ҚАЗАҚ РОМАН ЖАНРЫНДАҒЫ УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
МӘСЕЛЕЛЕРІ
Тілеуова
А.З.,филология ғылымдарының кандидаты, доцент.
Қ.Жұбанов
атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті,
Ақтөбе қаласы
Жер бетіндегі алып кеңістіктің басым бөлшегін алып жатқан кеңестік империяда
ХХ ғасырдың басынан бастап, небәрі 70 шақты
жылдың ішінде болып өткен оқиғалар бір ғана сол елді
ғана емес, бүкіл әлем жұртшылығын қатты
толғандырды. Кеңестік заманда 70 жыл төңірегінде
болған небір оқиғалар адамның өз қолымен
жасалған болатын. Революция, азамат соғысы, ауқатты адамдарды
тәркілеу, күштеп ұжымдастыру, «халық жауларын» жою,
ұлы Отан соғысы, бүлінген шаруашылықты қалпына
келтіру, тың және тыңайған жерлерді игеру - бәрі
де аз ғана уақыт ішінде бастан кешкен ірі оқиғалар
болатын. Осынау оқиғалар кеңестік кеңістікте
тоталитарлық жүйе туғызған идеология арқасында
жүзеге асқан болатын. Осының барлығына
кінәлі-адамның өзі болатын. Дәл 1960 жылдардан бастап
адамды жан-жақты зерттеу, оның аса күрделі де қиын
жаратынды екендігіне айрықша көңіл бөлу процестері
біртіндеп жүзеге аса бастады. Зерттеуші Л.М.Андреева ХХ
ғасырдың 60-жылдарынан бастап кеңестік әдебиетте
ғана емес, әлем әдебиетінде де адамзат баласының
жүріп өткен жолына тың көзқараспен
үңілу, адамзат баласы бастан кешкен оқиғаларға жаңаша
таныммен келу мәселелерінің жүзеге аса бастағанын айта
келіп, адам концепциясына бүкіл дүниежүзілік деңгейде
ерекше зер салу процесінің басым болып келе жатқанын айтады да,
төмендегідей тұжырым жасайды: «Однако современная эпоха - эпоха сложнейших альтернатив и
разнонаправленных тенденций, острейших старых и новых противоречий. Несомненный с 70-х годов поворот к реализму
усложняется и затрудняется рядом обстоятельств» деп қорытынды жасайды [1;6].
Адамзат баласының тарихында қандай қоғам болса да,
сол қоғамның дүниеге келу, даму, кемелдену жайттарымен
бірге тоқырау, дағдарысқа ұшырайтыны, тарих бетінен
жойылатыны, өшетіні тарихи қажеттіліктен туындағаны жасырын
емес. Өткен ғасырдағы 50-жылдардың аяғы мен 60-жылдардың
басында кеңестік кеңістікте жүзеге асқан сәл
«жылымық» сәт, біріншіден, аса үлкен ауқымды, яғни
дүниежүзілік деңгейде адам концепциясына баршаның
назарын аударды, сол адам деген жаратындының күрделі екендігіне,
жұмбақ екендігіне тиісті дәрежеде көңіл
бөліп, ғылыми зерттеулер жүргізіле бастады, үшіншіден
осынау жалпы адамзаттық ынтығушылық руханият саласында
түрлі жанрдағы, түрлі мазмұндағы, түрлі
проблематиканы арқау еткен шығармалардың тууына
алғышарттар жасады, ол заңды да, себебі, зерттеуші
М.Бахтиннің сөзімен айтсақ, «... каждая эпоха имеет свой
ценностный центр в идеологическом кругозоре, к которому сходятся все пути и
устремления идеологического творчества. Именно этот ценностный ценр стоновится
основной темой или, точнее, основным комплексом тем литературы данной эпохи. А
такие тематические доминанты связаны, как мы знаем, с определенным репертуаром
жанров» [2;141]. Олай болса, ХХ
ғасырдың 60 жылдарынан басталған әлемдік
деңгейдегі аса ірі өзгерістер, ауқымды оқиға,
құбылыстар, бәрінен бұрын, қаламгер санасында
серпіліс пен сілкіністі туғызды.
