*111783*

Филологические науки/ 2.Риторика и стилистика.

Ф.ғ.д., профессор Сәтенова С.К.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті,  Қазақстан

Тұрақты тілдік бірліктер мен шешендік өнер сабақтастығы

      Сөзге шеберлігі, шешендік өнері арқылы әрбір халықтың бітім–болмысы, дүниетанымы, ұстанымы танылады. Ауыз әдебиеті этнос өмірінің айнасы десек, оның әсем өрнектермен өрілген көркем сөз орамдары (фразеологизмдер мен мақал-мәтелдер, теңеу сипатындағы сөз үлгілері т.б) халықтың тарихын, ой–өрісін, арман-мүддесін паш ететін құдіретті күш іспеттес.

Шешендік өнері тарихына қысқаша тоқталып өтер болсақ, шешендік өнер туралы ілім риторика деп аталатыны белгілі. Риторика, яғни шешендік өнері адамның дүниетанымымен, рухани мәдениетімен, психологиясымен тығыз байланысты. Шешендік өнерінің қалыптасу кезеңіне байланысты “Об ораторском искусстве” кітабында мынадай сипаттама берілген:

“Ақындық табиғаттың туа бітті сыйы болса, шешендік жүре бітті қасиет екені де ертеден ұғынықты болған. Антик дәуірінің кейбір шешендері даусын мәнерлеп, сөз сарасын салмақтап сөйлеуге теңіз жағалай жүріп жаттыққан екен. Ертедегі Афина, Рим шешендері қарумен емес, сөз құдіретімен ұлы империяларды “жаулап’ алған. Шешендік өнердің шам-шырағы атанған олар риторика арқылы ғылыми логиканың, этиканың, философияның алғашқы әліппесін қалдырды. Заманына қарай шешендік өнері бірде саясат пен биліктің қаруы болса, бірде өмір шындығынан алшақтап, сәндік пен салтанатқа, мадақ пен марапатқа қызмет еткен. Орта ғасырда дін мен шіркеудің билігіне орай қайта пайда болған гомилетика (дін мен шіркеуді уағыздайтын ілім) шешендік өнерді мүлдем ығыстырып тастады. ХV ғасырда гуманистік ағымның пайда болуы шешендік өнерді қайта жандандырды” (1,18).

Ал осы мәселе жайында ойын  ғалым Қ.Бейсенов былайша өрбітеді:

«Қазақ топырағында қалыптасқан рухани кеңістікте, Әл-Фарабиден Абайға дейінгі аралықта бұл (шешендік өнер) туралы айтқан ой саңлақтары баршылық. Мысалы, Әбунасыр бабамыздың логиканы біртұтас ойкешті ғылымдық жүйеге түсіріп, оның танымдық тәсілдерін айқындап бергені белгілі. Шешендік өнерге байланысты айтылған Әл-Фарабилік ойларға қысқаша тоқталсақ, онда ол диалетиканың қарапайым пікір таластырушылық өнер емес, ақылды ұстартатын ой кешу тәсілі екендігін баса айтқан болатын. Диалетика осы қасиетімен шешендік өнердің арқауы бола алады. Әл-Фараби диалетика мен риториканың тамырластығын бағамдай отырып, сонымен қатар, олардың айырмашылықтарын да көрсете білген. Айталық, егерде диалетика тек шынайы білімге негізделген, қисынды дәлелдер арқылы тұжырымдалатын ой түю тәсілі болса, риторика шешендік қисынға, ой жүйелілігіне, ұғымдар үйлесіміне негізделеді» (2, 63).

Қазақ халқының сөз өнері, шешендік өнері жайында тереңнен ой толғап, нақты тұжырымдар жасаған ғалымдардың бірі – Р.Сыздықова. Автор шешендік өнер дәстүрі тарихына тоқтала келіп, шешендік өнер мен шешендік сөз ұғымдарының ара-жігін ажыратып көрсетеді. Біздіңше “шешендік сөз” деген терминді бұрынғысынша шешендік өнердің іс жүзінде асқан нәтижесін атауға қалдыру керек, яғни фольклор мұрасының бір жанрын және қазіргі кезде шешен айтылған сөзді осылайша атау керек те, шешендік өнердің, сөзге шеберліктің өзін сәл болса да өзгешелеу атау қажет. Бұл ұғымға “шешендік” деген абстрактілі есімді теліп, ол – “шешен сөйлеу” деген актінің атауы  болса дейміз. Демек, әрі қарай біз орыс ғылымында «ораторское искусство, риторика, красноречие” деп жүрген категория сөз болған жерде ‘шешендік сөз” деген тіркесті актінің нәтижесі, материалы дегенге береміз,” – дейді автор (3, 30).

