*112251*

Үй iшiнде ойналатын ойын атаулары

 

                                                                             Ақажанова А.А.

            С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті

 

Спорт, ойын баланың физикалық дамуына, ақыл-ойының қалыптасуына, еңбек процесіне  белсене араласуына, сөйтіп қоғамның белсенді мүшесі болуына тікелей ықпал жасайды. Спорт, ойын түрлері баланы төзімділікке, шыдамдылыққа, тапқырлыққа, тығырық - қиыншылықтан жол тауып шығуға тәрбиелейді. Бұл мақаланы жазуда үй ішіндегі ойындар туралы зерттеген Ә.Диваев, Б.Төтенаев, Е.Сағындықов, М.Рақымқұлов т.б. еңбектері, қазақ тілінің түсіндірме сөздіктері, «Древнетюркский словарь», этимологиялық т.б. сөздіктерді пайдаланып, талдау жасалды.

Тоғызқұмалақ – ертеден келе жатқан тоғыз ұялы ұлт ойынының атауы .  Ол - әлемдегі көне үстел ойындарының бірі. Адамдарды тәрбиелеу, олардың ой-санасын шынықтыру, жетiлдiру құралдарының қатарына жататын қиын да қырық ой спорты түрлерiнiң бiрi - қазақтың математикалық тоғызқұмалақ ойыны. Бауырлас қырғыз, қазақ елдерiнiң арасына кең тараған, ерте заманнан берi ұмытылмай келе жатқан бұл ойынның қашан шыққанын, қайдан шыққанын және кiмнiң ойлап тапқанын дәл айта қою қиын.

Тоғызқұмалақ ойыны туралы ғылыми терең талданып, жете зерттелген оқу құралдары,  әдебиеттері әлі жеткіліксіз. Тек 1967 жылы «Қазақстан» баспасынан жарық көрген Т.Сұлтанбековтің «Шахмат. Дойбы. Тоғызқұмалақ» деген кітабынан осы ойынның ауызекі тараған тарихын ғана оқып білуге болады. 1975 жылы «Қазақстан» баспасынан шыққан Ә.Ақшораевтың «Тоғызқұмалақ» атты кітабы - шын мәнінде бұл өнерді тереңдете зерттеген тұңғыш еңбек. Кітапта тоғызқұмалақтың тарихы, мән-мазмұны, ойнау ережесі ғана емес, ойынның бүгiнгi талабына орай жаңаруын да кеңінен қамтып, ол өзгеріске ғылыми түсiнiк береді, тоғызқұмалақтың қыр-сырын терең әңгiмелейдi.

1957 жылы баспадан шыққан М.Тәнекеевтің «Қазақтың ұлттық ойындары», М.Рақымқұловтың «Тоғызқұмалақ» деген кітапшасынан, газет-журналдардағы бірен - саран жарияланған материалдарда «Тоғызқұмалақ ойынын тұңғыш рет қойшылар ойлап шығарыпты» делінген. Тоғызқұмалақтың тағы бір атауы «Қойшылар алгебрасы» деп те аталады. Тоғызқұмалақ ерте заманда қойдың құмалағымен ойналып келген. Бұл ойынға күрделі жабдықтардың да керегі болмаған. Екі ойыншыға тоғыз-тоғыздан шұңқыр, құмалақ жинайтын үлкен ұя және әр қайсысы үшін 81-ден барлығы 162 құмалақ қана керек болған. Оны қойшылар жерден қазып-ақ ойнай берген екен. Келе-келе ойын қазақ арасына кеңінен тарап, қалың бұқараның мәдени қажетіне айналған.

         Қазiргi уақытта да тоғызқұмалақ ойыны жылдан - жылға халық арасына кең тарап келедi.

Тілдік тұрғыдан алғанда тоғызқұмалақ атауы халық тілінде ежелден белгілі сөздерден құралған, құрамындағы сөздердің лексикалық құрамы, мағыналары айқын. Тоғыз және құмалақ сөздерінің тіркесі ауыс мағынада қолданылып, соған шектес, қатысты ұғымды білдіруіне байланысты, келе-келе ойын атауына айналып кеткен. Тоғыз сөзі, оның мағынасы көптеген шығыс халықтарында ерекше мәнге ие. Мысалы, моңғолдар 9 санын қасиетті деп есептеп, ханға жіберілетін сыйлық 9 заттан тұратын болған. Сол салт татарларда сақталған: қалыңдыққа берілетін сыйлық 9 заттан тұрады. Құмалақ сөзі де ежелден белгілі М.Қашқарида қомуқ «жылқының құмалағы» қомуқла «жылқының құмалақтары» түрінде берілген.

