*112793*

Ұлттық бас киім әзірлеуде теориялық материалдарды талдау

 

Алимбекова Сабира Шереханқызы

педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент м.а.

Нематова Хуршида

«Кәсіптік оқыту» мамандығының 2-курс студенті

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті,  

Түркістан қаласы, Қазақстан Республикасы

 

Қазіргі кезеңде білім сапасын арттыруда оқытудың жаңа әдістерін оқу-тәрбие үдерісіне енгізу жүзеге асырылуда. Солардың бірегейі ретінде жобалау әдісін айтуға болады.

Жобалауға ұсынылған немесе жобалау іс-әрекетін объектісі, тақырыпты немесе проблеманы іздеу мен талдау басты мәнге ие және шығарашылық жоба жұмыстарының бастауы болып табылады. Мұнда жобалау әдістерінің рөлі жоғары.

Жобалау әдісі – бұл практикалық тәжірибе мен формалды білімді араластыру мен ұштастыруға мүмкіндік беретін репродуктивті және продуктивті іс-әрекеттерді ұтымды үйлестірудегі кешенді талдап қорыту үдерісі.

Жобалау іс-әрекеті білімгердің икемді оқу үдерісін ұйымдастыруға негізделеді. Жобалау іс-әрекеті нәтижесінде білімгер жеке тұлғасын дамытуға қойылатын қазіргі заманғы талаптар толығымен қамтамасыз етіледі. Оларда білімгердің жеке тұлғалық қызығушылығы және қабілеті ескеріледі, нақты еңбек әрекеттері орындалады және игеріледі, сонымен қатар, жүйеде әртүрлі конструкторлық-технологиялық және техникалық міндеттер шешімі табылады.

Жобаға қатысты теориялық материалдарды зерделеу және жұмыс жасаудағы тиімді идеяны талқылау алдыға қойылған мәселені шешудің негізгі құралы.

Біздер зерттеу жұмысымызда ұлттық бас киімді жаңаша формада әзірлеуді мақсат еттік.

Ұлттық музыкалық аспап үлгісі бейнеленген бас киім – сәукелені әзірлеуде жұмыс жасаудағы идеяны талқылау бірқатар міндеттерді шешуді талап етеді. Олар: қажетті ақпаратты, ақпараттар банкі, каталогтар, басқа мәлімет көздері көмегімен жинақтау, зерделеу, зерттеу және өңдеу, жұмыс жасаудағы тиімді идеяны талқылау.

Ұлттық музыкалық аспаптарға және ұлттық бас киім үлгілеріне сәйкес материалдардың толық мәтіндері қосымша ретінде жинақталды. Олар жөніндегі мәліметтерден төмендегідей мазмұндауды келтіруге болады.

Мақсатты белгілері жөнінен киімді үй ішіне киетін, жұмысқа, салтанатты, мерекелік жағдайда және дем алуға арналған киім түрлеріне бөлуге болады.

Пайдалану әдісі мен орны жөнінен киім мынадай түрлерге бөлінеді:

- үй-ішіндік киім – таңертеңгілік және кешкілік сәттерде киюге, үй жұмысын орындауға, үйде дем алуға арналған және оқуға арналған киім;

- салтанат киімі – салт, әдет-ғұрып киім;

- белсенді дем алуға арналған киім – серуендеуге шыққанда, суға түскенде, орман кезгенде және т. б. жағдайларда киетін киім;

- мерекелік киім – театрға, дискотекаларға арналған және т.с.с. арналған киім.

Пайдалану жағдайларына қарай сырт киім, суға шомылғанда киетін киім, іш көйлек және белге орайтын бұйымдар сияқты түрлерге бөлінеді.

Қазіргі киім мынадай қолайсыз факторлардың әсерлерінен қорғай алады.

Физикалық ортадан (статистикалық электрден, қою шаңнан, оттан, қызған металл шашырандысынан, шамадан тыс қызуда және басқалардан);

- химиялық ортадан, яғни әртүрлі химиялық заттардың тері арқылы организмге өтетін әсерінен ( қышқыл, сілтіден және басқалардан);

- биологиялық ортадан, яғни жәндіктердің кеміргіштердің шағуынан бактериялардың, сыңырауқұлақтардың, вирустардың, улы өсімдіктердің зиянды әсерінен;

- табиғи ортадан, яғни күн сәулесі радиациясынан, атмосфера мен топырақ ылғалынан, желден және тағы тағылардан;

- механикалық жарақтанудан, яғни транспорттың басып кету қаупінен, батып кетуден, жырып кетуден, кесіп кетуден және басқалардан;

- адам организмінің тіршілік қызметінің заттарынан, яғни организм бөліп шығаратын жылудан, ылғалдар мен антропотоксиндерден.

