Жанжігітова Ә.М.
«Құқық және экономика
негіздері» мамандығы
4 курс студенті
Ғылыми жетекші:
Шүкіров
Ә.Қ.
СӨЖ-де жаңа
ақпараттық технологияларды пайдалану шаралары
Бүгінгі күні
ақпараттық технология кең көлемде оқыту мен
педагогикалық ұйымдастыру қызметінде барлық
республикалық жоғары оқу орындарында қолданылады.
Қазіргі білім беру жүйесі
ақпараттық технологиялар мен компьютерлік коммуникацияларды
белсенді қолдануда. Ғылым мен техниканың соңғы
жетістіктеріне сүйене отырып, оқыту процесіне түрлі
ақпараттық технологияны ендіру қажеттілігі артуда.
Ақпараттық технологияның түрлеріне интернет желісін,
телекоммуникацияның түрлерін (E-mail, Web-форумдар, электронды
конференциялар, чат- конференциялар және т.б.) пайдалану жатады.
Оқыту үрдісін ақпараттық технологиямен қамтамасыз
ету жағдайларының өзгеруі оқулықтардың
дамуының жаңа кезеңіне электронды
оқулықтардың пайда болуына алып келді. Электрондық
оқулықтың ерекшелігі – моделділікке сәйкестігі,
жоғары мобильділігі мен оқуға, үйренуге икемділігі.
Қазіргі уақытта электронды оқулық – университетте
оқытушы мен студенттің бірлескен іс-әрекетін ізгілендіру
құралы деп танылуда. Электрондық оқулықты
пайдаланудың маңызын атап көрсетсек:
- теориялық материалдарды өз бетімен оқып-үйренуге,
зерттеуге мүмкіндік беруі;
- сабақты иллюстрациялық материалдар ретінде жабдықтауда
көмектесуі;
- сабақта және сабақтан тыс уақытта өз бетімен
әртүрлі деңгейлі, шығармашылық тапсырмалар
орындауға мүмкіндік беруі;
- емтиханға дайындық кезеңдерінде пайдалануға
болатыны.
Электрондық оқулықтан
басқа, әсіресе қашықтан оқыту жүйесі жедел
қарқынмен дамуда, бұған бірнеше факторлар, ең
бастысы – білім беру мекемелерінің қуатты компьютер техникасымен
қамтылуы және Интернеттің дамуы мысал бола алады.
Қазіргі
кезде жоғары оқу орындарында ақпараттандыру жұмысын
жеделдету ақпараттық технологиялармен толық
қамтамасыздандыруға және ақпараттандыру бойынша
оқу-әдістемелік жүйені жетілдіруге тікелей байланысты. Білім
беру жүйесін ақпараттандыру үдерісін дамыту отандық
оқытуға бағытталған бағдарламалар дайындамайынша
мүмкін емес. Олардың ауқымы кең. Бұлар –
бақылау және тестілеу бағдарламалары, ақпараттық
анықтама жүйелері, оқыту орталары, электрондық
оқулықтар және мультимедиялық бағдарламалар.
Компьютерлік сауаттылықты қалыптастырудан жеке адамның
ақпараттық мәдениетін қалыптастыруға көшу
қажет. Сонда ғана білім мекемелері ақпараттық
қоғамда өмір сүре алатын
жан-жақты дамыған қоғам мүшесін дайындап
шығара алады.
Оқытудың жаңа ақпараттық технологиялары
рецептивті немесе интерактивті түрдегі электрондық оқыту
болып табылады, яғни ол – электронды-коммуникативтік жүйелерден,
оқытудың құралдары мен технологиясынан тұратын
жүйе. Олай болса, оқытудың жаңа ақпараттық
технологияларын техникалық және адамдардың әлеуеттерін
және олардың өзара әрекеттесуін ескере отырып, білім
беру формаларын оңтайландыру үшін рецептивті немесе интерактивті
түрдегі электронды оқытуды жасау және жүзеге
асырудың жүйелі әдісі деп санауға болады.
Студенттің өздік жұмысын жаңа оқыту
жүйесінде қазіргі заманғы жаңа ақпараттық
технологияларды қолдану мен оқытушының жұмыс сипатын
өзгерту арқылы жүзеге асыруға болады. Оқу
үрдісіне жаңа ақпарттық технологияның енуі
оқытушы мен студент арасындағы кәсіби және
психологиялық байланысты нығайта түседі.
Ақпараттық технологияларды студенттің өздік
жұмысы тұрғысынан студенттің әртүрлі
ақпарат көздеріне еркін қатынауына және
электрондық оқыту құралдарын қолданудың
оңтайлы жағдайларын жасайтын техникалық
құралдардың жиынтығы ретінде қарастыруға
болады. Ол студенттің өздік жұмысының барлық
түрінде қолданылады.