К.ф.н. Аманбаева А.Ж.

 

Институт языкознания им А.Байтурсынова

 

ИНТОНАЦИЯ АРҚЫЛЫ КӨРІНІС ТАБАТЫН ПОЭТИКАЛЫҚ  ДИСКУРСТЫҢ  МАҢЫЗЫ

 

Дискурс термині француз тілінде «discurs» – сөйлеу, ал ағылшын тілінде – талқылау, лебіз, сөйлеу деген мағынада жұмсалған болса, ал кейіннен «айтушыға, сөйлеушіге меншіктелген сөз» деген жаңа мағынада қолданылып жүргендігі белгілі. Дискурс термині американдық лингвист З.Харристің 1952 жылы жарияланған «Дискурс-анализ» атты мақаласында тұғыш рет көрініс тапқан болатын. Сондай-ақ, «дискурс» ұғымы Ю.Хабермастың «Коммуникативтік компетенция теориясына дайындық» атты еңбегінде осы терминнің мән-мағынасы айқындала түседі. Жалпы дискурс ұғымы ХХ ғасырдың 1970 жылдарынан бастап жиі қолданысқа ене бастаған. Әсіресе дискурс лингвистикалық, әдеби-теориялық және философиялық зерттеулерде түрлі феномендерді сипаттаушы көпмағыналы ұғым ретінде танылған болатын.

Дискурс – белгілі бір мақсатқа бағытталған тілдік акт. Оның негізгі мақсаты тыңдаушысының эмоциясына, ерік-жігеріне, интеллектісіне, белгілі бір шешім қабылдауына әсер ету болып табылады. Дискурс жайында Н.Д.Арутюнованың зерттеуінде: «Дискурс – тілден тыс – прагматикалық, әлеуметтік мәдени, психологиялық факторларды біріктіретін байласымды мәтін, оқиғалық аспектідегі мәтін, белгілі мақсатқа бағытталған әлеуметтік әрекет ретінде қаралатын сөйлеу (сөз). Адамдардың когнитивтік санасында өзара қарым-қатынас механизміне қатысатын компонент. Яғни дискурс, бұл – «өмірмен біте қайнасқан сөз» - деп берілетін болса [1], ал Т.Милевская: «дискурс – бұл сөйлеушінің танымымен, дүние туралы ұғымымен және оны қабылдауымен байланыстылығын көрсететін және реципиенттің ғаламның тілдік бейнесін жаңғыртуымен байланысты жүзеге асырылатын ойлау әрекеттерінің жиынтығын көрсететіндігін» жан-жақты дәлелдей түскен [2]. Осы жағынан алып қарағанда дискурстың ұғымы өте кең. Өйткені бұл ауызша да жазбаша да көрініс табатын, адресант пен адресаттың арасындағы қарым-қатынасты ғана көрсетпей, оның бүткіл болмысын айшықтайтын, оның сезіміне әсер етіп қана қоймай, ой-өрісінің қандай екенінен де хабардар ететін ерекше құбылыс. Осы жайында Т.ван Дейк «...дискурс оқшауланған мәтіндік не диалогтық құрылым емес. Бәрінен бұрын ол коммуникацияға қатысушылар туралы да, ақпараттың қабылдану процесі туралы да ұғым беретін әлеуметтік контексті қамтитын күрделі коммуникативтік құбылыс» – деген тұжырым жасайды [3]. Сондай-ақ дискурстың басты бір мақсаты тыңдаушының интеллектісіне, эмоциясына, ерік-жігеріне, белгілі бір шешім қабылдауына әсер ету болып табылады. Қазіргі таңда дискурсты қолданыс аясына байланысты бірнеше түрге бөліп жүргендігі белгілі. Дискурс түрлеріне: ғылыми дискурс, әскери дискурс, іскери дискурс, шешендік дискурс, поэтикалық дискурс, балалық дискурс, масс-медиа дискурсы, жарнама дискурсы, экономикалық дискурс, педагогикалық дискурс, электрондық дискурс т.б. жатады. Жалпы дискурс ұғымы прагмалингвистика, психолингвистика, әлеуметтік лингвистика, антропология, әдебиеттану, лингвомәдениеттану, философия ғылымдарының тоғысында тұрғандықтан, оған категория ретінде анықтама беру қиындық тудырады. Ал бірақ дискурсты прагматикалық тұрғыдан қарастырар болсақ, автордың мәтінге қатыстылығы, автордың өз туындысын оқырманға қарай бағыттауы, тек бағыттауы ғана емес, оған әсер ету жағын да қарастыруы ерекше көрініс табады. Әсіресе бұл поэтикалық туындыларда анық көрінеді. Өйткені ақынның қандайда бір шығармасын алсақ та, оның ішкі тебіренісі, ой-қиялы өлеңдері арқылы ашыла түседі.

