Психология/Педагогическая психология
Психология магистрі, аға оқытушы
Қуаналиева М.А.
Абай атындағы Қазақ ұлттық
педагогикалық университеті,
Қазақстан Республикасы, Алматы қ.
ТҰЛҒАНЫҢ
КИКІЛЖІНДІ ЖАҒДАЯТТАРДЫ
ШЕШУДІҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ-ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ТӘСІЛДЕРІ
Қазіргі заманда кез-келген әлеуметтік ұйымда шиеленісті
жағдайлар болып тұрады. Осындай жағымсыз жағдайларды
дер уақытында тиімді шешу тұлғаның кемелдігіне
және жекедара қасиеттеріне байланысты.
Жетілген тұлғаны
психологияда өзін-өзі танытатын тұлға деп атайды.
Алғаш рет осындай тұлғаларды әйгілі американдық
гуманнистік психолог А. Маслоу зерттеген болатын. Ол
психологиялық денсаулық мәселелерін зерттеу мақсатында
өзін-өзі үнемі жетілдіретін, еркін және
шығармашыл тұлғаның ерекшеліктерін
анықтаған [1].
Біздің
зерттеуде алған мақсатымыз өзінің дарындылығы мен
қабілеттерін, өзінің тұлғалық
әлеуметтерін толық қолдана алатын, өздерін толық
қалыптастара алатын, өз күші келер істі атқара алатын
тұлғаларды табу. Себебі осындай адамдарға өз
уақытында көңіл бөлу және анықтау
қазіргі кездегі қоғам үшін маңызды болады деп
санаймыз.
Біз
мақаламызда қарастырып отырған мәселе – ол
өзін-өзі танытатын тұлға және оның
кикілжінді жағдаяттарды шешу тәсілдері.
Эксперименттік
зерттеуімізде біз зерттеу объектісі ретінде студенттер мен оқытушылар
топтарын алдық. Осы екі санаттағы зерттелушілердің
өзін-өзі таныту деңгейлері мен кикілжіңді
жағдайларды шешу стратегиялары арасындағы байланысты эксперименттік
зерттеу нәтижесінде анықтауға тырыстық.
Зерттелушілердің саны: 50 оқытушы мен 400 студент.
Зерттелушілерді
осылай таңдау себебіміз, өзін-өзі кемелдендірудің
ересек субъектілер көрсеткен формасы қазіргі қоғамда
жаңадан ересек өмірге қадам басқан жас адамдар арасында
болуы мүмкін деп есептеуімізде.
Ал
оқытушылар санатын зерттеуге алған себебіміз, бұл топтағы
мамандар кәсіби талаптарға сәйкес, өздері жетерліктей
биікке жеткен тұлғалар болуы шарт. Өйткені шәкірт
тәрбиелейтін ұстаздың тұлғалық
қасиеттері жетілген, кәсіби қабілеттері өте ерекше дамыған
болуы қажет.
Өзін-өзі
танытатын тұлғалар қауіпсіздікке, махаббатқа,
сыпайылыққа және өзін-өзі сыйлауға деген
базалық қажеттіліктерін өтеумен қатар, білім алуға
және басқа адамдарды жақсы түсінуге деген когнитивті
қажеттіліктерін де қанағаттандыруға ұмтылады. Осы
арқылы бұл субъектілер кез-келген жағдаяттарда, соның
ішінде кикілжің жағдайларда өздерін бір қалыпты,
сенімді ұстап, қоршаған адамдарға махаббат пен
сыйластық сезімін танытады. Сонымен қатар, олардың
өздерінің құндылықтар жүйесін
қамтитын философиялық және діни ұстанымдары да болуы
мүмкін. Бұл әсіресе, Қазақстан жастарын заманауи талаптарына
сай барлық рухани қажеттілктерін үнемі жетілдіру үшін
аса қажет. Мысалы, олар танымдық, шығармашылық,
рухани-адамгершілік құңдылықтарын
басшылыққа ала отырып, өзін-өзі жүзеге асырып
отыруы шарт.
Біздің
кешенді зертеуімізден анықталғаны әр түрлі
қоғам саласында іс-әрекет атқаратын
тұлғалар өз мамандықтарына сай қасиеттерді
өзіндік дамытуға, жетілдіруге, өзін-өзі көрсетуге,
осылайша өз кәсіби ортасында өзін-өзі анықтауға
тырысады. Мысалы, өзіндік кемелденетін ғалымдар әдетте,
зияткерлік іс-әрекетпен айналысатындықтан, олар үшін
маңыздысы - интеллектуалдық күшті жетілдіру.
