Сейтбекова Айнұр Аташбекқызы

Филология ғылымдарының кандидаты

Санкт-Петербор Гуманитарлық Кәсіподақтар Университеті

Алматы филиалы

Ainurseit@mail.ru

Мемлекеттік тілді лингвомәденитанымдық және қатысымдық тұрғыдан оқытудың маңыздылығы

Елімізде мекендеген өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеруі бүгінгі өзекті мәселесі екендігі баршамызға мәлім. Елбасымыздың Жолдауында: «Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде үйретудің тиімділігі мен сапасын көтеру» делінген болатын.  Осыған орай қазіргі таңда мемлекеттік тілді жетік меңгерту, үйрету ісі қолға алынып, оның еуропалық стандартты сан қырлы әдістемелері  мен жаңа инновациялық технологиялары қолданылуда. Қазіргі таңда заманауи интерактивтік тақтамен жабдықталған мультимедиялық оқу-әдістемелік кабинеттері, электрондық оқулықтар және бағдарламалар мен сөздіктер, яғни материалды-техникалық базасы толық орталықтар жеткілікті. Бұл компьютерлік технология негізінде оқытылатын әдістер тілді  үйретудің тиімділігін арттыра түсетіні сөзсіз.

Тіл үйрету барысында тіл үйренушінің индивидтік санасын, яғни тұлғаның психологиялық ерекшелігін, тілді үйрену қабілетін ескеру маңызды. Ең басты тілдік материалдар – фонетикалық, лексикалық және грамматикалық минимумдар тілдесімдік қарым-қатынасты жүзеге асыра бермейтіні белгілі жайт болды. Кейінгі сараптаулар бойынша, тіл үйренуші мектеп қабырғасында үйренген қазақ дыбыстарын, жеке сөздерді, олардың айтылуы мен жазылуын т.б. грамматикалық ережелерді өте жақсы білгенмен, сол тілді сөйлей алмайды. Тіптен белгілі бір жағдайда байланысты фразаларды, тіркестерді жатқа білгенмен, қажет жерде қолдана алмайды. З.С. Күзекова бұл жайында былай дейді: «Кез-келген тілді үйрену барысында грамматиканың ерекше рөлі бар, сондай-ақ грамматика тілді толық мәнде пайдаланудың қажетті базасы болып табылады. Алайда, үйреніп жүрген тілдің грамматикалық жүйесін, ережелерін білу – тілді меңгеру болып табылмайды, яғни оны шынайы коммуникацияда пайдалана алу біліктілігі қалыптасуы қажет» [1].

Қазақ тілін қатысымдық әдіс негізінде үйрету маңызды екенін ғалымдар дәлелдеп келеді. Ә.Жүнісбек орыс тілді мектептерде қазақ тілін оқытудың әдістемесі жайлы мақаласында өзге ұлт өкілдері үшін қазақ тілінің грамматикалық материалы тіл үйретудің құралы болмау керек екендігін, балаларды әуелі қазақ тіліне сөйлеуге үйретіп одан кейін қазақ тілінің грамматикалық жүйесінен мәлімет берілу керектігін айта келіп, қазақ тілін игерудің төрт деңгейін ұсынады:

1.            Ауызекі-тұрмыс тілі (разговорно-бытовая речь), яғни бала отбасында, ауыл арасында достарыммен, көрші-қолаңмен араласа сөйлеуі;

2.            Ауызекі-пән тілі (разговорно-предметная речь), яғни балалар мектепте өздері өтетін пәндер төңірегінде еркін сөйлеу алуы;

3.            Ауызекі-іскери тіл (разговорно-предметная речь), яғни басқару-ұйымдастыру істерін қазақша жүргізуі;

4.            Ауызекі-әдеби тіл (разговорно-художественная речь), яғни көркем шығармаларды түсініп, әдеби сөйлей алады [2].  Қазақ тіл білімінде қатысымдық әдістің негізін қалаған профессор Ф.Оразбаева берген анықтамасына жүгінсек: «Оқушы мен оқытушының тікелей қарым-қатынасы арқылы жүзеге асатын, белгілі бір тілде сөйлеу мәнерін қалыптастыратын, тілдік қатынас пен әдістемелік категорияларына тән басты белігілер мен қағидалардың басты жүйесінен тұратын, тіл үйретудің тиімді жолдарын тоғыстыра келіп, тілді қарым-қатынас құралы ретінде іс жүзінде асыратын әдістің түрі» [3].