Поэтикалық дискурс көркем тілдік коммуникация түрі. Кең
шеңберде, поэтикалық дискурс дегеніміз уақыттың мәдени тілдік
контексі
болып табылады. Поэтикалық дискурсқа прозалық шығармалармен қатар поэзия жанрындағы шығармалар да жатады. Прозада жазушы мен оқырман арасында дискурс туындайтын болса, ал поэзияда ақын мен өлеңді оқушы арасында дискурс көрініс табады. Әсіресе поэтикалық дискурс ақын мен оқырман арасында туындайды, өйткені ақын өз шығармасын белгілі бір мақсатпен, оқырманға арнап шығарады. Ол өлеңдердің тақырыбы да, ішкі сюжеті де сол заман туралы бейнеленеді немесе онда ақынның өзіндік ой-толғаныстары көрініс табады. Ақын шығармасының оқырманды ерекше сезімге бөлеуі және оған ерекше әсер етуі, сол шығармадан рухани ләззат алуы арқылы поэтикалық дискурс туындайды. Осы жайында Г.Смағұлова «поэзияда жеке тақырыптағы ритмикалық дыбыстардың образды бірлігі арқылы оқушының қиялына, эмоциясына санасына әсер ету» көзделетіндігін баса айтады [4].

 Қандай да бір ақпаратты алу үшін адресант пен адресат мәтін авторының (ақын) сол мәтінді дайындаған сәттен бастап көрініс тапқан қиял дүниесін көз алдына елестетуге тырысады. Басқаша айтқанда, дискурсты түсіну бөгде адамның ойлау дүниесіне еріксіз және ерікті түрде ену деуге болады. Яғни бұл көп жағдайда проза мен поэзиялық жанрлардағы шығармаларда ерекше көрініс тауып отырады. Өйткені шығарма авторы ең алдымен оның оқырманға тигізер әсері жайында ой қозғап, сол заманның қажет етіп тұрған тұстарын өз шығармаларына арқау етеді. Сондай-ақ автор өз ой-қиялы арқылы екінші бір адамға әсер етуге тырысады, әсер етіп қана қоймай, оның таным-түсінігін, көзқарасын өз шығармасы арқылы өзгертеді. Осы жайында А.Локиев: «поэтические образы следует рассматривать не с позиции знаковой информации, а с позиции их работы с читательским восприятием, изменения его мировоззрения и выработки нового миропонимания» деген ой айтады [5].

Прозалық шығармаларға қарағанда поэзия жанрының адамның ішкі әлеміне тигізер әсері мол. Өйткені поэзияда суреттеу, теңеу, әсерелеу басым болғандықтан, ақынның ішкі әлеміндегі өлең жолдары оқырманды ерекше бір әсерге бөлейді. Айталық, ақынның шексіз ой әлемі оқырманның сезіміне әсер етіп, оқырманды терең толғанысқа бөлеп отыруы дискурстық тұрғыдан алғанда поэтиканың ерекшелігін көрсетеді. Бұл поэтикалық дискурс арқылы анық көрініс табады. Әрбір ақынның өзіндік стилі, өзіндік сөз қолданысы болады. Қайсібір өлеңді оқысақ та, оның стиліне, сөз иірімдеріне, интонациясына қарап, қай ақынның өлеңі екенін аңғарамыз. Өйткені әр ақынның өлеңінде өзіндік ерекшелік байқалады. Сондай-ақ, әрбір өлең жолдары интонациялық жағынан өз сазымен мәнерлі түрде оқылғанда, ақын мен оқырман арасында дискурс орнайды. Яғни шығарманы оқу бар да оны өзінің бойына сіңіру бар. Әсіресе өлеңнің жай ғана оқи салуы мен мәнерлі етіп жеткізілудің арасында ерекше айырмашылық байқалады. Яғни жәй ғана оқылған өлеңнің әсері адамға байқалмайтын болса, ал өзіндік интонациясымен мәнерлі етіп оқылған өлеңнің тыңдаушыға тигізер әсері ерекше көрініс тауып, мән-мағынасы ашыла түседі.

