К.ф.н. Жұмабаева Ж.Т.
Институт Языкознания имени
А.Байтурсынова
Түркі
тілдеріндегі екпіннің орны жайында
Түркі
тілдеріндегі екпіннің орны мен қызметі туралы ғылыми
тұжырымдар зерттеушілердің еңбектерінде қарастырылып
сипатталғаны белгілі. Атап айтқанда, В.В.Радлов, П.М.Мелиоранский,
Е.Д.Поливанов, Н.А.Баскаков, Б.Я.Владимирцев, И.А.Батманов, Н.К.Дмитриев,
А.М.Щербак, У.Ш.Байчура, Г.Шараф зерттеулерінде екпіннің түркі
тілдеріндегі қызметі кеңінен айтылған, талданған
және көптеген мәселелердің басы ашылған. Ал,
қазақ тіл білімінде екпін мәселесі А.Байтұрсынов,
І.Кеңесбаев, Ж.Аралбаев, Р.Сыздық, С.Омарбеков,
Ә.Жүнісбек, З.М.Базарбаева сияқты ғалымдардың
зерттеу еңбектерінде сөз болады. Аталған
зерттеушілердің еңбектерінде екпіннің түркі
тілдеріндегі қызметімен қатар оның қай
сөздің буынға түсетіндігі яғни орны туралы
ғылыми тұжырымдар өзекті мәселелердің біріне
айналып, осымен байланысты көптеген көзқарастардың
қалыптасқаны белгілі. Айталық, Н.А.Баскаков өзінің
еңбегінде зерттеушілердің әртүрлі
көзқарастарын жинақтай келіп, олардың ғылыми пікірлерін
екі топқа бөліп қарайды. Олардың бірі – түркі
тілдеріндегі екпін негізінен экспираторлық болады десе, дәл осы
бағытты ұстанушылардың кейбірі әуезді (музыкальное) екпінді
де жоққа шығармайды. Нақты айтқанда, түркі
тілдерінде лебізді екпін мен экспираторлық екпін негізгі болып
табылатындығын және олар сөздің соңғы
буынына түсетіндігін айтады. Екінші бағыттағы ғалымдар
түркі тілдеріне негізінен үнді екпін тән дейді. Ал,
үнді екпін басқа буындарға қарағанда бір
буынның тоны, дауыс ырғағы жағынан дараланып айтылуы.
Екпіннің бұл түрі Оңтүстік-Шығыс Азия
тілдеріне (вьетнам, қытай, корей т.б.) тән [1, 89]. Олай болса, аталған
бағыттағы ғалымдардың түркі тілдеріне үнді
екпін тән деген тұжырымы қисынсыз болып табылады. Н.А.Баскаковтың
өз пікіріне келсек, зерттеушілердің пікірлерін жинақтай
келіп, сөздің негізгі функциясын экспираторлық емес,
әуезді екпін атқарады дейді [2]. Фонетикалық
тұрғыдан сөз екпінін тегеурінді, әуезді, мөлшерлі
екпін деп үш түрге жіктеп берген С.Омарбекұлы әуезді
екпінді дауыстың әуенділігіне, дауыс ырғағына (тон)
байланысты дейді. Оның оқулықтарда бірде музыкалық,
бірде мелодиялы, бірде тондық (тоникалық) болып аталып
жүргендігін де айтып өтеді. Ал, енді қазақ тіліне
тегеурінді екпіннің (динамикалық, экспиратор, интенсив) тән
екендігін және көптеген зерттеушілер де осындай пікірді
ұстанатындығын айтып өтеді [3. 102б.].
Бізде екпінге
байланысты белгілі бір ереже бар. Ол қазақ тіліндегі екпіннің
орны біршама тұрақты, сөзге қосымша
жалғанған сайын, екпін сөздің соңғы буынына
қарай жылжып отырады деген. Десек те, түбір мен қосымша
аралығындағы екпіннің орны жөніндегі пікірлер зерттеушілердің
еңбектерінде нақты қарастырылып беріледі. Айталық,
К.Аханов өз еңбегінде қазақ тілін екпіні
тұрақты тілдер тобына жатқыза отырып, кейбір
зерттеушілердің «түркі тілдерінде екпіннің соңғы
буынға түспей, алдыңғы буынға түсу
құбылысы кездеседі» деп айтқан пікірлерін де
жоққа шығармайды [4, 345]. Өзбек тілінің
фонетикасын ғылыми тұрғыдан негіздеп берген А.А.Махмұдов
көмекші екпінді негізгі екпінмен қатар қойып отырады және
оның себебін көмекші екпін негізгі екпін сияқты интенсивтілікке
ие болатындығымен түсіндіреді. Осы сияқты негізгі екпін мен
көмекші екпінді бірқатарда қарастырған У.Ш.Байчураның
пікірінше, сөз екпіні негізгі және соңғы буында бірдей кездеседі.
