СТУДЕНТ ЖАСТАРДЫҢ  РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

Каирова Бекбаян Кусаиновна-аға оқытшы,

Молдашева Тогжан Болатовна – студент.

 

Қай  заманда болмасын, сол қоғамға сай азаматты тәрбиелеудің бірден-бір жолы рухани-адамгершілік құндылықтарымен тығыз байланысты болған. Құндылық бағдар жүйесі өздігінен кез келген қоғамның ішкі құрылысын ұйымдастырады және маңызды әлеуметтік жағдайды реттеуде ең маңызды екi сапаға ие: біріншісі тұрақтылық, екіншісі  құбылмалылық. Құндылық бағдардың ауысплы,  құбыламлы болуы сол қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық дағдарысты немесе қарқынды шапшаң дамуды байқатады деген белгілі француз әлеуметтенушысы  Э.Дюркгейм [1]. Қоғамдағы әрбір дағдарыс кейбір құндылықтар мен нормаларды құлдырауға әкелсе, енді біреулері бірінші орынға көтеріліп, жаңа бір әлеуметтік маңызға, жаңа  дүниетанымның пайда болуына себепші болады. Құндылық бағдардың астарында мән, мағына, идеал, талап, тілек, қажеттіліктер мен мотивтер  сияқты адамның әлеуметтік-психологиялық ерекшеліктері жатады.

Психологиялық сөздікте: «құндылық» түсінігі қоғам үшін әлеуметтік-тарихи маңызы бар, «жеке тұлға» өмірінің болмысын анықтайтын құбылыс деп анықтама берілген [2].      

Тұлғаның құндылық бағдар жүйесі   оның жеке басының маңызды мінездемелерінің бірі және оның жеке тұлғасының қалыптасуының негізгі критериясы болып табылады. Тұлғаның құндылық бағдарының даму дәрежесі тұлғаның дамуының деңгейін, оның тұтастығы мен тұрақтылығы жайында ой қорытындылауға мүмкіндік береді.

   Құндылық бағдар жүйесі адамның  барлық өмір барысында тәрбие мен әлеуметтену процесінде қалыптасады. Тұлғаның құндылық бағдар жүйесінен қандай да бір әрекеттерді орындауға қажет саналы негіздеме болып саналатын іс-әрекет мотивациясы шығады. Әрбір адам белгілі бір қоғамда өмір сүре отырып, өзінің рухани, материалды, әлеуметтік, физикалық қажеттіліктерін қанағаттандыруға тырысады [3].

Құндылық бағдар әрқашанда ғалымдарды толғандырған мәселе және қоғам дамуының түрлі кезеңдерінде философтар, социологтар, психологтар мен педагогтар бұл мәселеге оралып отырған. Мейірімділік пен зұлымдық, адалдық пен екіжүзділік, жақсы мен жаман жайлы алғашқы ой-пікірлер ежелгі философтар Теофраст, Платон, Сократ, Аристотель еңбектерінде айтылған. Кейін бұл мәселе жайында  Р. Декарт, Ж.Ж. Руссо, А.К. Гельвеций,  Дж. Вико,  Г.Гегель, И.Кант, Э.Дюркгейм, т.б. ой қозғаған. Кеңес үкіметі кезінде тұлғаның құндылық бағдары проблемаларын зерттеуде С.Л.Рубинштейн, А.Н.Леонтьев, Г.М.Андреева, В.Г. Алексеева, Е.С. Кузьмин, Б.Г. Ананьев, Г.П. Предвечный, Ю.Л.Шерковин, М.Рокич, М.М.Бобнева,  Е.В.Андриенко сияқты атақты психологтар айтарлықтай үлес қосты.

Ел ұлағатты ұрпағымен күшті мемлекет болмақ  демекші, еліміздің ертеңі жастардың бойына сіңірген құндылықтарымен тығыз  байланысты. Отан сүйгіштік, еңбеккорлық, жауапкершілік, мәдениеттілік пен инабаттылық қашанда жеке тұлғаның бетке ұстар адами қасиеттері болып табылады. Осы құндылықтарды күнделікті ұстанған адам өзінің жарасымды қылықтарымен қоршаған ортасында беделге ие болып, көздеген мақсатына жете алады.

Қазіргі кезеңде жоғарғы оқу орнында білім берудің жаңашылдық бағытына сай, студенттердің құнлылық бағдарын тереңдетіп, шығармашылық дербестігін қалыптастыру - кәсіптік білім берудің басты мақсаты. Өйткені қай елдің болмасын өсіп өркендеуі, әлемдік ортада алдыңғы шептен орын алуы оның ұлттық білім беру жүйесінің жаңа сипаты – жаңа оқыту технологияларын,   оқу  ақпараттарын ұтымды қолдану, шығармашылық оқыту түрлерін кеңінен пайдаланумен тығыз байланысты.

