ӘОЖ 82-1(0):14:297:001.95
ҚАЗАҚТЫҢ СОПЫЛЫҚ-ФИЛОСОФИЯЛЫҚ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ
ХИКМЕТ ДӘСТҮРІ
Айдынгүл Төлебаева
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің
PҺD докторанты
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
Әлем
халықтарының өткен мыңжылдықтар бойы
қалыптасқан дүниетаным кеңістігіндегі ақыл-ой
сананың адамгершілік-имандылық ұстанымы айрықша
басымдығымен ерекшеленеді. Адамзат ұрпақтарының көркемдік-эстетикалық
көзқарастары негізінде өркениеттегі материалдық
және рухани мәдениет салаларының жетістіктері жүзеге
асырылып келеді. Жер бетіндегі адамзат ұрпақтарына ортақ
ұстаным – олардың өздеріне дейінгі және өмір
сүріп тұрған кезеңіндегі, сонымен бірге
болашақтағы ұлттық және жалпыадамзаттық
гуманизм бағдарындағы дәстүрлік ұстанымдарды
жаңа көзқарастарымен сабақтастыра, байыта
бағалау. Бұл орайда, әлем өркениеті кеңістігінде
өткен ғасырларда пайда болған, қалыптаса дами келе
халықтардың материалдық және рухани
құндылықтарының адамзат игілігіне айналуында елеулі
ықпалды орын алған, ағартушылық-педагогикалық
маңыздылығы айқын айрықша ұстанымдарды даралап
айтамыз. Адамзат өркениетіндегі сопылық-философиялық
ұстаным дәстүрі және оның әлем
халықтары поэзиясындағы көріністері де осындай өзекті
сипатымен айқындалады.
Сопылық-философиялық
ағым дәстүрі – әлем өркениетінің
ғылыми-танымдық бағалаулары нысанында да өзіндік
анықтамаларымен бағаланып келген рухани
құндылықтар жүйесі:
1.
«...понятие суфизм намного шире обычных категорий. Нельзя
его рассматривать и как сектантский термин, противоположным понятием суннизм и
шиизм. Суфийский орден, ат-тарикат – это
и место для выражения личного благочестия, и социальная организация. ...Важным
аспектом деятельности суфиев была их роль в распространении ислам» [1,
с. 208].
2.
«Суфизм... течение в исламе. Возникло в 8-9 вв. Окончательно
оформилось в 10-12 вв. ...Оказал большое влияние на арабскую и особенно
персидскую поэзию» [2, с. 1294].
Сопылық-философиялық
көзқарас ұстанымының ислам ағартушылығы
аясындағы дамуы желісінде бұл ағымның барлық
құрлықтардағы адамзат ұрпақтарының
тек қана рухани тазалыққа, кемел ақыл-ойға
жетелейтін, тәрбиелейтін ұлағаты қалыптасты.
Қазіргі заманғы жаңа зерттеушілер еңбектерінде де:
«Сопылық. Тассаууф (арабша - тазалық) исламның қайнарынан
бастау алатын рухани құндылық, ислам дінінің
дүниетанымдық, ахлақтық-этикалық,
эзотериялық қырлары көрініс беретін, адамның
өзін-өзі тануы мен рухани адамгершіліктің кемелденуіне
мүмкіндік беретін ілім» [3, 30 б.] екендігі тұжырымдалды.
Осы аталған
зерттеулердегі тұжырымдар бойынша сопылық-философиялық
ағым ұстанымының негізі Жаратушы Алладан келген ұлы
кітап Құран Кәрим сүрелері аяттары, Мұхаммед пайғамбарымыздың
(с.ғ.с.) хадистері екендігі тұжырымдалған. Осы аталған
негіздегі сопылық философиясы ілімін қалыптастырып дамытқан
ислам ағартушы ойшылдарының (Абу ад-Дарда, Абу зар ал-Ғифари,
Хасан әл-Басир, Имам Ғазари, Баязид Бистами, т.б.)