Қазақ тіліндегі шешендік сөздердің, үлгілердің қай ғасырда туындап, қалыптасқандығын кесіп-пішіп айту өте қиын. Алайда шешендік өнердің негізгі арқауы тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтқан билердің шешендік сөздерінде тәрізді, демек оларды алғаш тудырушы жеке адамдар болғанымен, заман ағымына сай, қолданыс аясына байланысты құбылтып өңдеуші халық.

Тарихи деректерге сүйенер болсақ, қазақтың шешендік өнерінің дамыған дәуірлерінің бірі XVII–XVIII ғ.ғ. Бұл дәуір қазақ халқының қоқан, жоңғар, қалмақ басқыншыларына қарсы ел тәуелсіздігін қорғау жолындағы ауыр күрес жылдарымен тұстас келеді. Осы кезеңде аттары шыққан қазақтың белгілі шешендері, билері мен батырлары: Төле, Қазыбек, Әйтеке, Сырым, Жәнібек т.б. аттарымен байланысты шешендік сөздер дұшпанның әрекетін, хандардың әділетсіздігін әшкерелеуге, елді бірлікке, күреске жұмылдыруға бағытталған. Кейде керісінше, ел тілегіне сай шешілген дау-дамайды халық соңынан қорытып, билердің тоқсан ауыз сөзінен тобықтай түйін жасалғандығы да байқалады.

“Өнер иесі де халық, даналардың анасы да халықдемекші, шешендік сөздер халықтың даналығын, тілінің байлығын көрсетеді. Қазақ халқының табиғи қасиеттерінің бірі ретінде оның сөзге шеберлігін айтуға болады, тұспалдау, меңзеу арқылы аз сөзбен көп жайтты аңғартуы да мүмкін. Халқымызға тән осы бір қасиет әртүрлі мақсатта қазақ елін аралап, тұрмыс-тіршілігімен етене танысқан шетелдік зерттеушілердің назарынан тыс қалмаған тәрізді. Бұл жерде, ең алдымен, XII ғасырдың соңында қазақ елі жайында жазылған әйгілі жиһанкез Марко Поло еңбегін ерекше атап өткен жөн болар. XIII–XIX ғасырларда орыс және шетел этнограф ғалымдарының қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрі, тілі, тәлім-тәрбиесі, мәдениеті туралы жазған материалдары жарық көре бастады. Әрине, олар қазақ халқының ежелгі дәуірден келе жатқан тарихына тереңдеп үңілмей, тек көшпелі халық тұрғысынан бағалады. Дегенмен, олардың қазақтар туралы жазылған бірқатар еңбектерінің өзі халқымыз жөніндегі тарихи мағлұматтарға едәуір үлес қосары айқын.

         Қазақтың шешендік сөз үлгілерін жинақтап, халықтың осы бір ерекше қасиетін байқаған, бағалаған белгілі ғалым В.В.Радлов:

“…Қырғыздар (қазақтар) өз көршілестерінен ұтымды сөздің ұрымтал тұсын тауып қолдана білетін тапқырлығымен және керемет шешендігімен ерекшеленеді. Менің жинаған материалдарым қазақтардың ақылы, ой өрісі мен тілі жайында нақты түсініктер мен мағлұматтар береді деп ойлаймын” деп, ойын басқа түркі тілдес халықтармен салыстыра отырып қорытады (4,17).

       Қазақ халқының шешендік өнері, сөздері мен сөз тіркестері құрылымындағы белгілі бір үйлесімділік, ұйқас, әуен-ырғақты сипаттаған еңбектер де баршылық. “Өнер алды – қызыл тіл,” “Шешеннің сөзі мерген, шебердің көзі мергендеп саналы сөзді сары алтыннан артық бағалаған халқымыз шешендік өнерді, атадан балаға мирас болған ақыл-нақылға толы өсиет сөздерді тәлім – тәрбиенің негізгі құралы еткен.