Ал бірыңғай жалаң грамматикамен үйретілген тіл – тіл үйренушінің қызығушылығын төмендетеді. Грамматикалық материалдардың негізгі критерилеріне тоқталып, шектеп үйреткен жөн. Қазақ тілінде сөздің жазылуы мен айтылуы бірдей бола бермейтіндігін, сөз бен сөзді, сөйлеммен сөйлемді байланыстыратын жалғау түрлерін, олардың қолдану ерекшеліктерін меңгерту маңызды. Лексикалық материалдарды үйретуде бір сөздің бірнеше мағынада жұмсалуын, ауыспалы мәндегі лексикалық бірліктер мен сөз тіркестеріне, фразеологизмдердің орынды қолдана білуіне ерекше мән беру. Сөйлеуді меңгертуде оның функционалдық қызметіне қажетті мынадай құрылымдық жүйе қалыптастырылса, бұл біршама тиімді түрде жүзеге асар еді.

Біріншіден, тіл үйренушілерді тек қазақша сөйлеуге, жазуға үйретумен қатар қазақ халқының әдебиетімен, мәдениетімен, тарихымен, дәстүрімен, салт-санасымен, дүниетанымымен белгілі дәрежеде байланыстыра, сабақтастара оқыту маңызды. Себебі тек толыққанды және жалпыадамзаттық мәнге ие ұлттық дәстүрлі мәдениет қана халықты жойылып кетуден сақтайды, өйткені дәстүрлі мәдениет этностың шығармашылық әлеуетінің басты дәріптеушісі, тарихи дамудың негізгі мақсаты. Ол басқа халықтардың біздің ұлттық дүниетанымымызды, рухани-материалдық құндылықтарымызды түсінуіне мүмкіндік береді. Осыған орай тілді үйретуде мәтіндерде көбіне қазақтың ұлттық ерекшеліктері  қамтылып, қазақ халқының  ұлттық маңыздылығы зор шығармаларымен таныстырылу қажет. Қазақ халқының осы өзіндік дүниетанымдық, сана-сезімдік көзқарастары түрлі тарихи кезеңдерде өмір сүрген ұлы ойшылдар мен жыршы-жыраулардың, ағартушы-қоғам қайраткерлерінің шығармашылық  еңбектерінде көрініс табады. Сондай-ақ, қазақ халқының тілдік ерекшелігін танытатын шешендік сөздері, мақал-мәтелдері, жұмбақтары мен жаңылтпаштары және т.б. халық педагогикасының ең құнды туындылары болып табылады.

Қазір таңда қазақ тілін лингвомәдениеттану тұрғысынан оқытудың кейбір мәселелері Ф.Оразбаеваның [4], Қ.Қадашеваның, У.Асанованың, Б.Ашикбаеваның [5] еңбектерінде сөз болады. Осындай еңбектердің қатарына «Қазақ тілінің практикалық курсы типтік бағдарламасына» сәйкес негізделген А.С.Әлметованың басшылығымен жарық көрген «Қазақ тілі» пәніне (А1, В1, В2, С2 деңгейлері бойынша) арналған оқулықтар топтамасын айтуға болады [6]. Аталмыш оқулықтар мазмұндық-әдістемелік тұрғысынан жүйелі, әрі үйренушінің қабылдауына жеңіл ұғынылатын мәтіндер мен түрлі тапсырмалар мен жаттығулар лингвомәденитанымдық мазмұнда құрылған.

Мұндай елтанымдық мазмұндағы мағлұматтар үйренушінің қызығушылығын арттырып, логикалық ойын дамытып, қатысымдық әрекеттерге тартады.

Әрине, халқымыздың рухани мол қазынасы – әдет-ғұрыптары мен дәстүрлерін драмалық рөлдік ойындар арқылы оқыту ең тиімді әдістің бірі ретінде бағаланып келеді. Бұнда үйренуші өзінің рөлдік іс-әрекеті арқылы  барлық жауапкершілігімен қабілетін сыртқа шығарып, белсенді қызмет атқарады. Халқымыздың дәстүрлерін құрметтеп, қазақ тілінде әдеби сөйлеуге дағдыланады.  Осы тұрғыдан келгенде грамматикалық ережелерден гөрі, сол шешендердің сөз үлгілеріне еліктетіп, ой айтуға негізделген елтанымдық мәтіндер мен тапсырмалар топтамасы арқылы үйрету әлдекайда тиімдірек.

