САЛЫСТЫРМАЛЫ – САЛҒАСТЫРМАЛЫ
ФРАЗЕОЛОГИЯ САЛАСЫН ЗЕРТТЕУДЕГІ ЖАҢА БАҒЫТТАР.
Ф.ғ.к.,
доцент Н.Қ.Айтбаева., О.Қ.Қабылова., Филология
факультетінің 1 курс магистранты Түркістан қ., Қожа
ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік
университеті
Фразеологиялық
теңеулер фразеологизмдердің басқа түрлерінен
өзінің логикалық құрылымы, компаративті
мағынасы мен стильдік қызметі арқылы ерекшеленеді.
Фразеологиялық теңеулер табиғатын зерттеуде
фразеологиялық теңеу мен метафораның өзара байланысы,
ұқсастығы мен айырмашылықтарына тоқталу
қажет. Осы мәселеге арналған ғылыми еңбектерде
фразеологиялық теңеулер мен метафоралар тілде қатар
қолданылады, себебі олар өзара тығыз байланысты деген пікір
бар. Теңеу мен метафораның ортақтығы – олардың
заттар мен құбылыстар негізінде фразеологиялық ассоциация
жасауынан көрінеді. Алайда, оларды мазмұн жағынан ажыратып
қарастырған жөн. Теңеуде салыстырушы теңеу заты
және оған қажетті негіз бар. Ал метафораға ондай негіз
қажет емес. Фразеологиялық теңеулер екі затты
салыстырудың нәтижесі болса, метафоралар – олардың
ұқсастығының нәтижесі She is a fox – ол
түлкі; She is as sly as a fox – ол түлкідей қу, айлакер.
Фразеологиялық
теңеулер кез келген тілдің фразеологиялық қорының
елеулі бөлігін құрайды. Теңеу – көркем
ойлаудың ұлттық ерекшеліктері жинақталған,
дүниетанымның ұлттық өзгешеліктері бас
қосқан логика-философиялық және лингвистикалық
категориялардың санатына жатады.
Теңеу
лингвистикалық категория ретінде қазіргі тіл білімінің
жаңа бағыттарының бәрінің де зерттеу нысаны бола
алады. Бұл бағыттардың ішінде құрылымы әр
түрлі тілдердегі фразеологиялық теңеулерді
лингвомәдениеттану және когнитивтік лингвистиканың негізгі
ұстанымдарына сүйене отырып салыстырмалы-салғастырмалы
зерттеу жүргізудің мәні ерекше. Себебі халықтың
дүниетанымы, өмірге және қоршаған ортаға
деген көзқарасы, салт-дәстүрі,
көңіл-күйі әр халықтың жалпы
фразеологиясынан, оның ішінде әсіресе, фразеологиялық
теңеулерден көрініс табады. Фразеологиялық теңеулер
жекелеген өмір құбылысына нақты баға беретін,
ғасырлар бойы атадан балаға мұра ретінде беріліп отыратын,
әр халықтың өмірінен қызықты деректерді
өз бойына жинақтаған халық мұрасы. Сондықтан,
туыстас, не туыстығы жоқ тілдердегі фразеологиялық
теңеулерді лингвомәдени және лингвокогнитивтік
тұрғыдан зерттеу әр тілдің өрнек бояуын,
ұлттық ерекшелігін, менталитетін, қайталанбас қасиетін
танып білуге, олардың мағына қалыптасуындағы және
тілдік қолданыстағы қасиеттерін ашуға мүмкіндік
береді. Осы тұрғыда туыстығы жоқ қазақ
және ағылшын тілдерінің фразеологиялық
теңеулерінің мағына қалыптасуының негізін ашу
ерекше мәнге ие. Теңеулердің ішкі мазмұнын
анықтауда уәжтану теориясына жүгінген жөн. Уәждеме
теориясына сүйене отырып, бастапқы еркін тіркестер негізінде
жасалған фразеологизмдердің түп төркініне зер салып,
уәжін айқындау, сол арқылы тіркестің қалыптасу
түп көзін тауып, өзіндік ерекшеліктерін ажырату арқылы
олардың мәні мен мазмұнын ашуға болады. Фразеологизмдердің
фразеологиялық мағынасы олардың ішкі мағыналық
құрылымында жатқан бейне арқылы уәжделеді.
Мысалы, қазақ тіліндегі құмырсқадай
құжынаған, құмға сіңген судай,
сүліктей жабысты, ағылшын тіліндегі dumb as a fish (балықтай тілсіз), as brave as a lion (арыстандай айбатты), dance like an elephant (пілше билеу) сияқты
тіркестердің фразеологиялық мағыналарының ішкі формасы
айқын, яғни олардың мағыналары ішкі формалары
арқылы уәжделіп қалыптасқан.
