Ақтанова Л.П.
Қазақстан Республикасы
Президентінің жанындағы
Мемлекеттік басқару академиясы,
Қазақстан
МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІНІҢ ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ
ҚҰЗЫРЕТТІЛІГІН ТЫҢДАЛЫМ АРҚЫЛЫ ДАМЫТУ
Еліміздің кез
келген азаматы өз елі мен жерінің тарихын, мәдениетін,
мемлекеттік тілді толық білуі, меңгеруі қажет деп танылады.
Әр азаматтың бәсекеге қабілеттілігінің негізгі
көрсеткіштерінің бірі олардың мемлекеттік тілді толық
меңгеру екені баршамызға мәлім.
«Білімді,
еңбекқор, бастамашыл, белсенді болуға қазірден бастап
дағдыланыңдар. Жұмыс пен сұраныс бар өңірге
батыл барыңдар. Шеберліктің шыңына жете білсеңдер
мамандықтың бәрі жақсы. Қазір техникалық
мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күні
туған заман. Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген,
жалықпай техника меңгерген адам озады» [1] - деген Елбасы
өзінің кезекті халыққа жолдауында
Оқыту үрдісін
оңтайландыру, соның ішінде тілді оқыту жұмыстарын
жандандыру тек бір күннің ғана емес, үнемі
жалғасып, дамып отыратын жұмыс. Тілді оқыту қазіргі
кезде жан-жақты қарыштап дамыған кезде тілді үйретуде
жаңа технологияларды пайдалану маңызды болып табылады. Сол себепті
де тілді оқытуда тек жазба мәтіндермен шектеліп қалуға
болмайды. Өйткені адам баласы өз өмірінде оқу
әрекетінен гөрі, тыңдау әрекетінде көбірек
болады.
Осы
орайда, мемлекеттік қызметшілердің лингвистикалық
құзыреттілігін дамыту үшін мемлекеттік тілді оқыту
сабақтарында жалпы сөйлеу қызметінің барлық
түрлерін (сөйлеу, оқу, жазу және тыңдау)
қолдану арқылы жүзеге асатыны баршамызға мәлім. Соның ішінде сөйлеу
қызметін дамыту
үдерісінде ерекше орын алатыны – тыңдалым.
Тыңдалым (аудирование)
көптеген себептерге байланысты басты маңызға ие. Өйткені адам өз өмірінде оқу
әркетінен гөрі, тыңдау әркетінде көбірек болады.
Тыңдау – адамның тілдік
қарым-қатынасқа түсу кезіндегі басты
құралдардың бірі. Біз тыңдау арқылы қоршаған орта, ондағы
болып жатқан оқиғалар туралы ақпараттарды ала отырып,
дүниетанымымызды, тілдік қорымызды
байыта отырып, қабылданған ақпаратқа талдау
жасап, өз пікірімізді білдіреміз. Сол
себепті де тіл үйренушіге тыңдау арқылы тіл үйрету
жолы тиімді болып табылады. Тіл
үйренуші тыңдап түсіну үшін, оның белгілі бір
дәрежеде тілдік білімі (сөздік қоры) болуы керек. Демек,
тыңдау әрекетін тіл үйретудің кезеңдеріне
байланысты қолдану керек.
Тыңдалым
дағдысы бойынша: негізгі ойды түсіну,
ақпаратты анықтау, түсінгенін практикада қолдана білу
бағаланады. Осылардың ішінде басқа дағдыларды
қалыптастырудың негізгі алғышарты – тыңдалым әрекеті
болып табылады. Өйткені күнделікті өмірде тыңдаушы
көптеген ақпаратты сағат сайын естіп, көріп
тыңдайды. Бірақ кез келген ақпаратты тыңдау
арқылы түсіну сөйлеу әрекетін қалыптастырады.
Егер тыңдаушы өзіне керек мәліметті тыңдау арқылы
тауып үйренсе, ол басқа үш дағдыны (айтылым, жазылым,
оқылым), яғни айтылып жатқан мәліметті түсінеді;
өз пікірін білдіре алады және басқалармен
қарым-қатынас жасай алады; тақырыпқа қатысты
деректі түсініп оқиды; көтерілген мәселеге өз
көзқарасын жазбаша жеткізе алады.
Ал
тыңдалым дағдысы дегеніміз не? «Тыңдалым – «аудирование»
деген терминнің білдіретін мағынасы – «есту арқылы
түсіну». Бұл айтылған не техникалық
ақпараттарға жазылған аудио мәтіндегі сөздерді,
сөйлемдерді тыңдай білудің нәтижесінде қабылдау
және түсіну деген ұғым» [2].
Мәтін
көптеген күрделі құрылымдардан тұрады. Әр
мәтіннің өзіне тән белгілері бар. Мәтінді
іріктеудегі келесі қырларына назар аударылса, мәтіннің
өтімді болатыны дәлелденіп отыр:
Мәтіннің
мазмұнының келесі тұстарына назар аударылу керек:
мәтіннің құрылымына; мәтінде кездесетін
сөздер мен сөзтіркестеріне; мәтін мазмұнының
деңгейге сәйкестілігі; мәтіннің көркемделуіне;
мазмұнының қызықтылығына.
Мәтіннің
құрылымы қалай болу керек, және құрылымына
қарай мәтінді белгілі бір классификацияларға қалай
жіктеуге болады? Оны – суреттеу,
хабарлау, әңгімелеу,
талқылау, жауап беру, есеп беру, нұсқаулық беру
арқылы жіктеуге болады.