көзқарастары өзіндік бағыттың ерекшелігін
дүниеге әкелді. Исламтанушы зерттеушілер (Д.Кенжетай,
Д.Қыдырәлі) сопылық философиясының осы
алғашқы кезеңдегі екі мектеп ұстанымдары бойынша
дамығандығын атап көрсеткен:
«Хасан
әл-Басирден басталған сопылық философиясы бірте-бірте
қалыптасып, екі негізгі салаға: маламийа, исбатийа мектебі болып
айрылды. Маламийа доктринасы (құрушысы Баязид Бистами (ө.ж.м.
874) жалпы алғанда дәстүрлі түркілік дүниетанымдық
негізде қалыптасып, дамыды. Маламийа – адам психологиясының
терең сырларын танып меңгеруге сүйенетін сопылық
дүниетанымның ұлы мұраты – парасаттылық (ах-лах)
философиясы болып табылады.
...Философиялық-сопылық
ағымның екіншісі – исбатийа, оның құрушысы Жунаид
ал-Бағдади (ө.ж.м. 909) болып табылады. Исбат – адамның
ғибадаты мен тағатында адамдық санасының
сақталуы, үнемі зікірде болу» [3, 30 б.].
Сопылық-философиялық
ағымның осылайша мұсылмандық Шығыста пайда болып
қалыптасуы ықпалының аясында әлем әдебиетіндегі
поэзиялық шығармалардың осы ағартушылық
ағымға негізделген көркемдік-эстетикалық болмысы
айқындалады. Шығыстың классикалық поэзиясындағы
көрнекті ақындардың сопылық-философиялық
сарындарындағы шығармалары әлемдік сөз өнер
жүйесіндегі сопылық әдебиет дәстүрін
тарихи-мәдени үдеріс желісінде қалыптастырды. Көрнекті
ұстаз-ғалым, профессор Әуелбек Қоңыратбаев
«Сопылық әдебиет» атты еңбегінде бұл
дәстүрдің тарихи-мәдени,
қоғамдық-әлеуметтік ықпалды сипатына бағалау
жасағанды:
«Сопылық
(суфизм) идеясының арқауы арғы жерде Платонның
философиялық ойларынан туындайды. Оның негізгі қағидасы
– шындық бұл өмірде емес, о дүниеде дейтін
утопиялық ой. Ол VII-VIII ғасырларда араб жерінде туған
діни-мистикалық нанымдардың бір тізбегі болса керек.
ХІІ ғасырда
Орта Азиядағы сопылық поэзияның орталығы Ясы
болған. Ишандар сопылық идея тұтынып, кейде діни, кейде
шаруалық қимылдарға дем беріп отырған. Сол үшін
шахтар сопылар мен ишандарға сенбеген. ХІ-ХІІ ғасырдарда
Бағдад жерінен қуылған сопылар өздерін
«Қырық шілтен» деп атаған.
Осы бір тарихи
кезеңде әдебиет әлемінде көрінген Қожа Ахмед Иасауи
мен Сүлеймен Бақырғани өздерінің
шығармаларын түркі тілінде жазған. Бұл өз
кезеңі үшін үлкен жаңалық болатын. Содан бастап
түркі тайпаларынан шыққан ақындар араб-парсы тілінде
өлең жазуды тоқтатқан.
ХІІІ-XIV
ғасырларда осы Иасауи мен Бақырғани тілі негізінде
шағатай тілі туады. Оның биік табысы Навои мен Бабур поэзиясы» [4,
84 б.].
Сопылық-философиялық
ағымның қалыптасуы мен дамуы жүйесін зерттеп
жүрген ғалымдардың еңбектеріне сүйене отырып,
қазақ және әлем халықтары поэзиясындағы сопылық
әдебиеттің өзіндік жүйесін саралап көрсетуге
болады:
1.
Алғашқы кезеңіндегі
ғалым-ақындар: Имам Ғазали (1111), Ибн-ул Жеузи (1200),
Шихабеддин Сухраверди (1191), Хаким Санаи (1130), Феридуддин Аттар (1141-1229),
Мұхиддин ибн Араби (1165-1241/42), т.б.
2.
