*112328*

                     Тіл дамытудың оқыту жүйесіндегі алатын орны.

 

 № 36 жалпы білім беретін орта мектептің бастауыш сынып мұғалім

                    Смагулова Айман Тиышбековна

   Тіл дамытудың қайнар бұлағы – баланың өзін қоршаған ортасы, басынан өтіп жатқан оқиғалар.

   Тіл – ұрпақ тәрбиесінің пәрменді құралы, рухани байлықтың баға жетпес құдіретті, қуатты қайнар көзі. Ана тілі – халықтың өткен ұрпағы, қазіргі және келешек ұрпағы арасындағы тарихи жалғастықты жүзеге асыратын бірден – бір сенімді құрал. Елімізді, туған жерімізді ана тіліміз арқылы танып білеміз, халықтың рухани байлығының сарқылмас бастауы да осында. Ана тілін оқыту тіл дамыту жұмыстарынсыз жүзеге аспайды. Тілі жақсы дамыған бала ойы да дамыған, жақсы мен жаманды толық айыра алатын,  әділдік пен әділетсіздікті тани алатын азамат деуге болады. Адам тілі арқылы ойын дәл жеткізе алады. Дұрыс сөйлеп, дұрыс жаза білуге дағдыланған баланың сөйлеген сөзі де, жазғаны да түсінікті болатыны айқын.

Тіл дамытудың басты мақсаты – баланың ойлай білу, оны сыртқа дұрыс қорытып айта білу қабілетін қалыптастыру. Қазақ сөзінің құдіреті, сөйлеудегі керемет тіршілігін сезіндіру, ана тілінің сырларын білу, сөйлеу өнерін игеруге ұмтылу. Осы орайда тіл дамытуға, мәдениетті сөйлеуге, қарым – қатынас жасау үшін мынандай талаптар қойылады.

   Біріншіден, сөз мазмұнды болу керек. Бұл талапта оқушылардың сөйлемдегі сөздердің мәнін, мағынасын толық түсінуін қамту. Біздің қоршаған дүниені танып білудің екі жолы бар: а)бақылау арқылы (көру,есту,сезу)

ә)   сөз арқылы жаңа ұғымды қабылдау.

Бұл екі тәсіл де белсенді ойлау, есту қабілеттері арқылы жүзеге асады.

   Екіншіден, сөз жүйелі болу керек. Бала өз ойын ауызша, жазбаша айту кезінде ойға байланысты негізгі сөзге назар аударады.

   Үшіншіден, сөзіміз нақты және анық болу керек. Баланың өз ойын жеткізуде ең қажетті сөздерді, сөз тіркесін, сөйлемдерді ретке алады.

   Төртіншіден, сөзіміз мәнерлі болу қажет, ол сөздер оқушылардың сезіміне әсер ету керек.

   Бесіншіден, сөзіміз түсінікті болу қажет, оқушылардың жас ерекшелігі, қызығушылығы, білім деңгейі еске алынады. Тілдің дұрыстығы, нақтылығы, дәлдігі, түсініктілігі, мәнерлілігі тіл дамыту жұмыстарын жүргізудегі басты міндет.

 Тіл адамның бір – бірімен пікір алысу, қарым – қатынас жасау құралы болып қана қоймай, қазіргі кезеңде кез келген адамның мәдени және рухани өсуінің басты көрсеткіштерінің бірі саналады. Сондықтан да жас ұрпақтың тілін дамыту жұмысын отбасында баланың кішкене күнінен бастап қолға алудың тәрбиелік мәні зор. Бұл шақта баланың өзін қоршаған дүниені танып білуге құмарлығы, қызығушылығы ерекше дамиды. Ал танымдық белсенділік баланың сөйлеу, бір нәрсені сұрап – білу, өз ойын хабарлап жеткізу қажеттіліктерін тудырады.

   Тіл дамыту мақсаты:

·        дыбыстарды дұрыс айтуға, оларды бір – бірінен ажырата білуге үйрету;

·        өз ойын еркін жеткізуге, байланыстырып сөйлеуге машықтандыру;

·        тіл мәдениетіне, көркем сөз өнеріне баулу.

Өтілетін танымдық тақырыптармен қоса, ауыз әдебиетінің озық үлгілері: төрт түлік жырларын, мақал – мәтелдерді, ертегілер мен мысалдарды, жұмбақтар мен жаңылтпаштарды шағын өлеңдер мен тақпақтарды қамту.

   Мектепке алғаш келген бала ана тілінде жөндеп сөйлей алмайды. Мұндай жағдайда сыныптағы әр шәкіртпен жүргізілетін жұмыста әр түрлі болады. Сонымен бірге тіл үйрету, тіл дамыту оқушының ойлау қабілетімен тығыз байланысты болғандықтан, олардың ойлау қабілетін жан – жақты дамытып, кеңейтіп отыру көзделеді. Бірінші сыныпқа келген шәкіртті алғашқы кезде көзге көрініп тұрған сынып ішіндегі заттардың аттарын ататып, сурет бойынша сөз, сөйлем құрауға үйретеміз. Қала балалары көбіне сөздің мағынасын түсіне бермейді, сондықтан сол сөздің баламасын, не орысшасын айтып түсіндірген жөн. Түсініксіз сөз оқушыны тез жалықтырады, әрі қажетті уақытты тиімді пайдалануға кесірін тигізеді. Кейбір балалар сөз, сөйлем құрап, шағын ертегілер айтып бере алатындай болып келеді, ал оны ары қарай жетілдіру – мұғалімнің қолында. Оқушылардың тілін дамытудағы басты міндеттің бірі – оқушылардың жалпы сөйлеу мәдениетін, сөздік қорын, байланыстырып сөйлеуін дамыту болып табылады.

