ЖҰМАБЕК
ТӘШЕНОВТЫҢ ҚОҒАМДЫҚ ҚЫЗМЕТІ
ХХ
ғасырдың 20-жылдары Мәскеудің ұйғаруымен
Қазақстанның құрамынан
Қарақалпақ АКСР-і алынып, Өзбекстанның
құрамына қосылғаны мәлім. Осы кезде
қарақалпақ халқының тілі мен
салт-дәстүрінің өзбектен гөрі
қазаққа жақындығы, халықтың
мақсат-мүддесі, қарақалпақ зиялыларының
жоғарыға бірнеше рет жазған хаттары, ондағы талап-тілектер
мүлдем ескерілмеді. Қазақстанның жері онсыз да
көлемді, басқару қиынға соғады деген сылтау
айтылды. Осы аздай 50–60-жылдары орталық басшылықтың
мүддесіне сай Қазақстанның жерін тағы да
бөлшектеу әрекеті басталды. Міне, дәл осы кезде
қарақан басының қамынан гөрі ұлттық
мүддені жоғары қоя білетін Жұмабек Ахметұлы сынды
шыншыл қайраткер бұл саясатқа бірнеше рет қасарыса
қарсы тұрды.
Ол 1915 жылы Ақмола облысы, Аршалы
ауданы, Бабатай ауылында дүниеге келген. Ақмола құрылыс
техникумын аяқтаған соң бірден көптеген
қызметтерді атқарып, ел дамуына үлес қосты. Солтүстік
Қазақстан, Ақтөбе облыстарында
төрағалық қызметтер атқарды. 1955 –1960 жылдары
Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі
Төралқасының төрағасы, 1960– 1961 жылдары
Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы
қызметтерін атқарды. Осы қызметте жүргенде Н.С.Хрущевке
қарсы шығып, қызметі төмендетіліп, 1961–1975 жылдары
Шымкент (қазіргі Оңтүстік Қазақстан) облысы
атқару комитеті төрағасының орынбасары болды.
Ж.Тәшенов
1954-1956 жылдары қазіргі Оңтүстік Қазақстан
облысының Бостандық, Мақтаарал аудандарын
Өзбекстанға беруге қарсылық білдірді.
Қазақстан-Өзбекстан шекарасы 1924-1925 жылдары межеленген
соң осы екі ел арасындағы шекара мәселесі 20-50-жылдары 5-6
рет көтеріліп, сонша комиссия жұмыс істепті. Біріне өзбектер
риза болмаса, келесісіне қазақтар келіспеген. Үшіншісін
Мәскеу бекітпеген. Үш тараптың мүддесі бір арнаға
құйылмаған. Өзбектердің негіздемесінде, бұл
аудандарға қазақтар Ташкент арқылы өтетіндігі
айтылып, оның үстіне мақта мол шығатын
аудандардың басшылығын бір қолға беріп, еңбек
өнімділігі мен басқаруды қолайлы ету керек деп
көрсетілді. Сөйтіп бүкіл КСРО-ның тұралаған
экономикасын көтеруді желеу еткен ала тақиялы ағайындар
оңтүстік аудандарды Өзбекстанға қосып, өз
жерлерін кеңейте беруді көздеді. Ал қазақтар болса,
бұл ежелден өздерінің атамекені екенін алға тартып, ол
жерлердің Қазақстанға да керектігін дәлелдеп
бақты. Міне, осы кезде Қазақ КСР-і Жоғарғы
Кеңесі төралқасының төрағасы Жұмабек
Тәшеновтің төрағалығымен (мүшелері:
М.Бейсебаев, С. Дәуленов, Х. Арыстанбеков, А.Морозов, В.Голосов, В.
Шереметьев) арнаулы комиссия құрылады. Ол комиссия: “Өзбек
ССР-іне Мақтарал ауданының кейбір бөліктерін беруге
келісеміз, ал Үкіметтің Бостандық ауданын беру туралы
өтінішін негізсіз деп санаймыз” деген шешім шығарады. Комиссия
шешімі 1955 жылдың 1 маусымында сол кездегі Қазақстан
Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Л.Брежневке
жіберіледі. Л.Брежнев басқарған Орталық Комитет:
“Бостандық ауданы Өзбекстанға берілмесін” деген қаулы
қабылдайды.
