Рысалдиев Ж.М
М.Х. Дулати
атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан
АНТРОПОЛОГИЯЛЫҚ ПАРАДИГМА
Жалпы тіл
білімінде, жекелеген тіл білімінде көптеген зерттеулерде
антропоцентристік парадигма басымдылыққа ие болып барады.
Мұның өзіндік себебі бар. Лингвистикадағы
антропоцентристік принцип алдымен тілді тұтынушы адамды, тілдің
шынайы иесі – халықты, ұлтты бірінші кезекке қояды. Ал
құрылымдық зерттеулерде сол тілдің шынайы иесі болып
табылатын адам, ұлт, халық көбіне тасада қалады.
Бұларды біз субъекті деп атаймыз.
Тіл –
субъектінің ең басты конститутивті белгісі. Адамның
ақыл-ойы, танымы тілден тысқары тұрмайды. Сондықтан да
зерттеушілердің назары соңғы кезде әлемдік
лингвистикада субъектіге қарай ойысты.
Антропоцентристік
парадигма өз шеңберінде этнолингвистика, лингвомәдениеттану,
когнитивтік лингвистика, лингвопсихология тәрізді жаңа
бағыттарға жол ашты [1].
Антропоцентристік
бағыттағы зерттеулер ең алдымен қабылдау (восприятие),
ойлау (мышление), тіл (язык), есте сақтау (память), әрекет ету
(действие) тәрізді адамның когнитивтік құрылымына
ерекше мән беріп ден қоя бастады. Зерттеушілер бұл
аталған когнитивтік құрылымдарды бір-бірімен тығыз
байланысты қарау принципін ұсынады.
Қабылдау,
ойлау, тіл, есте сақтау, білім тәрізді когнитивтік
құрылымдар ғылым салаларында бұрын да зерттеу нысанасы
болған. Бірақ олар бір мақсат, бір міндет аясында бір-бірімен
тығыз байланысты қараудың барысында адамның сезім
мүшелері арқылы қабылданатын «дүниенің бейнесі»
мен «дүниенің тілдік бейнесі» дәлме-дәл келе бермейтіні
анықталды. Әсіресе, неогумбольдианства деп аталатын
бағыттағы зерттеушілер мен лингвистикалық салыстырма
теориясының авторлары Э. Сепир, Б. Л. Уорфтың пайымдауларынша,
дүниенің бейнесін қабылдауда адам белгілі бір этностың
тіліне тәуелді, яғни ақиқат дүниені тілдің
«ұйғаруымен» қабылдайды. Бұл – тілдік детерминизм деп
аталады [2].
«...Тіл мен таным процестерінің
арақатынасын көрсету тіл қолданысының когнитивтік
жүйесіне сүйенеді. Тіл мен ойлаудың, тіл мен танымның
арақатынасы адам баласының интеллектуалды өміріне (оған
тіл де кіреді) құндылықтар қанша рөл
атқаратынын белгілеп береді. Тіл мен танымның ара қатысын
сипаттайтын ұғымдар белгілі бір құрылымға
түседі».
Дүниенің
тілдік бейнесі әр этноста әр түрлі болуы этностың
тәжірибесі, білімімен байланысты. Өйткені, тілдік
таңбаның таңбалаушы қызметі сыртқы дүниемен
тікелей байланысында емес, адамның өмірімен көрген-білгені,
көңілге түйгені білімнің негізі болып табылады.
Этностардың, халықтардың тәжірибесі әр түрлі
болғандықтан дүниенің тілдік бейнесі де,
адамдардың тәжірибесі де әртүрлі. Сондықтан
тілдік тұлға ретінде олардың когнитивтік санасындағы
дүниенің тілдік бейнесінде азды-көпті айырма болады,
сөздің артында ақиқаттың үзігі
тұрады. Оның тілдік бейнесі әр халықта
әртүрлі.
Дүниенің
жалпыға бірдей болуы, ұқсас заттардың болуы
олардың санада бейнелеуінің ұқсас болуын
қамтамасыз етеді. Алайда, адамзатқа ортақ
нәрсенің негізінде ұлттық ерекшеліктер жасалады [1].
Зерттеушілердің
теориялық пікір – тұжырымдарына сүйене отырып біз
«ақиқат дүниенің бейнесі» мен «ақиқат
дүниенің тілдік бейнесі» өзара сәйкес келмейді деген
тұжырымды ұсынамыз. Сезім мүшелері арқылы қабылданған
ақиқат дүние когнитивтік сана фотографиялық сипатта
болмады. «Дүниенің бейнесі» ақиқатта біртұтас
әлем, бр-бірімен ұласып жататын хаос түрінде болады. Оны адам
санасы реттейді. Оларды жанды-жансыз, жануарлар-өсімдіктер,
қатты-жұмсақ, ылғал-құрғақ т.б.