Байқап қалбалалар екi топқа бөлiнiп ойнайтын ойын атауы. Екi топ өздерiне басшылар тағайындайды. Ойын атауы байқап және қал сөздерінің тіркесі шектес ұғымды білдіруіне байланысты ауыс мағынада ойын атауына айналған. Байқап қал жалпы бір нәрсені байқауды емес, нақты нысанды байқауды меңзеп тұр.

Санамақ – балалардың бірден онға дейінгі сан атауларын басқа бір заттарға балап тіркестіре бейнелеп, бейімдеп санамалап ойнайтын ойын атауы.

Бiр дегенiм - бiлеу

Екi дегенiм - егеу

Үш дегенiм - үскi

Төрт дегенiм - төсек

Бес дегенiм - бесiк

Алты дегенiм - асық

Жетi дегенiм - желке

Сегiз дегенiм - серке

Тоғыз дегенiм - торқа

Он дегенiм - оймақ

Он бiр қара жұмбақ.

Бұл ойынды 1-5 жас аралығындағы балалар жеке-жеке де, топтанып та ойнайды. Санамақ ойыны мәтініндегі сөздер негізінен балалардың өздеріне таныс сөздер. Тек қазіргі балалар білеу, үскі, торқа сөздерінің мағынасын түсінбеуі мүмкін. Білеу – жұқалаң келген қайрақ дегенді және заттың жұп-жұмыр екендігін білдіретін сын есім (білеудей темір). Үскі – ағаш не былғарыны тесуде қолданылатын іші қуыс біз. Торқа – қымбат, бағалы жібек мата дегенді білдіреді. Мәтіндегі әрбір санды айтылуы жағынан соған үндес келетін басқа зат атауларына балап айту сандарды тез үйренуге, есте сақтауға мүмкіндік береді. Былай қарағанда балап айтылатын зат атаулары мен сандардың арасында ешқандай семантикалық байланыс жоқ. Бірақ дыбыстық үндесімдердің аллитерациялық, ассонанстық үйлесімі әрбір тіркестің стильдік-экспрессиялық әсерін күшейтіп тұр. Мысалы, бір дегенім – білеу дегенде әрі аллитерация (б-б), әрі ассонанстық (і-і) дыбыстық үйлесім бар. Үш дегенім – үскі де солай, ол ассонанстық (ү-ү) және жіңішке буындық үйлесімге негізделген. Осылайша туған стильдік әсер тартымды түрде сандарды тез үйренуге баулиды.

Саусақ санау – 3-5 жас арасындағы балалардың ақыл-ой, түсінігіне сәйкес ойын атауы. Мәтіндегі сөздер негізінен балаларға таныс сөздер. Бірқатар сөздерден (шаш, мына жерде, бар, келсе) қайталап дыбыстық, буындық үйлесімдер мәтінді тез еске сақтауға мүмкіндік береді және мәтіннің экспрессивті сипатын арттырып, оны тартымды етіп тұр.

Қуыр - қуыр қуырмаш,

Балапанға бидай шаш.

Тауықтарға тары шаш,

Әжең келсе, есiк аш,

Қасқыр келсе, мықтап бас.

Мына жерде қой бар,

Мына жерде ешкi бар,

Мына жерде сиыр бар,

Мына жерде түйе бар,

Мына жерде жылқы бар,

Мына жерде күлкi бар,

Қытық, қытық!

Бес саусақ

Бiр

Бiлән,

Кәлен,

Кәтiс,

Отыз.

Инемдi тап – жастардың ине тығып ойнайтын ойыны атауы. Инемді тап ойынының лексикалық құрамы халық тілінде белгілі сөздер. Ойын атауы инемді және тап сөздерінің тіркесі негізінде пайда болған. Осы сөздердің тіркесі шектестік, қатыстық мағынада ауыс мағынада қолданылып, ойын атауына айналған.

