Батырхан Б.Ш.
PhD докторы, доцент
Абай атындағы ҚазҰПУ
Қазақ-шығыс әдеби
байланысы және шығыстық дәстүр
Қазақ әдебиетінің
шығыс әдебиетімен байланысы – ауқымды дүние, келелі тақырып.
Сөз өнері мұраларының
фольклор мен әдебиет тұтастығы
сипатындағы үлгілері халықтың ежелгі замандардағы
ата-бабалар мен кейінгі ұрпақтар арасындағы табиғи
сабақтастықтың сақталуы үшін маңызды қызмет атқарғаны сөзсіз.
ҮІІ-ХІІ ғасырларда ең жоғары өркендеу дәрежесіне
жетіп, дүниежүзілік тарихи маңызға ие болған біртұтас
араб-мұсылман мәдениетінің ықпалына басқа елдер
сияқты қазақ сахарасы да ілікті.
Араб-мұсылман мәдениетінің
өзі көптеген әлемдік мәдени мұралардың көркем
де озық үлгілерін өз бойына сіңіру арқылы биікке
көтеріліп, өзіндік өрнек қалыптастырған болатын.
«Шығыс мұралары қазақ даласына әр түрлі
жолмен келіп жетті. Біріншіден, олар халықтардың күнделікті қарым-қатынастары
арқылы ауызша түрде жетті. Екіншіден, бұлар қолжазба күйінде
таралады. Бірақ шығыс сюжеттері қазақ халық ауыз әдебиеті
шығармашылығы арнасында жырланады. Сондықтан қазақ
эпикалық дәстүрі бұған өз әсерін
тигізбей қойған жоқ» [8,8 б.].
Жалпы адамзат руханияты өзінің
бастау-бұлағын шығыс әдебиеті мен мәдениетінен алғаны
әдебиет тарихынан белгілі. Оған
дәлел ретінде әйгілі шығыс жұлдыздары – Фирдоуси, Сағди,
Физули, Низамидің бай әдеби мұраларының өзге халықтар
әдебиетіне тигізген әсерін айтуға болады. Бұл дәстүр
қазақ ақын-жыраулар шығармашылығын да айналып өткен
жоқ.
Шығыс халықтары әдебиеттерінің өзара байланысы және
бір-біріне жасаған игі әсері түрліше деңгейде болды.
Солардың бірі – көркем шығармалардың адамгершілік мазмұн-мағынасын,
оқиға желісін, өрнек тәсілдерін түсіне, өрбіте
қабылдау болып табылады. Соның айқын дәлелі ретінде
Рудаки, Фирдоуси, Низами, Физули, Науаи, Саади, Хафиз, Жәми шығармаларын
қазақ ақындары өзінше дамыта жырлап, тыңнан толғап,
«нәзира» дәстүрімен, халық арасына таратқан нұсқаларын
айтуымыз керек. Абай шығыстық желіге «Масғұт»,
«Ескендір», «Әзім» дастандарын жазса, Ш.Жәңгіров «Ескендір Зұлқарнайды»,
Т.Ізтілеуов «Рүстем-Дастанды» жырлады. Бүгінде араб, парсы, үнді
аңыз-ертегілерінен келген «Мың бір түн», «Тотынаме», «Жүсіп-Зылиха»,
«Сейфүлмәлік», «Мұңлық-Зарлық», «Бозжігіт»,
«Шәкір-Шәкірат» т.б. сияқты ғашықтық
дастандар қазақ топырағында қайта түлеп, жаңарып,
бай фольклорлық мұраларымыздың қатарын толықтырды.
Қазіргі
таңда шығыс, оның ішінде түркі халықтары көркем сөз өнерінің
бір-біріне ықпал-әсері мәселесі жан-жақты зерттей түсуді
қажет етеді. Әсіресе, қазақ әдебиетінің өзге
халықтар көркем сөз өнерімен сан ғасырлық
байланысын, тарихи тамырластығын танып-білудің мәні ерекше
зор. Қазақ әдебиетінің шығыс классикалық
поэзиясымен арасындағы осындай рухани байланыс негізінен нәзира дәстүрі
арқылы жүзеге асқанын тарихы тереңде жатқан әдеби-фольклорлық
мұраларымыздан білеміз.
