*112406*

ӘОЖ  37.013:001.76                                                          

 

Студенттердің ғылыми - зерттеу әрекетіндегі пәнаралық нақтылық ұстанымы

 

Узахова А.С., Пошаев Д.Қ. Байбатшаева А.Е.

М.Әуезов атындағы ОҚМУ. Шымкент қ.

Касымбекова К.

 Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ. Түркістан қ.

 

Студенттердің белгілі кәсіптік салаға бағытталған ғылыми-зерттеу әрекетін қамтамасыз етуге циклішілік (жалпы білім беру, базалық, кәсіптендіру) пәндердің нақтылық байланыстары негізгі рөл атқаратындығын мақұлдаймыз. Пәнаралық нақтылық ұстанымы студенттердің белгілі кәсіптік салаға бағытталған  ғылыми-зерттеу әрекеті білім сапасының оқшаулану қаупін тудырмайды. Сондықтан білім беру мазмұны құрамындағы бұл ұстаным білім беру мазмұнын инновациялық технологиялар арқылы дамытудың міндетті элементі бола алады.

5В012000 - Кәсіптік оқыту мамандығында білім алушыларда  іс - әрекет тапсырмалары теориялық мәліметтерге қарағанда басымырақ келеді. Іс - әрекет арқылы студенттер әзірленетін бұйымның теориялық және практикалық мәніне терең түсіне алады. Іс - әрекеттің өзі жұмысты нақты және саналы түрде орындауға себепші болады. Мысалы, кәсіпкерлік және таңдау бағытындағы компоненттеріндегі оқу пәндерінің негізгі бағыты тарихи мәлімет, стиль, форма, композиция, тігіп өңдеу, материал тану, конструкциялау және модельдеу, жобалау, макеттеу секілді теориялық  ұғымдарды, практика жүзінде зерттеу әрекеті арқылы  саналылықпен игеруін көрсетеді. Саналылық нақтылықты талап етеді. Нақтылық іс - әрекет арқылы жүзеге асады және қандай бір ұстанымға сүйенеді. Нақтылық пен ұстанымдар оқу пәндерінің өзара байланыстары арқылы жүріп жатады.

Пәнаралық нақтылық ұстанымын оқу материалы мазмұнына сәйкес, студенттердің белгілі кәсіптік салаға бағытталған  ғылыми-зерттеу әрекетін дамытуға қолайлы етіп бөлуге де болады: біріншісі – пәндердің оқу бағдарламаларын түзуде жүзеге асырылатын оқу материалдарындағы ұғымдарды, заңдарды, тіркеуді жүйелі зерделеуді қарастырады; екіншісі - оқу пәндерін зерделеуде студенттердің білімдерін кеңейту мен арттыруға бағытталады.

Абай 32 - қара сөзінде: «Білім – ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуел бастан керек. Талаптың өзінің біраз шарттары бар. Білім – ғылымды көбейтуге екі қару бар адамның ішінде, бірі - мұлахаза (ойлау, пікір алысу), 2 -ші – мұлафаза (сақтану, қорқу)» - деді [1].

Пәнаралық нақтылық әрекет ұстанымына негізделген сұрақтар әр пәннен алған білімдерін қайта естеріне түсіріп, жаңа оқу материалын меңгеруге, оларды жүзеге асыруға жағдай туғызатын мазмұнда болуы керек. Ең бастысы қазіргі уақытта әрбір ұстаз нақты деректерді, нақтылы оқиғаларды түсіндіріп қана қоюмен шектелмеуі керек. Ол деректердің өзара байланысын, бір - біріне әсерін, басты әлеуметтік, экономикалық немесе ортақ заңдылықтарын ашуды көздеуі тиіс. Әр түрлі пәндер арасындағы байланыстарды және ақиқат шындықты бейнелеудің әр түрлі тәсілдері пайда болатын субъекті - объектілік қатынасы, яғни студенттер мен оқытушылардың қатынасы танымдық әрекеттің негізі болады деп есептейміз. Танымдық әрекеттің мазмұны қоғамдық және жеке таным әрекеттері тәсілдерінде негізделеді де барынша қорытылған сипат алады. Мұндай субъектілік әрекетті оқу жоспарының әр түрлі пәндерінен алынатын білімдерді интеграциялаушы ретінде қорытылған тәсілдер деп жазуға болады. Пәнаралық интеграцияланған әрекеттің ерекшелігіне байланысты құрылым анықтауға болады.

Пәнаралық ұстанымы оқушыларға бүткіл, яғни мәселені сауатты түрде шешуге мүмкіндік тудыратын үдерісті бүтіндей ойлауға алып келеді. Мәселені шешу тәсілінің ең тиімдісі – білімдерді  біріктіру болып саналады. Сондықтанда бізге белгілі проблемалық оқыту - білімдерді интеграциялау әдісі ретінде қызмет атқарады.   

Пәнаралық нақтылық ұстанымын жүзеге асыру үшін – кәсіптік оқыту мамандарының оқу жоспары негізінде әзірленетін типтік оқу бағдарламаларына талдау жасау қажет. Оқу бағдарламасында міндетті түрде пәнаралық нақтылық көрініс табуы қажет. Себебі, әрбір оқытылатын пәндерде білім алушының алатын білімі, іскерлігі мен дағдысы ескеріледі. Ол, білім беру мазмұнының төрт құраушылары негізінде жүзеге асады. Әрбір оқытылатын пәндер мен тақырыптар мазмұнында төрт құраушылар басшылыққа алынуы қажет. Мұнда, оқытылатын пәндердің мазмұны міндетті түрде ескеріледі.

