Утебаева А.К.

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті, практикалық лингвистика кафедрасының оқытушысы

 

 Етістік арқылы жасалған фразеологиялық тіркестер.(Ә.Кекілбаев  шығармалары бойынша)

                                             

      Белгілі бір ұғымды бір сөзбен де, екі немесе одан көп сөздердің жымдасып келіп, жанама мағынада айтылуы арқылы да білдіруге болады. Орыс тіліндегі фразеологизмдерді зерттеуші Н.М. Шанский фразеологиялық оралым тілде жеке сөздің қызметін атқарады дейді. Тұрақты тіркеске  тән ортақ қасиет бұлардың құрамындағы сөздер дараланбай, мағынаның тұтастығы мен бірлігіне бағынышты, әрі тәуелді болады да, бір сөздің орнына жүреді[1,199 б.].

     Профессор Г.Смағұлова фразеологиялық варианттардың сөз табына қатысын зерттей келе: «Сөйтіп фразеологизмдерді белгілі бір сөз табына жатқызу мәселесінде біріншіден, компоненттер құрамының беретін мағынасына, екіншіден, морфологиялық табиғатына, үшіншіден синтаксистік қызметіне қарап шартты түрде топтастыруға болады», - дейді.[2,24 б.].

     Тіл білімінде тұрақты тіркестерді сөз табына байланысты зерттеген Ч.Г. Сайфуллин, Ә.Болғанбаев, Ә.Қайдар, Р. Жайсақова.

     Фразеологизмдер мағына жағынан бір ұғымды білдіріп, бір сөздің орнына жүргендіктен, сөйлем ішінде бір ғана сөйлем мүшесі қызметін атқарады.

     Сондықтан әрбір тұрақты тіркес белгілі бір сөз табына бағынышты болады. Мәселен, күлі көкке ұшты деген күйреді деген сөздің орнына қолданылады. Бұл идиом лексика-грамматикалық мағынасы жағынан етістікке ұқсай         ды. Сол себепті сөйлем ішінде баяндауыш қызметін атқарады. Тайға таңба басқандай деген фразаның мағынасы айқын, анық деген сындық ұғымды білдіреді де, сөйлем ішінде анықтауыш қызметін атқарады. Көзді ашып жұмғанша дегеннен тез, лезде, өте жылдам деген мағынаны түсінеміз. Бұл мағына үстеуге қатысты болғандықтан, сөйлемде пысықтауыш қызметінде жұмсалады.

     Тұрақты тіркестердің белгілі бір сөз табына қатысты екендігін әрбір тіркестегі сөздердің грамматикалық сипатына қарап білеміз. Дегенмен, тіркестегі негізгі сөздердің лексика-грамматикалық мағынасы мен фразеологизмдердің  тудыратын мағынасы үнемі сәйкес келе бермейді. Мәселен, арасынан қыл өтпейді деген идиомның  сыртқы грамматикалық сипаты қарағанда, етістікке жататын сияқты. Ал, мұның беретін ұғымы тату-тәтті, дос деген сын есімге қатысты болып тұр. Сондай-ақ, су аяғы құрдым деген зат есімге жақын келгенімен, мағынасы жоқ болу, құру дегенді білдіріп, етістікке қатыстылығын білдіреді. Олай болса, фразеологизмдердің қай сөз табына қатыстылығын анықтау үшін, негізгі сөз бен жалпы тіркестен туатын фразеологиялық мағынаны салыстырып отыру қажет.

     Ғалым Ә.Болғанбайұлы қазақ тіліндегі фразеологизмдердің сөз табына қатыстылығы жағынан негізінен төрт топқа бөліп қараған:

1.     Етістік мағыналы фразеологизмдер.

2.     Сындық мағыналы фразеологизмдер.

3.     Заттық мағыналы фразеологизмдер.

4.     Үстеу мағыналы фразеологизмдер.

     Тіліміздегі сөз тіркестерінің аумақты тобын етістіктер құрайтыны белгілі. Ол сөздердің әр түрлі тұлғаларын бір жерге топтастырып, сөйлем, сөз тіркестері мен фразеологизмдер де құрамына енгізе алады. Біз қарастырып отырған көркем шығармаларда да кездесетін фразеологизмдердің дені – етістікті фразеологизмдер.Бұл топқа жататын фразеологизмдер әр түрлі амал-әрекетті, іс-қимылды білдіреді. Етістік мағыналы фразеологизмдердің ең бір ерекшелігі – оның тірек компоненті міндетті түрде етістіктің өзінен болуында.