Ұлттық музыкалық аспаптың бірі – домбыра. Ол біздің жұмыс үшін бас киімге бейнелеу объектісі болып табылады.

Домбыра - қазақтың жаны. Ол тар жол, тайғақ кешу жолдарын бастан өткерген қазақ тарихын парақтауға негiз бола алады. Ұлтымыздың болмысына куә болған әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлерiне жан бiтiрiп, оның құнды қалпын сақтауға негiз болғанын көремiз.

Домбыра бар жерде қазақ халқының тiлi, өнерi, тарихы бiрге жүредi. Домбыра аспабының философиясын ашуда аңыз-әңгiмелердiң желiсiне сүйенуге болады. «Ертеде бiр хан қызының кедей жiгiтпен көңiл жарастырғанын сезiп қалады да жiгiттi дереу дарға астырады. Екi қабат болып қалған қыз мезгiлi жетiп босанады. Оны аңдыған мыстан кемпiр егiз баланы көз көрмес, құлақ естiмес, алыс жерге апарып, жап-жасыл үлкен бәйтерек басына ұлды батысқа, қызды шығысқа қаратып iлiп кетедi.

Сәбилердiң көз жасы тамған бәйтерек солады, жүрегi тоқтаған нәрестелермен бiрге ағаш та қуарады. Қаңқу әңгiме халық арасында жата ма, оны естiген қыз егiзiн iздеп, жолға шығады. Жолдан шаршаған қыз бала ағаш түбiне келiп, демалады. Құлағына күмбiрлеген сарын естiледi. Қайдан шығатын әуен екенiн бiлгiсi келiп ағаш үстiне шығып тыңдаса, жаңағы бәйтерек сынып кетедi. Ағаш, түбiнен басына дейiн iшi қуыс екенiн көредi. Екi басында бұтақтан-бұтаққа керiлiп қалған iшектердi көредi. Екi iшек самал желмен тербелiп, одан әуен шығады екен. «Егiз құлынымнан қалған жұрнақ осы болар» деп сол ағаштан аспап жасап алады. Батысқа қараған iшегi бостау, шығысқа қараған iшегi қаттылау керiлген екен. «Астыңғы iшек - жiңiшке дауысты қызым Зарлық, ал, үстiнгi iшек - бос қоңыр дауысты ұлым Мұңлық болсын» деп екi iшекке ат қойып, домбырасын тартып, күй шығарып кеткен екен» дейдi аңыз-әңгiме туралы еңбегiнде Ө. Жәнiбеков.

Мұндай аңыздарда айтылатын бәйтерек ағаш домбыра болмысымен үндес. Домбыра ағаштан жасалынып, одан әуен туады. Адамның қос iшектi соғуы арқылы пайда болатын әуенi жел, дауыл әсерiнен туатын сылдырлаған дыбыс үндерiн еске салады. Демек екi бағыт негiзiнде әрекет байқалады. Оның бiрiнде жел Бәйтерекке әсер етiп, қозғалудан ызың естiлсе, екiншi бағытта адамның домбыра шектерiн тербету арқылы әуендер шығады. Бәйтерек ағаш аңыздарда дүниенiң кеңдiгiн көрсетудiң символы болса, домбыра аспабынан туған үн өмiр мәнiн ұғынуға шақырады. Бәйтерек домбыра болып үн қатады. Ол табиғат пен өмiрдiң жалғасқан айналмалы шексiздiгiн меңзейдi.

Ұлттық музыкалық аспаптар бейнеленетін объект – бас киім.

Бас киім. Қазақ халқының ұлттық бас киім үлгілері-көне заман тарихымен бірге дамып келе жатқан бай қазына. Күні бүгінге дейін өзінің қадір-қасиетін жоймай, қолөнердің озық үлгісі ретінде ғана емес, әрі әсем, әрі ыңғайлылығымен де пайдаланудан қалмай келе жатқан ұлттық бас киімдер әлі де аз емес. Олардың кейбіреулерін қарияларымыз ескінің көзі деп киіп жүрсе, енді біреулерін қыз ұзату, келін түсіру тойларында, ойын-сауықтарда, мерекелерде пайдаланады. Сонымен қатар театрлардың арнаулы тапсырысы бойынша тігіліп жүргендері де аз емесе. Қазақ әдет-ғұрпында бас киім көріктілік пен сәнділікті, баршылықты білдіретін қасиетті киім саналған.