Психоанализ
бойынша, шығармашыл тұлғалар ішкі тұлғалық
кикілжіңді әлеуметтік құпталған тәсілдер
арқылы сыртқа шығарып, сублимациялауға тырысады.
Конструктивтік психология бойынша, жетілген тұлғалар кез-келген жағымсыз
әлеуметтік жағдаяттарды коструктивті, ересектік түрде саналы шешуге
тырысады.
Әдетте,
өзін-өзі танытатын тұлғалар кикiлжiң
жағдайдан дұрыс жол табуға тырысады. Әрi бұл жол
таба алу терең рефлексияны, жан-жақты білімділік пен
руханилықты қажет етеді. Әрбiр адам өмiрiнде
карым-қатынас едәуір орын алады, сондықтан да кикiлжiң
жағдайлар болары сөзсiз. Олай болса, кикiлжiңдi өмiрлiк
тәжірибенің өзi, өзiн-өзi тәрбиелеудің,
өзiн-өзi анықтаудың және өзін-өзі
танудың, өзін-өзі жетілдірудің, өзін-өзі
реттеудің қайнар көзі деп қолдану керек. Өзін-өзі
танытатын тұлғалар мұндай ұқсас кикілжіңді
жағдаяттардың пайда болуына жол бермей, алдын-ала болжай алады, мұндай кикілжіңдерді шеше білу
тәжірибесі болашақта дұрыс шешімге шешiмге келуге алдын-ала
бағдар беріп, келесi кикiлжiңдi болдырмауға үйретедi.
Кикiлжiңнiң
әлеуметтiк-психологиялық мәнін қарастыратын
болсақ, шындығында, кикiлжiң бұл –
карама-қайшылық, бiрақ барлық қарама-қайшылық
кикiлжiң бола бермейді. Бізбен жүргізілген
әлеуметтiк-психологиялық зерттеу барысында бұның
бiрнеше себептерi анықталған.
Әлеуметтік-педагогикалық
үрдіс – тұлғаны
әлеуметтендіру бойынша мақсатқа бағытталған
іс-әрекет.Оған білім беру мен оқытудың, тәрбиенің
барлық аспектілері қамтылады. Әлеуметтік-педагогикалық
үрдістің негізгі мақсаты – тұлғаны нақты
әлеуметтік мәдени сапаларымен тәрбиелеу (білім беру,
оқыту) болып табылады. Әсіресе, жоғары білім беру
жүйесінде оқыту үрдісінің негізгі субъектісі болып табылатын
студенттердің дербестік қасиеттерін қалыптастыру
қазіргі кредиттік оқыту кезеңінде маңызды рөл
атқарады. Осыған орай, жоғары білім беру жүйесінде
кикілжіңді негізгі үш топқа бөлуге болады (өзара
әрекеттің үш деңгейі): кикілжің типтері:
«оқытушы - оқытушы», «студент - оқытушы», «студент - студент»
«Оқытушы
- оқытушы» кикілжің типі негізінен профессорлық
-оқытушылық ұжымның әлеуметтік-кәсіби
иерархиясымен және жеке даралық психологиялық
ерекшеліктерімен байланысты
Біздің
зерттеуіміздің нәтижесі бойынша төмендегідей мәліметтер
алынды. Жоғары оқу орны ұжымындағы
оқытушылардың сұрақтарға жауап беруіне
қарай, кикілжіңдерінің пайда болуының негізгі себептері
төмендегідей болып анықталды:
· Құңдылықтық
бағыт-бағдарлардың өзіндік ерекшеліктерімен (20 %);
· Кәсіби деңгей
ерекшеліктерімен (25 %);
· Қарым-қатынаста бір-бірімен
шыдамсыздық, әдепсіздік танытуы (12%);
· Кәсіби ұжым ішіндегі
оқытушылардың өзара келісе алмаушылығы (15 %).
· Тұлғалық
өзін-өзі таныту деңгейімен – (45 %).
Томас-Килменнің «Шиеленісті жағдаяттарды шешу
стратегиясы» әдістемесін қолдану барысында анықталған
нәтижелерді талдайық.
Жүргізілген
зерттеу мәліметтерінің нәтижелері көрсеткендей, әсіресе
педагогтардың ұжымында оқытушылардың 70 % пайызы дерлік
өзінің әріптестерінің білікті маман емес деп
қабылдап, қарым-қатынаста өзара бәсекестілікке
түседі, осындайдан туындайтын шиеленісті жағдайлар, әсіресе,
өзін-өзі адекватты емес жоғары бағалайтын
тұлғаларда кездеседі.
