т.ғ.к., доцент З.Е. Колумбаева

«Тұран-Астана» университеті

 

XV-XVII ҒҒ. ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҒДАЙЫ

 

Өндірістің номадтық әдісі. Қыс кезіндегі ауыл, қыстақтарда рулық-шаруашылық ауылдарын құрайтын 5-тен 15-ке дейін жетелеген өзара туыстас шаруашылықтар орналасты. Бұл қыстақтардың төңірегінде көшпелі малшылардың өздерінің азын аулақ азық-түліктік егістері болған. Мұнда шаруашылық ру басы жазғы маусымға өз мүшелерінің, туыстарының кедейленген бөлігін қалдырып отырған, ал олар жай, қарапайым құралдармен бар күш жігерін тауыса еңбек ете отырып, жер өңдейді, егістерді қолдан суару үшін арықтар жасайды, өнімді жинап, өңдеп жайлауға көшкен өздерінің «бақытты» ағайын-туыстарын, бидай тағамдарымен қамтамасыз етеді. Жер иленушіліктің, жерге меншіктің басқада түрлері болған: інжу-хан жерлері, мүлік-жеке меншіктегі егістік алқаптарда кездесетін жерлер, бахор-Қазақстанның оңтүстік өлкесінде, исламның тараған аймақтарындағы мұсылман мекемелері мен дін басыларының жерлері.

Қазақстанның Оңтүстік аймақтарында феодалдық шартты түрдегі жерге ету мен жер меншігінің тұрақты түрлері қалыптасты. Қатардағы көшпенділер, малшылар, егіншілер, отырықшылар мен қолөнершілер, тұтамтай ауыл тұрғындары көптеген салықтар мен алымдар төлеуге міндетті болды. Малшылардан зекет, соғым, сыбаға, егіншілер мен қолөнершілерден ұшыр, тағар, бадж, хоредж алынды және олар борыштары міндетті жұмыстарын, сауып, қоналғы, жамалғы, мардикалды орындады.

Бірлескен қауым – қазақтың қоғамының өндірістік-шаруашылық негізі.

Бірлескен қазақ қауымында дуализм құблысы орын алған, яғни қоғамдық өндіріс бір жағынан, жайылым жерлерін ортақ иленумен, екіншіден, малға отбасылардың жеке меншігімен сипатталады. Қазақстандағы меншік түрлерінің негізі мен маңызы даулы мәселе боп табылады. Тарихшылардың бір бөлігі өндірістің феодалдық тәсіліне ірі жер меншігі тән және бұл экономикалық негізсіз көшпенділер қоғамына феодализмнің орнау барысын шамалау да мүмкін емес деп санайды. Олар егіншілердегі сияқты көшпенділерде де өнірістің негізгі құралы жер деп есептейді.

Екінші көзқарас, көшпелі мал шаруашылығының басымдығы кезінде өндірістің негізгі құралы жер емес мал, ал жерге келетін болсақ, онда ол еңбек күшін қолданбай-ақ, өзінің табиғи жағдайында жайылым ретінде пайдаланған деген тұжырымға келеді. Көшпелі және жартылай көшпелі шаруашылықтарда өндірістің негізгі құралы шынында мал болған шығар. Ал жерге тікелей жеке меншік болмаған. Қазақтардың өндірістік-шаруашылық әрекетінің түрі бірлесіп еңбек ету қағидаларына құрылған ауылдық қауым болған.

Мал шаруашылығы қауымында өндірісті ұйымдастырудың ерекшелігі, бұл оған қосылған жеке адам тек еңбек етуші ғана емеес, сонымен бірге мал түріндегі өндіріс құралының белгілі бір мөлшеріне иелік етуші еді. Малдан айрыла отырып, шаруашылық қауымының тең құқты мүшесі бола алмайтын да еді, өйткені ол енді қосымшалық қағидасының жүзеге асуына жәрдемдесе алмайды немесе қауымнан бөлініп, одан шеттеле бастайды.

