*111793*

П.ғ.к., доцент Досанова А.Ж.

«Тұран-Астана» университеті, Қазақстан

Қазақ әліпбиі тарихының ғылыми негіздері

Ерте заман жазба ескерткіштерінің тілін зерттегенде оның жазу ерекшеліктері мен тарихын назардан тыс қалдыруға болмайды. Бұл ретте, алдымен жазу төлтума немесе өзге жұрттық па, белгілі тілдің дыбыстық жүйесін дәл өрнектей алды ма, өз басынан қандай өзгерістерді өткерді, т.б. мәселелерге айрықша көңіл бөлінеді. Сондықтан да орхон-енисей ескерткіштерінің тілі туралы сөз қозғаудан бұрын, оны жазуда қолданылған әліпби жайында айта кеткен жөн. Көне түркі жазуын оқуға алғаш жол салған Г.Томсен орхон-енисей таңбаларының бірқатарын Семит-пехлеви әріптерімен ұқсас қарады. Кейінірек ондағы 38 таңбаның 23 ғана арамей алфавитінде кездесетінін, түркі тілінің дыбыстық ерекшеліктеріне сәйкес, оның кейбір арамей емес таңбалармен толықтырылғанын ескертті. П.Мелиоранский орхон-енисей жазулары таңбалар негізінде пайда болды деген пікірді сынай отырып, көне түркі таңбалары орхон жазу үлгілерінің негізі болуы мүмкін деген пікірді мүлде негізсіз санамайды. Шынында да, енисей, талас ескерткіштеріндегі жүзден аса таңбаның тоқсанға жуығы орхон ескерткіштеріндегі 38 таңбаның 30 бір кездегі қазақ, қарақалпақ, қырғыз, түркімен, башқұрт секілді халықтар қолданған таңбалармен дәл келетіндігі байқалды. Осыған қарағанда орхон-енисей алфавиті көне түркі тайпалары негізінде пайда болған деген көзқарас шындыққа келетін сияқты. П.Мелиоранский орхон алфавитін сол дәуірдегі түркі тайпаларының талабы мен қажетін өтей білген, түркі тайпалары тілдерінің дыбыстық ерекшеліктерін дәл бере алған деп есептейді. Түркі халықтары қолданған ұйғыр, араб жазуларымен салыстыра отырып, В.В.Бартольд те түркі тайпаларының орхон-енисей алфавитін кең түрде пайдаланғанын, үндестік жағынан оның орнына келген ұйғыр, араб алфавитінен тиімді болғанын айтады.

Небәрі 23 таңбасы бар көне ұйғыр жазуы жоғарыдан төмен қарай жазылады. Жоғарыдан төмен қарай жазу монғолдарда бүгінге дейін жалғасып келеді. Ұйғыр жазуында әрбір таңба сөз ішінде келетін орнына қарай сөз басында бір түрлі болса, сөз арасында екінші және сөз соңында үшінші түрлі болып өзгереді. Көне ұйғыр жазуының 23 таңбасы 28 әріптің орнына қолданылады, ондағы 8 дауысты дыбыс 5 таңбамен беріледі, ал дауыссыз дыбыстар 18 таңба арқылы өрнектелген. Осы ұйғыр әліпбиіндегі дауысты, дауыссыз дыбыстар санына назар аударсақ, А.Байтұрсыновтың араб әліпбиінен ықшамдап жасаған әліпбиі ұқсас екенін байқауға болады. Онда 9 дауысты дыбыстың орнына 5 дауысты дыбыстың таңбасы ғана алынып, жіңішке дауыстылар жуан дауыстылардың фонемасы деп қарастырылады да олар дәйекше арқылы жазылады (а-ә, о-ө, ұ-ү, ы-і). Бұдан А.Байтұрсыновтың тарихи әліпбилерге де назар аударғаны байқалады.

М.Қашқари түркі тілдерінің дыбыстық жүйесіне араб алфавитінің сай еместігін алғаш байқаған. «Түркі тілдерінде қолданылатын негізгі 18 әріп бар. Бұлардан басқа ауызша айтылатын (жазуда емес) және 7 әріп бар, түркі сөзін оларсыз айту мүмкін емес» - деп жазған болатын. М.Қашқаридың айтуынша, араб алфавиті бойынша түркі тілдерінің 18 дыбысы ғана арнайы таңбалана алады, ал қалған жетеуінің ол алфавитте таңбасы жоқ болып шығады. Бұдан әрі М.Қашқари ол жеті дыбыс араб әріптерінің асты-үстінен қойылатын қосымша белгілері (харакелер) арқылы белгіленетінін айтады. М.Қашқари мына дыбыстарды түркі тілдерінің өздеріне ғана тән дыбыстар деп атайды: п, ж, дж, ф, ғ, г, ң.

XIX ғасырдан бастап қазақ халқы арабша сауат ашуға жаппай ден қоя бастады, барлық ауылдың ауқатты адамдары арнайы молда ұстап, балаларға араб әліпбиін үйретуді қолға алды.