Өмір жайлы қаламгер
толғанысы оның шығармаларына философиялық реңк
дарытты. Философиялық ой-толғаммен қатар, әлеуметтік,
адамгершілік, этикалық проблемалардың да әдеби процеске
молынан енгені мәлім. Уақыт пен кеңістік, философиялық
категориялар. Қазақ прозасындағы уақыт пен
кеңістік мәселелерін шешу жолында қазақ
қаламгерлері әлем, дүние, адам туралы өз
көзқарасын шығармаларына арқау етті.
Аталған романда нарық заманында көптің
үстінен күн көріп, қалталарын ақшаға
толтырған алаяқтар мен жемқорлардың жымысқы
әрекеттері суреттеледі. Мол ақшаны судай сапырып, халық
атынан сөз сөйлеп жүрген интеллигент бизнесмендердің
арам істері мен лас іздерін бүркеу үшін күнде ауыз жаласып
жүрген дос-жарандарының да көзін жоя салуға бейіл,
аяусыздықтары нанымды оқиғалармен берілген. Романда бүгінгі
күннің нағыз шындығы көрсетілген.
Бір ғажабы, бұлар іштей ырылдасып, бірін-бірі күндеп,
аңдып аяқтан шалып арпалысып жатса да, қарапайым
халықтың алдына барғанда ауыз жаласып кетеді. Бір
қораны күзеткен ұялас иттер сияқты. Сырттан бөтен
біреу жақындаса болды, бәрі бірдей шәуілдей үріп
жұптарын жазбайды. Бірен-саран батылы жетіп, ықпаған кісі
болса, бас салып оңдырмай талайды. Өздері осы бір
қарғыбау таққан ит тірліктеріне қарамай,
бас-басына би болғысы келіп, кісімсінетіндерін қайтесің?
Аруақ сыйлаған қазақтың осал жерін де біледі.
Біле тұрып, құлақ естіп көз көрмеген
сұмдық істерге барады. «Пәленшеке» бүгінгінің
Абылайы, «түгеншеке» осы заманның Қабанбайы, тағы бір
«...екең тәуелсіз Қазақстанның Төле биі»
десіп, бір-бірін марапаттай жөнелгенде, «ей, алла, о,
қасиетіңнен айналайын жарықтықтар, өздерің
кешіре көріңдер» деп жағаңды ұстайсың.
Әр аймақтың “Абылайлары» қалың елдің
қамы емес, қара бастың қамын көбірек
күйттеп, капиталист болсам деген арманның соңында жүр.
«Қабанбайлар» рэкетерлердің қолын бастап, «Төле билер»
сақалы мен сөзін сатып, газет-журналдар мен радио,
теледидардың босағасын сығалап сандалбай тірлік кешуде. Міне,
бұл арадан байқағанымыз- тәуесіздік алғаннан
кейінгі уақыт пен өз қара басының экономикасын
жақсартпақ болған заман түлкілері өмір
сүрген кеңістік.
Көркем уақыт пен кеңістік шығарманың
жанрлық табиғатына орай суреттелгенін байқаймыз. Біріншіден,
негізгі бір желілі сюжеттік уақыт пен кеңістікте характерлер
айқындалып, нақтылана түседі; екіншіден, характер
даралаудағы кеңістіктің әсері, адам характерінің
сол кеңістікті түйсініп, сезінуіне байланысты өзгеруі
философиялық тұрғыдан шешімін тапқан; үшіншіден,
автор мен кейіпкер уақыт - кеңістігі күрделі
қарым-қатынасқа түскен, нәтижесінде автор мен
кейіпкер ойлары бір арнаға тоғысады. Шығарма сюжеті
уақиғаны баяндау, әңгімелеуден гөрі герой
бойындағы азаматтық тартыстың динамикасына негізделе дамиды.
Жоғарыда атап өткендей, романда шартты түрде екі
түрлі уақыт-кеңістікті аңғарамыз: біріншісі -
Балтакескеннің, екіншісі - Мақаттың
уақыт-кеңістігі, әрқайсысы характерді даралауға
және автор идеясын айқындауға қызмет етеді.