Малдың бір бөлігінен айрылған шаруашылықтар көбіне өздері тектес кедейленген шарушылықтармен бірлесіп еңбек ету ісіне, жаңа қауымға бірігуге мәжбүр болды. Сондықтан бір қауымға біріккен шаруашылықтар саны 20-30-ға жетіп, тіпті 50-ден асатын ауыл-қыстауларды кездестіруге болатын еді. Бірақ мұнда сол бөліну, оқшалану жағдайлары орын алды. Қауымды билеушілер жалпы өнімнің бір бөлігін жарлы кедейлердің және аз қамтамасыз етіп, қадағалап, отырады, бірақ мұның бәрі де оларға деген әр түрлі жеке тәуелділік түрлерін тудырады.

Қазақ қоғамының әлеуметтік топтарға бөліну принциптері: 15-17 ғғ. қазақ қоғамы көшпелі мемлекеттік дәстүрлерін сақтап қалды. Ақсүйек тобын: төре – Шыңғыс тұқымы мен қожа – Мұхаммед пайғамбардың ұрпағы болып саналатын діни топ өкілдері құрады. Қарасүйек тобы: батырлар, билер, байлар, жатақ, қара халық құрады. Көшпелі қоғамдағы нақты билік иелері- ру- тайпа билері мен батырлары, яғни қазақтың потестарлық ұйымының жетекшілері болып келеді. Әлеуметтік топты екіге топтастыруға болады: біріншісі ақсүйектер мен рудың беделді адамдары (би, шешен, батыр, жырау т.б.) Екіншісі дала кеңістігіндегі негізгі тұрғындар емін- еркін жайлаған көшпелілер.

XVІғ. тағы бір ерекшелігі көшпелі тайпалардың шаруашылық құрылымына географиялық орналасуына байланысты үш жүздік құрылымның қалыптасуы. Бұл ең алдымен көшпелі қоғамның этноәлеуметтік процестердің нәтижесі. Қазақстанда бір-бірінен оқшауланған негізгі шаруашылықтың үш түрлі ауданы әлдеқашан қалыптасқан болатын. Бұлар: Жетісу, Орталық Қазақстан және Батыс Қазақстан. Осы территорияларда көшпелі тайпалар шаруашылық аймақ ретінде пайдаланса, кейіннен «жүз» деген «жақ», «бөлік», «бағыт» деген мағынаны білдіретін құрылымның қалыптасуына алып келді.

Қазақтың үш жүзі жөнінде алғаш толық мәліметті көне аңыздардан, шежіре деректерінен кездестіреміз. Жүз турасына келгенде пікірлер әртүрлі, ойымыз сан-саққа саяды. Бұл, біріншіден көшпелі салты туғызған ел билеудің жүйесі екені анық.

Шежіре деректерінен ішінде Мәшһүр жазбалары бізге аңыздың ең көне нұсқасын қалдырған. Аңыз бойынша үш жүздің қалыптаса бастау кезеңі Майқы би заманына меңзейді. Майқы би Алатау, Қаратаудың алабын мекендеп, күн кешіп жүрген баланы кезіктіріп, оған баласы Үйсінді бас қылып, атқа мінгізіп, ердің ері, егеудің сынығы дегендей жүз жігітті іріктеп қасына қосып береді. Дәлірек айтсақ аңыздағы Майқы бидің бұларды аттандырып тұрып, мына бағытқа нұсқайды: «..Қаратаудан әрман қарай асыңдар, Шу мен Сарысуды көктей өтіңдер» –дегені Жәнібек пен Керей сұлтандардың соңына ерген» көшпелі өзбек мемлекетінен бөлініп шыққан тайпалардың Жетісу жерінде қазақ хандығының негізі қаланған кезі болса, «Ұлытау, Кішітау деген таулар бар» –деуі Қазақ хандығы Қасым тұсында ата қоныс мекені Ұлытау жерін мекендеді [1,60].