Әйелдердің ұлттық бас киімдері. Әйел бас киімдері де бірнеше түрге бөлінеді. Олар тақия, бөрік, орамал, жаулық, кимешек, күндік, сәукеле, желек, шәлі, берет, қалпақ т.б. Қазақ ғұрпында ердің де әйелдің де бас киімсіз, жалаңбас жүруі ерсі саналған. Әсіресе әйелдер жалаңбас жүрмейтін.

Сәукеле-ұзатылу тойында киетін қалыңдықтың бас кимі. Оны ұзатылған қыздар және оның жанына еріп жүрген нөкерлері киген. Сәукелені жас келіншек той-думандарға, мереке-жиындарға да киіп баратын болған, ал кей жерлерде келіншек тұңғыш баласын босанғанша киіп жүруге болады деп есептеген. Ә.Марғұлан өз еңбектерінде: ‘’Сәукелені жас келін бір жылдай киіп, онан кейін 4-5 жылдарда тек сән-салтанаттарда, үлкен жиындарда киген’’- деп жазған.

Ұлттық музыкалық аспап үлгілерін бас киімдерде конструкциялау үшін конструкциялау әдістері мен принциптері қолданылады.

Үйлестіру – конструкцияда көп қолданылуын, бір элементті, бір функцияға арналған объектілер санын тиімді қысқарту.

Ұқсастық әдісі – конструкциялау кезінде техникада, ғылымда немесе табиғатта өмір сүретін белгілі конструкцияны, форманы, үдерістерді, материалдарды және т.с.с. пайдалану. Ұқсастық модельдеу негізіне жатады. Мұндайда жауапты кезең ұқсастықты іздестіру болып табылады. Ұқсастықты пайдалану көбіне төмендегідей әдістер көмегімен жүзеге асады, олар: имитация (боямалау), псевдоморфизация, өлшемдерінің масштабпен өзгеруі және т.б.

Имитация – жаңа материалдық объектіге ұқсас белгілі объектінің формасын, түсін, сыртқы көрінісін беру.

Псевдоморфизация – материалдық объектіні басқа объектінің формасында орындау (мысалы, қобыз, домбыра құлақтарын басқа пішінде көпшілікке ұсыну).

Өлшемдердің масштабты өзгеруі – жаңа сәукеле үлгісін алу мақсатында домбыра мен қобыздың белгілі техникалық объектінің өлшемін кішірейту немесе үлкейту.

Біріктіру әдісі – жаңа сәукеле конструкциясын қарастыру кезінде құрастыру бірліктерін немесе олардың топтарын белгілі конструкцияның бөлшектерінде қолдану. Біріктірудің бірнеше нұсқалары болуы мүмкін.

Интегралдау – жаңа объектілерді алуда екі немесе бірнеше элементтерді біріктіру (арқылы) жолымен тағайындау (кіріктіру).

Сәукеле жасауда, оның жаңалығы, бірегейлігі, пайдалылығы немесе құндылығы, шешімнің көркемдігі және ойлап табушы үшін жеке тұлғаның сапалық қасиетін қарастырумен, идея алуды ынталандыратын бірқатар нақты төмендегідей әдістерді қарастырылды. олар:

1. "Миға шабуыл" (“Мозговой штурм”) әдісі, оның тәртібі: ешқандай сынау жоқ; неғұрлым идея көп болса, солғұрлым жақсы; қысылып-қымтырылусыз ойды айту. “Мозговая атака” (ми шабуылы) англо-американ термині, батыс европалық психологиялық әдебиеттерде “топтық пікір-талас (талқылау)” термині ретінде қалыптасқан және бекітілген деп жазады. Бұл ұғым кейбір әдебиеттерде “мозговой штурм” деп те жазылады.

Бұл біздің тақырыбымызға сәйкес ұсынылатын жобаны, әзірлеген музыкалық аспап үлгілерін талдауда басты әдіс ретінде қарастырылды. Жоба үлгісін талқылауда топ студенттері, «Кәсіптік оқыту технологиясы» кафедрасының оқытушы-профессор құрамы, дизайндық білім дайындығы бар мамандар белсенді қатысты.

2. Инверсия әдісі, тапсырмаға бұрынғы көзқарастан бөлек, оған кейбір жаңа немесе өзгерген тұрғыдан қарап психологиялық инерцияны саналы жеңуді талап етеді. Біздің бұйым үлгімізде домбыра және қобыз басы жоғары қараған түрінде берілу қарастырылды.