Шертпек – балалардың бірін-бірі басынан, маңдайынан шертіп ойнайтын ойынының атауы. Шерт етістігінен пек қосымшасы арқылы туған шертпек сөзі шектес, қатыстық ұғымды білдіріп, ауыс мағынада ойын атауына айналған. Сөйтіп, қимыл атауын білдіретін шертпек етістігі заттық сипат алып, екінші номинативтік атауды, ойын атауын білдіріп тұр.

Белбеутастау – қыз-бозбалалардың  белбеуді жасырып ойнайтын ойыны атауы.

Белбеутастау ойыны атауының лексикалық құрамы халық тілінде белгілі сөздер. Белбеу және тастау сөздерінің тіркесі шектестік, қатыстық мағынада ауыс қолданылуы нәтижесінде ойын атауына айналған, яғни заттану сипаты бар номинативтік атауға ие болған. Белбеу сөзі оғұз хаған туралы аңызда (ХІІІ ғ.) белбағ «алтунлдғ белбағы» - «алтынданған белбеу» түрінде берілген. Соған қарағанда белбеу – бел+бау сөздерінің тіркесінен шықты деуге болады.

Білектесу – жастардың бірінің білегінен бірі жалғаса ұстап, күш сынасып ойнайтын ойыны атау. Бұл ойын бiлек күшiн дамытуға арналған.

Ойын атауы қимыл атауын білдіретін білектесу сөзінен шыққан. Осы сөздің шектестік, қатыстық мағынада ауыс қолданылуынан ойын атауы пайда болған. Білектесу тек қимыл атауын ғана білдірмейді, оның негізінде шыққан заттық сипаттағы ойын атауын білдіретін номинативтік сөз болып табылады. Білек сөзі М.Қашқарида білак, білакліг (білек, білекті) түрінде берілген.

Жаңылма – балаларды зерделілікке, ұқыптылыққа, байқампаздыққа баулитын ойын атауы. Жаңылма – етістік түбір «жаңыл» сөзіне болымсыздық мән тудыратын «ма» қосылу арқылы жасалған, халық тілінде белгілі сөз. Ә.Қайдар жаңыл сөзінің тарихи тегін жаң+ыл деп ажыратады. М.Қашқарида жаңыл осы күнгі белгілі мағынасында берілген. Қазақ тілінде жаңылма болымсыздық етістігі шектестік, қатыстық мағынада қолданылуына байланысты заттық сипаты бар номинативті ойын атауына айналған.

Ұшты-ұшты – алдыңғы ойын сияқты балалардың зерделілігін, ұқыптылығын, жинақылығын, байқампаздығын жетілдіруге бағытталған ойын атауы. Ұшты-ұшты дегенде құстың я бір нәрсенің ұшуын емес, халық арасына кең тараған ойын атауын елестетеміз. Ұшты сөзінің түбірі және одан туған сөздер көне түркі ескерткіштерінде кездеседі.

Жаңылтпаш – айтуға қиын тиетін сөздерден, сөз тіркестерінен құралған ауыз әдебиетіндегі шағын жанр атауы. Жаңылтпаш – қазақ ұлттық ойындарының ерекше түрі, қызықтысы, күлдіргісі, балалардың тіл сындырып, тіл үйренуіне себепші болады. Жаңылтпаштың сөздері, сөз тіркестері адамды жаңылдырарлықтай қиын, көбінесе, ұяң және қатаң дауыссыз дыбыстардан құралады, қарасөз немесе өлең түрінде айтылады. Жаңылтпаш ойын-сауықтың мәйегі. Ойын тәртібі бойынша басқарушы оның мәтінін айтады да, ойынға қатысушыдан үш рет тез-тез қайталауды сұрайды. Сөз тіркестерінің айтуға қиындығы  жаңылдырма й қоймайды, жұртшылықты күлкіге кеңелтеді. Бұған көз жеткізу үшін бірнешеуін оқып талдап көрелік. Суда сең келеді, сең үстінде сегіз серке тең келеді. Сақалын суға мала, сілке, сақалын суға мала, сілке деген жаңылтпаштағы с дыбысынан басталатын суда, сең, сегіз, серке,  сақалын, сілке сөздерінің екі реттен қайталап айтуда қиындық тудырып, тіл сындырады. Мәтіндегі аллитерациялық (с-с) дыбыстық қайталаулар, келеді сөзінің қайталануы әрі жаңылтпаштың тартымдылығын, стильдік әрін күшейтіп тұр.