Шығыс-қазақ
әдеби және мәдени дәстүрлері тоғыса келе, қазақтың өзіндік ұлттық
санасының кеңейе, тереңдей түсуіне игі ықпал
жасады. Бұл орайда ұлттық сөз өнеріне негіз болған
ақын-жыраулар ұстанған шығыстық дәстүрдің
әдеби дамуда маңызды орын алғаны даусыз.
Тарихтың тереңінен тамыр алатын жыр үлгілеріне жіті көз
салар болсақ, ізгілікті таным тұрғысынан
жыр толғаған дарын иелерінің баға жетпес құнды
дүниелері бар екендігі айқын. Көне өркениеттің
бесігі болған еліміздің негізінен оңтүстік өңірінен
шыққан белгілі шайырларының шығармаларынан қазақ әдебиеті мен шығыстық әдеби үрдістің
байланысын көре аламыз. Шығыстың
ең үздік шығармаларын ел игілігіне айналдырған шайырлар халықтың жан дүниесін шығыстық қисса-дастандармен,
ертегі-әңгімелермен байытып, адамға тән абзал қасиеттерді
мойындау, халық тағдырымен қатар
өрілетін рухани-адамгершілік
мұратты мақсат тұту
идеяларын көтерді.
Сөз өнерін
сан мыңдаған жылдар бойы жалғасқан дәстүр
жалғастығы тұрғысынан зерттеу келелі мәселелердің
бірінен саналады. Сыр бойында Балқы Базар, Тұрмағанбет
Ізтілеуов, Шораяқтың Омары, Қарасақал Ерімбет, Кете Жүсіп,
Қаңлы Жүсіп, Әлімбай Әлиасқаров, Әбзәли
Егізбаев сияқты сауатты ақындар қазақ әдебиетіне
жаңа леп, тың екпін әкелді. Бұл ақындардың
шығыстық дәстүрлі тақырыптарды заманмен үндестіре
жырлап, қазақ даласына қазақы үрдіспен жеткізуі
туралы мәселелер қазақ әдебиетінде бой көтерді. Бұл орайда ғалым Б.Кәрібозұлының
«...Шығыс әдебиетінің дәстүрінде дүниеге
келгенімен, мазмұндық, тақырыптық, пішіндік сипаттары
жағынан төлтума туынды, қазақ әдебиетінің
шығармаларына айнала отырып, туған әдебиетіміздің
дамуына үлкен үлес болып қосылады. ...Біздіңше, орыс,
батыс әдебиеттерінің қазақ әдебиеті мен өнеріне
шығармашылық әсер-ықпалын әңгімелеумен
бірге, Шығыс халықтары әдебиеті
мен өнерінің, әсіресе, оның классикалық әдебиеті
дәстүрінің қазақ халқының әдебиеті
мен өнеріне игілікті әсер-ықпалдарын да зерттеу-зерделеуді жүйелі
түрде жүргізіп отырудың мезгілі жетті» [7, 31] деген пікірінің
мәні зор.
Қазақ әдебиетінде
шығыстық дәстүр түпкі бастауын ертеден алғанмен,
ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бас кезінде
ерекше қарқынмен дамыды. Оның себебі, біріншіден, шығыстық
білім алған ақындардың өз шығармаларына шығыстың
классикалық туындыларын үлгі етуінде болса, екіншіден, саяси-әлеуметтік
жағдаймен байланысты дамуында болатын.
Шығыс стиліндегі нәзиралық
туындыларда адамдық, гуманистік ойлар негізгі мотивке айналған. Әйгілі
шығыс шайырлары жырлаған туындыларды нәзирагөйлік әдіспен
қайталап, тың туынды жасаған қазақ ақындары
жаңа дәстүр қалыптастырды. Сюжет шығыстық
болғанмен, оны өзгертіп, тыңнан толғап, қайта
жырлады. Дәстүр дегеніміз – еліктеу емес, даму – репродукция, яғни
қайта жырлау деген сөз. Шығыс поэзиясында барша оқырман
қауымға бұрыннан мәлім болған белгілі бір
сюжеттті бірнеше ақын өзара жарысып, шеберлік сынасып жырлай
беретін болған. Осылайша аға буын жырлап кеткен тақырыпты
кейінгі толқын інілер қайта жырлап, көркем әдебиетке тың
туындылар әкелетін дәстүр бар еді. Шығыс поэзиясында
осылайша ақындар бір-біріне өз шеберлігін танытатындай туындылар
жазу арқылы «жауап» («жауап» – арабша «нәзира», ал парсы тілінде
«татаббу» деп аталады) беріп отырған. Шығыстың ұлы
шырайлары мұндай туындыларды ешқашан да аударма деп те, еліктеу деп
те таныған емес.