Еліміздің
солтүстік облыстарын Ресейге қосу туралы мәселе
көтерілгенде Жұмабек Ахметұлы үнсіз отыра алмады. 1953
жылы 5 наурызда КСРО-ны 31 жылдай басқарған И.В.Сталиннің
қайтыс болғаны мәлім. Оның орнына Г. М. Маленко́в (1902 – 1988) КСРО Министрлер Кеңесінің Төрағасы
болып сайланады (1953 — 1955). Шын мәнінде ол Кеңес мемлекетіне
1953 жылдың наурыз-қыркүйек айларында ғана басшылық
жасайды. Өйткені 1953 жылғы 7 қыркүйекте Н.С.Хрущев
(1894–1971) КСРО Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бірінші
хатшысы болып сайланады. Оның жеке басқа табынуға қарсы
оңды әрекеттерге барғаны, ғарышты игеруде недәуір
табыстарға қол жеткізгені, ол билік құрған
заманның «жылымық» деп аталғаны мәлім.
Осы
Хрущев басқарған КСРО коммунистері еліміздің
солтүстіктегі 5 облысын (Ақмола, Көкшетау, Қостанай,
Павлодар, Солтүстік Қазақстан) біріктіріп, «Тың
өлкесі» деген аймақ құрып, орталығына
Ақмоланы (Целиноград) белгілеп, оны Ресейге қосуды жоспарлайды.
Өлкенің басшылығына Орталықтан Т.И. Соколов деген
өз адамын жібереді. Ол әлгі аталған Тың өлкесін
Ресейге қосуға бейімдеп, Қазақстан басшылығына
бағынудан бас тарта бастайды. Мұны сезген Қазақ КСР
Министрлер Кеңесінің төрағасы Ж. Тәшенов 1960
жылы күзде Целиноградқа шұғыл түрде ұшып
келіп, мәселені дереу шешеді. Ол республикалық Жоспарлау комитетіне
келесі жылдың бюджетіне қажет мәліметтерді әдейі
бермей, бассыздық жасағаны үшін Соколовты қызметінен
босатып, 24 сағаттың ішінде Қазақстаннан қуып
жіберетінін және Тың өлкесі ешқашан Ресейге
берілмейтінін қадап тұрып айтады.
Халық, ел намысын биік
қойған Ж. Тәшенов Қазақстанның бес
облысының берілмейтінін ашық түрде мәлімдеген.
Ж.Тәшеновтің қазақ
мемлекетінің, елі мен жерінің тұтастығын сақтау
жолындағы күресінен басқа қазақ
қоғамын өркендету мен ұлттың рухын көтеру,
абыройын асқақтату жолындағы айрықша еңбегі мен
жанкешті қызметіне мынадай істері де куә екендігін айта аламыз.
Біріншісі, Ж.Тәшенов
Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Төралқасының
Төрағасы қызметіне сайланған соң-ақ
Алматының ең үлкен даңғылын Абайдың атымен
атауды және көшенің ең төріне ақынның
алып ескерткішін тұрғызуды ұсынғаны.