   Оқушыларға ертегіні түсінікті етіп оқып беріп, өздеріне оқытса, олардың кітап оқуға құштарлығы қалыптасады. «Құмырсқа мен қоңыз» мысалының мазмұнын өзара сұрақ қойып айтқызып, осы мысал бойынша көрініс қойдық. Оқушылар құмырсқа мен қоңыз сөзін рөлге бөліп оқып, сахналады. Сонымен бірге «Қаңбақ шал», «Қожанасыр мен хан», «Алдаркөсе мен бай» т.б ертегілерді қызыға оқиды.

   Оқушылардың тілін дамытатын әдіс – қысқа тақпақтар жаттату, өлең сөздерін дұрыс айтуға жаттықтыру. Мысалы: Ө.Тұрманжановтың «Нан қоқымын шашпаңдар!» өлеңінен:

                      Нан қоқымын шашпаңдар!

                      Жерде жатса баспаңдар!

                      Теріп алып қастерлеп,

                      Торғайларға тастаңдар,- деген жолдарды бала тез жаттайды, сол арқылы дұрыс, таза сөйлеуге жаттығады. Жаттауға алынған тақпақтар сөзі жеңіл, оқушыларға түсінікті болса, олар қызығып тез орындайды.

   Оқушыларды тағы бір тапқырлыққа жетелейтін, ойын дамытатын тәсіл жұмбақ жаттау. Мысалы: Ол жұмса, көзін,Көрсетеді, сөйлемді

Ұйықтаймын өзім.   (шам)Өзі ешкімді көрмейді    (теледидар)

   Тіл дамытуға оқушыларды өте қызықтыратын – жаңылтпаштар. Бала бір сөзді бір, екі рет қайталап айта отырып тез жаттап алады. Жаттаған жаңылтпаштарын ұзақ уақыт ойларына сақтап, ұмытпай айтып жүреді. Себебі, жаңылтпаштар біріншіден, оқушының ой – өрісін дамытса, екіншіден, сөздік қорының баюына көп әсерін тигізеді. Сонымен қатар тіл байлығын дамытатын асыл сөздер, халқымыздың арасында ертеден келе жатқан сөз мәйегі – мақал - мәтелдер. Халық даналығы «Мақал – сөздің мәйегі»,-деп мақал -мәтелдердің тәрбиелік мәнін Отанды сүюге, адамгершілікке, достыққа жетелейтінін ұғындырған.

   Тіл дамытуда қойылатын бір талап, балалардың дыбыс есту қабілетін дамытып, тіліміздегі түрлі дыбыстарды ажырата білуге үйрету. Сондықтан оқушылардың жеке дыбыстарды дұрыс дыбыстауын үнемі қадағалап, кей балаларда болатын тіл мүкістігін түзету, дұрыс сөйлеуге дағдыландыру үнемі назарда болуға тиіс. Ол үшін оқушылардың қай дыбысты дұрыс айта алмайтынын анықтап алу керек.

   Оқушылардың көбі р, л, с, з, ж, ш дыбыстарын дұрыс айта алмайды. Осындай оқушыларға тіл дамыту сабақтарында үнемі назар аударып, оларға сол дыбыстарды жаттату үшін шағын тақпақтар, жұмбақтар, жаңылтпаштар, мақал – мәтелдер айтқызу орынды. Әсіресе оқушыларды ауызша тіл дамыту жұмыстары кезінде үлкендерден естіген ертегі, әңгімелері бойынша сөйлетіп үйретудің пайдасы зор. Мұндағы ұтымды жағдай бола өзін ортаға, айналаға сын көзбен қарап, жақсы мен жаманды, еңбекқорлық пен жалқаулықты, кішіпейілдікті байқайды. Олардың сөйлеткенде сөйлемдердің қысқа, түсінікті, жүйелі құрылуына, айтып отырған әңгімелерінен үйренген жаңа сөздерді дұрыс айтуын, жазуын қадағалау керек.

   Оқушылар көрген, оқыған әңгімелеріне еліктеп, сөздерді ойдан құрап жазады.

Оқушылардың ойлау қабілетін дамытуға сөзжұмбақ, ребус, ұйқасын топ ойындарының әсері мол.

   Оқушылардың тілін дамыту, ақыл – ойын, қиялын, ой ұшқырлығын дамытуда математикалық жаттығулардың да үлесі мол. Оқушылармен ұлттық ойындар арқылы тақырыпқа сәйкес ойын есептер ұйымдастыру, сол арқылы олардың ойына байсалдылық, тапқырлық, шындық қасиеттерін сіңіру. Көбіне сабақта қазақтық ұлттық ойындарын қолданамын. Мысалы: «Сақина салу», «Ақсүйек» тағы басқа да ойындар. Сөзжұмбақтар, ребустар шешудің баланың ой ұшқырлығын дамытуға әсері мол.

   Қорыта айтқанда, оқушылардың өз ойын айқын да көкейге қонымды етіп айту, әдеби тіліміздің шұрайлы сөздерін пайдалана білуге дағдыландыру үлкен жауапкершілікті жүктейтіні сөзсіз.

   Осы орайда бала тілін дамытудағы негізгі мақсатым – халқымның тіл байлығын ұрпақ бойына сіңіру.

 

 

 

 

Пайдаланған әдебиеттер:

 

1.      Бастауыш мектеп.     №12  1991жыл

2.      Мен – адаммын.        2000ж Алматы. Б.Қ.Игенбаева

3.      Бастауыш мектеп.     №5    1993жыл

4.      Озанбаев  Ө.О. Халықтан асқан ұстаз жоқ.     Алматы   1997ж

5.      Табылдиев Ә.    Тағылым.       Рауан   1995ж