Сыни ойлау технологиясының педагогикалық аспектісі
Искакова Ляйла Маратовна
Абай атындағы ҚазҰПУ, 1 курс
докторанты. Қазақстан Республикасы. Алматы қ.
Түйін сөздер: сыни ойлау, әдіс-тәсіл, ойлау, дағды,
пікір, технология, идея, жаңашылдық.
Аннотация: Сыни ойлау көбінесе қарсы пікір айтуға, баламалы шешім
қабылдауға, ойлау және іс — әрекетімізге жаңа
немесе түрлендірілген тәсілдерді енгізуге дайын болуға,
ұйымдастырылған қоғамдық әрекеттерге
және басқаларды сыни тұрғыдан ойлауға баулуды
білдіреді. Заман ағысына сай технологияларды қолдану ауқымы,
түрлері өзгеріп отырады. Бірақ ең бастысы
технологияларды тиімді, жүйелі қолдану керек. Ұстаз
үшін ең негізгі мақсат – әр сабағын
түсінікті, тартымды, тиімді өткізу. Оны жүзеге асырудың
бір жолы – оқушыларға білім беру, тәрбиелеу барысында
кеңінен қолданылып жүрген оқушылардың білім
сапасын көтеруде жағдай жасайтын сабақты тиімді
ұйымдастыруға, атап айтқанда сабақ уақытын
ұтымды пайдалануға мұғалім мен оқушылардың
ойлай қабілетін дамытуға көп көмегін тигізетін
технологияны тиімді қолдана білу.
Еліміздің
ертеңі болашақ жас ұрпақтарымыз
болғандықтан бүгінгі күннің өзекті
мәселесі – терең де сапалы білім берудің
жаңа әдіс-тәсілдерін құрастыру болып отыр.
Сабақ – мұғалімнің
шығармашылық тұрғыдан ізденген еңбегінің
нәтижесі. Ұстаздың білімі, ұйымдастыру
қабілеттілігі, шеберлігі сабақтың өз мәнінде
өтуіне себебін тигізеді. Сыни ойлау
«сын» сөзімен төркiндес
болғанымен сынау, сын айту, мінеу
деген түсiнiктi бермейдi. Бұл - шыңдалған ойлау
үлгiсi. Сыни ойлау - өзiндiк және жеке ойлау. Қазіргі уақытта білім беруде маңызды
болып табылатын ең басты педагогикалық түсінік – сыни
тұрғыдан ойлау. Сыни тұрғыдан ойлау дағдылары
арқылы шын мәніндегі өзгерісті жүзеге асыруға
болатындығы туралы көп айтылады.
Өйткенi,
бұл ойлау барысында әркiм өз ойын және пiкiрiн
басқалардан тәуелсiз құра алады. Мәселенi
өз бетiнше шешудi қамтамасыз етедi. Сыни ойлау – екінші
жағынан әлеуметтiк ойлау болып табылады. Себебi бұл
деңгейде ойлау үшiн белгiлi әлеуметтiк қатынастар
орындалуы тиiс. Мысалы: пiкiрдi ашық айту, сынамау, шыдамдылық,
бiрлесе ойланып, бiрiгiп шешiм қабылдау, т.б.
Дэвид Клустер
бойынша, сыни ойлау – кез-келген оқиғаға,
жағдаятқа немесе пікірге байланысты әр адамның өз
ойын білдіруі, оның сыни ойлауы болып табылады [1, 36-б].
Сыни
ойлау - өзіндік ойлау. Сыни ойлау – сұрақ қоюдан
және шешімін талап ететін проблемаларды айқындаудан
басталады. Білім алушы өзі сұрақ қойып, шешімін
өзі айқындайды. Сыни ойлау – әлеуметтік ойлау, бірлесе
оқыту идеясы.
Американдық
ғалым Дэвид Клустер сын тұрғысынан ойлау үшін
қажетті бірнеше ойлау іс-әрекеттері бар деп көрсетеді.
Мысалы, есте сақтау – оқу процесі үшін маңызды, онсыз
болмайтын ойлау іс-әрекеттерінің бірі, бірақ сыни
ойлаудан түбірлі өзгеше нәрсе.
Сонда
сыни ойлауды қалай
анықтауға болады? Дэвид Клустер
ұсынысы бойынша оның анықтамасы бес бөлімнен
тұрады.
Біріншіден, сыни ойлау өз бетінше ойлау
болып табылады, сыни ойлауда әр адамның жеке сипаты болады.
