Беккожаева Тойған Абдиллаевна

Орталық-Азия Университетінің магистранты

Алматы қаласы

 

Жоғары сынып оқушыларының ой еңбегіне қабілеттілігі

Оқу процесінде оқушылардың функциялық жағдайын анықтайтын басты өлшем - оның оқу үлгерімі, ал психологиялық қасиеттерінің басты өлшемі - ой еңбегіне қабілеттілігі. Психиканың негізгі щоғырландырушы (біріктіруші) қасиеттері - есте сақтау қабілеті, ақпаратты қабылдау және зейіні [97-99]. Ю.М.Пратусевичтің (1985) пікірі бойынша, жоғары сынып оқушыларының ой еңбегіне қабілеттілігі әрбір уақыт аралығында оқушылардың функциялық жағдайын әр түрлі пәндерді игеру мүмкіндігін дәл бейнелейді. Психологтардың пікірінше, еңбекке қабілетіліктің өзгеруі - шалдығу деңгейін анықтаудың бірден- бір көрсеткіші [100].

Еңбекке қабілеттілік деңгейі арнайы тапсырмаларды орындау барысында еңбек өнімділігінде объективті көрінеді. Көбінесе корректуралық сынама тәрізді мөлшерлі  тапсырмалар қолданылады. Физиологтардың пікірінше бұл сынаманың көрсеткіштері бойынша жалпы ой еңбегіне қабілеттілік туралы жорамалдауға болады. Сонымен қатар ол сынама адамның психикалық жағдайын өте нәзік бейнелейді [101]. Ой еңбегіне қабілеттілік деңгейі жүйке жүйесінің негізгі қасиеттерімен  - жүйкелік процестердің қозғалғыштығының дәрежесімен тығыз байланыста [102-103]. 

Ой еңбегі процесінде оқушыларда еңбекке қабілеттіліктің өсуі мен еңбек өнімділігі алғашқы 2 сағат ішінде байқалады, сонан соң бұл көрсеткіштің толқуы және 4-5 сағат жұмыс уақытынан соң шалдығудың дамуы себепті еңбек өнімділігінің күрт төмендеуі байқалады. Жоғары жүйке қызметін зерттеу нәтижелері 7 сағаттық оқу күнінің соңына қарай білінген мидың үлкен жарты шарларындағы қорғаныс тежелуін дәлелдейді: шартты рефлекстердің ара қатынасының бұзылуы – күтпеген, әдеттен тыс және теңелу фазалары пайда болады [105, 106]. Шалдығудың даму салдарынан ми қыртысының тұйықталу және айыру қызметтері зардап шегеді. Ой еңбегі процесінде оқу күнінің соңына қарай жай тұйықталу қызметі 10-30 % -ға, күрделісі 20-60 % -ға төмендейді. Жұмыстың соңына қарай айыру қызметі де біршама нашарлайды [104].

Оқушылардың ой еңбегіне қабілеттілігінің көрсеткіштері оқу күні, оқу аптасы, оқу  жылы бойы өзгерістерге ұшырап отырады [104; 107-109]. Көптеген авторлар жоғары сынып оқушыларының еңбекке қабілеттілігінің сағат 8-ден 11-ге дейін жоғарылауын, одан ары керісінше төмендеуін байқаған. Түстен кейін еңбекке қабілеттіліктің қайтадан жоғарылауы байқалған, ал сағат 14-ке қарай тағы төмендеген. Еңбекке қабілеттіліктің келесі жоғарылауы сағат 16-17-ге дәл келген [72; 24; 104; 111]. Басқа авторлардың жүргізген талдауы жастық шақ кезеңіндегі оқушыларда еңбекке қабілеттіліктің орташа және жеке көрсеткіштері 3-сабақта шалдығудың пайда болуын және оқу күнінің соңына қарай организм қызметінің қайтадан қалпына келгенін көрсеткен [112].

