Млад. науч. сотрудник Оспангазиева Н.Б.
Институт Языкознания имени
А.Байтурсынова, г.Алматы
Түркі
тілдеріндегі дауысты дыбыстардың ерекшелігі
Акустикалық,
артикуляциялық және басқа белгілеріне қарай тіл
дыбыстары алдымен дауыстылар және дауыссыздар деп екі үлкен
топқа топтастырылады. Бұлардың әрқайсысына
тән негізгі айырым – белгі, ерекшеліктері мынадай болып келеді.
1)
Дауыстылардың дауыстан (тоннан) жасалады да, салдырдың
қатысы елеусіз болады.
2)
Дауыстыларды айтқан кезде
ауа кедергісіз, қарқынсыз шығады да, дыбыстау
мүшелерінің барлығы дерлік қатысады. Мәселен а дегенде дауыс шымылдығы
дірілдейді, тіл артқа тартылады, жақ (ауыз) кең ашылып, ерін
екі жаққа қарай керіліп, (езулік болып) айтылады.
3)
Дауыстылар буын құрайды,
мұның өзі дыбыстарды жіктеудегі басты айырым белгі. Дауыстыларға екпін түседі.
4)
Дауыстылар дауыстап, созып айтуға келеді. Ән (вокаль)
дауыстылардың осы қасиетіне негізделеді.
5)
Дауыстылардың дауыссыздарға ықпалы күшті болады. Мәселен
ат, ет, от, өт
сөздерінің құрамындағы т фонемасының дауыстылардың әсерінен төрт
түрлі реңге ие болады. Сондай-ақ дауыстылар
қатаңды ұяңдатып тұрады. Мәселен: қабы (қап-ы),
қарағой (қара қой), ағ ешкі (ақ ешкі)
т.б.
Орыс тілінде керісінше
дауыстыларға дауыссыздардың әсері күшті болады.
Фонетиканың
өзекті мәселесі тілдегі дыбыстардың санын, сапасын
анықтау және сол дыбыстарға қатысты түрлі
заңдардың басын ашу. Бұл салада қазақ тілінде де
аз жұмыс істелген жоқ. Әсіресе дауысты дыбыстар зерттелуден
кенде емес. Қайта қазақ тілі фонетикасы жайындағы
негізгі зерттеулер мен монография, мақалалар тұтастай
дауыстыларға арналған деуге болады.
Бұлай болатыны, тіліміздегі
дауыстылар немесе вокализмдер (лат. Bokalis - дауысты) – «сөздің
жаны», немесе «сөздің жанды тамыры». Сөйте тұра,
қазіргі қазақ тіліндегі дауысты дыбыстардың саны,
сапасы жөнінде әлі күнге бірізділік болмай келеді.
Мұның өзі тіліміздің дыбыстық құрамын
тұмшалап, ол жөнінде шалағай, тіпті кереғар
ұғымның қалыптасуына жағдай жасап отыр.
Бұдан тіліміздің фонетикалық құрылымын, болмысын
шынайы түрде жете түсіну үшін дауыстылардың санын,
сапасын барынша байыптап, айқындап, зерделеп алу қажеттігі туады.
Қазақ тілінің
дыбыстық жүйесі, оның ішінде дауысты дыбыстары жөнінде
алғашқы пікір айтқан орыс ориенталистері (лат. Ozentalis-шығыстық) болды.
Атап айтқанда, Н.И.Ильминский, В.В.Радлов, П.М.Мелиоранский, И.Лаптев,
Н.Созонтов т.б. Олар қазақ тіліндегі дауыстыларды тап басып,
дәл анықтай алған жоқ. Қайсы бірі а мен ә-мен е мен і-ні ажырата алмай, енді біреулері й мен у-дауыссыздарын көрші дауыссыздармен
біріктіріп әуре болды. Тіпті беріде 1927 жылы «Қазақ тілі граматикасын»
жазған Г.В.Архангельский негізінен А.Байтұсыновты қайталаумен
қанағаттанды.
Дауысты е дыбысы
қазіргі әзірбайжан, алтай, башқұрт, қазақ,
қарақалпақ, қырғыз, құман,
ноғай, татар, тува, түрікмен, өзбек, ұйғыр,
хакас, чуваш, шор түркі тілдерінде сақталған, ал якут тілінде
жоқ. Қазіргі түрікмен тіліндегі созылыңқы і: дауысты дыбысы байырғы
созылыңқы і: мен
созылыңқы е: дыбыстарына
сәйкес келген. Мысалы: түрік. gi:r-
“кір” ~ як. ki:r-; түрік. gi:n “кең” ~ як. kien. Түрікмен тіліндегі і:
және і: < е:
дыбыстарының сәйкестігі жартылай ашық, езулік
дауыстыларының жүйесін бұзып, жаңадан өзара
қарсы дауыстылардың пайда болуына әкелді: ä: – е. Сондай-ақ
түркі тілдері тіл-тілге қарай бөлініп, даму процесінде
болғар тілінің вокализмінің қалыптасу кезеңі
қыпшақ тіліндегі вокализм жүйесімен сәйкес келген
тұстары болды. Оны ашық дауыстылардың тарылып немесе
қысаң дауыстылардың ашыққа айналып жатқан
процесінен көреміз. Ол құбылыс ä > е > і дыбыстарынан
көрінеді. Мысалы: käl- >
kel- > kil- «кел», немесе е > і дыбыстарының көрінісі.
Айталық, pis- «охладевать».