Фразеологизмдердің
ішкі формаларының тасалануынан олардың мағыналарының
күңгірттенуі шығады. Ондай фразеологизмдердің сырын,
жасалу төркінін тілдің ішкі заңдылықтарынан гөрі
экстралингвистикалық факторлар мен этимологиядан іздеу қажет.
Мысалы, кәрі қойдың
жасындай жасы қалды фразеологизмі қой түлігінің
тіршілік ету мерзімін (10 шақты жылдай) бақылаудан туған. Осы
жайт ауыс мәнде жасы ұлғайған адамға
қатысты айтылатын бейнелі тіркестің тууына негіз болған.
Ағылшын тіліндегі to fight like
Kilkenny cats (Килкени мысықтарындай айқасу) - өлімге бас
тігіп қырқысу деген мағынада қолданылатын
фразеологизмнің қалыптасуына ХVII ғ. Kilkenny мен Irishtawn
қалалары арасындағы қантөгістің аяғы екі
қаланың да қирап бітуіне әкелген тарихи
уақиға негіз болды.
Қазақ
және ағылшын тілдеріндегі фразеологиялық
теңеулердің басым көпшілігі «Адам» атты мағыналық
макротопқа жатады, олардың мағынасы адам мен оны
қоршаған әлемнің өзара әрекетін бейнелейді.
Фразеологиялық теңеулердің негізінде адам өмірі мен
қызметінің тұстарын бейнелейтініне байланысты екі тілде
олардың төмендегідей мағыналық-тақырыптық
топтары анықталды:
1. Адам мінезі мен ақыл-ой
қабілетін сипаттаушы фразеологиялық теңеулер: Қаз.: Қарабайдай қатыгез, дала
бүркітіндей қырағы; Ағыл.: a memory like an elephant (сөзбе-сөз: есі пілдей),
яғни еске сақтау қабілеті жоғары, тамаша, as blunt as a hammer (сөзбе-сөз: балғадай
ақымақ) яғни топас, т.б.
2. Адамның жағдай-күйіне
байланысты фразеологиялық теңеулер: Қаз.: сең соққан балықтай,
жарасын жалаған иттей, жаралы арыстандай аласұрды; Ағыл.: as miserable as a bandicoot –
(қалталы қөртышқандай) – бақытсыз, аянышты, as still as a mouse – тышқандай
жасырынып тұру т.б.
3. Адамның сыртқы келбетін
сипаттаушы фразеологиялық теңеулер: Қаз.: қырмызыдай ажарлы, ақ маралдай
әдемі; Ағыл.: as fair as
a lily – лилия гүліндей сұлу, pale as death - өліктей бозарған т.б.
4. Адамның өмірі мен
қызметін сипаттаушы фразеологиялық теңеулер: Қаз.: түлкі қуған тазыдай
соңына түсу, ит пен мысықтай өмір сүру;
Ағыл.: as thick as thieves
(бір-біріне ұрылардай жақын болу) – жан дос, айырылмас дос, to live like cat and dog – мысық
пен иттей өмір сүру.
5. Адамның эмоциялық
жағдайын сипаттаушы фразеологиялық теңеулер: Қаз.: найза үстінде отырғандай,
тышқан алған мысықтай;Ағыл.: to shake /quake/ tremble like an aspen leaf – көк
теректің жапырағындай қалтырау, to sit on a powder keg – оқ-дәріге толы
бөшкенің (күбінің) үстінде отырғандай.
6. Адамның басқа бір адамға
немесе затқа қатынасын сипаттаушы фразеологиялық
теңеулер: Қаз.: жыландай
жек көру, құлындай шыңғырту, қойдай
бауыздау; Ағыл.: hate smb like
poison – біреуді удай жек көру, flieng
smb aside like an old boot – біреуді қажеті жоқ ескі аяқ
киімдей лақтырып тастау, яғни пайдаланып алғаннан кейін
өзінен алыстату, қуу.
7. Құбылыстар мен заттардың
сапасын сипаттаушы фразеологиялық теңеулер: Қаз.: көздің жасындай таза
(мөлдір), жаман түйенің жабуындай (келіссіз). Ағыл.:
fresh as a daisy – маргаритка гүліндей
жас, жаңа, cold as a frog –
құрбақадай суық. 8.
Түсті сипаттаушы ФТ-лер: Қаз.: ақ бөкеннің таңындай, орман түлкісіндей
қызыл, сүттей ақ; Ағыл.: as white as driven snow/as milk – қардай/сүттей
ақ, as red as a turkey-cock –
күрке тауықтың айдарындай қызыл.
9. Адамның тамақтану процесін
сипаттаушы фразеологиялық теңеулер: Қаз.: бурадай қарш-қарш шайнау, егінге
түскен сиырдай жайпау; Ағыл.: eat like a pig – шошқадай ішіп-жеу, drink like a fish – балықша ішу.