Қазақ тіл білімінде негізгі және көмекші екпіннің
арасындағы ерекшеліктерді ғалым І.Кеңесбаев нақты
ғылыми түрде анықтап берді. Ғалымның пікірінше, негізгі
екпін, көбіне, соңғы буынға түсіп отырады
(мысалы; шағала, кереге, орақ, олқы, қара, біздер,
жиырма, әрең т.б.), көп буынды (кемінде төрт буынды)
сөзде негізгі екпіннен бөлек көмекші екпін пайда болады.
Негізгі екпін соңғы буынға түседі де, көмекші
екпін негізгі түбірдің соңғы буынына түседі.
Осындай пікір білдіре отырып, мынадай қорытынды жасайды:
қазақ тіліндегі көп буынды сөз қосымша
арқылы жасалатындықтан, негізгі екпін қосымшада болады да,
көмекші екпін негізгі түбірде болады. Осымен байланысты мынадай
тілдік деректер келтіреді:
о-ра'қ о-рақ-шы-ла'р
ол-қы' о-рақ-шы-ла-ры-мы'з
ша-ға-ла'
о-рақ-шы-ла-ры-мыз-да'
ке-ре-ге'
о-рақ-шы-ла-ры-мыз-да-ғы'
о-рақ-шы'
о-рақ-шы-ла-ры-мыз-да-ғы-ла'р [5, 272]
Мысалдардан көріп отырғанымыздай сөзге қосымша
жалғанған сайын, екпін сөздің соңғы буынына
қарай ығысып отыр. Осымен байланысты Н.А.Баскаков қосымшаға
түскен екпіннің негізгі қызмет атқаруының себебін
соңғы буынның күшті айтылуымен түсіндіреді. Ал, қосымша
екпіндегі буын әлсіз болады дейді. Сонда ғалым негізгі және
қосымша екпінді сөз ішіндегі буынның күшті әрі
әлсіз айтылуымен анықтайды. Сонымен қатар, қазақ
тіліндегі екпін туралы Г.Шараф өзінің зерттеуінде басқаша
пікір келтіреді: «...в казах-киргизском произношении второстепенное начальное
ударение заметно выделяется не только в многосложных словах, но и в двухсложных
и трехсложных словах, там ясно воспринимается и музыкальный характер этого
ударения и связанность его с несколько большей длительностью и силой начального
слога: одновременно в казах-киргизском языке несколько слабее, как нам кажется,
конечное ударение, т.е. по сравнению с татарским имеется как бы некоторое
пепераспределение силы и энергии слогов» [6]. Г.Шарафтың екпін
түсетін соңғы буын әлсіз (слабый) болады деп
айтқан пікірі түркі тілдерінде екпін түскен соңғы
буын күшті болады деген тұжырымдарға қайшы келді.
Г.Шараф өзінің пікірін эксперименталдық-фонетикалық әдіс
арқылы негіздеп көрсетті. Зерттеушінің пікірінше, екпін
түскен буын екпін түспейтін буынмен салыстырғанда үнемі
ұзақ бола бермейді және дауысты дыбыс сөздің
соңғы буыны мен ашық буынға қарағанда, қос
бітеу буынды сөздерде ұзағырақ, сондай-ақ дауысты
дыбыс тоғысыңқы дауыссызбен қатар келген кезде
қысқарақ болады да, ал жуысыңқы дауыссызбен көрші
тұрған кезде ұзағырақ айтылады. Шын
мәнісінде, қазақ тіліндегі екпін түскен соңғы
буын мейлінше әуені жағынан жоғары болып, қаттырақ
әрі ұзағырақ айтылады. Жоғарыда айтып
өткеніміздей, қазақ тілінде екпін соңғы
буынға ғана түсе бермейді. С.Омарбекұлының
анықтауынша, екпіннің құрылымы фонологиялық
және морфологиялық болып екі түрге бөлінеді.