Шығыс шайырлары көтерген
ең басты идея – адамға тән абзал қасиеттерді мойындау, қастерлеу.
Ал бұл гуманистік әдебиеттің негізгі қаһарманы –
жеке бас бостандығы бар, жан-жақты ерікті, азат адам, ғылымының
сан түрлі салаларын игерген ғалым, шеберлігімен жұртты сүйсіндірген
өнерпаз, парасатты, мейірбан жандар. Бұл ақындар – бүкіл
әлем о баста адам үшін жаратылған, бар тіршіліктің қайнар
көзі – адам, дүниедегі басқа нәрселердің барлығы
да адамға қызмет үшін, оның бақытты болуын қамтамасыз
ету үшін жаратылған дегендей қорытындыға келеді. Шығыстың
гуманистік ақындары адамның моральдық тұрғыдан
таза, кіршіксіз, әдепті, арлы, сыпайы, өнегелі, ұстамды
болуын талап етті.
Шығыстық медресе,
мектептерде білім алған ақын-жыраулар бізде шығыстық дәстүрдің
қалыптасуына зор үлес қосты. ХХ ғасырда шығыс әдебиеті
мен өнерін игерген Арқада Мәшһүр Жүсіп, оңтүстікте
Шәді Жәңгіров, Мәделі, Майлықожа, батыста Ғұмар
Қарашев, шығыста Жүсіпбек Шайхыұлы болса, Сыр бойында
Балқы Базар, Тұрмағанбет Ізтілеуов, Шораяқтың
Омары, Қарасақал Ерімбет, Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіп
сияқты сауатты ақындар қазақ әдебиетіне тың
екпін әкелді. Бұл ақындар шығыстық дәстүрлі
тақырыптарды заманмен үндестіре жырлап, қазақ даласына қазақы
үрдіспен жеткізе білді. Соның нәтижесінде шығыс әдебиетіндегі
гуманистік, адамгершілік, ағартушылық сарындар қазақ әдебиетінде
бой көтерді.
ХІХ ғасырдың
соңы ХХ ғасырдың басындағы әдебиет әр қилы
көз-қарасты, сан алуан бағыттарды топтастырған, көп
қырлы әдебиет. Қазақ қоғамы бұл тұста
ауыр әлеуметтік-экономикалық күйзелісті бастан кешкені анық.
Бұл жағдай ұлттың алдыңғы қатарлы
перзенттерінің – оқыған азаматтарының әр түрлі көзқараста өсіп жетілуіне әсер
етті. Қоғамдық ахуалды бағалаудығы түрлі көзқарастың
әсерінен, қалыптасқан түрліше дүние таным ықпалынан
әдебиеттегі сан салалы ағымдар келіп шықты. ХІХ ғасырдың
соңы ХХ ғасырдың басындағы әдебиет қолданған
әдеби тәсіліне ұстанған бағыт – бағдарына қарай
танылмай жүр деуге келмейді. Сөйтседе, Қазан төңкерісіне
дейін қаншама кітаптар шығарған қазақ шығыс
әдеби байланысына тікелей әсер еткен біршама қаламгерлердің
туындылары әлі күнге дейін қолжетімсіз күйінде қалып
отыр. Өз ұлтымызды өзіміз тануға толық мүмкіндік
болып жатқан кезде, бұл дәуірдегі ірілі-уақты ақын,
жазушылар жаңа көзқараспен қайта қаралып, дұрыс
бағалануы керек. Сондай жаңаша бағалап, бағамдауды қажет
ететін әдеби ағым өкілдері - кітаби ақындар. Бұлардың
алды елуден асса, соңғылары төрт – бестен дастан жазған
ерекше дәстүрлі өзгеше ағымдағы ақындар.
