*112698*

Ағаштан ер жасау технологиясын педагогикалық талдау ерекшеліктері

 

Атажанов И.И.

техн.ғ.кандидаты, доцент

Абдурахманов М.

«Кәсіптік оқыту» мамандығының 1-студенті

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті

Түркістан қаласы. Қазақстан Республикасы

 

Қазақ халқының өмірінде ағаштан жасалатын үй және тұрмыстық бұйымдарының алатын орны ерекше. Ағаш өңдеуді кәсіп еткен шеберлерді халық, олардың жасайтын бұйымдарына қарай "үйші", "ерші", "арбашы", "ұста", "саз аспапшы" деп атаған.

Көшіп қонып, мал баққан қазақ халқы үшін көліктің негізгі түрі – салт ат, соған орай ер-тұрман жабдықтарының алатын орны да өзгеше.

Ағаштан жасалған бұйымдарды көркемдеп өңдеудің ең ежелгі түрі оған өрнек ою болып табылады. Адам баласы ғасырлар бойы ат әбзелдерін ою-өрнекпен көркемдеп безедіріп отырған.

Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық мұрасының рухани да материалдық қазынасының қомақты бөлігі ұлттық қолөнер.

Халық қолөнерінің түп тамыры халықтың өмір сүру салтымен, шаруашылық дәстүрімен тығыз байланысты. Ғасырлар бойы уақыт елегінен өтіп ұрпақтан-ұрпаққа жеткен ұлттық қолөнер бабалардан қалған мәдени мұрамыздың ең асыл құнды қазынасының бірі. Ол жаңа заман талаптарымен үндесе тарап ақыл-ойды асқарға, қиялды қиялға жетелейтін киелі мұра.

Қолөнер туындыларын жасау белгілі бір көркемдік ұстанымды сақтауды талап ететіні белгілі.

Көркемдік талғаммен талапқа сай жасалған қолөнер туындылары рудың, отбасының, жекебастың тұрмыстық және рухани қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсаттарында, айырбас сауда жасау үшін ең қажетті заттардың бірі болды. Тері, сүйек, мүйіз, мал шаруашылық өнімдері, ағаш, металл, қолданбалы өнер туындыларын жасайтын материалдар қызметін атқарады [1].

Бүгінде елімізде ат баптау өнері қайта жанданып келеді. Демек, ежелден келе жатқан ат әбзелдеріне деген қызығушылық та арта түсті.

Қазақ халқы қолөнермен біте қайнасып қалыптасқанын дәлелдеп   жатудың қажеті шамалы. Тіпті, өнертанушылардың пікірінше, ат әбзелдерінің ерекшеліктерін ғылыми түрде зерттесек те жарасады. Ер-тұрманды әшекейлеуде ұсталық пен зергерлік шеберліктері қажет.

Ер дегеніміз – салт атқа мінуге арналған ат әбзелдерінің негізгі құралы. Ер-тоқым мінген адамға жайлы әрі аттың арқасына батпайтын, жүріске бөгет болмайтын болуы шарт [2].

Ел арасында сапалы ер-тұрманға деген сұраныстың жылдан-жылға артып келе жатқаны қуантпай қоймайды. Бұл ата-бабаларымыздан қалған бай мұраны сақтап, төл өнерімізді өркендетуге деген ықыластың артқанын аңғартады. Ұлттық қолөнерді дамытудың экономикалық тиімділігі де жоғары болмақ. Елімізге келген шетелдік туристер ең әуелі айқара көзге ұратын қазақтың ұлттық құндылықтарына айрықша қызығушылық танытатыны сөзсіз.

Ер – салт атқа мініп жүру үшін қолданылатын жабдықтардың бірі. Көне заманнан бері көшпелі халықтың өмір қажетіне сай қалыптасқан айрықша құрал-жабдық және өнер туындысы. Ердің жасалу технологиясы мен сыртқы түріне қарай былайша жіктеледі:

қазақы ер, қырғыз ері, орыс ері, өзбек ері, кавказ ері, шошақ бас ер,үйрек бас ер, құранды ер, қозы құйрық ер.

