Педагогические науки/ 3.Методические основы воспитательного процесса
к.ф.н. Кукенова Г.А.
С.Сейфуллин атындағы
Қазақ агротехникалық университеті
Студенттердің
толеранттылық қасиеттерін қалыптастыру
Тәуелсіз Қазақстанның өркениетті елдер
қатарына жету мақсатын жүзеге асыруда қойылатын
талаптардың бірі – қазақ жеріндегі татулық пен
имандылық. Осы татулық пен имандылықты сақтай отырып,
еліміздің кемелденуіне, ғылым мен техниканың, мәдениет
пен әдебиеттің әлемдік дамудан кенже қалмай
қарқынды дамуына түбегейлі үлес қосатын – жастар.
Сондықтан мемлекет жастарға ерекше
қамқорлық жасауда. Өз елінің жастарына сенім артқан ұлт қана
алға қойған мақсат, мүдделеріне қол
жеткізіп, дамудың даңғыл жолына түсе алатынын
нақты сеніммен айтуға болады.
Білім беру жүйесінде әлемдік деңгейге жету үшін
оқытудың инновациялық технологияларын пайдалана отырып
жасалынып жатқан іс-шаралар терең білімді, ізденімпаз,
шығармашыл толерантты тұлға тәрбиелеуге
бағытталған. Болон
процесі контексінде білім беруді жаңғырту
құзіреттіліктерін қалыптастыру білім беру
үдерісінің негізгі мақсаты етіп қойылған.
Еуропалық кеңес Европа жастарының бес негізгі
құзыреттілігін белгіледі, солардың ішінде ең
маңыздысы болып көп мәдениетті қоғамда өмір
сүруге байланысты құзыреттіліктер ерекше орын алады. Расизм
мен ксенофобияның белгісін, толеранттылық емес ахуалдың
дамуын алдын алу үшін білім беру саласында жастарды өзге ұлт
өкілдерінің тілін, мәдениетін, дінін сыйлауға,
олардың арасындағы айырмашылықтарды дұрыс көзқараспен
қабылдау сияқты мәдениаралық
құзыреттіліктермен қамтамасыз ету қажет.
Мемлекеттік жастар
саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасында
«Елбасының этносаралық және конфессияаралық
келісімінің теңдессіз үлгісі жас ұрпақтың
толеранттылығын қалыптастырудың, олардың этностық
және діни ерекшеліктерін түсіністікпен қарауының
және құрметпен қабылдауының негізіне айналуы
керек.» - деп көрсетілген [1].
Толеранттылық – барлық елдер үшін ең маңызды
мәселе, еркін қоғам мен мемлекеттік
тұрақтылықтың белгісі. «Толеранттылық»
(лат. «tolerantia» - шыдам, төзім) басқалардың пікіріне, наным-сеніміне,
жүріс-тұрысына, өмір сүру жағдайына түсіністікпен қарау, адамды сол
қалпында қабылдау. Толеранттылық – интегралдық
қасиет. Егер ол қалыптасқан болса, онда ол барлық
өмірлік жағдайларда және барлық адамдарға
қатысты көрініс табады. Жалпы
толеранттылық дамыған елдерге тән құбылыс.
Мұндай қасиет тұтас ұлттың басына бір күнде
орнай салмайтыны белгілі. Бұл – халықтың
сана-сезімінің, дәстүрінің, рухани
байлығының кемелденгендігінің айқын көрінісі.