    Онан кейінгілері – сындық және заттық мағынадағы фразеологизмдер. Бұл үшеуінен азырағы үстеу мағынасындағы фразеологизмдер. Жеке сөз бен тұрақты тіркес мағына жағынан бір ұғымды білдіріп, бірінің орнына бірі жүргенімен, бұлардың білдіретін мән-мағыналары бірдей емес. Тұрақты тіркестен туатын ұғым жеке сөзбен салыстырғанда анағұрлым күшті, әсіре мағынада айтылады. Сонымен қатар жағымды-жағымсыз экспрессивтік мағына үстейді [3, 68 б].

     Тұрақты етістікті сөз тіркестері өзінің грамматикалық табиғатында жалаң және күрделі деп бөлінеді.

1)     Жалаң етістікті фразеологизмдер. Олардың грамматикалық құрылымы әр түрлі болады.

а) есім сөздердің әр түрлі септіктерде келіп, етістікпен тіркес жасайды.

Атау септігінде: күні туды, тіс-тырнағы батпайды, т.б.

Барыс септігінде: отқа салды, құлағына түсті, тәңірге жазды, т.б.

Табыс септігінде: аңызын байқады, қарасын таныды, т.б.

Шығыс септігінде: есігінен қаратпады, етегінен ұстады, т.б.[3, 69 б.].

Мысалы. Саяси шалағайлық пен экономикалық дәрменсіздік тәуелсіз мемлекеттерді не күштілерге бұрынғыдан да көбірек шыбындайтын саяси жалпақшешейлікке, не «жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпастың» кебін кигізетін саяси шәлкестікке ұрындырады.

«жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпастың» тұрақты тіркесі барыс септік (-қа жалғауы) тұлғасында қолданған.

    Бүгінгі ұсақтығымызды соларға теліп, адамды қойып, рулы елді жөргектен қағынған қып көрсетуге машықтана бастадық.

Бұл сөйлемдегі «жөргектен қағынған» тұрақты тіркесі шығыс септігінде (-тен) келіп етістікпен тіркес жасаған.

ә) Сан есім – етістік : екі сөйлемейді, екі сөз жоқ, бір уыс болды, екі оттың арасында тұрды, т.б. Осы модельдің алдынан зат есім әр түрлі септіктерде келіп, етістікпен меңгеріле байланысады.

     Мысалы: Ол бұрын бірін-бірі көрмек түгілі, алыстан аттарын да есітпеген, әр қия өлкеден, әр қия орындаушылық мектептен түлеген тамаша күйшілерді бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын ынтымақшыл ұжымға жұмылдырды.

     Бұл сөйлемде сан есім (бір) шығыс септікті зат есіммен (жеңнен) тіркесе келіп етістікпен меңгеріле байланысқа түскен.

Проза тілінде сан есімнің, сонымен қатар, субстантивтенген тұлғасыда кездеседі.

 Ойға онға, ақылы алтыға бөлінді.

 Мұндай жағдайда ол сөз түрлендіретін қосымшаларды қабылдайды.

б) Салыстырмалы – дай\ -дей жұрнақтары зат есім – етістік.

Мысалы: бетін шиедей қылды, бордай егілді, қардай боратты, т.б.

... ондаған географиялық пунктерде өтетін саналуан оқиғалардан түзілетін осы романдағы жұмылған жұдырықтай жұмыр тұтастықты қамтамасыз етіп тұрған да әдебиеттің көне канондарында жіктеп көрсетілетін оқиға бірлігі...

Осы мысалдағы жұмылған жұдырықтай жұмыр тұрақты тіркесі салыстырмалы –тай жұрнағы зат есім – сын есіммен тіркесіп келген.

в) үстеу-етістік: етпетінен түсті, шарта жүгінді, алдынан өтті, т.б.

     Қазақ тіліндегі үстеу сөздердің бір алуаны барыс, жатыс шығыс, көмектес септіктерінің көнеленуінен жасалады.