Фонологиялық екпінді тұрақты екпін, еркін екпін деп екіге бөліп
қарастыра отырып, мұндағы еркін екпін сөздің кез
келген буынына түсе беретін екпінді айтады [3, 102]. Ал, екпіннің
соңғы буыннан басқа өзге буындарға
түсуінің себебі грамматикалық формалардың ажырату
қызметіне байланысты. Осымен байланысты С.Омарбекұлының
зерттеулерінде екпіні соңғы буынға түсетін және
екпіні соңғы буыннан өзге буынға түсетін
тұлғалар деп екі топқа жіктеліп көрсетіледі.
Ғалымның екі топқа бөліп көрсетілген жіктеуі
өз тарапымыздан кесте арқылы берілді: тәуелдік жалғау: біздің
баламыз, жіктік жалғау: біз
баламыз, зат есім: біздің
қойшы, етістік: осындай
сөзіңді қойшы, сын
есім: баласыз үй – мазар, зат
есім: көше баласыз, зат есім:
өгізше өкірді, үстеу+етістік:
өгізше өкірді. Демек,
қазақ тіліндегі екпіннің орны сөздің
соңғы буыны десек, ал екпіннің соңғы буыннан
басқа буындарда келуі оның грамматикалық формаларды ажырату
функциясына байланысты екендігін айтуға болады. Екпіннің
грамматикалық формаларды ажыратуы оның сигнификативтік
қызметінің бір жағы ғана, ал, екінші жағынан
келсек, оның сөздерді лексика-семантикалық
тұрғыдан ажырату функциясы бар. З.М.Базарбаева өз
еңбегінде қазақ тіліндегі сөздердің бәрі
бірдей сөйлем ішінде үнемі дербес екпінге ие бола бермейтіндігін
айта келіп, кейде ырғақты-синтагмалық екпінмен
алмасатындығын түсіндіреді [7]. Ырғақты топ дегеніміз
өзінің соңғы буынына түскен ырғақ
екпіні негізінде біріккен сөздердің ең кіші
мағыналық тобы деп береді,- ғалым. Айталық, 1. ат /
қора маңында / жүр. 2. атқора / маңында
жүр. Немесе 1. ешкім / мені түсінбегендіктен / сөйлей алмай
жүрмін. 2. ешкім мені / түсінбегендіктен / сөйлей алмай
жүрмін. Мұндағы алғашқы сөйлемде ат тема, ал қора маңында рема болса, екінші сөйлемде атқора тема болып, маңында жүр рема болып тұр. Келесі сөйлемді талдай
кетсек, ешкім сөзі тема болады,
ал мені түсінбегендіктен рема болады. Екінші сөйлемде ешкім мені рема болса, түсінбегендіктен тема болып
тұр. Сонымен қатар сөйлемде кідіріспен бөлінген
мағыналық топтардың әрқайсысы бір деммен айтылып,
ырғақты топтарға сәйкес келеді. З.М.Базарбаеваның
анықтауынша, екпін арқылы ажыратылған топтардың
әрқайсысының біртұтастығы
ырғақты-синтагмалық екпін арқылы жасалады.
Қорыта
келгенде, түркі тілдерінде оның ішінде қазақ тіліндегі
екпіннің орны соңғы буынға түседі, десек те
оның грамматикалық формаларды ажыратуда әртүрлі
буынға түсіп отыратындығын көреміз.
Әдебиет:
1. Қалиев Ғ. Тіл білімі терминдерінің түсіндірме сөздігі. Алматы, 2005.
2. Баскаков Н.А.Каракалпакский язык. Фонетика, морфология, часть І. Москва, 1952.
3. Қазақ грамматикасы. Астана, 2002.
4. Аханов К.Тіл біліміне кіріспе. Алматы, 1965.
5. Кеңесбаев І. Қазіргі қазақ тілі. Алматы, 1975.
6. Шараф Г. Сонорная длительность татарских гласных. «Вестник научоного общества
татароведения», №8, 1928.
7. Базарбаева З.М. Қазақ тілі: интонология, фонология. Алматы, 2008.