Қазіргі уақытта әлемдегі ұлтаралық қақтығыстар мен діни төзімсіздік таныту жиі орын алған жағдайда өзге ұлт өкілдерімен бейбіт өмір сүрудің үлгісін көрсетіп келе жатқан Қазақстан халқының толеранттылығын көптеген мемлекеттер мен діни конфессиялар да мойындап, еліміздің тәжірибесіне қызығушылықтарын білдіруде. Мемлекетіміз ұлтаралық келісім мен бірлікті дамытуды басты саяси бағыт ретінде ұстанады. Ел Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында осы мәселеге ерекше мән беріп, халықты бірлік пен татулыққа шақырады. Бұл мәселеде Елбасымыз жастарға үлкен сенім артатынын баса айтып, жастар тәрбиесіне назар аударуымыз керектігін ескертеді. Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз тұрақтылықты бағалай білгеніміздің арқасында бүгінгі табыстарға жеттік. Ешкімді кемсітпей, ешкімнің тілі мен ділін мансұқтамай, барлық азаматтарға тең мүмкіндік беру арқылы тұрақтылықты нығайтып келеміз. Біздің кейінгі ұрпаққа аманаттар ең басты байлығымыз – Ел бірлігі болуы керек. Осынау жалпыұлттық құндылықты біз әрбір жастың бойына сіңіре білуге тиіспіз», – деген/2/. Барлық халықтар өркениетке бет бұрған бүгінгі әлемде адамаралық, этносаралық және конфессияаралық өзара түсіністік пен төзімділікті қалыптастыру қоғамның бейбіт те, орнықты дамуының кепілі ретінде бағаланды. Президенттің мемлекеттік бағдарламасында көретілгендей, оның басты міндеті – ұлттық, геолингвистикалық, тарихи, этникалық, этнолингвистикалық, мәдени-көркемдік, эстетикалық құқытық сананы, діни тағлымдарды, адами қасиеттерді адамдардың бойында қалыптастыру, ұлт диаспорларының татулығы мен бірлігін нығайту, дінсіздікті тоқтату, әдепсіздік пен азғындықты ауыздықтау, адамдардың салиқалы, салауатты өміріне жол сілтеу.
ЖОО білім алу – бұл тек болашақ мамандық қырларын
игеруге қажет білім, іскерлік және дағдыларды меңгертудің жолдары ғана
емес, сонымен бірге жас маманның азаматтық ұстанымын
қалыптастыру да болып табылады. Қазақстан
Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған
мемлекеттік бағдарламасында «Жастар саясатын іске асыру
қазақстандық патриотизмді, рухани-адамгершілік
мәдениетті тәрбиелеу, ұлттық сәйкестікті
қалыптастыру негізінде жүзеге асырылады» делінген болатын [3].
Толеранттылықты студент жастардың санасына енгізу және қалыптастыру, оны негізгі құндылықтардың біріне айналдыру білім беру жүйесінің маңызды міндеті болып табылады. Жоғары оқу орнында студенттердің бойында толеранттылық қасиеттерін қалыптастыру бойынша атқарылатын тәрбие жұмысының маңызы ерекше.
Жас маманның азаматтық ұстанымының
құрамдас бөлігі ретіндегі толеранттылыққа
тәрбиелеу шеңберінде формасы мен мазмұны әр түрлі
болып келетін іс-шаралар ұйымдастырудың маңызы зор. Азаматтық ұстанымды
қалыптастыру пән сабақтарында,
сондай-ақ студенттермен жүргізілетін әр түрлі сабақтан тыс
танымдық және тәрбиелік іс-шараларда да
тиімді шешімін табады. Оның басты мақсаты әр түрлі
тәрбиелік шаралар арқылы студенттің қабілеттерін
дамыту, оның мәдени және рухани жағынан өсуін
қамтамасыз ету. Осындай іс-шаралардың
қатарына экстремистік және ұлтшылдық мәселелері
бойынша білім алушылардың пікірлерін білу мақсатында студенттер
арасында сауалнама жүргізу, осы салада белгілі бір ақпараттық
базаны құру үшін мәдени кештерді өткізу, саясат,
экономика саласындағы ең маңызды мәселелер бойынша
дөңгелек үстелдер мен конференциялар ұйымдастыруды жатқызуға болады.
Студенттердің
бойында толеранттылық қасиеттерді қалыптастырудың
тиімділігі ұлттық және ұлтаралық
қатынастардағы мінез-құлық
дағдысының, сенімінің, білімінің қалыптасуы
тұрғысынан қарастырылуы керек. Студенттерді толеранттылыққа
тәрбиелеу ісінде топ кураторларының атқаратын жұмысы
маңызды. Кураторлар топтағы студенттердің жас ерекшеліктерін,
ұлттық жеке даралық қасиеттерін бағалап, әр түрлі дәстүрлі және дәстүрлі емес
формадағы, яғни, дөңгелек үстелдер, дебат,
диспут, студенттердің шығармашылық жұмыстарын
көрсету, конкурстар, тренингтер өткізу әдістері арқылы әрбір студенттің топпен
қарым-қатынасын ұйымдастыруға ықпал етеді.