Әрқайсысының жасалу, қалыптасу жолдары өзіндік
ерекшелікке ие болған. Мысалы: қазақ тілінде кет, әзірбайжан тілінде кет, башқұрт тілінде кит, қарақалпақ
тілінде кет, қырғыз
тілінде кет, қумық
тілінде гет, ноғай тілінде кет, татар тілінде кит, түрік тілінде гит,
түрікмен тілінде гит,
өзбек тілінде кет,
ұйғыр тілінде кәт.
М.А.Черкасский сингармониялық вариантта көрінетін
жуан/жіңішкелік белгінің қатысына қарай дауыстылар
сапасының тұрақсыздығы алтай тілдеріндегі
агглютинациядан бастау алатын полисинтетизмнің қалдығы дейді.
Ғалым көне кезеңдердің бірінде дауыстылар
үйлесімінің әсері басымырақ болып, түркі
тіліндегі сөздер жинақ ретінде құрылды, жинақ
жойылғаннан кейін негіздегі сингармониялық варианттар факультативті
форма ретінде немесе семантикалық дифференциация үшін
сақталып келді деп есептейді [1, 36 б.]. Жуан/жіңішке белгісіне
қарай дауыстылар сапасының тұрақсыздығы
дауыстылардың сипатына сәйкес сөздердің
жуан/жіңішке белгісіне қарай бір-біріне өтуіне байланысты
болар [2, 37 б.].
Қазақ тілінде дауыстылар сөйлеу
мүшелерінің қатысына қарап топтастырылады, яғни
тілдің қатысына қарай: еріндік, езулік және
жақтың қатысына қарай: ашық, қысаң
дауыстылар болып бөлінеді. Якут, шор, алтай, қарағас, тува,
қырғыз, балқар тілдерінде дауысты дыбыстар
ашық/қысаң айырым белгісі бойынша екі сатыда өзара
қарсы қойылады. Осы тілдердегі дауысты дыбыстардың
құрамы созылыңқы және қысқа айырым
белгідегі дауысты фонемаларды қоспағанда сегізге жеткен: а, э, ä, о, ö – ашық және ï, і, u, ü – қысаң. Ал қазіргі
қазақ тілінде жақтың қатысы айырым белгісіне
қарай а, ә, о, ө –
ашық және е, ы, і, ұ,
ү – қысаң дауысты дыбыс болып бөлінетіні белгілі.
М.Томановтың пікіріне сүйенсек, дауысты дыбыстардың
ашық және қысаң болып жіктелу топтары байырғыда,
ал аралық топтардың жартылай ашық, жартылай қысаң
айырым белгісі кейбір тілдердің қалыптасуы мен жеке тілдердің
тарихи дамуының барысында орныққан.
Қазіргі түркі тілдерінде ä фонемасы көптеген түркі тілдерінде
сақталған. К.Мұсаев қазақ тіліндегі ä фонемасын е фонемасына қарсы қойып, егер сөз араб-парсы
тілінен енген болса онда, мынадай мысал келтіруге болатынын айтады: el-äl, sel-säl, eli- äli [3,
48 б.].
Түркі (қазақ) тілдеріндегі 8-9 дауысты
дыбыстар жүйесіндегі ә
мен е дыбыстарының қалыптасу жолы түрліше
қарастырылған.
Мұндай пікір түркі тілдерінде дауысты ә фонемасы араб-парсы тілдерінен
енген дыбыс деген басқа ғалымдардың пікіріне сәйкес
келді. Түркі тілдерінде қалыптасқан екі
көзқарастың бірі – төл дыбыс, бірі – шеттен келген
дыбыс деген мәселе талас тудырып келе жатқаны белгілі.
Қазіргі түркі тілдерінде ә дауысты дыбысын қолданбайтын тілдердің
қатарына 18 дауыстыдан тұратын түрік, түрікмен
және алты дауыстыдан тұратын өзбек, сондай-ақ якут,
қырғыз тілдері жатады. Түркі тілдерінің даму барысында
кей тілдерде ә дыбысы, кейбір
тілдерде е дыбысы
сақталған. Әзірбайжан, жаңа ұйғыр
тілдерінде қысқа дауысты ә
дыбысы сақталған:*кәл
«приходи», әзірбайжан тілінде гәл, ұйғыр тілінде кәл. Татар, башқұрт,
хакас және чуваш тілілінің кейбір сөздерінде дауысты ә дыбысы и дыбысына ауысқан:
*әт 'мясо', тат. ит.
Көне түркі тілімізде ä әрпінің дыбыстық мағынасын
қазіргі тіліміздегі е немесе ә дыбысы деп тап басып
айтуға болмайды: ілгäру,
äсі, бäглäрі, äр деген сөздер қазақ
тілі тұрғысынан е дыбысы
арқылы беріледі. Ілгері, есіт,
бектері, ер бірақ бұлар басқа түркі туыстас
тілдерде тек е дыбысымен емес ә немесе и дыбыстарымен
берілуі мүмкін. Тäңрі
сөзі қазақ тілінде тәңрі
түрінде айтылса, басқа тілде тенгри түрінде айтылады.
Тегі бір түркі халықтарының дамуы сонау
көне замандардан басталып, қалыптасу кезеңіне дейін бірнеше
дәуірлерді бастан кешіргендігі белгілі, демек тіл-тілдің даму
тарихында өзгерістер болатыны заңды құбылыс.
Әдебиет:
1. Черкасский М.А. Тюркский вокализм и сингармонизм. –Москва: Наука,
1965. –129 с.
2. Щербак А.М. Сравнительная
фонетика тюркских языков. –Ленинград, 1970.
3. Мусаев К. О девятой гласной фонеме ä в древнетюркских
языках. Тюркология, 2004, №1–С 46-53.