Ақылдың көзі – аталы сөз”, “Сөз тапқанға қолқа жоқ”, “Көз жетпеген жерге сөз жетеді”, “Сөз сүйектен өтеді, таяқ еттен өтеді”, “Қаһарлы сөз – қамал бұзар” тәрізді мақал-мәтелдерден ата-бабамыздың жүйелі түрде сөйлей білуді үлкен өнер санағаны байқалады. Әрине, “аузынан сөзі, қойнынан бөзі түскен” кісілер де кездеседі, бірақ жалпы алғанда, қазақ халқының тілге шебер, сөз өнеріне жетік халықтар санатына жататындығы ғалымдардың осы мәселеге байланысты зерттеулерінде нақтыланған. Мұндай қағиданың қалыптасуы тілдік ортаға байланысты болуы да мүмкін. Өздеріңізге белгілі, қазақ халқында бастапқы кезде жазу-сызу үлгісі үрдіс болмады да, айтылған ойды негізінен есте сақтап қалуға тырысатын. “Қадірсіз өнер халық есінде сақталмайды, халық бір алтын іздеуші, ол талғап алады да сақтайды және сақтай жүріп, олардың ең құндыларын, ең даналарын ондаған, жүздеген жылдар, тіпті ғасырлар бойы өңдейді” демекші, тілдің нарқын, сөздің парқын түсінетін тілдік орта өлең, жыр не мән-мағынасы мол мақал-мәтел, қанатты, нақыл сөз немесе “өткірдің жүзіндей, кестенің бізіндей” ұтымды сөз орамын есте сақтауға тырысқан. Зерттеу нысаны ретінде қарастырылып отырған тұрақты  бірліктер де сол тілдік ортада қайталанып, бірте – бірте қалыптасып, өңделіп және дамып отырған.

Шешендік сөздерді саралай қарасақ, халқымыздың тарихын, сан алуан оқиғалардың ізін, “ақ табан шұбырынды, алқа көл сұлама” тәрізді қиын – қыстау кезеңдегі көрген қиыншылықтары мен “қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған замандағы” тыныштығы мен бейбіт өмірі, торқалы той мен топырақты өлім сарынын байқауға балады. Шешендік сөздер халықтың өмірлік тәжірибесінің жиынтығы, ой-тұжырымдарының қорытындысы, “тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні” тәрізді. Олардың әрқайсысында өзіне ғана тән философиялық ой мен өзіндік тұжырым бар.

Олар жылдар бойы қаншама ұрпақ өкілдерінің өңдеуінен өтіп, халықтың жадында ұзақ сақталып, жатталып, бірте-бірте қолдануға даяр тілдік құралға, халықтық ортақ мұраға айналған. Халықтың  жадында кез келген нәрсенің ұзақ уақыт сақталмайтыны белгілі. Тілімізде сақталып қалған тұрақты тілдік бірліктердің ішінде алмастың жүзіндей өткірлері де, жүзіктің көзінен өткендей бейнелі көркемдері де, сабырлылыққа шақыратын, бірлікке, ынтымаққа баулитын алтынның сынығы тәрізді асылдары да, бір сөзбен айтқанда, ең құнды, құдіреттілері кездеседі.

Мысалы, “жаманнан жақсы туар – адам айтса нанғысыз, жақсыдан жаман туар – бір елтіріге алғысыз”,жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар; Алатауды айырып, Қаратауды қайырып; әулиеге ат айтып, қорасанға қой айтып тәрізді айтылар ойды астарлап, ықшамдап жеткізу мақсатында қалыптасқан мақал-мәтелдер мен фразеологиялық тіркестер жоғарыда айтылған пікірдің куәсі іспеттес.

Байқап отырсақ, мәнерлі, өрнекті, терең мағыналы, көркем сөз айшықтары болып саналатын фразеологиялық тіркестерді жүйелі түрде қолдану нәтижесінде ой тұжырымы астарлы, терең мағыналы, бейнелі болып қана шықпай, тыңдаушыға белгілі бір ой тастауы да мүмкін. Әрине бұл, екі сөздің бірінде терең мағыналы фразеологизмдер мен мақал-мәтелдерді немесе нақыл сөздерді қолдану керек деген сөз емес. Алайда “жүйесін таппаған сөз жетім, иесін таппаған ой жетім” демекші, бейнелеу, әсірелеу, теңеу, салыстыру т.б. толып жатқан көркемдік, стильдік тәсілдегі тұрақты тіркестерді шебер қолдана білудің өзі үлкен өнер. Ұтқыр ойды ұрымтал тұсын тауып жеткізе білу, жігін тауып сөйлей білу- ақыл мен парасатты, шеберлікті, ойлылықты талап етеді.

Жоғарыда айтылған тұрақты тілдік бірліктерді шебер қолданудың үлгілері олардың сыры мол табиғатын терең түсініп, сиқырлы күші мен құдіретін бағалай білген кешегі шоқтығы биік шешен де ділмар бабалардың, ердің құнын екі ауыз сөзбен тындырған тапқыр да әділ билердің, замана зарын, халқының арманын жеткізіп, күңірене күй толғаған абыз-жыраулардың сөз саптауларынан байқалады. Олардың дуалы аузынан шыққан, халықтың жадында ұзақ уақыт, тіпті ғасырлар бойы сақталып, рухани қазынаға айналып бізге жеткен сөз байлығының  сарқылмас бұлағы осы бейнелі сөз оралымдары.