Мемлекеттік жастар
саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасында: «Жастардың төл мәдениеттен нәр
алуы, еліміздің тарихи өткенін оқып-үйренуі,
қоғамымыздағы достық ахуал мен бейбітшілікті, рухани
келісімді нығайту жас ұрпақ бойында біздің ортақ
Отанымызға – Қазақстан Республикасына деген мақтаныш
сезімін қалыптастыруы тиіс» деп көрсетілгендей
[1], пән
сабақтарында оқытушы суденттерге қазақ
халқының ұлттық менталитеті,
салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, мәдениеті,
дүниетанымы жайлы жаңа технологияларды пайдалана отырып
мәлімет береді. Сондай-ақ студенттерді басқа ұлт өкілдерінің де
ұлттық-мәдени құндылықтарын, тарихын,
әдет-ғұрыптарын сыйлауға тәрбиелейді. Жас ұрпаққа
тіл үйрету негізінде қазақ халқының
ұлттық мәдениеті жайлы баяндайтын тақырыптар өзге
ұлт өкілдерінің салт-дәстүрлері,
мәдениетімен салыстыра отырып түсіндіріледі.
Тәуелсіз
Қазақстанның өміріндегі жаңару үрдісі адам
факторы маңызын күшейтумен қоса қазақ тілі –
мемлекеттік тіл мәнінің артуына әкеледі. Тіл атаулы,
оның ішінде, мемлекеттік тіл –
қазақ тіл байлығы да елімізде тұратын өзге
ұлт өкілдерінің терең ойлары мен шексіз сезімдерін
еркін білдіруіне мүмкіндік береді. Тілдің білімдік, тәрбиелік
мақсаттары да басқа пәндермен тығыз бірлікте,
байланыста болады. Қазақ тілінде салт-дәстүрлерге
байланысты өткізілетін іс-шараларға өзге ұлт
өкілдері студенттері де шақырылады. Осындай іс-шаралардан суденттер
қазақ халқының салт-дәстүріне байланысты
мәліметтерін толықтырып, сабақтардан алған
мәліметтерін өз ұлтының салт-дәстүрлерімен
салыстыра отырып әңгімелейді. Сондай-ақ, қазақ
халқы мен басқа ұлт өкілдерінің
мәдениетінен, ұлттық ерекшеліктерінен мәліметтер
беретін өлкетану, этнографиялық мұражайларға
барудың да маңызы зор. Бұл мұражайларда студенттер
әр халықтың мәдениетін, салт-дәстүрін
бейнелейтін экспонаттарды өз көздерімен көріп қосымша мағлұматтар
алады.
Патриот-азаматты
экстремизмге, терроризмге қарсы тұра алатын толеранттылық
рухында тәрбиелеу мәселесі қазіргі жағдайда үлкен
маңызға ие. Сондықтан ұлттық-мәдени құндылықтарды
негізге ала отырып, оқыту үрдісінде және сабақтан тыс
уақытта іс-шараларды өткізу барысында студенттердің бойында
толеранттылық қасиеттердің қалыптасуы жүзеге
асырылады. Осындай іс-шаралар жүйелі және кешенді түрде іске
асырылса, тәрбие жұмыстары мақсатына жетіп, нәтижелі
болады.
Әдебиеттер:
1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы.
2. ҚР Президенті Н.Назарбаевтың
Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы жол -
болашаққа бастар жол» Жолдауы.
3. Қазақстан Республикасында Білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы.
4. Шаяхметова М.Н.
«Болашақ педагогтардың этникалық толеранттылығын
қалыптастыру» Педагогика ғылымдарының кандидаты
ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған
диссертацияның авторефераты.
Қарағанды, 2009.
5. Клесова С. В. Воспитание
толерантности у студенческой молодёжи// Молодой ученый. 2012. №4. — С. 357-359.