Кітаби
ақындар қоғамдағы ауыр саяси - әлеуметтік дағдарыстың
себебінен дүниеге келген жаппай орыстандыру, шоқындыру белсенді жүргізіліп, халықтың
рухани байлығына шабуыл жасалып, халықтың ғасырлардан
келе жатқан сенімі шайқалып, тұрған тұста, сол
суық ызғарды замандастарынан күн ілгері біліп, оның
зардабын жан –жүрегімен сезініп, орысшылдыққа түрікшілдікті,
шоқындыруға ислам дінін қарсы қару етіп күреске
шыққан ақындар - осы біз сөз ететін кітаби ақындар.
Бұл ақындарды өздері өмір сүрген кезеңінен
бөліп қарауға болмайды. Олар өз дәуірінде қоғам
қажеттілігінен туған, өз кезегінде міндеттерін адал орындаған ағартушы ақындар. Бұл
ақындардың қай – қайсысы да білім алуды насихаттады.
Білім алудың мағынасын тарылтып, жіберген соңғы жылдары
бұл бағыт білім көзі деп мойындалмады. Бұлар жастарға, жалпы халыққа
білім таратушылар, білім алуды, адалдықты, адал еңбекпен мал
табуды, рухани тазалықтты насихаттаушылар. Рухани тазалықтың құралы
- ислам моралі деп түсіндірілді.
Исламның аты аталып, Алла мен пайғамбар сөз болған
соң-ақ, бұл ақындарды халықтан алыстатуға күш
салынды. Оларды идеялық әдеби көзқарасына қарай
емес, саяси тұрғыда бағалау басым болды.
Қисса
– дастан қазақ әдебиетінде ХІХ ғасырдың екінші
жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезінде дамып-қалыптасты. Онда түрік-ислам
дүниесінің мол мұралары қамтылып, заман адамдарының
зердесінде қазақ мәдениетінің мыңдаған
жылдық тарихы бейнеленіп: «Әне, мәселе қайда?»-
дегендей, ой түрткі салынды. Түріктік-исламдық дүниелердің
мәні мен маңызын түсіндіруді мақсат еткені үшін,
оны жазған ақындарды «пантүрікшіл», «панисламшыл», - деп
айыптаған кездер де болды. Әдебиетте саясаттандырудың
салдарынан көп жылдар ғылыми-зерттеу нысанасына айналмады. Қисса-дастан
мәселесінің жалпы жағдайлары М.Әуезов (1959;1991), С.Мұқанов
(1974), Е.Ысмайылов (1956; 1968), Қ.Жұмалиев (1958), Б.Кенжебаев
(1973;1976), М.Ғабдуллин (1974), Б.Шалабаев (1961), Х.Сүйіншәлиев
(1986) еңбектерінде сөз болды.
Сондай-ақ
М.Бөжеевтің, М.Бөжеев – З.Ахметовтің [3-1/2том.], М.Ғұмарованың
[3-1том] зерттеулері осы мәселені
алғаш көтерумен құнды болды. Ә.Қоңыратбаев
[4], Ы.Дүйсенбаевтің [5] еңбектерінде
жүйелене бастады. Қиссашы ақындардың бірі Шәді Жәңгірұлының
шығармашылығын Н.Келімбетов аранайы зерттеу тақырыбына
айналдырды [6]
Осы кездерде қисса-дастандарды
жариялап жарыққа шығару жұмыстары басталды. Алғаш
Ү.Сұхбанбердинаның құрастыруымен жарық көрген
«Ғашық наме» [7], «Қисса-дастандар», кейін «Ғашықтар
дастандар» [8] және «Батырлық дастандар» [9] болып қайта
басылып шықты. Сондай-ақ, Б.Әзібаеваның құрастырумен «Дастандар» [10-1/2том] екі томдығы жарық көрді.