Жоғары сынып оқушыларының еңбекке қабілеттілігінің тұрақты болмауын организмнің өзін-өзі реттеу теориясы тұрғысынан түсіндіреді, яғни еңбекке қабілеттілікті одан ары сақтап қалу үшін организмге түскен күшті бөлудің уақытша жаңа жолдарын іздеуге мәжбүр болады. Кейбір авторлар бір аптаның ішінде еңбекке қабілеттіліктің толқын тәрізді өзгерісін көрсетеді: дүйсенбі, сейсенбі - ең жоғары еңбекке қабілеттілік күндері, сәрсенбі, бейсенбі- төмендейді, ал жұма, сенбі күндері қайтадан жоғарылайды.

Көптеген авторлар оқушылар жексенбі күні дұрыс дем алғанда дүйсенбі, сейсенбі күндері еңбекке қабілеттіліктің жоғары болғандығын, ал одан ары - төмендеуін дәлелдейді [124, 125]. Алайда жоғары сынып оқушыларында еңбекке қабілеттіліктің  апта ішінде 2 рет - сәрсенбі және жұма күндері жоғарылауы көзге түседі. Еңбекке қабілеттіліктің жоғарылауын бейсенбі күні сабақтардың болмауымен - оқу-өндіріс кешеніне  барумен түсіндіреді [126]. Оқушылардың көбісінің аптаның ортасында (сәрсенбі, бейсенбі) еңбекке қабілеттілігінің төмендеуіне байланысты бұл күндерді жеңілдету мәселесі туындайды [127-128]. Бұл күндері денешынықтыру, бейнелеу, оқу өндіріс кешені сияқты сабақтардың болуы оқушылардың функциялық жағдайын жақсартуды, еңбекке қабілеттіліктің тұрақты деңгейін қамтамасыз етеді. Жоғары сынып оқушыларының еңбекке қабілеттілігі оқу жылының барысында бірнеше рет өзгереді. Бұл тек организмнің функциялық жағдайының маусымдық өзгерісі мен әр тоқсандағы оқу жүктемесінің мөлшеріне ғана байланысты емес, сонымен қатар әр тоқсаннан кейінгі демалыстан соң  дезадаптация процестерімен де байланысты [129-130].

Лицеистердің ой еңбегіне қабілеттілігінің жылдық өзгерісі – динамикасы қарқынды оқу процесіне баяу икемделуінде байқалады [112]. Оқу жылының басы мен ортасында еңбекке қабілеттіліктің бірдей деңгейінде оның анық жоғарылауы (р< 0,05) оқу жылының соңында байқалды. Жалпы білім беретін мектептегі балалар мен қыздарда ой еңбегіне қабілеттілік оқу жылының ішінде әдеттегідей оқуға кірісу кезеңінде (І тоқсан), тұрақты еңбекке қабілеттілік кезеңі (ІІ-ІІІ тоқсан), еңбекке қабілеттіліктің төмендеу кезеңі (IV тоқсан) болып бөлінеді. Бірқатар авторлар [79] жоғары сынып оқушыларының еңбекке қабілеттілік көрсеткіштерінің қарқындылығы І тоқсаннан ІІ тоқсанға қарай өсіп, ІІІ тоқсанда төмендейді және ІV тоқсанда қайта жоғарылайды деп санайды [131; 27].

            Пайдаланылған әдебиеттер:

1                        . Барбараш Н.А. Конституциональные аспекты психоэмоциональных стрессов юношеского возраста / Барбараш Н.А., Кувшинов  Д.Ю. с соавт.  // Физиология человека. – 2000. – Т. 26, № 4. – С.140-142.

2                        . Макарова В.И., Дегтева Г.Н., Коноплев О.Н. и др. Состояние здоровья детей  школьного  возраста при экспериментальных формах обучения //Гигиена и санитария. - 1997. - № 3. - С. 33-36.

3     . Обухова Л.Ф. Возрастная психология. - М.: Педагогическое общество, 2001. -  448 с.