Мулькубаева Ш.Р., Асетова Г.Б.

Карагандинский государственный университет им.Е.А.Букетова, Казахстан

Халықты жұмыспен қамту мәселесін халықарылық құқықтық реттеу

Бүкіл әлемнің ең өткір проблемаларынан біріне айналып отырған жұмыссыздықпен күрес мәселесі әлемнің әр шалғайындағы саясаткерлерді, ғалымдарды, адамзаттың алдыңғы қатар­лы өкілдерін қатты толғандыруда. Қазіргі күні жаһандық проблемаға айналып отырған бұл дерт­пен ұйымдасып күресу мақсатында бірқа­тар халықаралық ұйымдар жұмыс істеп келеді. Солардың алдыңғы қатарында Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) бар. БҰҰ-ның осы салада­ғы маманданған мекемесі болып табылатын бұл ұйым 1919 жылы Версаль шарты негізінде құ­рылған болатын. 1946 жылдан бастап ол БҰҰ ая­сында ресми мәртебеге ие болды [1]. Халық­аралық еңбек ұйымы жұмыс уақытын регламенттеу, жұмыс күшін іріктеуді регламенттеу, жұмыссыздықпен күрес, өндірістегі қайғылы оқиғалармен, кәсіптік аурулармен күрес, еңбек қатынастарында балалардың, жасөспірімдердің және әйелдердің құқықтарын қорғау, кәсіптік-техникалық білімді ұйымдастыру секілді мәселелермен шұғылданады.

Міне, осы әлем бойынша еңбекпен қамту, жұмыссыздықпен күрес мәселелерімен шұғыл­данатын халықаралық ең беделді ұйым 2010 жылғы өзінің қорытынды есебінде аталған проб­леманың барған сайын белең ала түскен­дігін атап көрсеткен. ХЕҰ есебі бойынша 2010 жылы әлемде 250 миллион адам жұмыссыздықтың зарда­бын тарт­қан. Бұл көрсеткіш 2007 жылғы қорытындымен салыстырғанда жұмыссыз­дар қа­та­рының 27,6 миллион адамға арта түскен­дігін білдіреді.

ХЕҰ болжамы бойынша 2011 жылы жұ­мыссыздық жағдайы әлемдегі ең ауқымды проблемалардың бірі болып қала береді. Бұл жылы болжам бойынша 203,3 миллион адам жұмыссыз ретінде тіркеледі.

Сонымен қатар, халықаралық еңбек ұйы­мы 2007-2010 жылдар аралығында халықтың жұмыссыздық деңгейі әсіресе, дамыған елдерде өсе түскендігін мәлімдей келе, жұмыс­сыз­­дықпен күрес мәселесінде Бразилия, Қа­зақстан, Тайланд секілді елдер жақсы жетістіктерге жетіп келе жатқандығын атап көрсеткен.

Сөйтіп, қазіргі күндері бүкіл әлем бойынша алғанда Қазақстан өз ішіндегі жұмыссыздықты ауыздықтай алған санаулы елдердің арасынан бой көрсетіп отыр. Бұл әрине, үлкен жақсылық. Елбасының еліміздегі халықтың әлеуметтік проблемаларын белсенді түрде шешу, әлемді кернеген дағдарыспен күресу жөнінде Үкіметке берген тапсырмаларының сәтті орындала бастағандығының бір көрінісі [2].

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында, бірінші кезекте, адамның және бүкіл қоғамның еңбекке қатынасы мәселесіне назар аударады. Жалпыға Ортақ Еңбек адамның еңбекке жауапкершілігі артқан кезде ғана мүмкін болады. Қолға алынып отырған әлеуметтік жаңғырту еңбекті адам өміріндегі аса маңызды құндылық ретінде бағаланатындай жағдайда әкелуі тиіс. Қазір еңбекке, жаңа еңбек этикасына қатысты ерекше көзқарас қалыптастыру қажеттігі көкейкесті бола түсуде. 

Оның үстіне 2010 жылдың наурыз айында Қазақстанда «Жұмыспен қамту- 2020» бағ­дарламасы қабылданды. Бұл бағ­дар­ламаның негізгі мақсаты тұрақты және нә­тижелі жұмыс­пен қамту арқылы халық­тың тұрмыс деңгейі мен табысын арттыру бо­лып табылады.

Түрлі табиғи факторлар мен адамзат өрке­ние­тінің, соның ішінде өнеркәсіптің кенжелеп дамуына байланысты жер шарының халқы планета аумағында өте әркелкі орналасқан. Мәсе­лен, қазіргі күні Жер шары халқының 70 пайызы планетаның құрғақ бөлігінің 7 пайызында ғана өмір сүріп жатыр. Соның ішінде Шығыс жарты ша­рында әлем халқының 80 пайызы шоғыр­ланса, Солтүстік жарты шарда 0,9 пайызы ғана тұрады.

