К.ф.н. Қаршығаева А.А.
Институт
Языкознания имени А.Байтурсынова
XIX ғасыр зерттеушілерінің еңбектеріне фонетикалық
талдау
Түркі тілдерінің, оның ішінде
қазақ тілінің, дыбыс құрамы ХІХ
ғасырдың екінші жартысынан бастап орыс ғалымдарының
зерттеу нысанына айналғаны белгілі. Зерттеушілер қазақ тілі
дыбыстарының артикуляциясын орыс және Батыс Европа тілдерінің
(неміс, ағылшын) дыбыстарымен салыстыра отырып анықтап отырды.
Мысалы, «а выговаривается вообще как русское а в словах как, камень» [1, 10 б.] немесе «ө везде
выговаривается одинаковым образом как ö в немецком слове Mörder» [1, 11 б.]. Дыбыс талданымының дәйектемесі европа
тілдеріндегі дыбыстардың айтылым/естілім бағдары болып табылады. Сондықтан да ертедегі орыс зерттеушілерінің пайдаланған
дыбыс жіктелімін артикуляциялық тұрғыдан талдап
шығудың өзіндік қиындықтары бар. Дегенмен кейбір
қарапайым артикуяциялық анықтамаларын көрнекі модельдеп
шығудың жолын қарастыруға болады.
Тіл дыбыстарының анықтамасы
олардың естілім белгілеріне қарай құрылғанын
және құрылып келе жатқан дәстүрдің
ертеден басталғанын көруге болады. Проф. В.Радлов т.б. зерттеушілер
дыбыстың артикуляциялық жасалымын айтудың орнына,
олардың естілім белгілерін, мысалы, тіл арты дегеннің орнына
«гуттуральный», тіл алды дегеннің орнына «палатальный» деген атаулар
пайдаланылып отырған. Дыбыстың артикуляциясына тоқталмай-ақ,
«ö есть гласный палатальный, соответствующий гуттуральному о» немесе
«ü обозначает звук палатальный, соответствующий гуттуральному u» деп,
жуан/жіңішке белгісін атап отырады. Дауыстыларға қатысты
проф. В.Радловтың «е обозначает звук, лежащий между ä и і...» деп,
неміс және француз тілдеріндегі дауыстылармен салыстыра келіп,
соңынан «У Киргизов е в начале
слов почти выговаривается как іä» деп аяқтайды[1]. Кезінде қазақтарды европалықтардың «киргизы»
дегенін ескерсек, қазіргі қазақ тіліндегі е дауысты дыбысының айтылымы жайлы
болып отыр. Бұл дауысты дыбыстың күрделі айтылымын
қазақ зерттеушілері де бірде монофтонг, бірде дифтонг деп
әртүрлі атап келеді. Жалпы дауыстының қос құрамды
екенін барлық зерттеушілер атап өткен.
Қос құрамды е дауыстысының сыңарларының артикуляциясы белгілі
болғандықтан, оның артикуляциялық моделін
құрастырудың қиындығы жоқ (1-сурет).
Дауыстының құрамындағы бірінші сыңарының
да, екінші сыңарының да өзіндік жасалым тұрпаты бар
екендігі суреттен анық көрінеді.


1-сурет – Қазақ тілінің е
дауыссызының артикуляциялық құрамы
Дауыстының бірінші артикуляциялық
сыңары бәсең болғандықтан, оны кішірейтіп, ал
екінші артикуляциялық сыңары басыңқы
болғандықтан, оны үлкейтіп көрсетіп отырмыз.
Модельдің сыртқы қоршауы дауысты сыңарларының бір
бүтін дыбыс ретінде айтылатындығын көрсетеді.
Ал қазақ және орыс тілдерінде
ұқсас ф/ф, в/в
дауыссыздары бар деп топшылауға тағы болмайды. Өйткені
бұл жерде де дауыссыздардың жасалу орнына байланысты ерекшеліктер
бар: орыс тілінде тіс-еріндік болып
айтылса, қазақ тілінде ерін-еріндік
болып айтылады. Сондықтан да қазақ тілінің
академиялық орфоэпиялық сөздіктерінде қазақ
тіліндегі үлгісі ºб, ºп
түрінде таңбаланады. Келтірілген транскрипция қазақ
тіліндегі дыбыс үлгілерінің жасалу орнын сақтап отыр. Жасалу
тәсілі мен дауыс қатысы, сөз жоқ, ортақ.
