Адилова А.Қ., Бейсенбекова А.С.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті

Мамралиева Г.А.

53 орта мектеп, Тараз қаласы

Информатикадан сыныптан тыс жұмыстарда

диспуттар мен викториналарды ұйымдастыру

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев жолдауында айқандай: «Болашақта өркениетті дамыған елдердің қатарына ену үшін заман талабына сай білім қажет. Қазақстанды дамыған 50 елдің қатарына жеткізетін, терезесін тең ететін – білім». Сондықтан, қазіргі даму кезеңі білім беру жүйесінің алдында оқыту үрдісінің технологияландыру мәселесін қойып отыр.

Мектепте информатиканы оқыту әдістемесіндегі өзекті мәселелерінің бірі – сыныптан тыс жұмыстарды ұйымдастыру болып табылады. Себебі, оқушылардың шығармашылық қабілетінің дамуы көбінесе сыныптан тыс жұмыстар барысында жүзеге асады.

ХХІ ғасыр ақпарат ғасыры болғандықтан мектепте, арнаулы оқу орындарында оқытылатын информатика пәнінің орны ерекше және оны сыныптан тыс жұмыстарды ұйымдастыру барысында жүзеге асырамыз. Информатика пәні бойынша жүргізілетін сыныптан тыс жұмыс түрлеріне: үйірме, факультативтік курстар, экскурсия, олимпиада, әртүрлі қызықты кештер мен сайыстар, диспуттар мен викториналар ұйымдастыру, ғылыми жұмыстарды жатқызуға болады.

Сыныптан тыс жұмыс — бұл оқытушылар мен оқушылардың сыныптан тыс уақыттағы әртүрлі «іс-әрекеттері мен іс-шараларын» ұйымдастыруы болып табылады. Түрлі формадағы сыныптан тыс жұмыстар оқушының күнделікті сабақта байқала бермейтін жеке қабілеттері мен мүмкіндіктерін ашады.

Сыныптан тыс жұмыстардың мазмұны – оқушының теориялық білімін кеңейтіп, толықтыра түседі және оқушылардың жеке қабілетін дамыта түседі.

Информатикадан сыныптан тыс жұмыстар компьютер мен ақпараттық  технологияларды қолдану мүмкіндіктерін беретін пәнаралық байланыс деп айтсақ та болады. Компьютерді қолданып басқа пәндерден сыныптан тыс шаралар өткізу оқушылардың дүниетанымы мен қызығушылықтарын арттыра түседі.

Информатика пән бойынша викторина – бұл өзіндік ойын түрі. Викторинаны үйірме сабақтарында немесе жеке сыныптар арасындағы жарыс түрінде өткізуге болады. Викторинаға арналған тапсырмалар шағын, тез түсінетіндей, жазуды талап етпейтін, көбінесе ойша шешіле алатындай болу керек. Әдетте сабақтарда шешілетін типтік есептер викторина үшін қызықты болмайды. Есептерден басқа викторинаға информатика бойынша әр түрлі сұрақтарды қосуға болады. Сонымен бірге викторинаға қалжың есептерді қосады. Викториналарды толығымен қандай да бір тақырыпқа арнауға болады, бірақ аралас викториналар қызықтырақ өтеді. Мысалы, келесі сұрақтарға қараңыз: 

1.                                  Ең қарапайым есептеу құралы ретінде б.э.д V ғасырда Египетте, Грекцияда, Римде қандай құрал пайдаланылған?

2.                                  1614 ж. Логарифмдік сызғышты кім ойлап тапты?

3.                                  Ең бірінші механикалық есептеу машинасын 1642 ж. кім ойлап тапты?

4.                                  1694 ж. Лейбниц не ойлап тапты?

5.                                  Алгоритм дегеніміз не?

6.                                  Алгоритмнің қанша қасиеті бар?

7.                                  Есепті шығарудың қанша кезеңі бар?

8.                                  Ақпараттың ең кіші өлшем бірлігі?

9.                                  1 Кбайтта қанша байт бар?

Информатика пәні бойынша диспут – бұл сыныптар арасында сұрақтар мен жауаптар алмасатын өзіндік ойын. Диспут барысында алдымен қиын сұрақтар қойылады. Диспуттың материалы туралы сұрақтың маңызы зор. Бұл сұрақ диспуттың мақсаттарына байланысты шешіледі.  

Диспут – пікірталас, пікірсайыс, шешендік өнер. Күнделікті өмірде екі адам бір мәселе  төңірегінде бір-біріне қарама-қарсы екі түрлі көзқарас пікірталасын тудырады. Ал күнделікті өмірдегі пікір талас ресми пікірсайыс емес, атап айтсақ:

1.     Өзінің арнайы құрылымы мен ережесі бар ресми пікірталас;

2.     Ресми пікірталастың қолданыс аясы, оның уақыты шектеулі;

3.     Өз ойыңызды дәлелдеуге 6 және 5 минут беріледі;

4.     Ресми пікірталаста төреші жеңімпазды айтады, атайды;

5.     Ресми пікірталас ой тазалығын айқындап береді;

6.     Ресми пікірталас бір мәселе жөнінде жәй басталады да, екі жақты дауға ұласады;

7.     Әр топ өз көзқарасын дұрыс - бұрыстығына қарамай дұрыс деп сендіруге тырысады;

8.     Әр топ өз көзқарасын дұрыс жүйесімен құрып, дәлелдеу, дәлелді жоққа шығару;

9.     Ресми пікірталастың ең негізгі ерекшілігі, ережесі мен тәртіпке сәйкес дауластыру;

10. Әр түрлі ой – пікірді айтып қана қоймайды, оны қарсыласының бағытымен салыстырады, оның дәлелдеу жолын табады, төрешінің қолдауын сұрайды;

Сонымен диспут не үшін керек?