Екіншіден, бүгінгі таңда ауызекі сөйлеу тілін кәсіби метериалдар арқылы дамыту – өмір талабы. Яғни, тіл үйренуші өзінің өмірлік кәсібіне байланысты мәліметтерге қанығу қажет.  Күнделікті қарым-қатынас кезінде, болашақта, кәсіби терминдерді қызмет барысында еркін қолдану үшін барлық жоғары оқу орындарында кәсіби қазақ тілі пәні енгізілуде. Мемлекеттік тілді оқытуда арнайы мамандандырылған лексикаға ерекше көңіл аударылып, экономика, заң, халықаралық қатынастар тағы басқа мамандықтар бойынша кәсіби қазақ тілін оқытатын оқу құралдары жарық көре бастады.    Мысалы, Экономистерге арналған З.С.Күзекованың, заңгерлерге арналған Г.Мұратованың, Ш.Ш.Жалмахановтың, Е.Е.Серімовтың, Ы.О.Оймауытовтың, С.Қ.Алтайбаевтің, Қ.Н.Әбуғалиевтің, А.Т.Ерубаеваның еңбектері т.б. Мәселен, З.С.Күзекованың аталған еңбегі мазмұндық-әдістемелік тұрғыдан жүйелі, әрі оқушының қабылдауына жеңіл ұғынылатын мәтіндер мен түрлі тапсырмалар мен жаттығулардан тұратын тәрбиелік, танымдық мазмұнда құрылған оқулық деп айтуға болады. Танымдық мәтіндерге байланысты берілген лексика-грамматикалық тапсырмалардың әр алуан түрі, оқушының монологтық, және диалогтық сөйлеуін жетілдіруге бағытталған жаттығулар коммуникативтік, тілдік дағдыларды тиімді қалыптастыруға ықпал етеді.  Осындай үйренушінің дамытушылық қабілетін шыңдайтын тапсырмалардың көп болуы – оқулықтың құндылығын арттыра түсетіні сөзсіз.

Әрине, тіл үйретушінің мамандығына қарай бейімдеп оқытуда іскерлік ойындардың маңызы зор. Себебі іскерлік ойындар – адамның психологиялық қалпын жақсартып, әрі ойыншыны сөйлеу әрекетіне тартады.  А.С.Макаренко: «В каждой хорошей игре есть прежде рабочее усилие мысли. Игра без усилия. Игра без активной деятельности – всегда плохая игра»[7].  Яғни, тіл үйренушілер өз жұмыстарын жоспарлау оның нәтижесін болжау, бірігіп жұмыс істеу сияқты өз бетінше жұмыс істеу тәсілдерін меңгереді, өздерінің кәсіби шеберліктерін нығайтады.  

Қорытындылай келгенде, бүгінгі мемлекеттік тілді үйренушінің қатысымдық әрекетке түсе алатындай оқытудың жаңа әдістері арқылы тиімді, әрі сапалы үйрету    қазіргі лингововодидактикадағы өзекті мәселелердің бірі.

 

Әдебиет

1. Күзекова З.С. Қазақ тілін оқытудағы лингвистикалық бағдар // Республикалық ғылыми-әдістемелік журнал. Алматы: «Архисема» ЖШС, 2012.- №2 (56).- Б.12-14.

2. Жүнісбек Ә. Казахский язык без грамматики. Часть-1. – Алматы: Арыс, 2007.

3. Оразбаева Ф. Тілдік қатынас. – Алматы : «Сөздік-Словарь» , 2005. - 271 б.

4. Оразбаева Ф. Тіл әлемі. Алматы: – Ан Арыс, 2009. – 368 б.

5. Қадашева Қ., Асанова У.О., Ашикбаева Б.Г. Қ 15 Қазақ тілін туыс тіл ретінде оқыту әдістемесі (түркі тілдерінде сөйлейтіндер үшін). Алматы: «Кантана-пресс», 2012. – 400 б.

6. Әлметова Ә.С., Ибраева Р.Б., Мурзинова А.С., Қамзина Г.З. Қазақ тілі оқу құралы. В1 – негізгі жеткілікті деңгейге арналған. Бірінші басылым. Алматы: Абылай хан атындағы  ҚазХҚ және ӘТУ, 2013.

7. Макаренко А.С. Лекции о воспитании детей. – соч. В 7-ми т.т 4. –М, 1957.