Көгенің діндарлығы, Көгілташтың салынуы, сол кездегі қазақ-өзбек арасындағы діни дау (ғазауат соғысы), бұл оқиғалардың тарихи аңызға түсіп, шежіреге араласуы бекер емес. XVІ ғ. ІІ-ші жартысы қазақ руларының Бұхар хандығына бағынышты болуы, мұсылман дініне біржола ден қою, өз ішінен діндарлардың шығуы барлығы да Шығай заманымен қатарлас. Аңыздағы Көге Мекеге барды делінгенмен, шын өмірде Шығайдың Меккеге баруы ақиқат. Аңызда XVІ ғ. ІІ-ші жартысы оқиғаларының бірнеше сұлбасы бар. Алдымен қазақтың бытыраңқылығы, екіншіден, қазақ-өзбек арасындағы қарама-қайшылық, үшіншіден, дінге біржола бетбұру кезеңі.

Шығай заманы шежіре деректерінің назарынан тыс қалған деп айтуға болады. Тарихи фольклор деректерін тұтас халықтың өткен тарихының мол қоры деп есептесек, бұл жолда бізге діни аңыздардың жазылып қалуы, Шығай хан заманынан біраз мәлімет алуға мүмкіндік туғызды. Діни медресенің салынуы жайындағы аңыз-әңгіменің тарихи шындықпен тұтасуы тарихи фольклордың деректік құнын арттырады. Аңыз мазмұны XVІ ғ. Соңында Қазақ хандығында болған тарихи дінге бет бұру кезеңін толық сипаттайды. Яғни, ісләм дінінің қазақ арасында кеңінен тарауы.

Тарихи зерттеулер бойынша XVІ ғ. соңы XVІІ ғ. басы мынадай сипатқа ие. Есім хан заманында Қазақ хандығы Орта Азияға бейім болғаны деректерден анық сезіледі. Мәселен, Шығай, Тәуекел, Есім хандарға байланысты оқиғалар, Шығайдың Абдолла хан қарамағында болуы, Тәуекелдің Бұхар, Самарқанд қалаларына шабуылы, Есімнің Самарқанд уәлаятын билеуі т.б. Яғни, Қазақ хандығының Оңтүстік шекарасы кәзіргі Өзбекстан жерінің бөлігін қамтиды. Ал Солтүстік шекарасы Сібір хандығы және қалмақ иеліктеріне тікелей тіреледі. Оның дәлелін Оразмұхамед сұлтанның Сібірге оқиғасы, Сәтбек батыр жөніндегі жыр, қазақ-қалмақ соғыстарының баянынан табамыз. Батыс шекарасы ноғай билерінің ұлыстарымен тығыз байланыста болғаны кейбір архив-деректерінде бар. (Мәселен, Тәуекелге келген В. Степанов елшілігі) Қазақ хандығының Шығыс өлкесі Алатау қырғыздары, Жетісу бойы, Балқаш өңірін толық қамтиды. Бұл тұжырымның айғақты дәлелдерін біз төменде толық келтіруге күш саламыз. Сонымен Есім хан тұсындағы Қазақ хандығының территориясы кәзіргі қазақ жерінің негізгі бөлігін қамтиды.

Әз Тәуке заманындағы әр түрлі саяси оқиғаларды қазақ шежіресі ауыз әдебиетінің басқа да түрлері бірсыдырғы баяндайды. Олардың негізгі желісі «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғаларымен тікелей байланысты болып келеді. Шәкәрім: «бұл Әз Тәукенің тұсында қазаққа қатағанда, қалмақта, өзбек-сартта жау болып, Тәшкентті алып, қазақ онда көп тұра ламай, 1652-ші жылдары ауып, Әмудариясының жағасына, Парсының бергі шетіне барды» [2,79]. 1652-ші жылы кейбір деректерге қарағанда Салқам Жәңгір хан қалмақтың батыры Қалдаман тайшымен жекпе-жекке шығып, қайтыс болған. Мүмкін қазақтың Әмударияға қарай қопарыла көшуі осы себептен болар. Ұлы жүз шежіресінде «Ұлы жүз Жиделі Байсынға алты рет ауыпты. Алғашқы рет Қожамберді тұсында екен. Бұл Есім хан тұсында болған» деуіне қарағанда қазақ жұртының оңтүстікке көрсетілген мерзім ішінде бірнеше рет қоныс өзгерткенін аңғарамыз [3,80].