10. Заттар мен
құбылыстардың көлемін сипаттаушы фразеологиялық
теңеулер: Қаз.: қойдың
құмалағындай, ешкінің асығындай, иненің
жасуындай; Ағыл.: as light as a
drum – барабандай жеңіл, thin
as a lath/rake – ескектей жіңішке.
11. Арақашықтықты
сипаттайтын фразеологиялық теңеулер: Қаз.: есік пен төрдей, ат шаптырымдай жер,
қозы/қой өрісіндей жер. Ағылшын тілінің
фразеологиялық теңеулерінің біз жинаған материал ішінде
бұл топқа жататындары кездеспеді.
12. Уақытты сипаттаушы
фразеологиялық теңеулер: Қаз.: бие сауымдай уақыт, сүт қайнатымдай уақыт,
қас қаққандай. Аталмыш топқа да ағылшын
тілінің фразеологиялық теңеулері біз қарастырған
материал арасынан кездеспеді.
Теңеу
бейнесі қызметін орындаушы семалар негізінде қазақ және
ағылшын тілдерінде фразеологиялық теңелеурдің мынадай
топтары анықталды:
1. Күнделікті тұтыну заттар
атауларынан жасалған фразеологиялық теңеулер: Қаз.: сабынша бұзылу, тозған
бөздей ыдырау; Ағыл.: to
fit like a glove - қолғаптай дәл), as fat as butter - сары майдай толық.
2. Үй жануарлары атауларынан
жасалған фразеологиялық теңеулер: Қаз.: тағасыз аттай тайғанау, егінге
түскен сиырдай жайпау; Ағыл.: stubborn as a mule – есектей қиқар, squeal like a stuck pig – шала
бауыздалған шошқадай шыңғыру.
3. Табиғат және
қоршаған орта құбылыстарының атауларынан
жасалған фразеологиялық теңеулер: Қаз.: бұлттай сұрлану, жауар
күндей түнеру, желдей есу; Ағыл.: look like thunder – күннің күркіреуіндей
көріну, яғни ашулы, ызалы, like
greased lightning – найзағайдай шапшаң, жылдам.
4. Аң атауларынан жасалған
фразеологиялық теңеулер: Қаз.: қойға тиген қасқырдай, ақ маралдай
керілу, жолбарыстай білекті; Ағыл.: as agile as a monkey -
маймылдай икемді, as cross as a
bear – аюдай ашулы, as cunning as a
fox – түлкідей айлалы.
5. Құс атауларынан жасалған
фразеологиялық теңеулер: Қаз.: торға түскен қырандай, бұлбұлдай сайрау,
жүнін жұлған тырнадай; Ағыл.: as drunk as (a boiled) an owl – жапалақтай мас, as gay as a lark – бозторғайдай
көңілді, as a mild as a dove
– көгершіндей жұмсақ.
6. Жәндік атауларынан жасалған
фразеологиялық теңеулер: Қаз.: қара құрттай қаптау, шыбындай қырылу,
аш кенедей жабысу; Ағыл.: as merry as a grig – көк
шегірткедей көңілді, ants in
one’s pants – шалбар киген құмырсқадай, яғни
ыңғайсыз, мазасыз сезіну.
7. Өсімдік атауларынан жасалған
фразеологиялық теңеулер: Қаз.: тікендей қадалау, қызыл гүлдей құлпыру,
жел соққан қамыстай жапырылу; Ағыл.: grow up like mushrooms –
саңырауқұлақтай өсу, көбею, shake as a leaf – жапырақтай
дірілдеу, stick to smb like a bur – біреуге ошағандай жабысу.
8. Діни атауларға байланысты
жасалған фразеологиялық теңеулер: Қаз.: жын ұрғандай
жұлқыну, көктен түскен періштедей, иманындай
сақтады. Ағыл.: a certain
as preachig – діни уағыздай шын, айқын, as safe as a church – шіркеудей сенімді, берік, as ugly as sin – күнәдай
үрейлі, қорқынышты.
9. Азық-түлік атауларынан
жасалған фразеологиялық теңеулер: Қаз.: айрандай ұйып отыру, бал
қаймақтай, балға ашытқан қымыздай. Ағыл.:
as brown as a berry – жидектей
қоңыр, яғни күнге күйген, as full as an egg is of meat – етке толы жұмыртқадай
толық, толы, толтырылған.
10. Ауру атауларына байланысты жасалған
фразеологиялық теңеулер:
Қаз.: сүзектен
тұрғандай. Ағыл.: avoid
like the leper – алапес ауруынан қашқандай, to avoid someone or smth like the plague –
чума ауруынан қашқандай.