     Күрделі етістікті фразеологиялық тіркестердің вариант қатарларына мысалдар: шаңына ілесе алмау\ шаңына ере алмау, сөзінің соңын жеп қою, сөзінің соңын жұтып қою, адам айтып болмас\ адам айтса нанғысыз, шыбын жаны шыға жаздау\ шыбын жаны шығып кете жаздау – деген күрделі етістіктер – тұрақты тіркестер, яғни идиомаланған тіркестер. Грамматикалық жағынан бөлінбейтін, лексика-семантикалық жағынан бір ғана негізгі мағынаны білдіретін, орныққан бір бүтін тұлға есебінде қолданылатын етістіктің  мұндай түрлерін А. Ысқақов тұрақты тіркестер деп атаған.

      Фразеологизмдердің етістік тіркестеріндегі ұғымның түп қазығы есім сөздерге байланысты болады. Есім сөздерге тіркесіп айтылатын етістікті компоненттер әр түрлі  болады. Есім мағыналы фразеологизмдерге қарағанда етістік мағыналы фразеологизмдердің құрылымы өте күрделі болып келеді.Бұл ретте компоненттер құрамындағы ауыстырылып отыратын мәндес, мағыналас, синоним етістіктердің алатын орны ерекше[2,26 б.].

     Көркем шығармаларда фразеологизмдерді құрылымдық жағынан саралай келе есім мен етістіктен жасалған фразеологизмдердің көп екенін байқауға болады.

Мысалы: Әкесін шөл шыдатпады, шыжыған шілденің қақ ортасында көз жұмды[4, 437 б.].

Байсал байдың бәйгеге не тігетініне сырттай тон пішті.[4,332 б.].

Осы мысалдардағы «көз жұмды», «тон пішті» тұрақты тіркестері есім (көз, тон) мен етістіктің (жұмды, пішті) тіркесуі арқылы жасалып, етістікті фразеологизм қызметін атқарып тұр.

Семантикалық жағынан етістік тобындағы  фразеологизмдер әр түрлі болады. Оларды шартты түрде: 1) кейіпкердің психологиялық жай-күйін білдіретін фразеологизмдер, 2) нақтылы  іс-әрекеттерді білдіру мақсатында жұмсалатын фразеологизмдер деп бөлуге болады .

Кейіпкер психологиясын білдіретін фразеологизмдер:

                                Енді міне момақансып жанары,

                                Қабағынан қар жауды да түксиді.

                                Жүрегінің жалындаған алауы ,

                                Баяғыдай лапылдамай бықсиды.

 

                                Бозбаланың жарқ-жұрқ етіп жанары,

                               Бір ғажап от лапылдатып барады

                               Шұғыласы алаулаған жалынның

                              Албыраған екі бетке тарады[4,20 б.].

 Өлең жолдарында кездесетін «қабағынан қар жауды», «жүрегінің жалындаған алауы» Халықтық  қолданыста «жүрегі өрт(от) боп жанды » өзегі өртенді, қапа болды, қайғырды, уайымдады деп берілген. Бұл өлең жолындағы «жалындаған», «алау», «өрт», «от» сөздерінің  орнына синонимдас сөздерді, экспрессивті-эмоционалды мағынасын күшейтіп  адамның мінезіне байланысты  ренжу, қапалану мәнінде қолданған.

    Халықтық қолданыста «қабағынан қар (қан) жауғандай (жауып отыр) қатты ашуланып, қаһарланды, кектенді». Екінші өлең жолында жастық шақтың жалындаған сезімінің бейнесін, бозбала махаббатын  көзінің қарасынан,  албыртқан махаббаттың сезімін көңіл күйінен байқауға болатынын көрсеткен.

     Фразеологизмдер ең аз дегенде екі компоненттен тұрады да белгілі бір лексикалық мағынада жұмсалады. Фразеологизмдердің ең көп тарағаны да екі компонентті  түрлері.

     Етістікке жуықтайтын фразеологизмдерді бірыңғай етістіктенде  болады, компонентерінің бірі есім сөз болып, екіншісі етістіктен де жасалады. Етістікке жуықтайтын фразеологизмдердің көбі жақ, рай, шақ сияқты етістік категорияларын білдіреді.Мысалы:

                                       Байқасақ, қалмапты ғой текке кетіп,

                                      Алыппыз балалықты өкпелетіп.