3. Психологиялық инерттілік әдісі. Психологиялық инерттілік әдісі дәстүрлі көзқарастар мен түсініктер жүйесін бұзу үшін керек. Сәукелеге ұлттық музыкалық аспап үлгісін бейнелеу.

4. Жаңа комбинацияны жүйелі зерттеу әдісі немесе “морфологиялық талдау” әдісі деп те атайды.

5. Шығармашылық тапсырмаларды орындау үшін оқу мәтіндерін (мысалы, қобыз бен домбыраға қатысты материалдарды, аңыздарды, әңгімелерді, т.б.) талдау.

6. Сынап көру мен қателіктер әдісі («проб и ошибок әдісі» – «оң және теріс әдіс» деп те қолдану кездеседі) әдістің мәні міндетті шешуді іздеу кезінде өнер табушы барлық мүмкіндіктерді жинайды және олардың арасынан қойылған талапты қанағаттандыратынын табады.

7. Бақылау сұрақтарының тізімі – бұл өнертабысшылар мен тиімді ұсыныс жасаушылардың қысқаша жадынамасы. Кейбір тізімдер сұрақтар емес, қысқаша нұсқалардан тұрады, оларда екеуі де (сұрақ та, нұсқау да) болады. Кейбір жағдайда біреу емес бірнеше тізімді пайдаланады және олар белгілі реттілікте қолданылады.

8. Бұйымдардың сапасын арттыру мен құнының төмендеуіне жаңа тәсіл - функциональды–құнды талдау тәсілі (ФСА). Жаңа бұйымдарды жобалау кезінде бұл тәсілді пайдаланудың дұрыстығы мен тиімділігі туралы көптеген елдердің статистикасы мәлімет береді: осы әдісті қолданумен әрбір жобалауға жұмсалған, салынған шығын бірлігін 10-20 есе үнемдеуге мүмкіндік береді.

Бұйымды даярлауда сәндік сипаты бар, өзіндік құны төмен заттарды таңдауда бұл әдістің өзіндік орны бар. Сәукелені қымбат ететін оның құрамындағы пайдаланатын материалдар. Кейбір сәукелелердің қымбат бағалы материалдардан дайындалуы оның бірнеше доллармен бағалануына алып келеді.

Идея – бұл объективті шынайылықтың, құбылыстарының ойдағы бейнесінің формасы. Идеялар өзіне дүниені іс жүзінде жаңарту мен одан әрі тану мақсатын сезінуді, адамның пайда болған жаңа мұқтаждарын қанағаттандыруға бағытталған, жаңа технологиялық қондырғылар мен технологиялар, жаңа  заттар мен материалдар, сондай-ақ жаңа қолданыстарды жасауды білдіреді.

Әзірленетін бұйым үлгісінің соңғы нұсқасы бір қатар зерттеу жұмыстарын жүргізуді қажет етеді. Дайындалатын бұйымға кіріктірілетін идеяны талқылау үшін төмендегідей жұмыстар жүргізілді. Оның ішінде:

- ұлттық бас киімдер мен ұлттық музыкалық аспаптар жөніндегі мағлұматтар ғаламтор желісінде, арнайы әдебиеттер негізде жинақталды;

- олардың мазмұны және бұйымдардың шығу тарихы, технологиясы, жасалу жолдары, әдістері, оларға берілген мазмұндық ойлар зерделенді;

- жинақталған теориялық материалдардан ұлттық музыкалық аспап үлгілерін бас киімдерде бейнелеу әдістері мен тәсілдері тұжырымдалды;

- соңғы үлгіге негіз боларлық жұмыс жасаудағы негізгі идея әзірленді және оларды шығармашылық әдістер тұрғысынан талқылау орындалды.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1 Әділбекова А. Ұлттық бас киімдер. //Мектептегі технология. № 6 2007. 19 – 27 беттер.

2 Жолдасбекова С.А., Ашықбаева Г.Д. Қазақтың ұлттық баскиімдерін әзірлеу. Шымкент. 1999.- 67 б.

3 Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8  1992. -250 б.

4 Тәжібаев Т. Жалпы психология. Оқу құралы. -Алматы:“Қазақ Университеті”, 1993. -240 б.

Шаңырақ : Үй-тұрмыстық энциклопедиясы. Алматы : Қаз.Сов.энцикл. Бас ред., 1990 ISBN 5-89800-008-9