Орыс тілтанымында дауыссыздарды глухой/звонкий деп бөлу
дәстүрі бар. Қазіргі жіктелім бойынша қатаң/ұяң дауыссыздар «глухой» болады да, үнді дауыссыздар «звонкий» болады. Сол дәстүр ертеден
басталғандығы байқалады. Өйткені проф. В.Радлов
үнді дауыссыздарды «звонкий»
деп атайды.
Қазақ тілінің үнді
дауыссыздарының ішінде орыс тілінің у таңбасымен
белгіленіп жүрген дыбыстың әртүрлі аталып жүргені
белгілі. Осы дыбыс жайлы проф. В.Радлов былай дейді: «w звучить как английское w в словах world, will, т.е. он соответствующий русскому в, губогубной звонкий спирант».
Дауыссыздың орыс тілінің у
таңбасымен белгіленуі себепті оның артикуляциясы жайлы
әртүрлі пікірлер айтылып жүргендігі белгілі. Соның
нәтижесінде у
таңбасының дыбыс мәні бірде дауысты, бірде дауыссыз болып
жүр. Проф. В.Радловтың берген анықтамасын дауыссыздың
ақиқат анықтамасы деп қабылдау керек. Өйткені
қазіргі қазақ фонетикасының құрамында да
дауыссыз ерін-еріндік жуысыңқы үнді дауыссыз деп аталады.
Проф. В.Радлов қазақ тілі
дауыссыздарының жіңішке үндесім айтылымы мен орыс тілі
дауыссыздарының жіңішке айтылымын да өзара ұқсас
деп санайды: «Мягкие или палатальные согласные... т', п', к', л', м', н' и т.д. тождественны с русскими ть, пь, кь, ль,
мь, нь и т.д.». Қазақ және орыс тіліндегі жіңішке
дауыссыздардың естілімінде аса жақын ұқсастық
жоқ, ендеше олардың артикуляциясында да жеткілікті
айырмашылық бар деген сөз. Орыс тілінің жіңішке
дауыссыздары тіл ұшының үстіңгі
арқалығының қатысуы арқылы жасалады, ал
қазақ тілінің жіңішке дауыссыздары тіл ортасының
үстіңгі арқалығының қатысуымен жасалады.
Сондықтан орыс тілінің жіңішке дауыссыздары қазақ
тілінің жіңішке дауыссыздарына қарағанда өте
жіңішке естіледі. Екі тілдің арасындағы естілім
айырмашылық едәуір. Оны күнделікті практикалық
тәжірибе үстінде де аңғаруға болады.
Орыс және қазақ тілдерінің
арасындағы өзара ұқсас дыбыстар дегеннің
өзін шартты ұғым деп қарау керек, себебі
ұқсас деген дыбыстардың өзінің естілімі мен
артикуляциясында үлкен айырмашылық бар.
Қазақ тілінде ай, ей, ый, ій, ау, еу, ұу,үу тәрізді қос
дауыстылар бар деген пікірді алғаш айтқан Н.Ильминский, ал осы
пікірді қолдаған П.Мелиоранский болды. Алайда екеуі де қос
дауыстылардың артикуляциялық анықтамасын бермейді. «Қос
дауысты (двухгласные)» деген атауына қарағанда тіркесімдердің
соңғы үнді й, у
сыңарын да дауысты дыбыс деп санап отырғанын көреміз.
П.Мелиоранский қазақ тілі
дауыссыздарының қатарына дж
дыбысын қосып, оны бір дыбыс етіп айту керектігін ескертеді (бұл
пікір В.Радлов еңбегінде де бар).
Ғалым қазақ сөзінің басында дж болып айтылатын құранды
дыбысты дұрыс аңғарған және бір дабыс етіп айту
керек деген емлені де өте орынды ұсынып отыр. Себебі сөз
басындағы құранды дж
дауыссызының емлесін дұрыс бермегендіктен, оны дербес екі дыбыс (д+ж)
деп түсініп, солай екі дыбыстың тіркесі етіп айту қалыптасып
кеткен. Орыс тілінде дж аффрикат
(құранды) дауыссызы жоқ болғандықтан, орыс
зерттеушілері оны екі таңбамен белгілеуге мәжбүр
болған.