Екіншісі, сталиндік қызыл террордан жазықсыз жапа шеккендерді ақтау
кезінде айрықша белсенділік танытуы. 1956 жылы 25 ақпандағы
КПСС-тің ХХ съезінен кейін жылымықтың басталғаны
мәлім. Сол кезде репрессия құрбандарын ақтау
жөніндегі республикалық комиссияның
төрағалығына Жұмабек Ахметұлы сайланып,
Е.Бекмаханов, Қ.Мұхаметханов, Х. Есенжанов,З.Шашкин сынды
қазақ ғалымдары мен ақын-жазушыларын
сөзбұйдаға салмай, абақтыдан дереу шығаруда
үлкен еңбек сіңіреді. Ол бастаған комиссия Сәкен,
Ілияс, Бейімбет сынды халқымен қайта қауышқан
арыстардың шығармаларын сол жылдарда өте сапалы етіп
шығаруға айрықша күш салады және «алашордашыл»,
«ұлтшыл», деген айдар тағылмағандардың бәрін
ақтауға тырысады. Үшіншіден, 1958 жылы қазақ
өнері мен әдебиетінің Мәскеудегі онкүндігін
абыроймен өткізуге барын салуы, бес бірдей қазақ өнерпазына
ең жоғары атақ – “КСРО халық әртісі” атағын
алып беруге жұмыстанды.
Төртіншіден,
«Қазақ әдебиеті», «Социалистік Қазақстан»
(қазіргі «Егемен Қазақстан») газеттерін жабылудан аман алып
қалуы. 1958 жылы 28 шілдеде ҚКП Орталық Комитетінің
бюросында «Қазақ әдебиеті» газетінің саяси
бағыт-бағдарының коммунистік идеологияға сай
келмейтіндігі, пролетариат мәдениетіне, талабына жат екендігі,
қазақ ұлтшылдарын төңірегіне топтастырғаны
туралы мәселе қойылып, газеттің жабылып-жабылмауы
талқыға түседі.
Ж.Тәшенов ұлтшылдеп
айыптаушыларға: «Социалистік Қазақстан» газетін ашқан
да сен емес, жабатын да сен емессің, не тантып отырсың
өзің!», – деп басып тастайды. Ақыры бұл мәселені
күн тәртібіне қоюшылардың Саяси Бюроның
қалыпты тәртібін белден басып отырғаны ашылып қалып,
«Қазақ әдебиеті», «Социалистік Қазақстан»
газеттері жабылудан аман қалады.
Бесіншіден, Медеу
мұз айдынын салып бітіруге күш салуы. Кейіннен
Қазақстанның мақтанышына айналған бұл
құрылыс кезінде салынып басталып, әр түрлі сылтаулармен
сақалды нысанға айналады. Ж.Тәшенов өзінің
Мәскеудегі әріптесі, әрі тікелей бастығы КСРО
Жоғарғы Кеңесінің төрағасы К.Ворошиловты
Алматыға шақырып, оған Медеудің тамаша табиғатын
көрсетеді. Оны тынықтыра жүріп, бұлтартпастай
дәлелдерді алға тарта отырып, К.Ворошиловтың көмегімен
құрылысты аяқтауға қаражат бөлдіріпті.
Алтыншыдан, халық батыры Б.
Момышұлына Кеңес Одағының батыры атағын алып
беруге әрекеттенуі. Жазушы Әзілхан Нұршайықов
“Брежневке хат” мақаласында Б. Момышұлына Қеңес
Одағының батыры атағы берілуін сұрап 1980 жылы хат
жазылғанын, оған қазақтың ең атақты
деген біраз адамдарының қол қойғанын жазады. Сонда
Ғабит Мүсірепов мұндай талпыныстың Жұмабек
Тәшеновтің тұсында да жасалғанын, ол
К.Ворошиловтың орнына бір ай КСРО Жоғарғы
Кеңесінің төрағасы болып тұрғанда Батыр атағын
беретін комиссияның басшысы, маршал И.Коневті өзіне шақырып,
оған салмақ салғанын айтады. Бірақ бірмойын маршал
Баукеңе Батыр атағын беруге бұрын үзілді-кесілді
қарсы болғанын, енді сол пікірін өзгертпейтінін айтады.
Б.Момышұлы да өз әңгімесінде Ж.Тәшеновпен
кездескенін, осы әңгіме қозғалғанын растайды.
Осылайша бұл мәселе шешілмесе де, Ж.Тәшенов
Баукеңнің “Москва үшін шайқас” кітабының идеологиялық
бөгеттерді бұзып өтіп, жарық көруіне септігін
тигізеді.