11. Балық атауларына байланысты
жасалған фразеологиялық теңеулер: Қаз.: ақ сазандай бұлқынды,
тұмсығы тасқа тиген бекіредей, шабақтай
шүпірлету; Ағыл.: as flat
as a flounder – камбала балықтай теп-тегіс, жазық, close/dumb as an oyster – устрицадай
үндемеу, мылқау, аузын ашпау, swim
like a fish – балықтай жүзу.
12. Тарихи оқиғалар мен тарихи
тұлғаларға байланысты жасалған фразеологиялық
теңеулер: Қаз.: Абылай
аспас асудай, Атымтайдай жомарт, Наушаруандай әділ; Ағыл.: as game as Ned Kelly – Нед Келлидей
күшті. Нед Келли атақты қарақшы, as old as Methuselah – Мафусаилдай (библия кейіпкері) кәрі,
ескі, as pleased as Punch – Панчодай
(көше кезіп жүретін қуыршақ театрының кейіпкері)
разы, риза.
Қазақ
және ағылшын тілдеріндегі фразеологиялық
теңеулердің жалпы мағынасы мен фразеологиялық
мағынаны жасаудағы теңеу бейнесінде қолданылатын
ұйытқы сөздерді зерделей келе төмендегідей
тұжырым жасауға болады:
1. Мағыналық жіктелу
тұрғысынан қазақ тілінде фразеологиялық
теңеулердің 12 негізгі мағыналық тобы, ал ағылшын
тілінде 10 мағыналық тобы анықталды. Ағылшын тілінде
арақашықтық пен уақытты сипаттайтын
фразеологиялық теңеулер біз жинаған материалда кездеспеді.
2. Теңеу бейнесі қызметін
атқаратын ұйытқы сөздер екі тілде де 12
тақырыптық топтың атауларынан жасалады. Дегенмен, бір
тақырыптық топқа жататын фразеологиялық теңеулер
саны екі тілде бірдей емес. Мысалы, ағылшын тілінде өсімдік
атаулары, діни атаулар, құс және жәндік атаулары
көбірек кездессе, қазақ тілінде үй жануарлары, күнделікті
тұтыну заттар атаулары саны жағынан фразеологиялық
теңеулер жасауда басымырақ қолданылады. Екі тілде де
фразеологиялық теңеулер негізінде адамның өмірі мен
қызметін, сипаты мен әртүрлі қасиеттерін,
мінез-құлқын т.б. қасиеттерін бейнелі сипаттау
үшін қолданылатыны байқалады.
3. Тілде көрініс табатын
ұлттық ерекшеліктер фразеологизмнің
құрамындағы ұлттық мәдени компонентімен
байланысты. Мәселен, үй жануарларының тақырып тобын
қарасақ, қазақ тілінің фразеологиялық
теңеулерінде көбіне жылқы,
қой, түйе компоненттері, ал ағылшын тілінде шошқа, тауық, қаз
компоненттері жиі қолданылады, яғни кей атаулардың
фразажасамдық белсенділігі қазақ тілінде жоғары,
ағылшын тілінде төмен болса, ал кейбір атаулардың осы
қасиеті керісінше ағылшын тілінде жоғары, қазақ
тілінде төмен болып келеді.
Мағыналық
шеңбері мен қолданыс аясы кең ағылшын және қазақ
тілдеріндегі фразеологиялық теңеулер жүйесін
лингвомәдени тұрғысынан салыстыра-салғастыра талдау осы
жүйенің екі тілде де ұлттық танымнан мол ақпарат
беріп, ұлт-мәдениет-өркениет жиынтығынан
құралатын әлемнің тілдік бейнесін сипаттаудағы
мәні ерекше екені байқалады.
Екі тілдегі
фразеологиялық теңеулердің пайда болу көздері әр
халықтың тарихымен, заттық және рухани
мәдениетімен, өмір-тіршілігімен тығыз байланысты.
Олардың мағыналарын, тарихи-этимологиялық көздерін
лингвомәдени және лингвокогнитивтік талдау жүргізу
арқылы ғана ашуға болады.
Фразеологиялық
теңеулердегі жеке көріністер тек сол тілге ғана тән
ерекшеліктермен сипатталып, ұлттық нақышпен бейнеленеді.
Олардың лингвомәдени және танымдық сипатын ашу
ұлттық дүниетанымның сыры мен ерекшеліктерін танып
білуге септігін тигізеді.
ҚОЛДАНЫЛҒАН
ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1. Қоңыров Т. Қазақ теңеулері.
– Алматы: Мектеп, 1978. – 192 б.
2. Ғабитов Т. Лингвомәдениеттануға
кіріспе. – Алматы, 1996. – 128 б.
3. Манкеева Ж. Қазақ тілін зерттеудің
когнитивтік негіздері // Тілтаным, 2001. - №4, - 39-44 бб.
4. Сабитова М.Т. Основы немецкой и казахской
сопоставительной фразеологии. – Алматы, 1999. – 179 с.