                                      Сол күні ойынға біз елікпедік,

             Оралдым үйге төбем көкке жетіп [4,23 б.].

 

                                     Енді бірде момақансып жанары,

          Қабағынан қар жауды да түксиді [4,20 б.].

     Төбем көкке жетіп фразеологизмі тәуелдік жалғауының І жақ тұлғасында келіп, ауыспалы осы шақ мағынасында жұмсалған, ал түксиді  тіркесті етістігі өткен шақ формасында келіп, жедел өткен шақ категориясында берілген.

     Фразеологизмдер мен сөздер бірінің орнына бірі жүре тұра олардың білдіретін мән-мағыналары тепе-тең болады деп айта алмаймыз. Себебі, фразеологизмнен туатын ұғым жеке сөзбен салыстырғанда анағұрлым күшті, әсіре мағынада айтылады, сонымен қатар жағымды-жағымсыз экспрессивтік мән береді. Осыған орай Ә.Болғанбаев: «Фразеологизмдердің сөз табына қатыстылығын анықтау үшін негізгі сөз бен жалпы тіркестен туатын фразеологиялық мағынаны салыстыра отырып шешу керек», - дейді[1,186 б.].

     Фразеологизмдердің сөз табына қатыстылығын олардың басқа сөздермен байланыса, сөйлем мүшесі болатындығын Х. Қожахметова мақұлдап, «сөйлем мүшесі белгілі бір сөз табына қатысты» деп түйіндеген.

     Қазақ тіліндегі етістікті фразеологизмдерді құрылым жағынан қалыптарға жүйелеп, зерттеу барысында оларды үш топқа бөліп қарастырған.

   а)екі сыңарлы етістікті фразеологизмдер;

  ә)үш сыңарлы етістікті фразеологизмдер;

  б)төрт және одан да көп сыңарлы етістікті фразеологизмдер.

1.Қазақ тіліндегі атау тұлғалы есім мен етістік түріндегі етістікті фразеологизмдер.

     Аталмыш синтаксистік қалыптарда атау тұлғалы есім мен етістік болып келіп, құрамындағы етістік екінші сыңары ретінде ешбір қосымшасыз қолданылған.

     Екі компоненттен тұратын етістікті фразеологизмдер қимыл-әрекетті нақтылы шақ, жақ, рай түрлеріне байланысты білдіріп, стильдік экспрессияны білдіруде тілімізде маңызды рөл атқарады.

     Орыс мемлекеті мұны көріп отырып, Каспий теңізін өз бақылауына алуға бел буды.[4,38 б.].

Берілген сөйлемдегі «бел буды» фразеологиялық тіркесі екі компонентен жасалып, осы шақта келіп, қабыса байланысқан.

    Индия алтынына қызыққан орыс патшалары Каспийдің шығыс жағалауына шығып алуға ерекше көңіл бөле бастады.

«көңіл бөле бастады» тіркесі көсемше формасындағы күрделі етістік,  ауыспалы осы шақ тұлғасында келіп,  үш компоненттен құралған етістікті фразеологизмі.

     Етістікпен есім сөздер өзара матаса және қабыса байланысады. Сөз табы ретінде етістік басым бағыт алғандықтан грамматикалық мағынасына келгенде фразеологизмдер етістік функциясында тұрады.[3,11 б.].

      Сонымен, етістік мағыналы фразеологизмдер формасы жағынан бірдей емес. Оның құрылымы етістікті фразеологизмдерге қарағанда күрделі болып келеді. Етістікті фразеологизмдер барлық грамматикалық категорияға ие, бірақ түрлену дәрежесі әр түрлі.

 

               Пайдаланған әдебиеттер тізімі.

1. Болғанбайұлы,Ә., Қалиұлы Ғ. Қазіргі  қазақ  тілінің   лексикологиясы  мен фразеологиясы Аламты,1997, 256 б.

2 Смағұлова Г. Фразеологизмдердің варианттылығы. Алматы,1996, 128 б.

3.Қоңыратбаева Ж. ХХ ғасыр басындағы қазақ прозасы тіліндегі фразеологизмдер. Алматы. «Арыс» баспасы, 2005, 166 б.

4. Кекілбаев таңдамалы шығармалары Iтом. Алматы, 1989, 400 б.