1)     Шешендік дағдыны жетілдіреді;

2)     Өз өміріңе, қоршаған ортаға сын көзбен қарауға үйретеді;

3)     Талқыланып жатқан мәселені жан - жақты қарап, ойлап толғануға, оның деректерін зерттеуге, болжауға, жүйелеп сөйлеуге, дәлелдеуге жетелейді;

4)     Анық, әсерлі, нақты сөйлеуге баулиды;

5)     Достық, жылылық, сыйластық, пікір сыйлау, құрметпен қарауға дағдыландырады;

6)     Өзгенің пікіріне құрметпен қарап пікір таластыруға үйретеді;

7)     Айтысу этикасын сақтауға және шыншыл болуға тәрбиелейді;

8)     Диспут – бұл ойын, оның басты мақсаты – үшінші бейтарап адамды сендіру;

9)     Диспут – бұл тек қана ойын емес, бұл ғылым. Яғни диспут - философиялық, психологиялық, этикалық, саяси, лингвистикалық ғылым. Бұл ойынға қатысу барысында оқушы бір мезгілде жазу және ойлау, айту қабілетін жетілдіреді.

Пікірталастың мынадай заңдылығы бар:

1.     Пікірталас үйрену үшін керек, білім алу, оны тереңдетуге қажет. Демек мақсат ұту емес, үйрену, білімді тереңдету, шешендік өнерді жетілдіру.

2.     Шыншылдық – әрбір ойдың түйінін дұрыс айтып, бағалап отыру.

3.     Бір - біріңізге құрметпен қарап пікір таластыру, сыпайлықпен, сыйластықпен айтысу.

                   Пікірталас кезінде адамның жеке қасиеттерін бетіне басуға, ойыңызбен келіспей адамды кемсітуге болмайды. Пікірсайыс - демократиялық қоғамның қажетті бөлігі. Демек, диспут дегеніміз шешендік өнер, сөйлеу. Диспут сөз саптау шеберлігін, сөзді орынды құру, ойды логикалық жүйемен нақты, қысқа, дәл анық айтуға тәрбиелейді.

Диспут – сөз өнері, яғни сөз жарыстыруға, жазбаша тілде сөйлеуге, бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалануға, құжаттармен жұмыс істеуге, іскерлік диалогтер, проза тілік сараптауға үйретеді. Мәселен, компьютердің адамға пайдасы және зияндығы туралы қарастырайық.

1.     Компьютердің адамға пайдасы туралы.

Компьютер адамға өте пайдалы. Әсіресе қазіргі ғылыми – техникалық  прогресс заманында компьютерсіз өмірді елестету мүмкін емес. Компьютердің адамға көмегі өте зор, мысалы тұрмыста, өнеркәсіпте, қызмет көрсету салаларында онсыз жұмыс жүргізу өте қиын. Біз оның көмегімен талай жетістіктерге қол жеткізіп отырмыз, мәселен бір есепті шығаруға адамның минутпен, тіпті сағатпен кеткен уақыты өлшенетін болса, оны компьютер көмегімен секундтан аз уақыт ішінде шығаруға болады. Одан басқа компьютерді медицинада, ішкі істер бөлімдерінде және тұрмыста кеңінен қолданысын айта берсек өте көп. Сонымен, компьютер адам өмірінде пайдасы өте зор екен.      

2.     Компьютердің адамға зияндығы туралы.

Компьютер адамға зиян. Өйткені қазіргі кішкентай балалар бұрынғыдай далада ойнамайды, керісінше күнделікті компьютерлік ойындар ойнап уақытын өткізеді. Тіпті үлкендер компьютермен ойнап, сол жерден шықпайды. Ондайларды қазіргі кезде емдеп те жүр. Тағы бір мәселе оқушылар есепті шығарғанда есептемейді компьютердің көмегімен есептейді, осылай олардың ойлау қабілеттері төмендейді. Компьютер адамның көзіне, жалпы денсаулығына әсер  етеді. Компьютерді күнделікті көп пайдаланудың өзі зиян. Адамның басты байлығы денсаулық дегендей, компьютердің зияны өте көп.

Қорытындылай келе, оқыту барысында оқушылардың сыныпта алған білімін дамытып, оны ары қарай жетілдіруде сыныптан тыс жұмыстардың маңызы зор.

Мектепте диспуттар мен викториналарды өткізудің рөлі өте зор. Оларды  өткізу оқушылардың тек жалпы білім деңгейін көтеріп қана қоймай, сонымен қатар өмірге деген көзқарасын орнықтыруға көмектеседі, дүниетанымын кеңейтеді және де тіл байлығын жетілдіреді, ойлау қабілетінің шапшаңдығын арттырады.