Аффрикат дауыссыздардың
сыңарларының артикуляциясы анық айтылмай, өзара кірігіп
айтылатынын ескерсек, онда д+ж/дж
айтылымының артикуляциялық моделі олардың арасындағы
айырмашылықты дәл көрсетеді (2-сурет).

2-сурет – дЖ
аффрикатының артикуляциялық жіктелімі
Қазақ тілінің әдеби
айтылымына тән сөз басында кездесетін дЖ аффрикаты төл
дыбыстардың қатарына жатады. Тек оның дж түріндегі қосақ (диграф)
таңбасынының емлесі (бір дыбыс болып оқылымы) дер кезінде
реттеліп, оқулықтырға енбегендіктен, бүгінге дейін д+ж тіркесімі болып жүр. Бірінші
сыңарының д тектес
әлсіз айтылымын көрсету үшін оның артикуляциялық
моделін кішірейтіп көрсеттік.
Таңба мен оның емлесін мектептен
бастап дұрыс түсіндірмеудің салдарынан көпшілік
әлі күнге дейін қазақ тілінің ақиқат
дыбысы дж аффрикатының мәнін түсінбей келеді.
Мысалы, «Ана тілі» газетінің бір оқырманы: «орыстар неге Джамбул Джабаев... деп жазады, ал
өздерінің Жуковын... неге
Джуков деп жазбайды» деген ыза мен
күйініш толы хат жолдапты, газет хатты жариялаған.
Бұл қазақ тілінің
төл дыбысының төл артикуляциясын дұрыс
түсінбегендіктің (немесе кезінде дұрыс
түсіндірілмегендіктің) салдары болып табылады. Шындығында,
егер Жамбыл Жабаев, жоқ,
жақсы, жаман тәрізді адам аттары мен өзге
сөздердің басындағы ж
дауыссызын орыс тіліндегідей
жуысыңқы етіп айтатын болсақ, онда қазақ
сөздері қазақы естілмеген (немесе ерсі естілген) болар еді.
Сондықтан да орыс зерттеушілері кезінде ж дауыссызының орыс тілінде жоқ аффрикат вариантын
дұрыс аңғарып, арнайы таңбамен белгілеуге
тырысқан.
Орыс зерттеушілері пайдаланған
артикуляциялық терминдердің құрамы көп емес.
Қазақ (түркі) тілінің дыбыстарын көбінесе
өздеріне таныс өзге европа тілдерінің ұқсас
дыбыстарымен салыстырып беріп отырады. Глухие, звонкие, взрывной, спирант
тәрізді бірлі-жарым ғана артикуляциялық атауды кездестіреміз.
Глубокозаднеязычный деп европа тілдерінде кездесе бермейтін қ дауыссыз дыбысын атаған.
Сондай-ақ палатальный деп дауысты дыбысты атаған, ал бұл атау
қазіргі кезде дауыссыздарға қатысты пайдаланылады.
Бұл кездегі артикуляциялық фонетика
қазақ (түркі) тіліндегі дыбыстардың жасалымын ішінара
ғана қамтыған. Дегенмен сол кездегі зерттеу нәтижелерін
қазақ артикуляциялық фонетикасының бастау көзі
деп қараған дұрыс деп есептейміз.
Әдебиет
1. Радлов В.В. Опыт словаря тюркских
наречий. В 4-х томах (8-и книгах). СПб., 1888-1911.
2. Мелиоранский П.М. Краткая грамматика казак-киргизского языка. Фонетика,
этимология. – СПб., 1894. – Ч. І.
3. Ильминский Н.И. Материалы к изучению киргизского наречия. – Казань, 1860.
– 250 с.
4. Жунисбек
А. Введение в сингармоническую фонетику. – Алматы: Арыс, 2008. – 108 б.
5. Жүнісбек Ә., Жексенғалиев Б. Қазақша-орысша
фонетикалық сөздік. –Орал: Ағартушы, 2009. – 200 б.