Орта Азиядағы, Еділ, Сыр бойындағы, Кіші
Азиядағы Анадола жеріндегі сопылық-философиялық поэзия
өкілдері: Жүсіп Баласағұн (ХІІ ғ.), Қожа
Ахмед Иасауи (1093/1103-1166), Ахмед Иүгінеки (ХІІ-ХІІІ ғғ.),
Хакім Сүлеймен Бақырғани (ХІІ ғ. басы - 1186),
Қажы Бекташ әулие, Жүніс Әміре, Мәулана
Жалаладдин Руми, Ахмет Факих, Шеяд Хамза, Несими, Гүлшехри,
Қайғысыз Абдал, т.б.
3.
Алтын Орда, Қазақ хандығы, Монғолстан
мемлекеттері кезіндегі сопылық-философиялық поэзия өкілдері:
Сайф Сараи (1321-1396), Хорезми, Құтыб (ХIV ғ.), Әлішер
Навои, Мырза Бедил, Молда Жәми, Мұхаммед Хайдар Дулати, Сопы
Аллаяр, Сыпыра жырау, Асан Қайғы, т.б.
4.
XIX-XX ғасырлардағы
сопылық-философиялық поэзия ықпалындағы ақындар:
Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Майлықожа
Сұлтанқожаұлы, Шәді Жәңгірұлы,
Тұрмағамбет Ізтілеуұлы, Мұсабек (Молда Мұса)
Байзақұлы, Мәшһүр-Жүсіп
Көпейұлы, Мағжан Жұмабаев, Ғұмар
Қараш, т.б.
5.
ХХ ғ. 90-жылдары мен ХХІ ғ. басындағы
сопылық-философиялық дәстүр сарынын жалғастыра
жырлаған қазақ поэзиясның жаңа буын
өкілдері.
Осы
тарихнамалық жүйелеу бойынша сопылық-философиялық
поэзиясының қазақ сөз өнері тарихындағы
маңызды орнын айқындаймыз. Оның бастауында орта
ғасырлардағы жалпытүркілік поэзияда хикмет дәстүріндегі
философиялық шығарма үлгісін қалыптастырған
Қожа Ахмед Иасауи тағылымы басты назарға алынады. Ойшыл
ақынның хикмет дәстүріндегі философиялық жырлары
сөз арқауындағы Жаратушы Алланың құдіретін
ұлықтауға арналған мінажаттық арнаулардан
құралған. Мысалы,
1. «Құлһу аллаһу Субхан аллаһу»
құлшылық қылдым,
Бір және
Барым дидарыңды көрермін бе?!
Бастан-ақ
қасіретіңде күйіп-жандым,
Бір және
Барым дидарыңды көрермін бе?! [5, 31 б.].
2. Құл Қожа Ахмет,
нәпсіні тептім, нәпсіні тептім,
Одан кейін сүйгенімді іздеп
таптым.
Өлмес бұрын жан
бермектің дертін тарттым,
Бір және Барым
дидарыңды көрермін бе?! [5, 34 б.].
(7-хикметінен)
3. Алла тағала
ғашықтарды ынтықтырды,
Ризалықпен өртеніп
күйдім міне.
Екі ғалам көзімнен
бұлбұл ұшты,
Көрінбеді, Жалғыз
Хақты сүйдім міне [5, 42 б.].
(12-хикметінен)
4. Кел, достар, Алла атын дәйім
айтқын,
Алла көңіл кілтін
ашар, достар.
«Астағифиру уа
астиғфарды» тынбай айтқын,
Шайтан малғұн
тәннен шығып қашар, достар [5, 78 б.].
(39-хикметінен)
Сопылық-философиялық
поэзиядағы осы хикмет дәстүрі үлгісімен жырлаудың
үрдісін қалыптастырған Қожа Ахмет Иасауи
шығармашылығының қазақ сөз өнері
дамуының кейінгі үдерісіне жалғасуындағы
тарихи-поэтикалық ерекшеліктерді жүйелеген профессор С.
Дәуітұлының пікірін айрықша назарға аламыз:
«Сопылық
поэзиясының алған қойған мақсаты – бір
Алланың алтын дидарын көру жолындағы рухани
ғашықтық. Бұл – мұсылман баласы үшін
үлкен мұрат, алайда, азабы да, арқалар салмағы да ауыр
қиын мәселе. Мұндай абзал істі азаматтың азаматы
ғана алып жүрсе керек, дүниені дос тұтқан
сараң, көрсеқызар, екіжүзді еріншек жандар
ешқашан сопылық жолына түсіп сопылық құра
алмақ емес...» [6, 53б].