Қалмақ деректері және соны мол пайдаланған Ресей тарихшылары 1681-1684 жылдары Жоңғария әскерінің Түркістан өңірін шапқыншылыққа ұшыратып, Сайрам қаласын қиратқанын жазады[4]. Қазақ шежіресін қарасақ осы оқиғаларға Әз Тәукенің де, оның жанындағы билері Төле мен Қазыбектің де қатысы болса керек. Себебі Қазыбекке байланысты айтылатын аңыздарда, оның 18 жасында Қоңтәжіге елшілікке барғаны айтылады. Егер туған жылы 1666 жыл мөлшері десек, онда 18-ге келген уақыты 1684 жыл. Яғни, 1681-1683 ші жылдардағы қалмақ шабуылында қолға түскен қазақтарды тұтқыннан босатуға Қазақ Ордасынан барған елшіліктің уақыты шығады [5].

XVІІ ғасырдың ортасы қалмақ руларының Сарыарқа және Жетісу жерлеріне батыл жылжитын уақыты. Осы жылжудың нәтижесінде Сарыарқада қоныстанған қазақ руларының бірсыпырсы Жиделі Байсынға, жалпы оңтүстікке көшуі әбден мүмкін. Мұны Дулат ақын [XІX ғ.ортасы]:

Ата қоныс Арқадан

Басында қазақ ауғанда,

Күзді күнгі нөсердей

Көзінің жасы жауғанда,

Ақтабан болып шұбырып

Асып асқар таудан да, - деп суреттейді [6,88].

XVІІІ ғасырдың ауыз әдебиетінде бұл оқиғалар «бастапқы ақтабан» деген атпен сақталған. Бұқар жыраудың, Үмбетейдің толғауларында қазақ елінің басына түскен қиыншылықтарды суреттей отырып, қашанда осы бір ауыр кезеңді [XVІІ ғ.80-ші жж.] еске түсіреді. Ал, жалпы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғалары ең алдымен 1723-25 жылдардың мөлшеріне қатысты. Бір жағы алапат жұт, екіншіден қалмақтың шабуылы қазақ руларын батысқа және оңтүстікке ысырып тастады. Кейін келе оңтүстікке [Жиделі Байсынға] тұрақтай алмай негізгі рулар қайтадан солтүстікке лықсып, Сарыарқадға келді. Сонымен түпкілікті қазақ жерін Жоңғария қолынан босату осы XVІІІ ғасырдың 30-шы жылдары іске асты деп мөлшерлеуге болады. Бұл көшіп-қонуды Балкаши наңыздарының негізінде суреттейді. Қазақ XVІІІ ғасырдың тарихи біздің зерттеу жұмысымыз жоспарына келе қоймайды. Екіншіден XVІІ ғасыр тарих ғылыми әдебиетте тыңғылықты зерттелген. Ал XV-XVІІ ғғ. тарихы әлі де ғылыми жағынан да, ауыз әдебиетінің тарихи үлгілерін пайдалану жағынан да кенже қалып келеді.

Әз Тәуке заманы аталатын қазақ тарихының «алтын ғасыры» өзінің маңызды бейнесімен аңыздар мен толғау жырлар арқылы танымал. Қазақ халқының мемлекет есебінде, этнос есебінде өмір сүруіне тікелей ықпал еткен уақыт деп осы кезеңді айтуға болады. Ел өміріне, болашағына қатысты маңызды құжаттар мен шешімдер осы тарихи кезеңде қабылдануы осы тұжырымның айғағы.

Әдебиеттер:

1.        Көпеев М.Ж. Қазақ шежіресі. –Алматы: Жалын, 1993. –76 б.

2.        Құдайбердиев Ш. Түрік, қырғыз һәм хандар шежіресі. –Орынбор, 1911. –82 б.

3.        М.Ж. Көпейұлы. Абылай хан //Абылай хан. –Алматы,1993. –319 б.

4.        Из истории международных отношении в Центральной Азии (средние века и новое время). –Алматы, 1990. –184 с.

5.        Гродеков Н.Н. Киргизы и кара-киргизы сыр-Дарьинской области. т. І. Юридический быт. –Ташкент, 1898. –320 с.

6.        XV-XVІІ ғғ. қазақ поэзиясы. –Алма-Ата, 1982. –240 б.