Көгеріп көк өрік, көк өрік, Ағашта тұр көк өрік көгеріп деген жаңылтпаштағы көгеріп, көк өрік, көк өрік сөздері мен тіркестерінің қайталануы, бір-біріне тіркес-тіркес келуі бұл сөздердегі аллитерациялық (к-к) және ассонанстық (ө-ө) дыбыстық үйлесімдер жаңылтпаштың стильдік тұрғыда тартымдылығын арттырумен бірге, айтуға қиындығын да тудырып тұрған сияқты.

Мыршым – алқа-қотан отырған қыз-бозбаланың жүзікті не тиынды аузына салып, жасырып ойнайтын ұлттық ойын атауы. Сол гректердің «мим» (сөзсіз ойнайтын) театры қазақтың «үндемес» я «мыршым» ойнауына ұқсайды (С.Мұқанов).

Мыршым кей жерлерде мырыш-мырыш деп аталатын өте ертеден келе жатқан ойын. «Мыршым» сөзінің түбірі мыр болуы мүмкін. В.Радлов Осман түріктерінде мыр мысықтың «мияуы», мырылда «мияулау», мырла «мияула» мәнінде қолданылатынын көрсетеді. Үндемеу мәніндегі мыршым сөзі ауыс мағынада соған шектес, қатысты туған оның атауын білдіріп, номинативті сипат алған деуге болады.

Бастаңғы – үлкендер жол жүріп кеткенде үйде қалған қыз-келіншектердің бас қосып, ойнайтын ойын-сауық атауы. Тоғжан үйінің үлкендері жүріп кеткен соң, құрбылары жиылып бастаңғы істетіп жатыр (М.Әуезов). Бастаңғы Талдықорған жақта бастан деп те аталады. Бастаңғы бірнеше фонетикалық тұлғада осы мағынада басқа түркі тілдерінің бірқатарында бар. Татар диалектісінде бастаңғыр, құмық тілінде бастанғыр, башқұрт диалектісінде баштанқыу, ноғай тілінде бастанув, Астрахань татарларында – башланғыр, қырғыз тілінде – бастан т.б. Халық этимологиясында бастаңғы «басты танудан» шыққан, жолаушылап кеткен адамның басын таңып, ырым жасамаса, басы ауырады-мыс. Орта Еділ бойындағы халықтардың рухани мәдениетіне қатысты лексикасын зерттеген Р.Г.Ахметьянов бұл сөздің шығу тегін парсы тілінің бастан құр тіркесінен шығарады. Парсыша бустан «бау-бақша, бақ», кур «жақын құрбы». (Кур сөзінің құр тұлғасында құрбы, құралпас, құрдас сөздерінен кездестіруге болады). Сонда бастан құр «бақ ішінде жастардың бас қосуы» дегенді білдіреді.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер

 

 

1.                 Сұлтанбеков Т. Шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ. Алматы: Қазақстан, 1967. – 219 б.

2.                 Рақымқұлов М. Тоғызқұмалақ. Алматы, 1975.

3.                 Жанпеисов Е. Этнокультурная лексика казахского языка (на материале произведений М.Ауэзова). Алма-Ата: Наука, 1989. – 283 с.

4.                 Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. 1-10 тт. Алматы: ғылым, 1974-1986.

5.                 Қазақ әдеби тілінің сөздігі. 1-3 тт. Алматы: Арыс, 2006.

6.                 Древнетюркский словарь. Ленинград: Наука. Ленингр.отд., 1969. – 676 б.

7.                 Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі. Алматы: Ғылым, 1966. – 240 б.

8.                 Радлов В.В. Опыт словаря тюркских наречий. СПб, І-ІҮ тт. 1888. – 1911.

9.                 Кайдаров А.Т. Структура односложных Корней и основ в казахском языке. Алма-Ата: Наука КазССР, 1986. – 323 с.

 

10.             Ақшораев Ә. Тоғызқұмалақ. Алматы: Қазақстан, 1975. – 202 б.