозова (1, 2.

глава), Мурашкинцева Е. (3, 4 глава).1998.

2. Бирлайн Дж.Ф. Параллельная мифология. Пер.с англ. А.Блейз.М.:КРОН-ПРЕСС,1997.

3. Юнг К.Г. Душа и миф шесть архетипов/Пер с анлг. под рук. Юдина A.A.Наукманова В.В. Киев, 1996.

4.  Уәлиханов Ш. Мақалалары мен хаттары. Алматы: Қазбірікмебас, 1949

5.  Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. Алматы: Ғылым, 1999.

6. Қондыбай C. Қазақ мифологиясына кіріспе. –Алматы: «Арыс» баспасы,

2008

7. Қасқабасов С. Бабалар сөзі. 100 томдық. Қазақ мифтері. Алматы

8. Матыжанов К. Көркем ойдың көне бастаулары немесе миф пен метафора жөнінде бірер сөз.// Шәкәрім әлемі. Ғылыми-көркем журнал. -No2. Маусым.-2006.

9. Радлов В. Образцы народной литературы тюркских племен. Ч.6:

Наречье таранчей.-СПб.:Императорская Академия Наук.1907.

10. Пантусов Н.Н. Образцы киргизской народной литературы. Казань, 1909.

11. Диваев Ә. жинаған материалдар. No153 бума.

12. Әуезов М. Әдебиет тарихы.-А.1991.

13. Қоңыратбаев Ә. Қазақ фольклорының тарихы. Алматы: Ана тілі, 1991.