Кей жағдайларда тақырыптар аса маңызды орын алмағандықтан да көмекші сипатта ие болады да, таныстыру мақсатымен шектеледі. Ал, әдістемелік жағдайда, екіден кем емес төрттен аспайтын мақсаттар қойылады. Әрбір сабақты ұйымдастыруда білімділік мақсаты, білім алушылардың жеке қасиеттеріне тән саналы түрдегі тәрбиелік мақсаты, іскерлігі мен тәжірибелік шығармашылық әрекеттерін қалыптастыру немесе дамытушылық мақсаттары айқын көрініс табуы қажет. Осы шығармашылық әрекеттерді біздер таным әрекеттерімен өзара байланыста қарастырамыз. Білім алушылардың танымдық әрекеттерін білім берушінің  сабақтың тақырыбына байланысты тірек ұғымдар мен проблемалық ситуациялар арқылы өзі тудара алады.

Пәнаралық нақтылық байланысы студенттердің білім алуын әрі қарай жалғастыруға, өз бетінше ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге қажетті бағыттарды игеру болып табылады.

Ғылыми-зерттеу жұмыстары барысында студенттердің ақыл - ойы мен өзіндік қасиеттері дамиды, қоршаған ортаға көзқарастары жаңарады, сенімдері қалыптасады. Себебі, нақтылықтың өзі оқыту үдерісінде білімнің көміскіден нақтыға көшуі, яғни практикалық тапсырмалар мен жаттығулар арқылы шешіледі.

Практикалық тапсырмалар кәсіптік оқыту мамандықтарында оқытылатын оқу пәндерінде маңызды рөл атқарады. Осы тапсырмалар негізінде студенттерде білімді қабылдау, ұғыну, бекіту, іс - жүзінде қолдану кезеңдері нақтылана түседі.  Сол себепті де  нақтылықты - қабылдау, абстрактіні – ұғыну, практиканы - бекіту және іс - жүзінде қолдану – деп санауға болады.    

Қабылдау, ұғыну, бекіту, іс жүзінде қолдану меңгеру кезеңдері  психологиялық түсініктерде болатындықтан да, біз білімді, іскерлікті, дағдыны   оқыту үдерісінде меңгеру кезеңдерін: психологиялық міндеттер, таным әрекеттерін ұйымдастыру әдістері, психологиялық үдерістер және инновациялық технологиялар арқылы қарастырамыз. Ұғыну «игерілетін құбылыстар арасындағы байланыстарды салыстыру, талдау жасау, жан - жақты себеп - салдарлы тәуелділіктерді ашу процестерінің терең түрде өтуімен сипатталады. Мұндай кезеңде игеріліп жатқан материалға белгілі бір қатынас туындайды, сенім пайда болады, белгілі бір қорытындылардың әділдігін дәлелдей алу қабілеті күшейеді, жаңалықтар ашылады т.б. Нәтижесінде оқушы материалды терең түсініп, оны сенімді түрде игереді».

Ю.К. Бабанский «түсіну дұрыс, тиімді түрде өту үшін оқушыларда жалпы оқу біліктілігі мен дағдыларын, ой - әрекетінің алуан түрлі тәсілдерін қалыптастыру, оларды негізгі ақыл - ой операцияларын: анализ, синтез, салыстыру т.б. іске асыруға ұмтылдыру мәліметтерді салыстыруға, олардың себебін анықтауға өздері ат салысып, өз бетінше алдын - ала қорытынды жасауға дағдыландырып отыруды осылайша ұйымдастыру өте маңызды үдеріс болып табылады» -  деді [3].

Міндеттерді шешу кәсіптік оқыту мамандығында құрастыру, көркемдеп - сәндеу, жобалау, эскиз жасау, сызба тұрғызу т.б. арқылы жүзеге асады.

Бұдан шығарылатын қорытынды ғылыми-зерттеу әрекеттер экономикалық және рухани дамуын қамтамсыз ету жолындағы жеке тұлғаның адамгершілік, парасаттылық, эстетикалық және физиологиялық, психологиялық жағдайын үнемі жетілдіріп отыруында да ерекше орын алады. Балалар да өмірдегі өз орнына сын көзбен қарауға талпынады

Ал, пәнаралық ұстаным студенттің өз таңдауымен немесе ғылыми жетекшісінің тапсырмасымен орындаған (бақылау жұмыстарын, тестілерін, шығармаларын, т.б.) тіпті сабақтан тыс орындаған (жоба, реферат, баяндама, портфолио т.б.) жұмыстарын бір пән немесе әр түрлі пәндер бойынша толықтай меңгеруіне әсер етуі мүмкін. Берілген тапсырма бойынша қандай нәтиже шықты, нендей нәтиже шықпады; жұмыстың нәтижесі бойынша қандай қорытынды шығарғаны әрбір жұмыстың қателері негіздемелерге сүйене отырып түзетілуі де мүмкін.

 

Әдебиеттер:

1. Абай 32 – қара сөзі. Абай. Қара сөз поэмалары. «Ел» баспасы. Алматы – 1993. -  269 б.

2. Иванова Н.Д., Қозғамбаева М.Қ. Оқыту үдерісінің мәні. Әдістемелік және теориялық негіздері. Жоғары  оқу орындарының студенттеріне арналған оқу құралы. Абай атындағы ҚМПУ Алматы. – 1991. – 118 б.

3. Бабанский  Ю.К. Педагогика. /учеб. пособие для студентов пед. ин - тов. – М.: Просвещение, 1983. - 608 с.