Поэзия жанрында көрініс табатын өлеңнің әрбір сөзі мен өзіндік иіріммен берілетін бунағы белгілі ой ағымын ұсынады. Оны дәл сол мәнінде тиісті ырғағымен оқу үлкен шеберлікті талап етеді. Көркем мәтінді мәнерлеп оқуда әуені мен дауыс үдемелігі, дауыс ырғағы мен әуезі, қарқыны, екпіні – барлығы да өлеңді қабылдауда жағымды жағдай туғызушы компоненттер, яғни бұл компоненттерді орынды қолданбаған жағдайда оның мән-мағынасы, әсері болмайды. Әсіресе өлеңдегі логикалық кідірістер мен психологиялық кідірістердің де ықпалы ерекше.

Жалпы поэтикалық шығармалардағы интонацияның ерекшелігін Ю.В.Казарин: «Поэтикалық графика өзінің белгілеушілік қызметімен байланысты фонетикалық функцияға және де әуенді функцияға ие. Яғни поэтикалық графикаға негізделе отырып авторлық интонацияны, дыбыстық үйлесімді, әуенділікті, ырғақтық суретті анықтай аламыз. Дикцияның аллитерацияға байланыстылығы бар, бірақ бұл байланыс қатысты түрде. Дикция – үстеме тілдік құбылыс, соның арқасында мәнерлеп оқу, айту, әуенге салу мүмкіндіктері ашыла түседі» – деп поэтикалық шығармалардағы интонацияның орны мен дикцияның ерекшелігін ашып береді [6]. Яғни поэтикалық дискурс туындау үшін интонацияның мәні зор. Оны біз қазіргі классикалық үлгідегі таңдаулы ақындардың шығармаларынан байқаймыз. Әрине ақын шығармаларындағы өзіндік метафора, теңеу, әсерелеу сынды троп түрлері де өлеңнің ішкі мән-мағынасын аша түсері анық. Мысалы, оны М.Мақатаев поэзиясынан көптеп кездестіруімізге болады [7]. Ақын өлеңдерінде өзіне тән ырғақ, өзіндік стильдің бар екені байқалады. Әсіресе ақынның көңіл-күйі мен сезімі поэзияда көрініс тауып, ерекше интонация арқылы беріледі. Өйткені өлеңді оқи отырып автордың көңіл-күйі мен білім аясының кеңдігі анық байқалып отырады.

Мысалы, М.Мақатаев өлеңдері көбінесе мұңға толы болып келеді:

Жаз едім / кеше,
 Айналып күзге / барам ба!?
Жалын жоқ,/
От жоқ, / жасыған мынау жанарда.
Ауытқып кетті / аймалап тұрған самал да,  
Кеулеп тұр / міне,
Дауыл ма, / әлде боран ба?
Бұлттанып кеттім,/
Бусанып, / әлде жауам ба?!/
Жел айдап, /әлде жердін түбіне ауам ба?!/  
Қалса екен нәрім /ауамда, /мына даламда,  
Түспесе екен /көлеңкем тірі адамға./

Қорыта келгенде, поэтикалық дискурста интонация ерекше орын алады. Әсіресе М.Мақатаев өлеңдері интонациялық жағынан тиянақты-тиянақсыз интонемалар арқылы көрініс тапқандығы, ерекше тембрдың орын алғандығы байқалады. Жалпы әр ақынның өзіндік сөз қолданысы мен интонациялық жағынан ерекшеліктері байқалады.

Әдебиет:

1.     Арутюнова Н.Д. Метафора и дискурс / Теория метафоры  М., 1990.

2.     Милевская Т. Дискурс и текст: проблема и дифиниции М., 1990.

3.     Дейк Т. Язык. Познание. Коммуникация. – Москва: Прогресс, 1989. –310с.

4.     Смағұлова Г.Н. Мәтін лингвистикасы А., Қазақ университкті. 2002.

5.     Локиев А. Психолингвистика поэтики Санкт-Петербург, 2011.

6.     Казарин Ю.В. Филологический анализ поэтического текста М., 2004.

7.     Мақатаев М. М.Мақатаев өлеңдері www Казах.ру 2010.