Бұлардың ішінде қазақ халқы арасында көп тарағаны қазақы ер. Оның екі түрі әйелдерге және еркектерге арналған түрлері қолданылады.

Еркектерге арналған ердің сүйегі жұқа және ықшамды, өте жеңіл келеді. Мұндай ерлерді онша әшекелемейді, тек жасалуына көп көңіл бөліп, жете өңдейді.

Әйелдерге арналған ердің сүйегі ауыр, әшекейі мол, алтын, күміс, асыл тас, сүйек мүйізбен әшекейленеді. Ал сыртқы беті былғары, шұға, бархатпен қапталады [3, 114-115].

Жалпы, ер-тоқымға қазақтың өнеріне қызығу­шылар тап­сырыс береді. Қазір тойда машина сыйлау сәннен қа­­лып кеткен. Оның орнына ақбоз ат мінгізеді. Содан ке­йін көкпардың маусымы уақтында ер-тоқымға көкпар шабатындар­ шеберлерге тап­сырыс береді. Көкпарға мінетін аттың ер-тоқымы сәл өз­ге­шелеу, арқасы биіктеу болады.

Ер-тұрман тек ер мен тоқымнан тұрмайды, оның құрамдас бөліктері мол. Атап айтқанда, желдік, тебінгі, үзеңгі, үзеңгі бау, таралғы, тартпа және айыл. Сондай-ақ, жүген, шылбыр мен тізгінді жасау да мұқияттылықты талап етеді. Тапсырыс берушінің талғамына қарай ер-тұрман түрлі әшекей бұйымдармен әрленеді.

Көшпенділер өмірін, салтын-дәстүрін көрсететін, айрықша бейнелейтін қолөнердің бір көне көзі — ершілер өнері. Жылқы малы, оның ішінде небір сәйгүліктер, Құлагердей тұлпарлар қазақ баласының жаны, ер жігіттің ұшар қанаты, басар тауы, алатын қамалы болып келген.

Ғасырлар бойы қалыптасқан қолөнердің ғажайып технологиясын бүгінде дамытып отырған азаматтар аз емес [4]. Ат баптап, көкпарға қызығатындардың арасында Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласының тұрғыны Тасболат Сүйінбаевты білмейтін жан жоқ.   

er-turman

 

 Сурет 1.

Тасболат ұстаның шеберлігін мына жайт айғақтайды: Оңтүстікке келген мәртебелі қонақтарға Т.Сүйінбаев жасаған 1. суретіне сәйкес ат әбзелдері сыйлық ретінде тарту етіледі. Мәселен, 1992 жылы Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан президенттері бас қосқанда Асқар Ақаев пен Ислам Кәрімов мінген ақбозаттардағы ер-тұрманды Тасболат ұста жасаған.   Сондай-ақ, 2005 жылы Елбасы Оңтүстікке келгенде де құнды ат әбзелдері сыйға тартылды.

Ер - тұрман жасайтын адамды ерші дейді. Ершілер көбінесе ағаш ұсталығын, темір ұсталығын, зергерлік өнер мен үйшілік, тігіншілік, өрімшілік өнерін қатар меңгерген әмбебап шебер болып келеді. Ердің ағаштан жасалған негізгі бөлегін сүйегі деп атайды. Ағаш тапшы жерлерде ердің сүйегін бірнеше бөліктен қиюластырып, құрап, желімдеп жасайды. Оны "құранды ер" -  деп атайды. Сол сияқты жуан ағаш дөңбекті екіге жарып, әр бөлігінен ер сүйегін тұтас шауып шығуға да болады [2].

Жасалуы: Құранды ер жасауға қайың ағашының безі (беріші, үйілі, көзі, оқырасы деп те атайды) өте қолайлы. Өйткені ол өте берік, әрі жарылып шытынамайды, қаңсымайды, өңделген кезде ағаштың табиғи өрнектері ашыла түсіп, өте әдемі болады.