Жетіншіден, ол қолында билік тұрғанда
қазақтың барлық талантты өнерпаздарына, дарынды
тұлғаларына жақсылық жасаған. Және
бұл игі істерін жақсыатты көрінудің қамы емес,
жүйелі әрі мақсатты түрде, риясыз жасаған.
Еңбек майталмандары Ыбырай Жақаев пен Жазылбек
Қуанышбаевтың Еңбек Ері атануы да, Нұрмолда
Алдабергеновтің екінші рет Еңбек Ері атануы да
Ж.Тәшеновтың тікелей араласуымен біткен іс.
Сегізіншіден, ұлттық кадрлардың өсуіне, олардың
жоғары өрлеуіне де Ж.Тәшенов қолдан келген барлық
жақсылығын аямаған. Л. Брежнев Қазақстан
Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшылығынан
Мәскеуге кетерде өз орнына И.Яковлевті, екінші
хатшылыққа Н.Журинді ұсынып, Мәскеудің келісімін
алып келеді. Ойында ештеңе жоқ Л.Брежнев өзінің ізбасарларын
қазақстандық әріптестеріне таныстыра бастайды. Сонда
Жоғарғы Кеңестің басшысы Жұмабек Тәшенов
кейінгі кездегі бүкіл жетістіктерді тізбелей келіп: «Аудан, облыстарда,
орталық аппаратта, министрліктерде екінші хатшыға лайық
қазақ азаматтары аз емес. Мынау отырған ОК-нің ауыл
шаруашылығы жөніндегі хатшысы Фазыл Кәрібжанов кімнен кем?
Ол екінші хатшылыққа жарамай ма? Сондықтан, осындай дайын
тұрған кадрларды көзге ілмеу мені таңғалдырады.
Мен мұны қазақ кадрларына сенімсіздік не көрінеу
көзге ілмегендік деп түсінемін», – деп, Л.Брежневті қатты
састырады.Ақыры Ж.Тәшенов ұсынған Фазыл
Кәрібжанов екінші хатшылыққа бекиді. Шаһмардан
Есеновтің дарынын да алғашқылардың бірі болып танып,
қолдау көрсеткен Ж.Тәшенов екен. Оның геологиялық
партия басшылығынан бірден Геология министрінің орынбасары,
соңынан министр болуына ықпал етіпті. Ал 1962 жылы Н. Хрущев
Маңғыстауды Түркіменстанға беру мәселесін
көтергенде осы Ш. Есенов Мәскеуге бүкіл
құжаттарды көтеріп барып, Маңғыстау мұнайын
қазақтардың өзі-ақ игере алатынын
дәлелдейді. Қазақ
жерінің тұтастығы үшін КСРО басшыларымен қасарыса
күресіп, айтқанын орындата білді. Ұлттық
құндылықтар мен ұлт мүддесі үшін биік
мансап пен қарақан басының, отбасының,
әулетінің, ұрпағының рахатынан бас тартты.
Есесіне алтынға да, ақшаға да сатып ала алмас
халқының, елінің, ұрпағының ыстық
ықыласы мен сүйіспеншілігіне бөленді. Сондықтан да
Ж.Тәшеновтей ұлтжанды азаматтар қазақ деген ұлт
барда мәңгі-бақи жасай бермек.
ӘДЕБИЕТТЕ
1. Ғ.Мүсірепов. Белдерде. Алматы, «Жазушы». 1965, 217-бет.
2. «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясы. 8-том,
«Уикипедия» ашық энциклопедиясы.
3.С.Дүйсенов. Аты аңызға айналған тұлға
http://www.namys.kz/; З.Дүкенбаева. Қайсар қайраткер
Жұмабек Тәшенев. BAQ.KZ;
4.http://
Abai.kz; Жұмабек Тәшенев туралы естеліктер. Алматы, «Білім», 2005.
8-бет, т.б.
5.
С.Дүйсен. Қ.Еңсепов. Жұмабек Тәшенов. Алматы.
«Литера–М» 2012, 138-бет.