Қазіргі
бәсекелестік заманда тұлғалар өзін-өзі
жетілдіріп, шиеленісті жағдаятарда бірлесіп әрекет ету
стратегиясынан гөрі, жеке мүдделерін қорғап, өзімшілдік
таңытып, көбінесе бәсекелестік стратегиясын таңдайды.
Мұның өзі қазіргі заманда белең алған,
жаппай бәсекелестіктен адамдар біртіндеп гуманистік, адамгершілік қасиеттерінен
айырылып бара жатқандығын байқатады.
Енді келесі «Оқытушы - студент» қатынас
жүйесін қарастыратын болсақ, бұл қатынастар
тұтас әлеуметтік-педагогикалық үрдістің
маңызды субъектілері арасындағы өзара әрекет
аумағын көрсетеді. С.М. Жақыповтың бірлескен
диалогтық іс-әрекет теориясы бойынша жоғары білім беру
жүйесіндегі танымдық іс-әрекет құрылымында маңызды
оқу ақпараттары, білімдер
мен тұлғалық
қасиеттердің,
құңдылықтық-мағыналардың ауысуы
жүретін бірден бір жүйе - осы білім алушы мен оқытушы арасындағы
өзара қатынас [2]. Осы ретте оқытушының оқу
орнында алатын шиеленісті жағдайларды шешу стилі мен тәсілдері
студенттердің сәйкес мінез-құлық стратегиясы мен
бағыт-бағдарларын қалыптастырады.
Зерттеуден
алынған мәлеметтерді сараптай келе, студент пен
оқытушылардың өзара қарым-қатынасына тән
кикілжіңнің себептері төмендегідей болып келеді:
· құңдылықтық
бағыт-бағдарлардың сәйкес келмеуі;
· қарым-қатынас әдебінің
жеткіліксіздігі;
· бір-бірінен күтулердегі
келіспеушіліктер;
· оқытушылардың
кәсіби деңгейі мен студенттердің оқу
үлгерімінің деңгейі арасындағы айырмашылықтар;
· тұлғалық
өзін-өзі таныту деңгейімен - (45 %);
· студенттердің
өз-өзі таныту деңгейі мен оқытушылардың
өзіндік бағалау ерекшеліктері арасындағы байланыстар.
Мысалы,
қазіргі кезде көп жағдайда кездесетін жағымсыз
жәйттардың бірі - әсіресе, ескі дәстүрлі
әдіспен жұмыс істейтін оқытушылардың кейбір белсенділік
танытатын студенттерге жағымсыз түрде қарап, бағаларын
керісінше төмендетуі орын алып, студент паен оқытушы арасында
кикілжіңді жағдайлардың пайда болуына әкеледі.
Мұның өзі оқытушылардың кәсіби
өзін-өзі жетілдіруіне, кемелденуіне керағар үрдіс болып
табылады. Оқытушылар мен студенттердің өзара бір-бірінен
күткен үміттері құңдылықтық
бағыт-бағдарынан бастап, студенттердің алатын сапалы білімі
мен оларды меңгерудің тиімділігі және
оқытушылардың кәсіби құзырлылық
мәселелерін толығымен қамтиды. Сондықтан да,
«студент-оқытушы» тарапынан туындайтын кикілжіңдері көбінесе
оқытушылардың кәсіби деңгейінің
төмендігінен деп есептейді. Сауалнамадағы студенттердің 33 %
пайызы осындай көзқарастарды қолдаған. Сонымен
қатар, «студент пен оқушы арасындағы шиеленісті
жағдайларды тиімді шешу тұлғаның толеранттылық
қасиеттерімен байланысты екендігі анықталды.
Студент пен
студенттердің қарым-қатынасының түрлері
көбінесе өзара әрекет етуші субъектілердің этномәдени,
әлеуметтік, рухани-адамгершілік және тұлғалық жекедара психологиялық
ерекшеліктерімен, сонымен қатар, жоғары оқу орнында
қалыптасқан дәстүрлермен, студенттік топтың
жетілу деңгейімен, қарым-қатынас нормасы мен ережелерінің
қалыптасу жағдайларымен де тығыз байланысты.
Өз
кезегінде, оқу үрдісінің тиімділігінің төмендігі
және оқытушылардың қарым-қатынасындағы
кикілжіңдер төмендегідей себептермен түсіндіріледі:
·
сабаққа ғана қатысу, жалқаулық,
оқығысы келмеу (жауап беруші оқытушылардың үштен
бір бөлігі осы көзқарасты қолдайды);
·
базалық білімдернің аздығы, студенттерде өзбетінше
ойлау жүйесінің болмауы, саяси-мәдени жалпы білім
деңгейінің төмендігі (жауап берушілердің 13 %);
·
болашақ мамандығына және оқуға деген қызығушылығының
болмауы (69 %);
·
болашақ перспективасын болжай алмау, өзін-өзі
анықтаудың төмендігі (30 %).