тәрізді болып жатқан категориялар түрінде хаосты
тәртіпке салады. Дүниенің бейнесі адам санасында
фотодағыдай емес, дискретті түрде болады,
ақиқаттағы әрбір зат құбылыс,
оқиға, жеке-жеке түсінік, ұғым түрінде
санада бейнеленеді. Сондықтан да дәстүрлі
көзқарас бойынша «түсінік», «ұғым» сананың
бірліктері болып табылады.
Соңғы
кезде зерттеушілер, бір есептен, ұғымға ұқсастау
келетін, бір жағынан ұғымнан өзгеше когнитивтік
сананың бір келетін, бір жағынан ұғымнан өзгеше
когнитивтік сананың бір түрі – концепт екенін айқындай
түседі.
Когнитивті
лингвистика, метафораның когнитивті теориясы – ғалымның
тілдік бейнесінің концепциялары тұрғысынан тіл білімді
жүйелеу мен құрудың құралы. Жеке бір
сөздің толық концептісі оның семантикалық
және ассоциациялық өрісі арқылы анықталады.
Сөздің семантикалық және ассоциациялық
өрісінде пайда болған ақпараттың құрамында
когнитивті және прагматикалық мағыналардың элементтері
бейнеленеді. Біз бұдан «мәдени концепті» деп танылатын
лексеманың концепт құрудағы өзінің
лексиконы, синонимдік қатары, ассоциациялық байланысы бар
және семантикалық өрісі кең атауларды, соның бірі
«тары» лексемасын концепт ретінде танимыз.
Концепт
сөздердің терминдік мағынасы – әр ғылым саласында
әр түрлі. Адам күнделікті өмірде тағдыр,
шындық, парыз, абырой, бостандық, еркіндік т.б сөздерін
қолданса да, оның мағынасын анық түсіндіре алмауы
мүмкін. Ол сөздердің беретін ұғым түсінігін
түсіндіру адамның тілді білу тәжірибесіне қарай
әртүрлі болады.
Концепт
сөздердің беретін ұғымын түсіну арқылы жеке
бір адамнан бастап, қоғамдық топтардың, бүкіл бір
ұлттың, халықтың ой-өрісінің,
дүниетанымының ерекшеліктері айқындалады. Бұл
сөздер рухани мәдениеттің басты-басты ұғымдарын
оның элементтері ретінде таңбалай отырып, сонымен бірге
олардың мән-мағынасын да қамтиды. Рухани-мәдени сөздердің
лексикалық мағыналарын анықтау – жаңа үстеме
мән-мағынаның ашылуына септігін тигізеді. Бұл өз
кезінде бұрынғы түсіндемелерді жаңа қырынан
бағалауға әкеледі.
Әсіресе,
тірек концептілер (тірек сөздер) – мәдениеттің бір элементі,
сонымен қатар оны түсінудің де кілті. Олар мәдениетті
өз ішінен ұғынуға көмектеседі. Бұл
сөздердің жаңа мағыналарының пайда болу
механизмдерін тану арқылы, біз сол мәдениеттің өзін
тани аламыз. Тірек концептілерді талдау арқылы ұлттық
мәдениеттің даму қалпын, оның қазіргі өмірдегі
жай-күйін білеміз [1].
Алайда, осы
жерде «мәдени концепт» деп қандай сөздерді танимыз деген
сұрақ туу мүмкін. Н. Д. Арутюнованың ойынша,
«мәдени концепт» - философиялық, этикалық ұқсас
терминдер. Бұл сөздер таңбалайтын ұғымдарды
философиялық, этикалық ғылыми зерттеулер қарастырады.
Сөйтсе де, ол сөздер кез-келген тілдің актив сөздік қорына
кіреді, яғни сол тіл өкілінің әрқайсысына
түсінікті мағынада қолданылады.
Осы
мәселе төңірегінде В. А. Маслова мәдени ақпарат
тілдің номинативті бірліктері арқылы төрт тәсілмен:
«мәдени схемалар», «мәдени ая», «мәдени концептілер»,
«мәдени коннотациямен» берілетінін айтады. Мәдени концептінің
кілті тек жеке тілдік тұлға емес, сонымен қатар
лингвомәдени таным тұрғысынан жалпы
қоғамдағы экзистенционалды (англ. Existential имеющий (выражающий)
значение бытия) мағыналы әлем бейнесінің өзегі болып
табылатын тілдік бірліктерді айтады және мәдениеттің негізгі
концептісінде ар, тағдыр, күнә, заң, бостандық т.
