*113030*

Жунусканова Ж.Н.

Костанайский государственный университет им. А. Байтурсынова, Казахстан

БІЛІМ АЛУШЫЛАРДЫҢ ПӘНГЕ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫН АРТТЫРУ ЖОЛДАРЫ

 

Республика жоғары оқу орындарына енгізілген кредиттік білім беру жүйесі - оқыту процессінде білім алушыларды белсенді іс-әрекетке үйретудің тиімді жолдарының   бірі.

Білім беруде қолданылатын интерактивтік әдістердің мәні – оқыту процессінде тиімді қарым-қатынас жасау арқылы  білім алушыны тыңдаушы немесе бақылаушыдан белсенді қатысушы, білімді өзі іздеп меңгеруші деңгейіне көтеру. «Интерактив» сөзінің мәні «өзара қимыл жасау». Қазіргі студент өзі өмір сүретін ортаның мәселелеріне белсенді араласып, кәсіби және әлеуметтік нормаларды меңгерумен қатар, оны жетілдіруге жергілікті, облыстық, республикалық, тіпті халықаралық деңгейде  атсалысатын белсенді азамат.

Теорияда таным процесінің механизмі білім алушының сөз қорына, баяндау процесінде теориялық білімін түрлі заттар мен құбылыстармен байланыстырып /рефлекция/ түрлі өлшемдері бойынша ұқсас материалдарды классификациялап-жіктеп, әр түрлі мәнді сөздерді іріктеп /жобалау/, сол арқылы ерекше, ешкімге ұқсамайтын шешімді табу арқылы жобалау әрекетін байытуға, мәселені алдын ала аңғара білу-ойлау импровизациясын дамыту жатады. Пәнді оқу барысында білім алушының таным процесі осы сатыларды іске асыруға бағытталады.  Оқыту процесінде әрбір іс-әрекетті іске асыру бағдарлама жасаудан басталады да,  жұмыстың мақсаты, міндеттері анықталып, білім алушының үнемі өзін-өзі бақылауы және  жедел коррекция жасап отыруы талап етіледі.

Жоғары оқу орындарында білім алушылардың  таным процестерін дамытып, білім алуға құлшынысын арттыруда лекцияның орны ерекше.  Қазіргі кезде кіріспе, ақпараттық және жалпы мәлімет беретін лекцияның типтері бар. Оқылатын пәннің ерекшелігіне және дидактикалық мақсатқа байланысты проблемалық лекциялар, бейне-лекциялар, пресс-конференция түріндегі лекциялар, алдын ала қателіктермен  жоспарланған  лекциялар болып бөлінеді.

Теориялық материалдарды меңгеруді ұйымдастыруда оқытушы дайындаған   бейнелекциялар қолданылады. Білім алушы лекция барысында аудиторияда меңгере алмаған немесе меңгеруіне күрделі болған мәселелерді өзіне қолайлы уақытта қайтадан тыңдап, көре алады. Сөйтіп, берілген материалдың негізгі мақсатын, ондағы  түсініктердің бір-бірімен байланысын  нақты ажыратып, талдап, заңдылықтарын түсінумен қатар мазмұнын жалпылап, абстракциялауға мүмкіндігі болады.

Ұжымдық әрекетте студенттің енжар қалуына курстастары мүмкіндік бермейді. Себебі білім алу процесінде ұжымдық әрекетте бір студенттің білмеген сұрағы тұтас ұжымның білім деңгейін бағалауға әсерін тигізетін болғандықтан  оның ұжым алдындағы жауапкершілігі артады. Студент әлеуметтік ортада жеке дара өмір сүру, тек өзінің қара басын ойлау арқылы жетістікке жетпейтінін,  оның білімі мен тәрбиелілігі, қоғамдық талап нормаларын меңгеріп, оны орындауы өзі өмір сүретін ортаның даму деңгейінің жоғары болуы үшін қажеттігін  түсінеді. Азаматтық позициясы, отансүйгіштігі артады. Білім алудағы бәсекелестік студенттердің  өз іс-әрекеттеріне жауап беру мәдениетін қалыптастырады. Білім алушының топтың, ұжымның алдындағы жауапкершілігін түсінуі,  сөйлеу мәдениетін меңгеруі, өзгенің көзқарасымен  санасуға  үйренуі  білім алудағы ізденісінде белсенді іс-әрекет жасауға итермелейтін қозғаушы күш-мотив болып табылады.

 Білім алушы өздігінен істейтін жұмыстарында да  интерактивтік оқыту бағдарламаларын-мультимедиялық лекцияларды пайдалады. Мұнда ол өз білімін тест сұрақтары бойынша анықтап, теориялық оқу материалын меңгеру деңгейін алдын-ала бағалай алады. Сонымен қатар дәстүрлі лекциялардың электрондық мәтіндері, тірек конспектілер, көрнекіліктер, сызбалар және теориялық материалдарды меңгеруге арналған  пәндік оқу-әдістемелік кешендер қолданылады.

Мамандық бойынша оқу-әдістемелік кешендерде: мемлекеттік жалпыға міндетті мамандықтардың жоғары білім беру стандарты,  типтік оқу жоспары, жұмыс оқу жоспары, мамандық пәндерінің оқу-әдістемелік картасы, кәсіптік практиканың өтілуі туралы  әдістемелік нұсқаулар, диплом жұмысының  орындалуы туралы әдістемелік нұсқаулар, білім алушылардың мемлекеттік қорытынды аттестациясы бойынша әдістемелік нұсқаулар  беріледі. Бұл студенттің алдын ала мамандығы туралы толық мағлұмат берумен қатар өз жұмысын ұйымдастыруды жоспарлауына мүмкіндік береді.

Курсты оқыту барысында тақырыптық бақылау жұмыстары, сұрақтарға жауап беру /жазбаша, ауызша/, аралық тестер, жеке хабарламалар, сынақ тәрізді бақылау әдістері негізінде мынадай бақылау түрлері қолданылады: ағымдық, аралық, СӨЖ-дің орындалуын бақылау, қорытынды бақылау. Білім алушылардың білімін бағалауда аудиториялық сабақ барысындағы жауабының сапасымен қатар белсенділігі, білуге талпынысы да ескеріледі. Білім алушылардың жеке дайындайтын тезистері 5 бет көлемінде болады, оны хабарлауға 5 минут беріледі, талқылауға 5 минут беріледі. Курстың соңында зерттеу материалдары қорғалады. Зерттеу материалында: 1) тақырыптың өзектілігі, жұмыстың мақсаты мен міндеті, методологиялық негіздері мен әдіс-тәсілдері; 2) ғылыми зерттелген деректер талданып, даму жолы көрсетіледі; 3) жұмыстың нәтижелері мен қорытындысы туралы студенттің өз тұжырымы берілуі қажет; 4) зерттеу жұмысы курсты оқытудың соңғы аптасында ұйымдастырылады. Мұнда студенттің хабарлама жасауына 10 минут, талқылауға 5 минут беріледі.

Білім беру ісінде қолданылатын әдіс-тәсілдердің тиімділігі негізінен оқытушының шеберлігіне, өмір тәжірибесіне  де байланысты.  Оқытушыға қойылатын талап өзі білім беретін пән  бойынша білім алушылардың білімінің жоғары болуы.

Жоғары оқу орнында берілетін білімнің қоры білім алушының  оны шынайы өмірде пайдалана алауына, түрлі жағдайларда тығырықтан шығуына негіз болуына назар аударылады.