Жер шарында әрбір шаршы шақырымға орта есеппен алғанда 40 адамнан келеді. Алайда осы орта көрсеткіш әлемнің әртүрлі бөлігінде әртүрлі деңгейде, Халық тығыз орналасқан жерлерде әрбір шаршы шақырымға 2000 адамнан келсе, енді бір жерлерде бір адамнан да айналмайды. Мәселен, Батыс Еуропа мен Азияда 1 шаршы шақырымға 100 адамнан келсе, Солтүстік және Оңтүстік Америкада 20 адамнан, Австралия мен Океанияда 4 адамнан келеді. Бельгия, Нидерланды, Ұлыбритания, Израиль, Ливан, Бангладеш, Кореяда 1 шаршы шақы­рымда 200 адамнан тұрып жатса, Моңғолия, Ливия, Намибия, Гренландияда 2 адамнан тұрады.

Міне, Жер шарында халықтың әркелкі орналасуы табиғи ресурстардың тапшылығының үлкен себебі болып отыр. Осы мәселе қазіргі күні халықаралық еңбек миграциясы арқылы шешімін таба бастады.

Әлемдік тәжірибеде халықты еңбекпен қамту ісін басқарудың әртүрлі модельдері қолданы­лады. Мәселен, америкалық модель еңбекке қабілетті азаматтардың елеулі бөлігі үшін еңбек өнімділігі төмен, бірақ халықтың қалың бөлігін кеңінен қамтуға ұмтылатын жұмыс орындарын құрумен ерекшеленеді. Сарапшылардың пікірінше, мұндай жағдайда жұмыссыздар қатары азайғанымен, халықтың кедей бөлігінің жағдайы онша жақсара қоймайды. Ал скандинавиялық модель мемлекеттік секторда табысы орташа, ең­бек­ақысы қанағаттанарлық жағдайдағы жұ­мыс орындарын көптеп аша отырып, жұмыс күштерін солай қарай тартуға бейімделген. Бұл модель негізінен мемлекеттік қаржы қаражатына арқа сүйейді. Үшінші еуропалық модель еңбек өнімділігін арттыру арқылы халықты жұмыспен қамту мәселесіне орайластырылған. Мұндай жағдайда жұмысшылардың жалақылары біршама жоғары болады [3; 43]. Қазақстанның қазіргі қолға алған шаралары осы модельге келіңкірейді, бірақ өзіндік ерекшеліктері аз емес.

Біздің Қазақстанда жұмыспен қамтудың осы жаңа ағымдық құбылыстары алдын-ала ескеріліп отыр деп айта аламыз. Елбасымыз жастардың ортасында болған кезде «әр адам өз кәсібінің шыңына шығу үшін ол ең алдымен білімді болуы керек» деген сөзді жиі айтады. Осы қағида біздің мемлекетіміздің білім саласындағы саясатының басты өзегін құрайды. Мұны орта білім жүйесінің 12 жылдық оқытуға қарай бағытталып келе жатқандығынан, елімізде интеллектуалдық мектептер жүйесінің құрылуынан, «Болашақ» бағдар­лама­сының әзірленіп, ел жастарының шетелдің жоғары оқу орындарында мемлекет есебінен тегін оқытылуынан анық  байқауға болады.

Халықаралық еңбек ұйымының анықтауы бойынша, дәл сол сәтінде жұмысы жоқ, бірақ оны бел­сенді түрде іздестіріп жүрген, еңбек биржа­сын­да ресми тіркеуден өткен адам жұмыссыз деп есептеледі. Әрине, көптеген елдерде жұмысы жоқ адамдардың барлығы бірдей ресми тіркеуден өте бермейтіндігі белгілі. Мұны «жасырын жұмыс­сыздық» деп атайды. Мұндай елдер халықаралық еңбек ұйымының талаптарына толық жауап бере алмағандықтан, көп жағдайда оның қорытынды есептерінен тысқары қалып жатады.

Еңбек қатынастары саласындағы халықаралық сарапшылар жұмыссыздықтың өзін бірнеше түрге бөледі. Олар фрикциялық, құрылымдық, циклдік, маусымдық және ерікті жұмыссыздық деп аталады. Осылардың ішінде біздің елімізге қазіргі күні құрылымдық жұмыссыздық түрі тән болып отырғандығын айта кетпекпіз. Елімізде қабылданып отырған «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасында осы мәселе қатты ескерілген. Бағдарламаның негізгі мақсатының өзі жұмыссыз халықты қайта оқыту арқылы даярлық­тан өткізуді, оларды еңбек рыногында қалыптасып отырған жаңа жағдайларға бейімдеуді көздейді. Бағдарлама бойынша жұмыс іздеуші адам тиісті мемлекеттік органға хабарласқан жағдайда, ол жұмыссыз ретінде тіркеліп қана қоймай, сонымен қатар, мемлекетпен тиісті келісім-шарт жасасады. Осы шарттың негізінде ол адам мемлекет есебінен тегін оқытылатын болады. Оқудан өткеннен кейін оған жаңадан игерген мамандығы мен даярлығына сәйкес жұмыс қарастырылады. Мұндай жұмыс басқа жерлерден табылған жағдайда, мемлекет оның жаңа жерге келіп орналасуына, үй сатып алуына, жаңа ортада бейімделуіне қолайлы жағдай туғызатын болады.

