ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ ТАБИҒАТЫ МЕН ШАРУАШЫЛЫҚТАҒЫ ИГЕРІЛУІ

 

Ғылыми жетекші: Маханова Н.А.

Мираимова Жанель, Алтен Дамира Био-215 арнайы топ студенттері

 

Жамбыл облысы Орталық Азияның  орталығында, 42-450  с.е. пен 69-75 ш.б. аралығында орналасқан. Солтүстік аймағы жазық-Мойынқұм, Бетпақдалаға оның тосқауылсыз шығып жатса, шығысында Айтау ( Шу-Іле) таулары, ал оңтүстігінде Қырғыз Алатауы, батысында Қаратау тауларымен шектеседі. Шу және Талас өзендерінің төменгі ағысында орналасқан.Шығыс, Оңтүстік және Батыс шекаралары табиғи шекара- су айырық жоталармен өтеді.

 Жалпы облыс жер көлемі 145,2 мың. км. (5%). Бұл жөнінен ол республика облыстарының арасында оныншы орында тұр. Жамбыл облысы, алып жатқан ауданы бойынша Португалия, Греция, Исландия сияқты мемлекеттердің аудандарынан төменірек, ал Ұлыбритания мен Италия жерлерінің жартысына тең. Егерде бұрынғы Кеңес одағының елдерімен салыстыратын болсақ, онда үш  Закавказье елінің немесе үш  Балтық жағалауы елдерінің көлемімен шамалас. Жамбыл облысы солтүстіктен оңтүстікке-400 шақырымға, ал батыстан шығысқа қарай –500 шақырымға созылады.

Негізінен Жамбыл облысының  жер бедерінің басым көпшілігі жазық. Тау жоталары территорияны батысынан, шығысынан және оңтүстігінен көмкереді. Оңтүстік шығысында-Кіндіктас таулары Іле Алатауының жалғасы бірнеше массивтерге бөлінеді: Солтүстік Шығысында – Қордай қыраты (1300-1500 м) шығысында – Желдітау, Оңтүстік жазығында Арғайты көтерілісі  (1300-1400м), ал батысында – Ақкөйлек қыраты.

Кіндіктас солтүстік- батысында Шоқпар ойпатына ( 200м) ұласса, оның аржағында Шу-Іле таулары ұласады. Оның биік нүктесі Айтау ( т.д. 1800м). Тау жоталары ұсақ  шоқыларға ұқсас, тегістелген беттер, тік жар қабақты беткейлермен аласарады. Аса тілімделген аридті үгітілудің  формалары жиі ұшырасады. Шу-Іле таулары солтүстігінде біртіндеп аласарып,  Бетпақдалаға ұласады. Оның оңтүстік-батысында Шу өзені аңғарымен екі ортада қүмды-лесты сексеуіл  даласы орналасқан.

Облыстың оңтүстігіне Кіндіктас пен Талас аңғарының аралығында Қырғыз Алатауының батысы енеді. Тау жотасы шығыстан батысқа жүрген сайын біртіндеп аласарады. Меркі, Аспара өзендерінің бастауында биіктік-4125 м болса, Шұңқыр, Мақпал өзендері бастауында биіктік 3783-3006 м., Тектұрмас массивінде 833 м. дейін аласарады.

Қырғыз Алатауы Талас Алатауымен шектескен жерінде, биік тау шыңдарына тұрақты қар жамылғысы дамыған. Қырғыз Алатауы горизонтальды, вертикальды бағытта күшті тілімделген. Жамбыл облысының оңтүстік-батысында Қаратау (800-1600м), шығысында Кіші (немесе Шығыс) Қаратау жотасы орналасады. Ол оңтүстік-батыс Қаратауда       әлдеқайда аласа. Жақпарлы-қатпарлы тау болғандықтан, таулардың төбесінде тегістелген беттер сақталып қалған.

Кіші Қаратаудың оңтүстігінде Боралдай массиві (700-800м) көтеріледі.Су айырық жоталары үшкір, қырлы, құзды болып келеді, беткейлі тік жарқабақты, құлау бұрыштары 30-400  -қа жетеді. Бұл, мұнда эрозиялық процестің  қарқынды жүруіне себеп болады. Тау аралық  аңғарларында өзендер ағып жатады.

Шу мен Талас өзен аңғарлары кең, жайылмасында жайылма үстілік террассалары дамыған. Шу өзенінің Қамқалы тұсындағы террассаның ені –10-15 шақырымға жетеді.  Шу өзенінің Қамқалы тұсындағы террассаның ені –10-15 шақырымға жететін болса, Талас өзенінің Үшарал тұсындағы террасса ені де осыған жуық. Өзен террассаларының биіктігі 1-2м, төменгі ағысында 3-4 м артады. Шу аңғарынан солтүстікке қарай        биіктігі 3-5м болатын   құмды-шөлді төбелер мен қырқалар солтүстік- шығыс бағытында созылып жатыр. Құмды төбелі  массивтер арасында тереңдігі 5-7 м болатын ойыстар кездеседі. Кейбіреулер оншақты шақырымдарға дейін созылады, ал ені 1-3 м болады, табанында кішігірім көлдер дамиды. Құмды қырқалар өсімдіктермен  бекіген, ал арасында сусымалы құмды төбелер де жиі ұшырасады.

