А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі

институтының ғылыми қызметкері

Б.Д.КАРБОЗОВА

bulakarb_83@mail.ru

МӘТІН ІШІНДЕГІ ЛЕКСИКАЛЫҚ ОМОНИМДЕРДІ ЗЕРТТЕУДЕ СТАТИСТИКАЛЫҚ ӘДІСТІҢ РӨЛІ

Қазақ тілін зерттеу барысында соңғы кезде заман талабына сай, қолданбалы лингвистиканың жаңа салалары пайда бола бастады. Тіл білімінде қолданыс табатын математикалық әдістер мен эллектронды есептеу машиналарының рөлі арта бастады. Осыларға байланысты тіл білімінде бірнеше жаңа зерттеу бағыттарына жол ашылды.

Адам мен компьютер арасындағы байланыс күннен күнге жанданып, жақсарып барады. Тіл біліміндегі теориялық және практикалық мәселелердің шешімін табуға байланысты компьютердің араласу жағдайларының бәрін бірдей компьютерлік лингвистика саласына жатқызуға болады.

Адам баласының ақпараттық ортада өмір сүретіні белгілі. Ал бұл ортада қабылдаушының жауапты ақпарат бойынша дұрыс шешімге келуіне жағдай жасайтын ақпараттық технологияның түрлері көп. Олар: автоматтандырылған ақпараттық жүйе, бұқаралық коммуникация құралдарына жататын телерадио байланыс жүйелері, компьютерлік (машиналық) аударма жүйесі, диалогтік жүйе және сұрақ-жауап, т.б. жүйелер. Мұндай жүйелердің саны мен сапасы күннен-күнге артуда. Ақпараттық қоғамдағы тілдік практика мен қазіргі кезеңдегі тілді зерттеу теориясының қолданылу аясы да өсіп келеді [1, 7б.].

Түркі тілдері ішінде қазақ тілінің қолданбалы тіл білімі саласы ілгері келеді деуге болады. Күнделікті тіршілікте «қолданбалы тіл білімі» ұғымы дәстүрлі мағынада кездесіп жүр. Дегенмен, қазақ тіл білімі мен компьютер арасындағы байланыстың дамуы әлі де болса кешеуілдеп дамуда.

«Қолданбалы тіл білімі» ұғымы дәстүрлі түсінік бойынша, тіл қызметі мәселелерінің практикалық әдістерін жасауды, яғни жазу мәселесін дамытуды, ауызекі сөйлеудің транскрипциялық жүйесін құруды, шетел сөздерінің транскрипция жүйесін жасауды, стенография тәсілдерін дамытуды, арнайы лингвистикалық сөздіктер шығаруды, тарихи ескерткіштердегі таңба-жазуларды айқындауды, ғылыми-техникалық терминологияны қалыптастыруды т.б. іс-шараларды қамтиды [2, 8б.].

Тілдік фактілерді сандық ұғымдарға жүгініп сипаттау – қазақ тіл білімін зерттеуші ғалымдарға да тән. Қолданбалы тіл білімінің “Статистикалық лингвистика” деп аталып жүрген жаңа саласы қазақ тіл білімін зерттеуде де дәстүрге айналды.

Статистикалық лингвистика, негізінен, математикалық статистика әдістемесіне сүйене отырып, «тілді» қатынас құралы ретіндегі белгілі бір жүйе деп қарастырудан туындайды. Ал тілдік жүйе математикалық статистика заңдылықтарына бағынуы үшін ондағы бірліктер тобы қайталанып отыратын және кездейсоқтық сипатта болатын тілдік элементтерден тұруы қажет. Егер тіл дыбыстары, сөздер, сөз тіркестері, сөйлемдер және одан да үлкен мәтін бөліктер қайталанбайтын сипатта болса, адамдар арасындағы тілдік қатынас бұзылып, ақпарат таратушы мен қабылдаушы арасында түсінбестік пайда болар еді [2, 24б.].

Қазіргі кезде филологиялық ғылымдар саласындағы статистикалық әдіс-тәсілдердің және оның қандай нақты есептерді шешудегі орны мен рөлін анықтау мәселесі алдыңғы қатарға қойылуда.