Оның мәні – кез-келген оқиғаға,
жағдаятқа немесе пікірге байланысты әр адамның өз
ойын білдіруі, оның сыни ойлауын көрсетеді. Біз үшін ешкімде
сыни ойлауы мүмкін емес, біз оны әрқайсымыз өзіміз
үшін жасаймыз. Өз бетінше ойлау – сыни ойлаудың ең
бірінші және аса маңызды сипаттамасы.
Екіншіден, сыни ойлауға
ақпарат негіз болады, бірақ сыни ойлаудың соңғы
өнімі емес. Білім сыни ойлауға себеп болады, сол себептіде ел
арасында “бос баспен ойлау қиын” деген пікір айтылады. Күрделі
ойлау үшін оған қажетті “тамызық” болатын
көптеген фактілерді, идеяларды, мәтіндерді, теорияларды,
мәліметтерді, концепцияларды өңдеуге тура келеді. Сол себепті
де сыни ойлаудың арқасында дәстүрлі таным индивидтік
және санадан өткізілген, үздіксіз, өнімді процесс
болады.
Үшіншіден,
сыни ойлау сұрақтарды қоюдан және шешуді қажет
ететін мәселені айқындаудан басталады. Адамның табиғаты
жаратылысынан табиғатты және өзін қоршаған ортаны
танып білуге құмар. Соның арқасында көптеген
табиғат туралы, әлеуметтік орта жайлы заңдар мен
заңдылықтар ашылды.
Төртіншіден,
сыни ойлау арқылы сенімді дәйектеуге ұмтылыс болады. Сыни
ойлайтын адам әрдайым мәселені шешудің өз жолын табады
және табылған шешу жолының өзгелерден тиімді екендігін
дәлелдеу үшін дәлелдемелер келтіреді. Дәйектеу үш
құрылымнан тұрады: алдыменнен дәлелдеуді қажет
ететін түйінді ойды келтіреміз, оның мәнін дәлелдемелер
арқылы қуаттаймыз. Дәлелдемелерге: статистикалық
мәліметтер, мәтіннен үзінділер, жеке тәжирибесі, т.б.
жатады. Соңынан өз пікірін негіздеу қажет. Сыни ойлайтын
адамға еш уақытта үстемдік жасай алмайсын. Сыни ойлауды
Роберт Эннис “неге сенуге болады және қандай іс-әрекет жасау
керек туралы саналы шешім қабылдау” деп түсіндіреді.
Бесіншіден, сыни ойлау әлеуметтік ойлау
болып табылады. Егер ойды өзгелермен бөлісетін болсақ,
кез-келген ой тексеріледі, ұшқырланады. Философ Ханна Арендт
сөзімен айтатын болсақ “өзін-өзі дамытуға жету
үшін, оны қандайда бір затпен салыстыру қажет”. Біздер пікір
таластырғанда оқимыз, талқылаймыз, өз пікірімізді білдіреміз
және пікір алмасамыз, өзгелердікімен салыстыра отырып, өз
позициямызды айқындаймыз және тереңдете түсеміз. Сол
себепті де сыни тұрғыдан ойлаумен жұмыс істейтін
мұғалімдер өз сабақтарында жұптық,
топтық жұмыстарды дебат және пікір талас түрінде
және әр түрлі публикациялық жұмыстарда беріп
жатады [3, 2-б].
Америкалық
философ және педагог Джон Дьюи оқушылардың сыни ойлауы
белгілі бір проблеманы шешу барысында жүзеге асады деп түсіндіреді.
“Оқытудың негізі сұрағын белгілі бір ситуация мен
жағдаятқа байланысты өрбіту қажет” [3, 182-б.]. Сонда
баланың табиғи қызығушылығын оятып, сыни
ойлауға итермелеуге болады. Сол себепті де мұғалімге
сабаққа дайындалу кезінде оқушыларға шешуді қажет
ететін бірнеше проблемаларды анықтау қажет. Оларды шешуде
оқушылар мәліметтер жинайды, мәтінді талдайды, балама
пікірлерді талқылайды, ұжымдаса отырып, жауабын табады.
Канадалық
профессор Ральф Х.Джонсон сыни ойлауды “ұсынылған
көзқарасқа немесе мінез-құлық моделі жайлы
адамға саламатты ой толғанысын жасауға мүмкіндік
беретін ойлау іс-әрекетінің ерекше түрі” деп сипаттама
береді. Осы анықтама сыни ойлаудың сұрақтар мен
мәселелерді шешудегі маңызын көрсетеді [3, 1-б.].
Сыни
ойлау сабағының құрылымдық формуласы 3
кезеңнен (ERR) тұрады:
I.
- қызығушылығын ояту («көпір жасау», ой
қозғау)
II.