Ер сүйегін тұтас шабу үшін тал, киіз терек тәрізді ағаштар қолайлы. Ағашты су күйінде өңдеп, ер сүйегінің нобайын келтіре, жеңілдете, жұқарта шауып жұмысты желден ағаш тез кеуіп, жарылып кетуі ықтимал.

Суға тұзды мол салып, қаныққан ертінді жасап, жұмыс істеуінде сол ертіндіге ер сүйегін әлсін-әлсін малып отырса, ағаш жарылмайды. Әзір болған ер сүйегін байырғы шеберлер сиырдың жас жапасымен орап, күн, жел тимейтін  колеңкеде бабымен кептірген.

Ер сүйегі кепті-ау деген кезде, сиыр жапасынан тазартып, өңдеп қартауға дайындайды. Ол үшін алдын-ала ірі қараның терісін жылы суға бірнеше күн салып, жүнін жібітіп түсіреді. Тері сәл дегдіген соң қажет мөлшерден артықтау етіп кесіп алынады. Содан кейін ердің сүйегін шалқасынан аударып, оқпанынан бастап екі жақ қапталдың қырына қарай тартып, отырып, ұсақ шегелермен шегеленеді. Шегеленіп болған соң қапталдың қырынан артылып тұрған теріні екі жақ қапталын шегеленеді, кейде кергіні өрнектеп те шегелейді. Мойынды қаптамас бұрын қанжығалық пен алдыңғы қолын қаптап алып, соны бастырып мойны мен ердің басы қапталады.

Ер—тұрманның безендірілуіне байланысты жасаған материалына байланысты атауларға бөлінеді.

Мысалы: күміс ер, алтын ер, лажылы ер т.с.с. бағдарлы ер әйелдер мінетін ердің алдыңғы қасына, айыл - тұрманның, қалишының алақанына, салып салпимақшарына, асыл тастан көз орнатып, зерлеп жасалады.

Ер — тұрман ұлтқа, руға, жерге байланысты бөліне береді. мысалы: Ұлтқа байланысты біз білетін, қазақ ері, қырғыз ері, орыс, кавказ, өзбек ерлері бар.

Қазақ ерінің өзі жер мен руға, тұрмыстық пайдалануына қарай атала береді. Бұлардың бір-бірінен айырмашылығы олардың жасалу әдісінде, сыртқы көрінісі мен безендірілуінде.

Қазақ ері — көшпенді халықтар арасында ең көп тараған ерлердің бірі, ол бірнеше бөліктен құралады. Қайыңның безінен, түбірінен екі қас алынса, ал қалған екі қапталы мен бел ағаштары әбден кептірілген қайыңнан жасалады. Әр бөлік өзара ағаш немесе мыс түтікше тәріздес шегелер арқылы бір-бірімен шегеленіп бекітіледі. Алдыңғы қасы мен артқы қасы ойылып, нақыштап өрнектеледі, кейде олардың беттері терімен қапталып, күміспен не алтынмен әшекейленеді.

Жоғарыдағыларды ескере отырып мынадай қорытынды жасауға болады.

Халық қолөнерінің түп тамыры халықтың өмір сүру салтымен, шаруашылық дәстүрімен тығыз байланысты. Ғасырлар бойы уақыт елегінен өтіп ұрпақтан-ұрпаққа жеткен ұлттық қолөнер-ер жасауы бабалардан қалған мәдени мұрамыздың ең асыл құнды қазынасының бірі. Ол жаңа заман талаптарымен үндесе тарап ақыл-ойды асқарға, қиялды қиялға жетелейтін киелі мұра.

 

РЕЗЮМЕ

В данной статье приведены материалы особенности изготовления седла для лошадей в современном этапе.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Әмірғазин Қ. Қазақ қолөнері. – Алматы: Дайк-Пресс,2004.–162б.

2. «Мектептегі технология» журналы. 2010 – 2012 жж.

3. Қазақ Совет Энциклопедиясы. Том 4.Алматы-2005.- 154-155бб.

       4. www.google.kz