б дерексіз атауларды жатқызады.
Д. С.
Лихачевтің анықтауы бойынша, концептілер адамның санасында
белгілі бір мағынаға сілтеме ретінде және адамзаттың жалпы
тілдік тәжірибесіне поэтикалық, прозалық, ғылыми,
әлеуметтік, тарихи т.б нұсқаушы ретінде туындайды.
А. Я. Гуревич
мәдени концептілерді: «кеңістік», мәдени
универсалды/әмбебап деп аталатын философиялық категория (мезгіл,
кеңістік, себеп, өзгеріс, қозғалыс) және
«мәдени категориялар» деп аталатын әлеуметтік категориялар
(бостандық, құқ, әділеттік, еңбек,
байлық, жекеменшік) деп екі топқа бөледі. В. А. Маслова
бұдан үшінші бір топ «ұлттық мәдени
категорияларды» бөліп шығарған дұрыс деп
көрсетеді. Мысалы, қазақтар үшін
конақжайлылық, батырлық, ерлік, ерік, ұйымшылдық,
еңбекқорлық т.б ұғымдар мәдени
концептінің ұлттық мәдени категорияларына жатады. Концептілік
өріске қатысатын, яғни құрамында «тары» лексемасы
мәдени концептіге жатады. Осы тұрғыда мәдени концептілер
категорияларына қатысатын құрамында «тары» лексамасы бар
тұрақты сөз орамдарында, яғни тірек немесе
түйінді ұғым негізінде этностың мәдени, рухани
болмысы бейнеленеді [3].
Сонымен бірге
концептілерге талдау жасағанда әр тілде мәдени ерекше
концептілер басым болады. Біз «тарыны» мәдени ерекше концептіге
жатқызамыз. Өйткені тары қазақтар үшін –
тіршіліктің көзі және тоқшылықтың символы.
Осыдан тілімізде «тарысы бардың тоқашы бар», «тары жеген
тарықпас», «тарылы елге барсаң жарма жерсің» сияқты
тұрақты тіркестер туындап, әр тіркес мәдени концептілік
өріске қатыса алады. Әсіресе, тары атауы шеберлік,
сұлулық, өсіп-өну, тоқшылық т.б
әлеуметтік мәнділігі жоғары ұғымдарды білдіретін
концепт жасауға құрылымдық элемент ретінде
қатысады. Алайда, неге бидай, жүгері, арпа т.б
дәнді-дақыл атауларды концептіге жатқызбасқа деген ой
туары сөзсіз. Бұл тұрғыда «тары» лексемасына
қатысты сөздер, символдар, перифразалар, тұрақты
теңеулер, фразеологизмдер, мақал-мәтелдер, нақыл
сөздер, мәтін деңгейіндегі прецеденттер (аңыз
әңгімелер, шешендік сөздер, жұмбақтар, ертегілер)
басқа дәнді дақылдарға қарағанда мол.
Бұл жоғарыда атап кеткендей аталмыш дақыл (тары) қазақ
халқына дәстүрлі мәдени шаруашылығының
болғанын айғақтайды.
Концепт
сөздерді анықтау принциптері кей кездері субъективті түрде
жүргізілуде. Мысалы, «Тілдің логикалық анализі»
мәселесі мен айналысушы топтың өкілдері көптеген
концепт сөздерді «философиялық ғылыми категориялар» және
«практикалық философия ұғымдарын беруші сөздер» деп
шектеуге тырысады. Концепт сөздерге былай қарау оларды бірнеше
ондаған сөздерге ғана сыйдырады.
Мәдени
концепт сөздердің аясы нақты, жинақтаушы заттық
лексиканың есебінен кеңейе алады. Мысалы, «үй», «отбасы»,
«соғыс», «қару», «қайың», «тары» т.б көптеген
өсімдіктер мен жануарлардың, тұрмыстық заттар мен
құбылыстардың атаулары жекелеген ұлттың
өзіндік менталитетіне байланысты ерекше концептілік мән алуы
ықтимал. Сөйтіп, заттар мен құбылыстарды
таңбалаушы тілдік бірліктер мәдени компоненттермен ерекшеленеді.
Мысалы, американдықтар үшін жүгері сыйлы
қонаққа даярланатын тағам болса, орыс халықтары
үшін картоп – бақшалық дақыл ғана емес,
мәдени мазмұнға ие атау.
