Табиғат және қоршаған орта арқылы балалардың тілдік қорын арттырудың тиімді жолдары.

 

 

                                                                                              Кутумбаева Анар Ситкалиевна

                                                                                             Орал қаласы, №40 «Болашақ»

                                                                                      бөбекжайының тәрбиешісі

 

            Ұрпақ тәрбиесі қай уақытта болсын күн тәртібінен түспеген келелі   мәселелердің бірі де бірегейі десек, артық айтқандық болмас еді. Бұл мәселе қазіргі күні де айрықша мәнге ие. ХХІ ғасырдағы тасқындаған толассыз ақпараттар, қоғамдағы күрделі өзгерістер мен даму қарқыны ағымында өмір сүріп жатқан жас ұрпақты тәрбиелеу оңай шаруа емес. Оларға ұлттық тәрбиені дарыту одан да күрделі. Осы тұрғыдан алғанда, біздің халқымыздың ғасырлар бойы жинақтаған ұлы мұрасын оқу-тәрбие ісінде пайдалану – кезек күттірмейтін мәселе.

             Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің “Қазақстан болашағы – қоғамның идеялық бірлігінде” атты еңбегінде: “Ұлттық мәдениетке, ана тілге еркіндік беру, оны тәлім-тәрбие құрылымына айналдыру, тәрбие мәселелесінде ұлттық ізгілік пен өркениетті әлемдік имандылық үрдісінің ортақ мүддесін жаппай сезіну және оны кіріктіре пайдалану арқылы іске асыру керек” – деп атап өткен. Мұндай тәрбие жұмысын әдетте мектепке дейінгі тәрбиеден, яғни, балабақшадан бастаған дұрыс деп ойлаймын.
            Сөйлеу тілі мен сөздік қорының  жетілуіне байланысты мектеп жасына дейінгі жастағы балалар төңіректегі өмір құбылыстарына назар аударып, оны танып білуге әрекеттене бастайды.  Ата-анасымен серуенге шықса, дүкенге не театрға барса көзі шалған заттың бәрін сұрап «ол не, бұл не?» деп тақылдайды. Бала табиғатына тән осы ерекшіліктер туралы ұлы ақын Абай былай дейді: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі-ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар тәннің құмары...

 Біреуі білсем екен деп, не көрсе соған талпынып, жалт-жұлт еткен болса, оған қызығып, аузына салып дәмін татып көріп, тамағына, бетіне басып  қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ер  жетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да тұра  жүгіріп, біреу күлсе де,  біреу жыласа да тура жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп , «ол неге үйретеді?», «бұл неге үйретеді?» деп көзі көген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі-жан құмары, білсем екен, көрсем екен,үйренсем екен дегені».

             Мектеп жасына дейінгі баланың тағы бір ерекшелігі оларда еліктеу, қиялдау басым болады. Сол себепті айналадағы табиғат  құбылыстары мен ересектердің іс-әрекеті балалардың бақылауынан мүлт кетпейтіні белгілі.

             Айналадағы балаға танымал дүние,  табиғаттың тамаша көрністерін, жыл маусымдарына қарай құбыла түрленетін ғажайып өзгерістерін, пейзаждың суреттерін, оның себептерін, табиғат пен адам арасындағы заңды байланыстарды айқара ашып, көркем де түсінікті түрде суреттеп бере білуі, сәбиді сезімталдыққа, эстетикалық талғампаздыққа баулып,  оның зейін, қабылдау, таным әрекетін қалыптастыруға игі әсерін тигізері сөзсіз.

             Баланы жан- жақты тәрбиелеу, оның дүниетанымын жетілдіру, сөздік қоры мен сөйлеу тілін, ой- өрісін дамытып, еңбекке баулу, табиғаттағы құбылыстарды түсіне білуі мектепке дейінгі тәрбиенінің басты мақсатты мен міндетті болып табылады.