Араб әліпбиі – ескі арамей әліпбиінің негізінде жасалған арамей жазуының төрт бұтағының бірі. Араб әліпбиі ХҮ ғасырға дейін де ішінара қолданыста болған, оңнан солға қарай жазылады. Қараханидтер тұсында Қазақстан жерінде бұл әліпбиді түрік мәтіндерін жазу үшін Х ғасырларда пайдалана бастады, түркі халықтарының арасына ХІІ-ХІІІ ғасырларда мұсылман дінімен бірге келіп, әрі қарай қолданыс тапты. Көп уақыттар бойы тек дауыссыз әріптердің белгілерін (консонанттық түрін) қолданды.

Араб әліппесінде 3 қана дауысты дыбыс әрпінің болуы, біріне-бірі ұқсас дауыссыз дыбыстар әріптері түркі тілдес халықтардың ешқайсысын қанағаттандыра алмады. Сондықтан да түркі тілдес халықтар ылғи оның түрін өзгертіп, әрпін көбейтіп отырды. Бұндай өзгерістер А.Байтұрсыновтың ескі араб негізінде алғаш рет ұлттық әліпби жасағанға дейін 30 рет болыпты.

Араб әліпбиі араб халқының өзінде де меңгеруге өте ауыр болғандықтан, Абдул Мәлік Халифтың тұсында (Хижраның І ғасырында) нүктелер пайда болады. Кейіннен әр әріптің астына, үстіне қоятын белгілерді ойлап шығарады. Диактритикалық белгілердің әр әріпке қосылу варианттарын ескергенде, әріп саны 500-600-ге жетеді.

Әрине, мұндай әліпбиді баспаханаға байланыстыру, қолайлау мүлде қиын болды. Сондықтан да арабтар, түріктер, парсылар баспаханаларында араб әліппесінің насх деген түрін қолайлап алды. Мұнда әр әріпке 16 асты-үсті үтірлерін қосып, таңбаның санын 128-ден 152-ге жеткізуге тура келеді. Сондықтан да баспахана жолымен кітап басу орыстарда 1563 жылы пайда болса, Мысырда араб әліпбиімен кітап бастыру 1821 жылы, Стамбұлда 1830 жылы әлдеқайда кеш пайда болды [2].

Әліпбидің қолайсыздығынан арабтар, түріктер, парсылар көп әуре болып, негізінен литография жолымен (тасқа басу) бастыруға қайта оралады. Осылайша, араб әліпбиінің икемсіздігі бүкіл Шығыс елдерінің мәдениетін кейін тартуға себеп болды.

XIX ғасырдың соңында қазақ даласында араб жазуымен «Түркістан уәләятының газеті» (1870-1883) «Дала уәләятының газеті» (1888-1902) сияқты басылымдар шығарыла бастады. «Түркістан уәләяты» газетінің бірінші нөмірі «Туркестанские ведомости» газетіне қосымша ретінде 1870 жылы 28 сәуірде Түркістан генерал-губернаторлығының орталығы Ташкент қаласында жарық көрді. Классикалық араб жазуы (қадим) негізінде шығарылған бұл басылымдардың беттерінде жарияланған материалдарды оқуда қиындықтар болды. Себебі, араб тілінің дәстүрімен жасалған әліпби қазақ тілінің табиғатын толық ашып көрсете алмады, жазба тіл мен ауызекі тіл арасында үлкен алшақтық қалыптасып, қазақ сөздері бұрмаланып жазылды, үндестік заңына нұқсан келді.

Басында мұның 22 әрпі болып, кейіннен араб халқы әріптерінің санын 28-ге жеткізді. Парсы мен түркі тілдес халықтар оған тағы 4 әріп қосып жалпы санын 32-ге жеткізді және сөздегі дауысты дыбыстардың барлығы жіңішке екендігін білдіретін сөз басында жазылатын «жоғарғы хамза» (дәйекше) деп аталатын белгі (ٴ) бар.

Арабтар жаулап алуының нәтижесінде ислам дініне бағынған халықтарда мектеп пен медреселер ашылып, ер балаларға бастауыш діни білім берілді, ал медресе діни қызметкерлермен бірге үкімет қызметіне де даярлайтын болды. Мектептегі негізгі міндет балаларды құранның мәтінін оқуға үйрету еді. Оқу балаларға түсініксіз араб тілінде жүрді. Құранды басқа тілге аударуға тиым салынды. Мұсылман мектептері балаларды құдайға, құдай қалаған үкіметке бағынуды талап етті [3].

Бұған дейін Қазақстан жерінде молдалар мен діни қызметкерлер даярлайтын мектептер мен медреселер ғана болса, енді патша өкіметінің Қазақстандағы саясатын жүргізіп, қазақ даласын билеу ісінде өкімет орындарына көмектесе алатын білімді қазақ шенеуніктері керек болғандықтан патша өкіметі амалсыздан қазақ ақсүйектері мен байларының балаларына  білім беру үшін орыс-қазақ мектептерін ашуға тиісті болды.

Әдебиеттер:

1  Архив КАЗПИ им. Абая. Опись Л-1 связка, №6 «Б», д. 209.

2  Досанова А.Ж. Қазақ әліпбиінің тарихы. –Астана, 2011. -20 б.

3 C.Бабажанов. Қазақтың қазақ туралы жазбалары // Қазақ прозасы хрестоматиясы. Құрастырған Х.Ж. Сүйінішәлі, - Алматы: Ғылым, 2001. ІІ-т, -671 б.