Кейіпкерлердің уақыт-кеңістігі реалды уақыт
тұрғысынан өзара қиылысып, бүкіл шығарма
бойында өзара байланыста беріледі. Романдағы кейіпкерлердің өткен
өмірін бағамдап, жаңаша
құндылықтардың мәнін түсінуге түрткі
болған Теңіздің тауып алған олжасы болатын, сонымен
бірге Балтакескеннің сүйгені Марияның да елеулі роль
атқаратынын айта кеткен жөн. Мұндағы Мария бейнесі
өткен мен қазіргінің және келешектің
қиылысу нүктесі. Автор лирикалық шегініс арқылы
Балтакескеннің бүкіл
өмірін өзгерткен жиырма жыл бұрынғы оқиғаны
суреттейді. Бұлайша суреттеуде автор Аня атты кейіпкерді пайдаланады.
«Сол сәттен бастап Аня Мария мен Халықовтың, кішкентай
Айдардың алдында өзін кінәлімін деп санайтын» [3;58] деп,
өткен өміріне оралып, жаны қиналаған кейіпкерді
көреміз. Бұны жазушы объективтік және онейрикалық
уақыт-кеңістіктің алма-кезек ауысуы арқылы суреттейді.
Аняның, Халықовтың өткен өмір елестері
онейрикалық уақыт-кеңістікті қамтыса, қазіргі
жағдайы, тырп ете алмаған күйі объективтік
уақыт-кеңістіктің үлесінде.
Ғ.Құлахметтің стильдік, көркемдік
ізденістеріне оның өмірді жетік білуін, өзі бастан кешкен
немесе өзі жетік білетін жайттарды, құбылыстарды көркем
туындысының өзегіне айналдыруын өмір құбылыстарын
оқырманына ұсына отырып, әр құбылысқа,
оның астарына өзі де, кейіпкері де философтарша ойлылықпен
үңілуін, өмір құбылысын суреттегенде тың
ой, жаңаша да соны пікірлер айтуға тырысатын жазушы дарынын, ішкі
толғаныс пен жүрек тебіренісін, сәулелі сезім мен саналы
парасаттылық ұялаған жазушының өз «менін», сонымен
бірге баяндау тәсілі басым боп келетін бүкіл
шығармаларындағы ішкі-сыртқы гармониялық
үйлесімділіктің тек қана қарапайымдылық деген
ұғыммен тыныс алатынын айтар едік.
Автордың қаламгерлік даралығына оның
шығармасында өмірдің әр құбылысын,
оқиғасын бірқалыпты, асқынтпай беруі,
қаһармандардың диалогы, монолог арқылы олардың
жан әлемін жарқырата аша отырып, болмыс-бітіміне
үңілуі, ұлттық болмысқа тән алуан түрлі
қасиет-сипаттарды індете зерттеуі жатады дегіміз келеді. Кешегіні
бүгінгімен, бүгінгіні ертеңгімен тығыз байланыста алып,
органикалық бірлікте қарауға ұмтылады. Уақыт
жағынан оқиға бір мезгілде өтсе де, кеңістік
әр түрлі.
Романның жанрлық белгілері ретінде уақыт пен
кеңістікті ала отырып, нақты романды талдау барысында аталмыш
категориялардың қазіргі роман жанрын айқындаудағы
рөлі ерекше екенін дәлелдемек болдық.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.
История русской советской литературы 40-80-е годы: Учебник для пединститутов. 2-е .изд, – Москва: Просвещение, 1983.
2. Бахтин М. Вопросы литературы и
эстетики. - Москва: Художественная литература, 1975. – 504 с.
3.
Құлахмет
Ғ. Үйірі жоқ көкжал. -Алматы: Өнер,2001. -240 б.
4.
Жұртбай Т. Көркем кеңістік пен уақыт және тарихи
дәлел // Әдебиеттанудың өзекті мәселелері: Академик Серік Қирабаевтың
75 жылдығына
арналған
жинақ.
Алматы,
2002,
431 б.