Қазақ тіліндегі мәтіндердің ішкі құрылымының заңдылықтарын тағайындай отыра, бұл зерттеу саласында тілдік бірліктердің мәтін ішіндегі формалды белгілерін айқындау мәселесі арнайы зерттеуді қажет етуде. Омонимдердің мәтіннің ішіндегі осындай формалды белгілерін айқындау үшін ең алдымен омонимдердің құрылымдық және статистикалық деректерін анықтап алған жөн.

Тіліміздегі омонимдерді зерттеп, олардың шығу, жасалу жолдарын айқындаудың тілдің даму тарихын білуде, лексикологияны зерттеуде үлкен мәні бар. Қай тілде болмасын зерттеуді қажет ететін күрделі мәселенің бірі омонимия мәселесі. Біз бұған дейінгі мақалаларымызда орыс тіл біліміндегі ғалымдардың омоним тұрғысында жазған еңбектерін атап көрсеткенбіз.  Әсіресе, орыстың үлкен лингвист ғалымдары мен филосовтары омонимия мәселесін жан-жақты қарастырып, оның мән-мағынасын, маңыздылығын  атап көрсеткен болатын.

Біз М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында кездескен (ішінара басқа дереккөздерден де алынды) лексикалық омонимдерді төмендегіше жіктеп көрсетуді жөн көрдік:

1) түбір негізді лексикалық омонимдер:

а) зат есім мен зат есімнен тұратын омонимдік қатарлар: БАЛ. 1. Ара шығаратын тәтті, сұйық шырын. Тiл көмейден бал берiскен, балбұл жанған жастық оттары, Тобықты жайлауларының қоңыр, бейуақ кештерiн, жай отындай сара тiлiп өтiп жатыр. 2. Абайға бал ашып берем деп: «Бақытыңды тауып, атап берем» – деп сусылдап, алақанын жаза сөйлеп жүр. БАЛДАҚ. 1. Аяғы кемтар адамға сүйеніп жүруі үшін жасалған арнаулы құрал. Сол дауыс жетер-жетпесте, лезде Қызылбалақ та Бекболдың балдаққа салып тұрған қолын серпе теуiп жiбе рiп атқып жөнелдi. 2. Асыл метелден жасалған, көзі жоқ сақина. Мөрлі балдақ бұдан кейін эгейліктерде, гректерде, этрускілерде, римдіктерде қолданылған («Қ.С.Э»). БҰРЫШ. 1. Үй қабырғаларының немесе заттың екі жағының үшкілдене түйіскен жері. Мақпал түйiлiп келгенде, ол оттық бойындағы бар беденi таптай барып, бұрыш жақтағы қозылардың алдына тұра қалып, құйыршығын шыбжыңдатып, арт жағы талтақтап, мықшыңдай бастады. 2. Тамаққа қосатын қызыл, қара түсті ащы өсімдік пен осы өсімдіктің ұнтағы. Ол әлгi Арқаның жемiс деп қызыл бұрышты жейтiн қазағы емес болу керек!- дедi;

ә) етістік пен етістіктен тұратын омонимдік қатарлар: ПІС. 1. Шикінің жеуге жарайтын қалыпқа келуі. Ол ас пісіреді, оның үлесін... бөліп біз істейміз. 2. Қымызды піспекпен араластыру. Баян құлқын сәріден бері дем алмастан үлкен күбідегі іпкітті пісіп тұр; УАТ. 1. Иландыру, көндіру. Артынан ұйықтады ма, болмаса ән уатты ма, қазір үн қатпайды. 2. Ұсақтау, бөлшектеу. Әзірше мыс шығатын тастарды балғамен уатып қимен, қараған, баялышпен өртетіп амалдай тұр (Ғ.Мүсірепов).

2) туынды негізді лексикалық омонимдер:

а) зат есім мен зат есімнен тұратын омонимдік қатарлар: БАЛЫҚШЫ. 1. Балық аулаушы адам. Бiразы жаңағы қайықшы Есбай, балықшы Ермек, жұмыскер Тоқбай сияқтылардың баласы. 2. зоол. Батпақты жерде жүретін сирағы ұзын, кішкентай жыртқыш құс. Балықшы тоғанда қолдан балық өсіруге зиян келтіреді («Қ.С.Э.»);

ә) етістік пен етістіктен тұратын омонимдік қатарлар: ЖАСА. 1. Өмір сүру. Қинай туған ой ғана ұзақ жасай алады (Ғ.Мүсірепов). 2. Бірдемені істеу. Оқ құятын қалыпты да ол қолдан жасады (С.Мұқанов);

б) етістік пен етістіктен тұратын омонимдік қатарлар: ҚЫСТА. 1. Қысқы қоныс ету. Қысы-жазы Ұлжандармен бірге көшіп жүретін, Жидебай, Барақты қыстайтын ауылдар. 2. Қыспаққа алу. Қайта-қайта қыстай бергеніңе режісе керек.