Мойынқұм оңтүстік- шығысқа  қарай  біртіндеп көтеріледі, Бұйратты құм жоталарының  салыстырмалы  биіктіктері 30-40м. болады.

Бетпақдала шөлінің Жамбыл облысына оңтүстік-шығысы кіреді. Шөлдің бедері батысы мен шығысында екі түрлі: батысында жазық аласа (300-500м) болса, шығысы көтеріңкі, ұсақ шоқылы, қалдық аласа таулы болып келеді. Солтүстік- батыс бағытында созылып жатқан Шу-Іле  тауларының жалғасы болатын Жамбыл (974м), Қойжарылған,  Майжарылған, Байғара таулары созылады. Таулардың аналық жыныстары (гранит, порфирит, кварцит, сланец) жер бетінде ашық шығып, таулардың жанында , беткейлерінде үгітілуден босаған тақта тастар қорымдар сияқты үгіліп жатады.

Жазық батыс бөлігінде, Бетпақдаланың абсалюттік биіктігі 325-450м аралығында. Бұл бөліктерде аласа шоқылар ұшырасады, олардың арасындағы ойпаң-ойыстарда  батпақты сорлар, тақырлар дамыған.

Бетпақдаланың оңтүстігінде Шу аңғарымен екі аралықта Сарыой жазығы  орналасқан. Осында Шу өзенінің ескі арнасы бүгінде, ұзындығы 1,5 м болатын құрғақ аңғар аңғарлады.

Жамбыл облысы территориясының басым көпшілігі жазық ойпатты. Солтүстік аймағында Бетпақдала шөлі (200–300м), орталық және         Оңтүстігінде Мойынқұм шөлі (400-600м) орналасқан. Территория солтүстіктен оңтүстікке қарай біртіндеп көтеріледі. Оңтүстігінде Қырғыз Алатауы созылып жатса, батысы мен шығысында Қаратаумен (1000-4200м), Айтау (1000-2000м), Шу-Іле таулары (800-1000м) көмкереді.

Облыс территориясының солтүстігінде, солтүстік-батыста ашық жатуы, ыстық тропиканың континентальды, арктикалық суық ауа массаларының емін-еркін еніп кетуіне жағдай жасайды.

Жылдың суық мерзімінде территория температурасы қазан айынан наурыз айына дейінгі аралықта, солтүстіктен Сібірлік антициклон тармағы ықпалында болады. Солтүстік-облыс жерін ылғалды ауа массасы Каспий теңізінің оңтүстігінен келеді. Европа жазығының оңтүстігінен Атлант мұхитының ауа массасы ықпал алып келеді.

Облыс территориясының батысындағы, шығысындағы, және оңтүстігіндегі таулардың барьерлік функциясының арқасында жауын-шашынды тау алдыңдағы жазықпен салыстырғанда орташа жылдық жауын-шашынды мол алады. Тау алды бөктерлерінде-300-350 мм.Қырғыз Алатауында жылына-500-600 мм-ге дейін ылғал түседі. Осыған байланысты, Жуалы қыратында, Қырғыз Алатауының бөктерлерінде богорлы егіншілік дамытуға мүмкіндік бар. Бұл бір, екіншіден, Шу мен Талас өзендері салаларының бастау алуына мүмкіндік береді.

Жамбыл облысы территориясындағы Кіндіктас (1300-1500м), Тектұрмас, Жуалы ( 600-800м), Боралдай ( 700-800м) таулы қыраттарында су эрозиясы қарқынды жүреді.

Облыс территориясының басым көпшілігін алып жатқан Мойынқұм шөлінде дефляция процесі активті. Себебі  бекімеген көшпелі құмдар ауданы шөлдің 45-55%- тін алады. Аккумулятивті құмды шөлдердегі эолды рельеф формалары территорияда-табиғи антропогенді шөлбасу құбылысының дамуына ықпал етеді.

Жамбыл облысының геологиялық құрылысы мен пайдалы қазбаларының экологиялық салдары әр алуан. Құмды шөлдегі сусымалы құмдар мен тау бөктерлеріндегі лесс тау жыныстары тасымалдануға, шөктіріліуге бейім. Сондықтан олардың бойында көптеген техногенездің зиянды заттары жиналады. Минералды шикізат көздерін игерген кезде жер қойнауындағы химиялық  элементтерді жер бетіне шығарып, территорияның геохимиялық фонын бұзуға әсер етуде. Оның табиғи дәлелі, облыс жерінде қалыптасқан геохимиялық аномалиялар; Қаратау, Жамбыл, Жаңатас маңындағы геохимиялық аномалиялы судың, топырақтың зиянды заттармен ластануынан көруге болады.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1.Павлов Н.В. Ботаническая география СССР.-Алма-Ата, 1948.

2.Павлов Н.В. Растительные ресурсы Южного Казахстана.-М., 1947.

3.Елеуова К.Т. Оценка окружающей среды Жамбылской области.-Алматы: Ғылым, 1994.

4.Ақбасова А.Ж. Саинова Г.Е. Экология, -Алматы, 2003.

5.Контроль химических и биологических параметров окружающей среды. Под.ред. Л.К.Исаева.-Эколого-аналитический информационный центр: Союз, 1998.