*112781*

Құлабаев Н.Ж.

аға оқытушы

А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті, Қазақстан, Қостанай қ.

 ИМАН БАҒЫНДА ТҮЛЕГЕН ЖЫР

 

  Жолбарыс қажы Баязид – қалың жұртшылыққа “Бақытымның бұлағы”, “Жыр дүние”, “Жыр мен сыр”, “Жыр-ғұмыр”, “Ақиқаттың ақ шыңы”  атты жыр жинақтарымен етене таныс  белгілі ақын, іргелі қаламгер. Жолағаң жырлары замандас қаламгерлер мен өлең сүйер оқырмандар тарапынан жоғары бағаланып келеді.Ақын шығармашылығының бағасын ақын Қадыр Мырза: «...Бұл жырлар жай қатардағы жырлар ғана емес. Куәгердің қаламынан туған бағалы дүниелер. Ерте ме, кеш пе оқырманын табатын шежіре шумақтар» деп салмақтаса, Е. Бағай: «...Ол қызба тілді қызыл сөздің лепіргіш ақыны емес, ойдың, тебіреністің, суреткерліктің парасатты ақыны. Абайдан бастап қазақ поэзиясының шамшырағы болып жүрген қазіргі белді, белгілі жазушылардың шығармаларын үлгі тұтқан, сыршыл да шыншыл ақын. Сондықтан да оның өлең-жырлары оқырман жүрегіне жол тауып, жақсы ұялай қалады» - деген тұжырым жасайды.

  Жалпы, ақынның шығармашылық жолын, өлеңдерінің көркемдік мәні мен мазмұнын һәм тақырыптық аясын зерде сарабына салып,  таразылар болсақ, оның туындылары дәуір, кезең, түсінік, пайым-парасат, құндылықтар алмасу құбылысын бастан кешірген қос ғасыр тоғысындағы замана келбеті мен тынысы барынша кең қамтылады.

  Ақынның бұрынырақтағы өлеңдері бір төбе де, кейінгі жылдары жазған жырлары бір төбе. Жолбарыс Баязидтің ақындық талғампаздығы мен қаламгерлік қуатын танытатын туындылары – ақын дүниетанымына құбыла қақпасы кең ашылған кейінгі жылдардағы өнімді еңбектің жемісі. Әлемнің дара данышпандарының көбі өздерінің парасат шыңын бағындырған шағында мойынұсынған қасиетті Ислам дінінің қуат-күші мен қадірін терең ұққан ақынның өлең тілімен өрнектелген иман жырлары оқырманды Алланың – хақ, ал Исламның ұлық дін екендігіне иландыра түседі. Адамға руханият әлеміндегі Алланың ғажайып туындыларының бірі – Иман бағын аралағандай күй кештіретін ақын өлеңдері сонау шалғайда жатқан Құбыла елінің құпияларынан сыр шерте отырып, оқырманға мүмін затының бес парызының бірі қажылықтың мәні мен маңызын ұғындырып, оның ізгілік пен парасат, ар мен иман, бақыт пен баяндылық жолындағы салауат сапары екендігін түсіндіреді.

Ақын санасын сілкіндірген Саудия елінің сәруар суреттері сайын даланы мекендеген сахара еліне көркем айшыққа толы көрікті тілмен сыр шашады.

                   Мән-мұраты ғұмырдың сағыныштан тараған,

                   Ойлы, биік тұғырды бағына жан санаған.

                   Ыстық сезім жүректе ізгілікке айналып,

                   Ізгі рухпен нұр еткен дүниені дана адам.

                   Мекке елінде не ғажап қилы тағдыр қосылған,

                   Алла алдында айыпты мың әрекет тосылған.

                   Адам ата, Хауа ана тұңғыш рет тірлікте,

                   Дидарласып жүзбе-жүз көрісіпті осында.

Дүние кілті – ізгілік, ізгілік кілті – сағыныш. Сағыныш жүрекке ізгілік сезімін ұялатып, нұр құяды, адамды дана етеді. Мекке елінде қилы тағдырды түйістірген Ұлы күш те – осы ізгілікке деген сағыныш. Ақын түсінігінде, адам осы имани ізгілікті шынайы сағыну арқылы Ақбар Аллаға біртабан жақындай түседі, нұрына бөленеді.

  Ақынның “Қажылық”, “Ихрам”, “Жидда”, “Мекка”, “Қағба”, “Зәмзәм”, “Арафат тауы”, “Пайғамбар”, “Мадина” өлеңдері – қажылық сапар хақындағы поэзия тілімен өрнектелген анықтама іспетті. Қажылық рәсімдерінің әр қайсысын жан жүрегімен сезініп, өне бойынан өткізіп, көзімен көріп, басынан кешірген Жол-аға бақыт сапарының әр белесін терең түйсіне отырып, нәзік иірімдерге толы өрнекті тілмен жыр жолдарына айналдырады. “Ихрам” атты өлеңінде ақын қажылықтың үш парызының бірі – ихрам оранудың жай-жапсары мен мәнін түсіндіреді: «Күнәлі сөз, іс-ниеттен тыйылар,//Ақ матаға орнаудың сыйы бар.//Ихрам киген күндер ғажап бір дәурен,//Көкірегіңнен тілек, дұға құйылар.//Ихрамның мағына-мәні ірі екен,//Қажылықта ол үш парыздың бірі екен.//Тәңірі алдында тұрғандай боп әр сәтте,//Сәбиге ұқсап егілуің шын екен//». Ақын Ұлы Аллаға жақын келген күндеріндегі әсерлі сәттерді осылай барынша шынайы, нанымды жеткізеді. Оқырманның жүрегін баурап, санасын сәулелендіретін, ізгі ойға сүрлеу салатын өлең.