Омоним сөздер, тілдің сөздік құрамындағы басқа да сөздер сияқты, түрік тілдерінің түрлі сөздіктерінде беріле бастады.

Ең алдымен түркі тілдеріндегі омоним сөздер жүйелі түрде В.В.Радловтың «Опыт словаря тюркских наречий» деген төрт томдық еңбегінде берілген [3, 268б.].

Ең алдымен түркі тілдеріндегі омоним сөздер жүйелі түрде В.В.Радловтың «Опыт словаря тюрских наречий» атты төрт томдық еңбегінде беріледі. Сөздікте белгілі бір тілдегі омонимдер жеке берілмегенімен, жалпы түркі тілдеріндегі дыбысталуы бірдей, мағынасы басқа сөздер, яғни омонимдер берілген, мысалы: арық 1 – худощавый, тощий, слабый; арық 2 – арык, канал; ат 1 – имя, название; ат 2 – 1) легченный жеребец; 2) лошадь как единичное существо; ат 3 – 1) бросать, кидать; 2) стрелять

Қазақ тіл білімінде алғаш рет омонимия мәселесін арнайы зерттеу нысаны етіп алған ғалым К.Аханов екенін бұған дейінде айтып өткенбіз.  Ғалымның «Қазақ тіліндегі омонимдер» атты еңбегінде омонимдердің шығу тегі, жасалу жолдары жан-жақты терең зерттеледі. Ғалым бұл еңбегінде омонимдер мен көп мағыналы сөздердің ұқсастықтары мен айырмашылықтарына кеңінен тоқталады.

Біздің қазірге зерттегеніміз «Абай жолы» романындағы омонимдердің жалпы сандық көрсеткіші. Романдағы омонимдердің мағыналық және құрылымдық ерекшеліктеріне қарай жіктегенде қай топта қанша омоним сөздің қолданылғанын сандық тұрғыда бере аламыз. Сонымен қатар  омоним сөздер де, әдетте, сөйлем ішінде, белгілі бір контексте қолданылады. Мәтінде кездескен омонимдердің қай сөз табы екендігі қандай мағынаны білдіретіндігі сөйлемде анық байқалады. К.Ахановтың жіктемелеріне сүйене отырып құрастырған омонимдік топтарды, омонимдік қатарларды мәтіннен алынған мысалдармен бірге ала отырып, сандық деректерді көрсетсек деген ойдамыз. 

Лингвистикалық статистикада тілдік заңдылықтарды анықтау барысы тәжірибелік байқау мен сол байқаудың негізінде туындайтын нәтижелерді математикалық жолмен өңдеу арқылы іске асады. Сондықтан лингвостатистикалық зерттеулер жаратылыстану ғылымдарындағыдай табиғи және ғылыми тұрғыда жүргізіледі.

Қорыта келгенде, қазақ тіл біліміндегі омоним құбылысы – ежелден сөз болып келе жатқан бірегей де күрделі саланың бірі. Біз өз жұмысымызда, К.Ахановтың омонимдерге жасалған зерттеулерін негізге ала отырып, романдағы омонимдердің түрлерін ажыратып оларға сандық мәліметтер бермекпіз. Әрине, болашақта бұл күрделі мәселеге жанамалай көңіл аударып қана қоймай, оны тереңірек, қаныға отырып зерттесек деген ойдамыз.  

 

Ә Д Е Б И Е Т

1. Жұбанов А.Қ. Компьютерлік лингвистикаға кіріспе.Алматы, 2007.

2. Жұбанов А.Қ. Қолданбалы лингвистика: Формалды модельдер.                  Алматы, 2006.

3. Радлов В.В. Опыт словаря тюркских наречий, Санк-перербург. 1893 г.