«Студент -
студент» типіндегі кикілжіңнің пайда болуы, студенттердің
өздерінің бағалаулары бойынша төмендегідей негізін
қамтиды:
· өзіндік
бағалаудың тұрақсыздығы (26 %);
· құңдылықтық
бағыт-бағдардағы ерекшеліктер ( 24 %);
· қарым –
қатынасқа түсу қиыншылықтары,
басқалардың жетістігіне қызғанышпен қарау ( 16
%).
Соңғы
кездері оқытушылар мен студенттер арасында ішкі
тұлғааралық кикілжіңдер белең алып келеді. Ішкі
тұлғааралық кикілжің пайда болуы педагогикалық
үрдісте жағымсыз әсерін тигізері анық. Өзін-өзі
танытатын тұлғалар әлеуметтік ортада кездесетін
шиеленістерден қашпай, олардың шешімін кейінге қалдырмай,
бірлесіп дұрыс шешім қабылдауды жөн санайды.
Осыған
орай, поляк психологы Е.Мелибруданың «Қарым-қатынасты
жақсартудың психологиялық мүмкіндіктері» кітабындағы
кикілжіңді жағдайдағы адам әрекетінің
конструктивті моделін ұсынуға болады. Оның пікірінше, кикілжіңдерді
шешуде келесі факторлар рөл атқарады:
· кикілжің
көрінуінің сәйкестілігі;
· қақтығысқан
тараптардың қатынасының ашықтығы мен тиімділігі;
· өзара сенімділік пен
бірігіп жұмыс істеуді ұйымдастыру;
· шиеленістің мәнін
анықтау [3, 56 б.].
Кикілжің
көрінуінің сәйкестігіне көптеген факторлар әсер
етеді. Оқытушы кикілжіңнің тікелей қатысушысы болмаса
да, ол өзінің өткен жұмыс тәжірибесінен
қандай да бір субъективті талдауға дайын. Онда жақсы
көзқарас негізінде саналы емес сипаттағы бағыт-бағдарлар
пайда болады.
Өз
әрекеттерін дұрыс және заңды, ал
қарсыласының әрекеттерін әділетсіз және
сорақы деп қабылдау феномені «екі жақты этика» деп аталады. Кикілжіңді
шешуге тырысқанда оны дұрыс анықтап алып, жан-жақты
талдап көру маңызды. Ол үшін тұлға қарсы
адамның позициясына еніп, кикілжің жағдайын басқа
қатысушының тұрғысынан талдау абзал.
Кикілжіңнің
конструктивті шешілуінің негізгі шартты деп психологтар кикілжіңге
түскен жақтардың ашық тиімді қарым-қатынасы
деп есептейді.
Сонымен кикілжіңді жағдаяттардың
конструктивті шешілуіне өзін-өзі танытатын
тұлғаның қасиеттері жағымды әсер етеді
деген қорытындыға келеді.
Нақты кикілжіңдерді адам
өзінің қатынасын және мінез-құлқын
өзгерту арқылы және оппонент психикасы мен
мінез-құлқына әсер ету арқылы ескертуге болады. Жоғары білім беру жүйесінде
кикілжіңнің пайда болу себептерін ескере отырып, кикілжіңді
шешу және оны басқарудың жаңа технологиясын жақсы
меңгерген педагогқа мақсатқа бағытталған
кикілжіңді құруға мүмкіндік береді.
Мәселен, педагог оқыту тобында үлгерімдері немесе пән
бойынша кикілжіңдерді әдейі тудыртуы да мүмкін.
Кикілжіңді жағдайлардан шығу жолдарына зейін қоя
отырып, студенттердің бірлескен іс-әрекеттерін белсендендіріп
қана қоймай, өзін-өзі тануға, өзін-өзі
саналы түрде түсінуге, шығармашылық ойлау
қабілеттерін дамытумен қатар, күткен нәтижелерге
қол жеткізуге болады деп тұжырымдаймыз.
Әдебиеттер:
1. Психология. Адамзат ақыл-ойының
қазынасы.10 томдық: Гуманистік психология. 5-том/ Жетекшісі -
акад.Ә.Н. Нысанбаев. – Алматы: Таймас баспа үйі, 2005. - 301-319
бб.
2. Джакупов С.М. Психология познавательной деятельности.
- Алма-Ата, 1992.- 195 с.
2. Мелибрида
Е. Я – Ты – Мы: Психологические возможности улучшения общения. - М., 1988. –
145 с.