Әлем
өркениетіндегі аса ықпалды гуманистік ағартушылық
сипатымен әдебиеттің көркемдік-эстетикалық, поэтикалық
деңгейін дамытып келе жатқан сопылық-философиялық
поэзия, оның хикмет дәстүрі – тарихи әдеби үдеріс
жолымен жалғасып келеді. Әлем өркениеті кеңістігіндегі
ағартушылық, әдеби-философиялық ықпалымен адамзат
ұрпақтарының көркемдік-эстетикалық дүниетанымын
тереңдетуге, кемелдендіруге зор әсері, ықпалы мол бұл
өзекті саланы қазіргі уақыт талабы аясында
ғылыми-теориялық жаңа тұжырымдармен саралап
қарастыру арқылы сөз өнері мұраларының
қоғамдық әлеуметтік, танымдық қызметі
күшейе түседі.
Қорыта
айтқанда, Тәуелсіз Қазақстанның
әдебиеттануы ғылымының мақсаты бағдарында
қазақтың классикалық сопылық-философиялық
поэзиясындағы хикмет дәстүрін әдеби үдеріс
туындылары бойынша жаңаша қарастыру арқылы ұлттық
сөз өнерінің әлем өркениетімен сабақтас,
біртұтас көркемдік сымбатын анықтаймыз.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
1. Ньюби Г. Краткая энцикопедия ислама /Пер. с англ. – М. : ФАИР-Пресс, 2007.
– 384 с.
2. Советский энциклопедический словарь / Гл. ред. А. М. Прохоров. – 4-е изд. –
М.: Сов. энциклопедия, 1986. – 1600 с.
3. Қазақстан. Ұлттық энциклопедия / Бас ред.
Б.Аяған. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас
редакциясы, 2006. – 8-Т. – 704 б.
4. Қоңыратбаев Ә. Қ. Көп томдық
шығармалар жинағы. – Алматы : «МерСал» Баспа үйі, 2004. Т.
2:Түркітану және шығыстану мәселелері. – 2004, 518 б.
5. Иасауи Қожа Ахмет. Диуани хикмет (Ақыл кітабы). –
жинақтағы баспаға әзірлеп, қазақшаға
аударғандар: М.Жармұхамедұлы, С.Дәуітұлы,
М.Шафиғи. – Алматы: Мұраттас, 1993.-262 б
6. Дәуітұлы С. «Диуани хикмет» және қазақ
поэзиясы: Монография. - Алматы:
Экономика, 2001. – 351 б.
ТҮЙІНДЕМЕ
Мақалада
сопылық-философиялық поэзияның тарихи-мәдени негіздері
қарастырылған. Сопылық-философиялық ағымның
шығыс классикалық поэзиясына жасаған ықпалы да
көрсетілген. Сонымен бірге, жалпытүркілік контекстегі сопылық-философиялық
поэзияның қазақ сөз өнеріне жалғасуы
жүйеленген. Әдеби үдерістегі хикмет дәстүріндегі
жырлаудың қазақ поэзиясына жалғасуы да талданған.
РЕЗЮМЕ
В статье рассмотрены
историко-культурные основы суфийско-философской поэзии. Укзаны влияние суфииско-философского
течения на восточно-классической поэзии. Так же систематизированы
преемственность суфийско-философской поэзии на казахской словесности по
общетюркскому контексту. Анализирован преемственность воспеваний на
литературном процессе по традиции хикмета.
SUMMARY
The
article touches upon historical-cultural basis of sufi-philosophical poetry, its
influence to the oriental-classical poetry.
Also
systemized succession of sufi-philosophical poetry to the Kazakh folklore
according to the General Turkic context, analized
succession of hymn in the literary process according to the tradition of
khikmet.
Кілт сөздер: сопылық
философия, сопылық әдебиет, өркениет, хикмет, гуманизм.
Ключевые слова: суфийская философия,
суфийская литература, цивилизация, хикмет, гуманизм.
Key words: sufi-philosophy, sufi literature,
civilization, khikmet, humanism.