Әлемде қазіргі күні 1 миллиард адам кедейлік құшағында.  Үстіміздегі мыңжылдықтың басында БҰҰ-ның ұйымдастыруымен өткен жаһандық мыңжыл­дық кездесуде аталған ұйым ұлттық мемлекеттер мен бизнестік құрылымдар алдына кедейлік дең­гейін төмендету талабын қойған болатын. Осы талап бойынша 2015 жылы әлем­дегі кедей адамдар саны 0,7 миллиард адамға дейін азайтылуы керек. Бірақ қазіргі оқиғалардың барысы бұл межеге қол жеткі­зудің оңай болмайтындығын көрсетіп отыр. Мәселен, әлемде­гі ең бай ел саналатын АҚШ-тың өзінде кедейлік шегіндегі адамдардың үлесі 13,2 пайыздан 14,3 пайызға дейін өсе түскен. 43,6 миллион адам кедей деп табылған. Бұл аталған елдегі соңғы 50 жыл ішіндегі рекордтық көрсеткіш болып отыр.

Біздің Қазақстан ТМД елдерінің арасында кедейлік пен күресті алғашқы болып бастап, оның деңгейін ашық түрде айқындаған ел болып табылады. «Ауруын жасырған арам өледі» деген сөз бар. Кейіннен Қазақстанға осындай батыл қадамға баруының көп пайдасы тиді. Сол кезде елімізде халықтың 40 пайызға жуығы кедей деп табылып, оларға мемлекет тарапынан атаулы әлеуметтік көмек көрсету ісі жүйелі жолға қойылды. Соның нәтижесінде қазіргі күні еліміздегі кедейлік деңгейі санаулы жылдардың ішінде бірнеше рет қысқарды. Енді халықты жұмыспен қамтудың жаңа бағдарламасының іске қосылатын­дығына сәйкес Қазақстандағы кедейшілік одан әрі төмендей түсетіндігіне сенім мол. Қазірдің өзінде Қазақстан ТМД-дағы ең кедейі аз ел болып табылады. Алдағы уақытта оның ауқымы тіптен де тарыла түсетін болады.

Елімізде қазіргі күні халықты табысы жақсы тұрақты жұмыс орнымен қамту ісі жан-жақты бағыт бойынша өріс алып келе жатыр деп айта аламыз.

Соның үлкен көздерінің бірі – 2011-2014 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы. Осы бағдарламаның негізінде өткен жылы елімізде 152 жаңа жоба іске қосылды. Биылғы жылы тағы да осындай 192 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Осылардың негізінде жаңадан сан мыңдаған жұмыс орындары ашыла­тын болады. Жұмыссыз халықтың біраз бөлігі осы жаңа жұмыс орындарына қарай бағытталатын болады. Ал оларды бағыттау тетіктері «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасында нақты айқын­далған. Бағдарламадағы шараларды жүзеге асыру негізгі үш бағыт бойынша жүргізіледі.

Қорыта келгенде,  Қа­зақ­стан әлемді шарлаған дағдарыс салдарын еңсеру бағытында жүргізген түрлі мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық шаралардың нәтиже­сінде бұл қиындықтан едәуір серпіліспен шық­ты. Осы қиын кезеңнің өзінде халықтың жұмыспен қамтылуын төмен­детпей, қайта оның деңгейін жақсарта түсті. Қазақстанның бірегей бұл батыл қадамы Халықаралық еңбек ұйымының назарына ілігіп, оның жақсы бағасына ие болды. Ал енді 2010 жылдың 1 шілдесінен бастап, халықты жұмыспен қам­тудың жаңа страте­гиясын белгілеген «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының іске қосылатындығы еліміздегі жұмыссыздықты еңсеріп, халықтың әл-ауқатын одан әрі жақсарту бағытында жаңа бір қадам, нәтижелі бастама болып табылатындығы анық.

 

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

 

1.     Конвенция Международной Организации Труда N 122 о политике в области занятости (Женева, 17 июня 1964 г.), ратифицирована Закон РК от 9.11.98 г., ратификационная грамота зарегистрирована МОТ 06.12.1999 (Source: ILOLEX - 29. 3. 2004).

2.     Хамзин, А.          Значение системности в организации труда/ Хамзин, А. //Заң және заман =Закон и время. - 2004. - N10. - С.45-48

3.     Чумаченко, Ю.   Актуальные вопросы трудового законодательства/ Ю. //Юрист. - 2004. - №3. - С.43-45