Сөздердің
мәдени концепті қатарына енуі олардың прагматикалық,
семантикалық сипаттарына байланысты. Біз концепт сөздерді
мәдениеттің екі жағы іспетті материалдық және
рухани мәдениеттің өзара байлаанысы ретінде қарастыру
бағытын ұстандық. Рухани мәдениетті жан-жақты
әрі терең танымдық зерттеу – тілдегі бүкіл
сөздерді концептіге жіктеуге мүмкіндік береді.
Қазіргі
тіл ғылымында концепт терминнің қарастырылуы лингвистика мен
философияның өзара қарым-қатынасының
күшеюіне байланысты. Логикада «концепт» термині «ұғым,
түсінік» терминдерімен бірдей мағынада қолданылады.
Сөйтіп «концепт» ұғымын «адамның әлем туралы
жинақталған мәдени түсініктері бейнеленген және
атаулары бар ғаламның тілдік бейнесі» ретінде тани отырып,
біздің дүниетанымымыздағы әлем туралы
ақиқат болмысты бейнелейтін когнитивті бірлік ретінде қарауды
жөн көрдік.
Дегенмен,
концепт терминін «рухани мәдениеттің тірек сөздері»
мағынасында ғана түсінбейміз, себебі, тірек сөз концепт
сөзіне емес, «мәдени концепт» тіркесіне балама ретінде
қолданылады.
Ресей тіл
білімінде «концепт» термині алғаш рет 20-30 жылдары қоршаған
орта құбылыстарының тіл әлемінде бейнелеу мәселесін
зерттеуге байланысты пайда болды. Д. С. Лихачев, В. В. Колесов сияқты
зерттеушілер өз кезегінде дұрыс атау қоймаған,
бірақ қазіргі уақытта өзекті болып табылатын орыс
философы С. А. Аскольдов – Алексеевтің 1928 ж. «Русская речь»
жинағында жарық көрген «Концепт и слово» деген еңбегіне
сілтемелер береді. С. А. Аскольдов – Алексеев концептіні былайша
түсінетінін айтады: «...некое общее понятик как содержание акта сознания,
которое остается <...> весьма загадочной величиной, почти неуловимым мельканием
чего-то в умственном кругозоре, происходящим при быстром произносении и
понимании <...> слов: Концепт есть мысленное образование, которое замещает нам в процессе
мысли множество предметов одного и того же рода». Ғалым теориясының
назар аударар жағы – біздіңше, дерексіздіктің үлкен
деңгейіне дейін ұмтылатын концептінің әрбір элементі
иерархиялық біріккен құрылымда айқындалуы. Оның
түсіндіруі бойынша, концепт сөз бен оның
мағынасының арасына дәнекер болады. Тілдік қолданыста
адам санасы сөздердің ұғымдарын пайдалана алмайды,
сондықтан мағыналық элемент ретінде ұғым емес,
ықшамдалған ең алғашқы ойдағы түсінік
– ментальдық белгілер пайдаланылады. Осылар концепт болып табылады. Егер автордың
пікіріне жүгінсек, концепт ықшамдалған түсінік емес (не
свернувшееся понятие), «а» «эмбрион» понятие, так как раньше и в нем
потенциально заложено та семантическая структура, те общие и частные смыслы,
которое затем разворачиваются понятие». Концепт уақыт пен
кеңістіктегі сөздердің идеялық – туыстық
байланысын анықтауға мүмкіндік береді. Нақтылы
және потенциалды (әулетті) сөздердің мағынасы,
ұқсас мағыналы сөздердің байланысы, олардың
беретін ассоциациялары бір тірек сөз концептіге бірігеді.
Орыс
және шетел ғалымдарының концепт пен сөзге байланысты
«ұғымның жұмырланған көлемі», «мағына
беріктігі», «уақыттан тыс мағына» сияқты ой-пікірлері А. А.
Потебняның сөздің «ішкі формасы» туралы іліміне жақын.
Алғашында,
сөздің пайда болу кезеңінде, концепт оның ішкі формасы
ретінде, яғни тілді қолданушының санасында оған дейін
бар мағыналарды жаңа сөзбен бірге пайда болған
жаңа мағыналармен байланысты. Содан кейін, сөзді игеру
кезеңінде, концепт бірде концепт бейнеге (егер ол айтылымның тек
сыртқы тұлғасына ғана ұмтылса), бірде
ұғымға (егер оның мазмұндық жағы
дамыса) түрленіп отырады. Бірақ бейне мен ұғым –
бұлар концепт емес, оның сөздің мәдени – тілдік
игерілу нәтижесінде пайда болған жаңа түрі. Бұл
кезде концепт бейне мен ұғымды түсіндіре алады.