С.Қасқабасов, К.С.Матыжановтар құрастырған
«В.В.Радлов жинаған қазақ фольклорының үлгілерінен»
бір неше қиссалар қосылды [11]
Десекте бір замандарда ұмыт болған бұл ақындардың
шығармашылығын терең зерттеу болашақтың ісі болып
қала бермек. Шығыстан алынған көшірме дүниелер
ретінде қаралып, кітаби ақындар әдебиет тарихынан ысырылып
тасталынған еді. Бұған елдегі саяси ахуал тікелей әсер
етті. «ХХ ғасыр басында олардан қалған мұра 120 поэма
еді »,[12-241] - деп М.Әуезов айтқан
сол әдебиет қазіргі күнге дейін, өз деңгейінде танылып
болған жоқ. Қазақ әдебиетін зерттеуде, жете
зерттеліп, әрі толық, лайықты орындарын таба алмай жүрген
кітаби ақындар біршама. Олар: Ақылбек бин Сабал (Ақылбек
Сабалұлы Тұрабаев), Шәді Жәңгіров, М.Жұмашев,
Жүсіпбек Шайхисламов, Оразмолда, Баймұханбек Бейсенов, Мағаз
Батырғалиұлы, Кашафуддин
бин Шахмардан, Мақыш Қалтаев, Ғали Махмұдов, Нұржан
Наушабаев, Ақмолла, Есенмолла, Абубакир, Ахмет Оразбаев, Жанұзақ,
Тұрмағанбет Ізтілеуов т.б. аттары аталмаған яғни аттары
көпке мәшһүр емес осы ақындарды бір мақамға
салып, «ескішіл бағыттағы ақындар»
деп сипай өте шығып жүрдік»,- [12-290] дейді ғалым Ө.Күмісбаев. Бұлардың
ішінен Ш. Жәңгіров, Н. Нысанбайұлының шығармашылығына
арналған диссертация қорғалды. Майлықожа, Мәделіқожа,
Молда Мұса және Н.Нысанбайұлы, Ергөбек ақындар шығармашылықтарын
топтастыра сөз еткен еңбекте жарық көрді. Әбубәкір
Кердері, Ақмолла шығармашылықтарыда зерттелді. Қалғандары
- ақындар шоғырының ішінде аттары аталғаны болмаса,
тікелей зерттелмей, тың жатқан дүниелер.
Шығыстық
сюжетке құрылған қазақтың қисса –
хикаяттары қазақ әдебиетінің бір үлкен саласы болғандықтан,
оның тарихи ізінде ұлттық жазба әдебиетіміздің қазынасынан
іздегеніміз жөн.
Қазақ
арасына мол тараған шығыс әдебиетінен келген ғашықтық,
эпикалық, батырлық сипаттағы әңгіме, өлең,
поэма – дастандар «қисса» деген атпен басылып тарады. Қисса қазақ
әдебиетінде әсіресе, кітап бастыру жұмысының жандана
бастаған кезеңі ХІХ ғасырдың басынан бастап кең өріс
алды. Сөз жоқ, қиссалық әдебиет қазақ
әдебиетінің тақырыптық, сюжеттік арнасын кенейтіп, оны
шығыс әдебиетінің үлгілерімен молықтыру ісіне себін тигізді. [3,537]
ХІХ ғасыр әдебиетіндегі
түрлі әдеби үлгі әр қилы саяси, тарихи себептердің
негізінде, түрлі жағдайда туып дамыды. Әдеби процесс шекара,
шектеу дегенге көп бағына қоймады.
Қазақ
әдебиеті тарихын зертеушілер әлеуметтік бағыты, мазмұны,
идеялық көркемдік құндылығы жағынан қиссаларды
үшке жіктейді. Бірінші – негізінен дінді уағыздайтын, исламның
қағидаларын, діни ұғым- нанымдарды насихаттауға
бағытталған. «Сал – сал», «Зарқұм», «Сейтбаттал» сияқты
шығармалар. Екінші– көршілес елдермен басқа шығыс халықтарының
ежелгі аңыз әңгімелері,
халық романдары мен поэмалары және классикалық әдебиет
өкілдерінің дастандары «Шахмаран», «Сейфулмәлік», «Бозжігіт»,
«Абулхарис», «Шәкір-Шәкірат», араб елінің ертегісі «Мың
бір түн», үнді ертегісі «Тотынаме», шығыс жұлдыздары
Фердауси, Физули, Науаи, Низами дастан етіп жазған «Шах-наме», «Ләйлі
– Мәжнүн», «Таһир - Зуһра», «Фархат - Шырын»,
«Ескендір» секілді шығармалар. Үшінші – шығыс сюжетіне құрылған,
бірақ қазақ әдебиетіне сіңісті болып, қазақ
фолклорының дәстүрлерімен ұштасып төл шығарма
сипаттас болып кеткен «Мұңлық - Зарлық» сияқты шығармалар. [3,540]
Шығыстық әдебиет туындыларының қазақ
әдебиетіне назира әдісімен жайылған түрі молшылық.