Қазақ халқының сөз өнеріне жетік, тілге шебер келуі оның тұрмыс- тіршілігіне байланысты емес пе деген де ой келеді. Әрине, бұл бірнеше фактордың біреуі ғана болуы мүмкін. Енді осы ойымызды сарапқа салып көрелік.

Қазақ халқының көшпелі кезеңді бастан кешіргені, тұрмыс-тіршілігінің қашаннан мал шаруашылығымен байланысты болып келгені белгілі. Халық бір жерде тұрақтап қалмай, әр түрлі себептерге орай (бұл әрине, қыстау, күздеу, көктеу, жайлауға көшуіне немесе басқа түскен қиын-қыстау кезеңдерге, шапқыншылыққа байланысты болуы мүмкін) мекен ауыстырып отырған. Ал енді осының өзі-ақ бір философиялық тұжырымға негіз болатын тәрізді, себебі әрбір жаңа орын, мекен, көш бойы тамашаланатын табиғат көріністері – осының барлығы адамның психикасына, логикасына, ойлау қабілетіне, демек, сана-сезіміне ерекше әсер етеді.

Екінші бір фактор – халықтың мал шаруашылығымен айналысуы дедік, яғни қазақ халқы кейінге дейін төрт түлікті өсірумен шұғылданып келді. Күн көрісі, азығы, киім-кешегі, ыдыс-аяғы, отын-суы, қарап отырсақ, бүкіл тұрмыс -тіршілігін қамтиды. Байқап отырсақ, жердің кеңдігі, табиғат көрінісі, саф ауа мен тыныштығы мол тылсым дүниенің өзі адамның ой-қиялының тереңдеуіне, сана-сезіміне, байқампаздығына әсер ететін тәрізді. Байқампаздығы деп отырғанымыз, халық малды тек бағып қана қоймай, оған тән ерекшеліктерді байқап, адамдардың бет-пішінін, мінез-құлқын, іс-әрекетін сипаттау барысында ұтымды пайдаланып отырған. Мысалы, қойдан жуас, жылқыдан торы; жылқы мінезді (жігіт); сиыр мінезді (адам); бота көз; түйе табан; бұқа мойын; бота тірсек, бөкен сан; бес биенің сабасындай; ешкінің асығындай; қаңтардағы бурадай тәрізді тұрақты тіркестер тобы жоғарыда айтылған сөзіміздің куәсі іспеттес. Қазақ тіліндегі тұрақты тілдік бірліктердің ауқымды бөлігі төрт түлікке қатысты туындаған десек, артық айтқан болмаспыз.

Бейнелі сөз орамдарының халықтың жадында сақталуының себептерін айтатын болсақ, біріншіден, тұлғасы жағынан тілге жеңіл, белгілі бір ұйқасқа құрылғандықтан, құлаққа өте жағымды естіледі, көлемі шағын. Екіншіден, тілі көркем, астарлы және аз ғана сөзбен айтылар ойды толығымен жеткізеді.

Шешендік өнердің негізі, мәйегі болып саналатын тұрақты тілдік бірліктер белгілі бір кезеңде дуалы ауыздан шыққан шешен де тапқыр, ұтымды да аталы өсиет сөздердің бізге жеткен ұзын-ырғасы, желі-жұрнағы ғана. Ауыздан-ауызға көше жүріп сан қилы заманнан өткен, құлаққа сіңіп, көңілде жатталып, халық қазынасына айналған және уақыт өте келе сұрыпталып, сығымдалып, айтуға жеңіл, ықшам, қолдануға даяр тұрақты тілдік бірліктерге айналғандығы айқын. Демек, нақыл сөздерді, оларды алғаш қолданысқа енгізуші жеке тұлға болғанымен, оны сұрыптаушы да, өңдеуші де, есте сақтаушы да халық.

Қорыта келгенде айтарымыз, шешендік өнердің табиғи тылсым сырына тереңдеп бойлау, бейнелі, астарлы, терең мағыналы атадан балаға мұра болып жеткен тұрақты сөз оралымдарын өскелең ұрпаққа жеткізу, түсіндіру тілдің құдіреттілігін, шешендік өнерінің қазақ халқына тән қасиеттердің бірі екендігін түсіндіру–тіл мамандарының міндеттердің бірі.

Әдебиеттер:

1.     Об ораторском искусстве.М. 1973. Б.18.

2.     Бейсенов Қ. Қазақ топырағындағы қалыптасқан ғаклиятты ой кешу үрдістері. Алматы, 1994. Б.63.

3.     Сыздықова Р. Қазақ әдеби тілінің тарихы. Алматы: Ана тілі, 1993, Б.34.

4.     Радлов В.В. Обзоры народной литературы тюркских племен, живущих в южной сибири и джунгарской степи.ч 3. Спб., 1870. С.17.