Нәтижесінде белгілі бір тілдік мазмұнмен байланысты
сөздің ұғымдық жағы сол берілген сөз
арқылы мәдени түсінудің кілті деп есептеуге болатын
мәдени символдарға дейін дами алады. Соңында
сөздің мәдени тілдік танымның шеңбері
тұйықталып, концепт сөздің ұғымдық
құрылымының бөлігі ретінде және сонымен бірге осы
құрылымды түсіну кілт ретінде мәдениет элементтерін
айқындай алады.
В. В. Колесов
концепт ұғымын қазіргі зерттеулерде кездесетін мәдени
концепт ұғымымен байланыстыра келіп былай дейді: «Концепт
сөздің мағыналық толығуының негізгі
нүктесі, сонымен бірге дамудың нәтижесіндегі
алғашқы мағына соңғы нүкте, яғни
қазіргі мәдениеттегі қатары молайған ұғым
концепт бола алады». Бұл теориялық жақтан барлық
сөздер мәдени мағыналы бола алады деген ойларды дәлелдей»
түседі және сөздің мәдени тілдік табиғатын
зерттеуде «концепт» терминін қолданудың қажеттілігін
нақтылайды. «Тілдің логикалық анализі» мәселесін шешуші
топтың еңбектерінде де «концепт» терминіне байланысты осылай
айтылады [4].
Концепті
адамның өмір тәжірибесін бейнелей отырып,
толығуға өзгеруге икемді болып, логикалық
тұрғыда біріккен динамикалық құрылымда келеді.
Концептінің арқасында сөздің ескі және жаңа
мағыналары уәжделген және тиянақты болып табылады.
Уәжділіктің негізін концептінің құрылымынан іздеу
керек. Сөздің ішкі мағыналық құрылымы
оның сыртқы болмысымен байланысты. «Ішкі құрылым
үшін ол берілген сөздің барлық сөз
қолданыста түпкі мағынасының негізі болып, ал
сыртқы құрылым үшін оның барлық
мағына категорияларының үлгісі (моделі) ретінде қызмет
атқарады». Бұл тұрғыда концепт – сөздің
барлық мағынасына ортақ ұлттық ұғым.
Сөздің
әртүрлі мағынасы концепт болады деген көзқарас та
бар. Концепт қандай да бір сөздіктен мағынаның орнын
басса, ол контекстен , жалпы жағдайдан барып белгілі болады. «Концепт не
непосредственно возникает из значения слова, а является результатом
столкновения словарного значения слова с личным и народным опытом человека».
Тілдегі концептілер жүйесі жеке адамның да, тілді қолданушы
барлық адамның да сөздік қорындағы потенциалды
мүмкіншілігін ашатындықтан, оларды «концептілік өріс» (Д. С.
Лихачев биосфера, идиосфера терминдеріне ұқсастыра отырып
«концептосфера» деп атайды) деп атауды ұсындық. Сонымен «тары»
және оған қатысты атауларды төрт сатылы
иерархиялық құрылымда көрсетуге болады: 1) лексион; 2)
сөздердің мағынасы; 3) концепт сөздер; 4) бір-біріне
бағынышты концептілер жүйесін біріктіретін – концептілік
өріс. Концептілік өріс жеке бір адамның, бүкіл бір
топтың, тұтас бір халықтың мәдени дәрежесін
айқындайтын концептілердің арасындағы байланысты
қарастырады. Осымен байланысты «тары» концептісінің тілдік
экспликациясы ретінде жеке сөздер, символдар, фразеологизмдер,
тұрақты теңеулер, перифразалар, мақал-мәтелдер,
қанатты сөздер, прецеденттер, шығармалардың аттары да
қамтылады.
Тұрақты
сөз оралымдары – өз табиғатында лексикалық қорды
байытатын, суретті сөз тіркестері мен ойды әсерлі жеткізу амалдарын
жүзеге асыратын, көркемдік құрал. Сондықтан да
тұрақты тіркестерге астарлы ой, концептілік тірек
ұғым/мәдени концепті категориялары/, таным үлгілері басым.
Яғни тілдің кез-келген бірлігі мәдени концепт болып табылады
[4].
Әдебиеттер:
1. Қордабаев Г.,
Қалиев Ғ. Жалпы тіл білімі. Оқулық. – Алматы, 2004
2.
Петри Э.Ю. Антропология. Основы антропологий. Санкт-Петербург, 1890
3.
Сүгірбекова С. Прозадағы контраст концептілердің тілдік
көрінісі. А. 2002
4.
Күштаева М. Жеке лексемалар арқылы концепт
мазмұнының берілуі. А. 2002