Біздің мақаламыздың мақсаты студент жастардың құндылық бағдарының ерекшеліктерін анықтау. Өйткені студент жастар қоғамдағы жаңашыл идеяны қуаттап,   қоғамдағы рухани-мәдени құндылықтарды дамытуда ерекше орын алады. Борис Герасимович Ананьевтің ойынша, студенттік кезеңде жастардың құндылықтар жүйесі мен қатар мотивтік өрісінде кеңінен жаңаша өзгерістер пайда болады. Осы өзгерістер көптеген арнайы әлеуметтік қабілеттіліктердің пайда болуына себеп болады, мысалы,  өмірдің мән-мағынасын іздеу, болашаққа жоспар құру,  таңдаған мамандыққа  байланысты терең білім алу, өзінің рухани-адамгершілік құндылықтар шеңберінде дүниетанымын  кеңейту т.б. оларды  жай   ойландырып  қана қоймай, белсенді әрекетке итермелейді [4]. 

Зерттеу жұмысымызға Қостанай   мемлекеттік педагогикалық институтында  оқитын  20 күндізгі (бақылау топ), 20 сырттай (тәжірибе тобы)  бөлімде оқитын студенттері  қатысты. Зерттеу жұмысының тақырыбына, мақсат, міндеттеріне сәйкес А. Любимовтың «Аяқталмаған сөйлем», В.С. Аванесовтың «Көркемдік – эстетикалық қажеттіліктерді анықтау» және М.Рокичтің «Құндылық бағдар» әдістемелері қолданылды.  Әдістемелерден алынған нәтижелер төмендегідей қортынды жасауға мүмкіндік берді.

А. Любимовтың «Аяқталмаған сөйлем» әдістемесі студент жастардың «рухани  құндылықтар», «эстетикалық талғам», «интеллектуалдық даму», «өзін-өзі сыйлау», «өзгелерді сыйлау» құндылықтарын анықтайды. Эмпирикалық нәтижелер күндізгі бөлімде оқитын студенттердің барлық  шкалалар бойынша сырттай оқитын студенттердің нәтижелерінен әлде қайда жоғары екенін анықтады. 

Олай болса, күндізгі бөлімде оқу студенттердің тек білім деңгейіне ғана емес, сонымен қатар олардың рухани-адамгершілік құндылықтар жүйесі тереңдейді,  өздерін сыйлайды және өзгелерді құрметтеп, өзін қоршаған адамдармен мәдениетті қарым қатынас құруға  ықпал етеді.

Келесі қолданған  В.С. Аванесовтың «Көркемдік – эстетикалық қажеттіліктерді анықтау» әдістемесінің нәтижелері де  күндізгі бөлімде оқитын студенттердің жанжақты көзқарасын, музыкаға, архитектураға, көркем әдебиеттер мен атақты адамдардың өмір тарихымен танысқанды ұнатады, жолдастарымен бос уақытта музыка тыңдап, көрген фильмдер жайлы әңгімелесу арқылы рухани-мәдени құндылықтарын дамытып отырады екен. Ал тәжірибе тобындағы сырттай оқитын студенттер жұмыс жағдайымен жүріп, жүйелі түрде рухани-мәдени дамуға уақыттары жетіспейді.

Зерттелушілердің құндылықтар бағдарын анықтауда М.Рокичтің «Тұлғаның құндылықтар бағдары» әдістемесі қолданылды. Оның нәтижелері күндізгі және сырттай оқитын студенттердің «таным», «белсенді өмір», «табиғат сұлулығы» құндылықтары бойынша статистикалық айырмашылық анықталды. 

«Материалдық байлық», «махаббат», «сауық сайран», «сенімді достар», «бақытты отбасы» құндылықтары бойынша статистикалық айырмашылық байқалмады. Өйткені бұл құндылықтар екі топтағы студенттер үшін өзекті, сондықтан екі топтың да қалаулары сәйкес келді, ал күндіз оқитын студенттердің танымдық, эстетикалық іс-әрекеттерге үлкен белсенділік танытатынын  байқадық.  

Сонымен, күндіз және сырттай оқитын студент жастардың рухани құндылық бағдар жүйесінде олардың оқу формасына қарай айырмашылығын анықтадық. Жоғары оқу орындарында студенттердің құндылық бағдарының тереңдеуіне жүйелі жүретін оқу тәрбие жұмыстарымен қатар, сабақтан тыс ұйымдастырылатын танымдық үйірмелер, студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстары бойынша конференцияар, пәндік олимпиадалар, диспуттар т.б. тиімді ықпал етеді.

Қолданылған әдебиеттер:

1.   Социология. Её предмет, метод, предназначение // Пер. с фр., составление,

    послесловие и примечания А. Б. Гофмана. — М.: Канон, 1995. — 352 с.

2.    Психологический словарь //Под общ. ред. А.В. Петровского, М. Г.

   Ярошевского. — 2-е изд., испр. и доп. — М.: Политиздат, — 494 с.

3. Радугин, А. А. Социальная психология [Текст] : учебное пособие для высших

    учебных заведений //А. А. Радугин, О. А. Радугина. - М. : Библионика, 2006.

4. Человек как предмет познания. Санкт-Петербург, 2001.- 288с.