Оларда ақын- жазушылар өздерінен бұрын жасаған ақын
шығармасының сюжетін негізге ала отырып, және ол шығарманы
өз заманына, өз ортасына лайықтап қайта жырлайды.
Шығыста
бір ақын жырлаған тақырыпты келесі буында тағы бір ақын
тағы бір әңгімелеу, тың дастандар шығару –
ертеден келе жатқан дәстүр. Бұл туралы академик –
жазушы М.О.Әуезов: «Олар біреуінің тақырыбын, біреуі алуды заңды
жол еткен. Тек алдынғының өлеңін алмай және көбінше
алдыңғы айтқан оқиғалардың негізінде
пайдалансада көп жерде еркімен өзгертіп отырып, тыңнан жырлап
шығаратын болады. Бұлайша бір тақырыптың әр ақында
қайталауын еш уақытта аударма деп танымау керек. Ол өзінше
бір қайта жырлау, тыңнан толғау, немесе ақындық
шабыт- шалым сынасып, жыр мен жарысу есепті бір салт еді.» [1,181]- дейді.
Қазақтың
ұлы ақыны Абай өзінен бұрынғы және сол дәуірдегі
халықтық бай әдеби мұраларын, сонымен бірге шығыс
елдерінен келген қисса- хикаяттарды немесе сол кезде шығып тұрған
газеттерде басылған шығармаларды жақсы білген, кей сәтте
өзінің творчествосында пайдаланып отырған. Мысалы: «Дала Уәлияты»
газетінің 1895 жылғы 3-санында басылған «Тәкәппар
әскер басы турасынан» деген әңгіменің сюжетін өзінің
«Ескендір» поэмасына өзек етіп, дамыта жырлаған.
Қорыта келе, айтарымыз – шығыс
қазақ әдеби байланысы мен Шығыс
тақырыбының қазақ әдебиетінде жырлануы жалпы қазақ
әдебиеті тарихында маңызды сипатқа ие. Шығыстық дәстүр
мен кітаби ақындар деп атаудан шошынудың қажеті жоқ.
Тек оның ұғымын дұрыс түсіндіру керек. Кітаби ақындар шығыс әдебиетінен
мол сусындап, жетік білген, оны қазақ ортасында қайта жаңғыртқан
туындыгерлер.
Әдебиеттер
1. М.Әуезов
ХХ томдық шығ.жинағы. ХVI -том. А,: Жазушы, 1985.-400б
2. Кенжебаев Б.Қазақ әдебиеті
тарихының мәселелері. А,: Ғылым, 1973.-105бет
3. Ахметов
З.,Бөжеев М. Қазақ әдебиетінің тарихы.А,: Ғылым,1960-61.
1-2том.-738б.-581б
4. Қоңыратбаев
Ә. Қазақ әдебиетінің тарихы. А,: Санат,1994.-311б
5. Дүйсенбаев
Ы. Қазақтың лиро-эпосы.А,: Ғылым,1973.-149б
6. Келімбетов Н. Шәді ақын А,: Жазушы,
1974.-95б
7. Ғашықтық
наме. А,: Жазушы, 1976,-461б
8. Ғашықтық
дастандар.А,: ғылым,1994,-440б
9. Батырлық
дастандар.А,: Ғылым, 1995.-371б
10. Дастандар.1-2том. А,: Жазушы, 1990.-300б-318б
11. Бердібай Р. «Гүлістанның
бұлбұлдары». А,: 1970ж
12. Күмісбаев Ө. Абай және шығыс.
А,: ҚазМҰУ,-341б
13. Қыраубаева А. Шығыстық-қисса
дастандар. А,: Рауан 1997
В статье рассматривается проблемы
казахские и восточные литературные связи. Истоки
человеческой цивилизации связаны с восточной литературой и культурой.
Доказательство этому богатое творческое
наследие известных поэтов Востока – Фирдоуси, Саади, Физули, Шамси, Навои,
Низами, оказавшее плодотворное влияние на литературы народов мира. Традиции
восточных мастеров слова коснулись и творений акынов-жырау.
The sources of
mankind civilization are known to be connected with oriental literature and
culture. The evidence of this fact is a rich creative heritage of
well-knownpoets of East – Firdousi, Saadi, Fizuli, Shamsi, Navai, Nizami who
made a favourable effect on he national literature. The traditions oriental
poets are relantd to the work of poet-zhyrau.