            «Мектепке дейінгі тәрбие» ережесінің ең аумақты бөлімі балаларға айналадағы өмірді, түрлі заттар мен  табиғат құбылыстарын бақылатуға арналған. Өйткені сәби тұңғыш білім дағдыларды өмірден алады. Айналасындағы адамдардың іс-әрекетін, табиғат пен жан-жануарлар дүниесін, қоғамдық өмірді (мерекелер, оған әзірлік т.б) бақылап көру, сезініп түсіну арқылы ой-өрісі кеңейіп, тілі дамиды. Лексикалық қоры молаяды. Осының нәтижесінде ол басқалармен сөздік қарым-қатынас жасайды. Көрген-білгенін құрбы-құрдастарына, ата-анасына әңгімелеп беретін болады.

            Мектеп жасына дейінгі балаларды ауызекі сөйлеуге үйретіп, олардың ой- өрісін кеңейтудің негізі- айналадағы орта мен табиағат құбылыстарын бақылыту. Тіл дамыту сабақтарын ұйымдастыру,  сабақты алдын ала жоспарлау барысында тәрбиешілер әрқашан ескеріп отырамыз.

            Саяхат, бақылау сабақтарында балаларды  өз   туған   жерiн  сүюге,  туған   ел   табиғатын   күтiп   оның   байлықтарын   сақтауға,   қорғауға  тәрбиелеу жұмыстарымен қоса   балалардың сөздік қорын байытуда  ерекше орын алады.

            Балабақшада     балаларды     қоршаған     ортамен     жан – жақты   терең   таныстырып   отыру   тек    экология      сабағында   ғана    емес,  тiл  дамыту   сабақтарында   да  өз  жалғасын   таба   бiлуі   қажет.

            Ол    үшiн    балалардың    жасына,    тәрбиеленiп    жүрген   тобына     байланысты   сабақ   тақырыптары    белгiлi   бiр   жүйе   бойынша   топтастырылады.

            Балаларды    қоршаған    ортамен   таныстыру   сабағы   балалардың   бiр – бiрiне     деген    ыстық    лебiздерiн,    ойларын,    алақандарының   жылуын    бiр-бiрiне    беру    арқылы,    достарына    жақсы    тiлектер   айтудан    басталады.

            Сәлеметсiз   бе ,   балалар !

             Қайырлы   таң ,   балалар !

              Бүгiн   күн   қандай   тамаша ! - деген   жылы   сөздер   бала   жүрегiн   жiбiтiп   оның   көңiл – күйiн   бiр   сергiтiп   тастары сөзсіз.

            Жастайынан баланы табиғатты қорғауға баулу отбасынан басталып, балабақша, мектепте жалғасын табуы қажет.

Мысалы: ата-аналарымен бірге табиғат аясына серуенге шығу, таза ауамен дем алу, қыста отбасымен бірге шаңғы, шана, коньки тебу. Жаз, күз, айларында бау-бақша, саяжайларда ата-анасымен бірге бақша дақылдарын суару, шөптеу жинау т.б.

Серуен кезінде ауа-райын бақылау. Саябақ, бақ, балабақша ауласындағы ағаштарды, гүлзарларды бақылау. Жақын маңайдағы құстарды бақылау, қала, ауыл сыртына жыл мезгілдеріне сай серуенге шығып отыру және т.б. жәйттер балаға табиғат туралы алғашқы түсінік берсе, одан әрмен табиғатта болып жатқан өзгерістерді бала білімді, терең ойлы тәрбиеші мамандардың көмегімен тани бастайды және осы құбылыстарды әңгімелеу арқылы тілін дамытады.

            Егеменді мемлекеттің болашақ мүшелерін, өз ана тілін құрметтейтін, ұлттық әдет-ғұрыпты қастерлейтін, табиғатын сүйетін нағыз патриоттарды өсіп жетілдіріп тәрбиелеуді  көздеп отыр.

            Баланы жас кезінен ұлтжанды, өз ана тілін, елін, жерін сүйетін патриоттық сезімге баули білсек, олар өскен соң ұлттық тәрбиенің жемісін берері сөзсіз. Ендеше, балаға дұрыс жан-жақты тәрбие беруге көп көңіл бөлген жөн деп есептеймін.