  Абыз жастағы ақынның жан-жүрегімен тебіреніп, толғана толғауы, беріле жырлауы да оның ішкі жан дүниесіне нұр шашқан иман сәулелерінің жылуы мен құдіретті қуаты болса керек. Оның, әсіресе, адамды имандылық пен ізгілікке шақыратын өлеңдері үлкен толғаныстан туған туындылар. Ақынның өзі де имандылық тақырыбын шынайы жырлауы арқылы жаңа бір рухани кеңістікке қанат қағып, соны бір парасат биігіне көтеріледі.

  Ақынның “Мекка”, “Қағба”, “Зәмзәм”, “Арафаттауы”, “Пайғамбар”, “Мадина”, “Әл-Харам мешітіндегі жұма намазы” өлеңдері жалпы қазақ поэзиясында көп жырлана қоймаған тақырыптар. Мейлінше түсінікті, жатық та көркем жазылып, оқырман көңілінде  бірден ұялап қалатын аталмыш жырлар мазмұны жағынан сабақтаса келіп, бүтін бір циклді құрайды. Ақын шығармашылығының тақырыптық аясын кеңейте түсетін бұл өлеңдер әсерлі де әдемі суреттерге толы. «Мекке бару әр мұсылман арманы,//Барған жұрттың аз болмайды алғаны.//Көңілің толқып, ораласың сәби боп,//БірАллаға аманат деп алдағың.//Келген бетте жеңілдейді бойың да,//Жан жадырап, жаңарады ойың да.//Аман қайтсаң қасиетті сапардан,//Беретұғын Құдай үшін тойың бар//». Әр мұсылман баласының ұлы  парызы – қажылық сапарынан рухани қазына мен Саудия елі ғажайыптарының әсерлі сәттері ақын жүрегінен осылайша жыр болып ақтарылады.

  Асылы, өз өмірінде олқылық жібермейтін адам жоқ. Бұл дүниеге жіберген пенделерінің періште болып оралмайтынын Алла да сезетін болар. Сондықтан да ол өзін сүйген әрбір құлына көктен қыран түсіріп, жүрегіне сәуле, жолына нұр екті. Пенделік күнәдан пәниде арылуға мүмкіндік жасады. Біз мысалға алып отырған жыр үзіктері де осы нұрлы жолға түскен сәулелі жүректің толқынысынан ғана шығары хақ. Ақын өз жан-тәнімен сезінген жәйттерді, Мекке сапарынан кейінгі өзінің ішкі дүниесінде болған жаңғыру мен жаңару, ағару мен тазару сияқты құбылыстарды ешбір жасандылықсыз шынайы жырлайды: «Бұл парызды өтеу үшін келгендер,//Ұлы Алланың құрмет еткен қонағы.//Құдіреттің ризалығына енгендер,//Анасынан жаңа туған болады.//Шын жалбарын, тілеп күн-түн дұғаңды,//Сенсең, Алла кешіреді күнәңді.//Намазыңды, оқы білген құранды,//Ләззат келсін тыңдағандай мың әнді». Ақынның танымдық, тағылымдық сипаты мол әр өлеңі өзінің тақырыбына сай құнды мағлұматтарға да толы. Мысалы, “Медине” атты өлеңі күллі мұсылманның киелі шаһары мен Алланы жалаң мадақтап қана қоймайды, сонымен қатар оқырманды шаһардың бұрынғы аты Ясырап болғандығынан, оның гүлденіп, көркеюі мен Мединат-Расул-Аллах атануының тарихынан да хабардар етеді.

  Жолбарыс қажы Баязидтің ақындық ұстанымы мен шығармашылық кредосын танытатын жыр-толғамдары, иман мен ізгілік, достық, адалдық, адамгершілік мәселелерін қозғайтын өлеңдері мен ел мен жер, тіл тағдырына қатысты толғаныстарынан туған шығармалары жетерлік.

  Ақын өлеңдерінен адамгершіліктің асыл мұраттары, имандылық иірімдері сыр шертіп тұрады. Ақынның имандылық, дін жайлы өлеңдерінің жүгі салмақты. Әдебиет тарихында Ж. Баласағұн, Қ. Иассауи, Шәкәрім қажы сияқты ұлы тұлғалардың шығармашылығына алтын арқау болған адамгершілік, имандылық, Алла мен оның ақ дінін аса құрмет тұтып, оларды жырмен толғау адамзаттың мұратты тірлігі мен тағдыры үшін тиімді әрі сауапты іс-амал. Ғұмырының миуалы шағын имандылық тақырыбын жырлауға арнаған ақын Жолбарыс қажы Баязид шығармашылығы өзінің жаңа қырын, үлкен табысын танытты.