- мағынаны таныту (мағынаны ажырату)
III.
- ой-толғаныс (рефлексия, жаңа
білім құрастырылады)
Мұғалімдерге
арналған нұсқаулықта: “қарсы пікір айтуға,
баламалы шешімдерді қабылдауға, ойлау және
іс-әрекеттерімізге жаңа немесе түрлендірген тәсілдерді
енгізуге дайын болуға, ұйымдастырылған қоғамдық
әрекеттерге және басқаларды сыни тұрғыдан
ойлауға баулуды білдіреді”- деп беріледі [2, 49-б]. Олай болса,
мұғалімдер әдетте өз жұмысының жаңа
жолдарын және жаңа идеяларды оқыту туралы ойланудың
нәтижесінде алған тәжірибесі ол мұғалімнің
жұмыс стилін дамытуға ықпал етеді. Сыни ойлаудың
қажеттілігі сонда сыни ойлау кез келген салаға қажет,
өз маманының шебері болу үшін, өз мәселеңді
өзің шешу үшін қажет.
Сыни
ойлаудың тәсілдеріне: бақылау, талдау, қорытынды,
интерпретация жатады. Осы тәсілдердің негізінде сыни ойлаудың
төмендегі дағдылары қалыптасады. Олар:
ü
суреттер, фотосуреттер, естелік жазбалар сияқты дәлелдерді
жинақтау және топтастыра алу;
ü
негізгі дерек көздерді бағалау мен олар туралы тиісті
сұрақтарды қоя білу;
ü
негізі дереккөздерді ситуациялық қорытындылар мен
уақыттық жалпылаулармен салыстыру және талқылай алу;
ü
анағұрым кең тәжірибе негізінде болжамдар мен
ұсыныстарды қайта қарай алу жатады.
Сонда сыни ойлау дағдылары
– ойлардың қалыптасуы, анықтау, негіздеу үдерісіі болып
табылады [2, 50-б].
Ал, сын
тұрғысынан ойлау технологиясының ерекшеліктеріне
тоқтала кетсек, олар:
ü
шындалған ойлау, кез келген даму деңгейіне
байланысты мәселелерге сыни көзбен қарау;
ü
күрделі мәселелерді шешуге, аса
маңызды, жауапты шешімдер қабылдауға
құштарлық;
ü
үйрету мен үйрену бірлігінен,
үйренудің қызығушылығынан тұратын,
үйренушінің сеніміне негізделген құрылым.
ü
кез келген ақпараттың жан – жақты ой
елегінен өткізіп барып қабылданатындығы.
ü
«Өзгенің ақыл ойымен
шыңдалмаған білім – білім емес» дегендей жеке емес топтық, не
ұжымдық талқылаулар түрінде игерілгендігі.
Сын тұрғысынан ойлау технологиясының
ең басты өлшемі – оның тиімділігі, нәтижелігі,
жаңашылдығы. Сыни ойлау – ашық
қоғам негізі. Сыни ойлау деген – әр жеке
тұлғаның кез–келген жағдайдағы мәселені
ойлап, зерттеп қорытып, өз ойын еркін ортаға жеткізе алуы. Сыни
тұрғыдан ойлау, өзіндік, жеке ойлау болып табылады. Ол –
өз алдына сұрақтар қойып және үнемі
оларға жауап іздеу, шешімін табуды
қажет ететін мәселені анықтау, әр мәселеге
байланысты өз пікірін айту, оны дәлелдеу болып табылады.
Қорыта
келе, оқытуда оқушылардың «тұжырымдаманы»
жаттап алғанынан гөрі түсініктермен жұмыс жасай
білулерін негізге алу маңызды. Сондықтан
да сыни ойлау технологиясы оқушылардың мазмұнға
күдік келтіріп және сұрақ қоюы арқылы
оларға жауап іздеумен айналысуын талап етеді.
Пайдаланылған әдебиеттер
1.
Дэвид Клустер. Что такое критическое мышление?
Перемена. Весна 2001 (4), с. 36-40 (Философия и методы RWCTв действии. Под.ред.
С.Мирсеитовой. Казахстанская Ассоциация по Чтению. Серия “Школа
профессионального развития”. – Алматы: ИздатМаркет, 2004. Глава 2, с. 104-114.
2.
Философия и методы RWCTв действии. Под.ред.
С.Мирсеитовой. Казахстанская Ассоциация по Чтению. Серия “Школа
профессионального развития”. – Алматы: Издательство Маркет, 2004. -264 с.
3.
Мұғалімдерге арналған
нұсқаулық. Үшінші (негізгі) деңгей. Үшінші
басылым, 2012. -194 с.