Осы
аталған құрылымдар тыңдаушыға мәтінді
түсінуге әсер етуші фактор болып табылады. Зерттеулердің
нәтижесі бойынша жүйелі жазылған әңгімелеу
оқуға жеңіл болып келеді, өйткені
оқиғаның басы, ортасы, аяғы болады. Сонымен қатар
келесі қызықты фактілер анықталып отыр. Мәтіндегі
негізгі айтылған ой мысалдардан бірінші келетін мәтінді
қабылдау оңай да, керісінше бірінші мысалдар келтіріліп барып,
негізгі ой айтылған мәтіндер қабылдауға
қиын болады.
Оқытушы
сабақты дұрыс жоспарлап, мақсатын нақты белгілеп
алмайынша көздегеніне жете алмайды. Сабақтың мазмұнын,
құрылысын, дәлдігін, жұмыс жүргізу тәсілін
мұқият ойластыруы қажет. Сондықтан кез-келген
сабақта өмірдің қазіргі жаңа талаптарына сай
жаңа технологияларды пайдалану – уақыт талабы.
Осы
ретте жаңаша әдістемелерді пайдалана отырып өткізілетін
сабақтарды жоспарлаудың негізгі талаптары келесідей болып
келеді: жағымды психологиялық орта жасау;
тыңдаушылардың тіл үйренуге деген қызығушылығын (уәж, ынта, ұмтылыс)
тудыру; инновациялық технологиялармен жұмыс істей білу; орындалатын
жұмыстардың проблемалық болуы; проблеманы шешуге және
шешім қабылдай білуге үйрету; кез-келген проблеманы
шығармашылық тұрғыдан шешуге бейімдеу;
өзіндік пікір, идеялар, тұжырым, түсінік келтіру; пікірін,
тұжырымын, идеясын дәлелдей және қорғай білуге
дағдыландыру; өз бетінше орындауға берілген
жұмыстарға үлкен жауапкершілікпен қарауға,
шығармашылықпен орындауға үйрету; тыңдаушылардың
бірлескен таным процессіне белсенді араласуына мүмкіндік жасау;
тыңдаушылардың үйренгені мен өз білімі туралы
түсініктерін ортаға салып, бірлесе талқылап, олар туралы
пікір алысуға мүмкіндік жасау; тыңдаушыларға
өздік жұмыстарын ұйымдастыру үшін орта
құру.
Жалпы аудиторияларда қазақ тілі пәнін
оқытудың негізгі мақсаты – тыңдаушылардың
қарым-қатынас біліктілігін қалыптастыру, дамыту, тілдік
және танымдық біліктілікпен қамтамасыз ету екендігі
Қазақстан Республикасының жалпы білім берудің
мемлекеттік стандартында көрсетілген.
Сабақта тыңдаушылардың сөйлеу қызметін
ұйымдастыру барысында оларды өздігінен сөйлеуге итермелейтін
– тіл дамыту жұмыстары. Тіл дамыту дегеніміз – тыңдаушылардың
тілдік тұлғаларды дұрыс қолданып, ойын басқа
адамға толық жеткізуге дағдырландыру, басқа
адамдардың сөзін жақсы түсінуге үйрету болып
табылады. Тіл дамытуда қазақ тіліне тән дыбыстарын
дұрыс айтуға жаттықтыру, қазақ
сөздерінің айтылу нормасын қалыптастыру, қазақ
тілінің орфоэпиясы мен орфографиясын меңгерту жұмыстары
жүргізіледі. Ал бұлар ауызша сөйлеу тілінің негізгі
мәселесі болып табылады. Міне осы айтылған мәселелерді
жүзеге асыру үшін тыңдаушылардың сөйлеу
дағдысын қалыптастыру жұмыстарын ұйымдастыру,
оның ішінде тыңдалым жаттығуларының атқаратын
қызметі зор.
Жаттығулар екіге бөлінеді: тілдік және сөйлесу
жаттығулары. Тілдік жаттығулардың міндеті – тілдің
грамматикалық материалын тыңдаушыға меңгерту.
Сөйлеу жаттығулары қарым-қатынас жасауға
бағытталады. Оған сұраққа жауап беру, өзі
сөзге сұрақ қоя білу, тілдік жаттығуларда
меңгерген сөйлем үлгілерін сөйлеуде еркін
қолдану, орысшадан қазақшаға ауыстырып, тақырып
бойынша шығарма, эссе жазу, жоспарланбаған, дайындалмаған
тақырыптарда сөйлеу, т. б. жатады.
Осы әдістердің барлығы жаңаша оқыту әдісі
арқылы жүзеге асады. Ал бұл озық технология
бұрыннан келе жатқан әдістерді өңдеу,
жөндеу, талдау арқылы жетілдіру, жаңа жолдарды іздестіру, сол
бағытпен жұмыс істеу дегенді білдіреді.
Тыңдалым
материалдары арқылы оқыту қазіргі кезде жаңаша оқытудың бір
формасы ретінде көп қолданылатын әдістің бірден-бір
түрі. Бұл оқытылатын тілдің дыбыстық
жағынан, оның дыбыстық құрамы мен
ырғағы; әуезділігі, екпіні, ырғағының
меңгерілуіне мүмкіндік береді. Тыңдалым арқылы
тілдің лексикалық құрамы мен оның грамматикалық
құрылымы меңгеріледі. Сол уақытта тыңдалым айту,
оқу, жазуды жеңілдетеді.
Тыңдалым
тапсырмасын орындау барысында айтушы мынандай мүмкіндіктерін
көрсете білуі керек: Адамдардың айтатынын алдын-ала білуі; таныс
емес сөздер мен сөз орамдарын шеше алуы; жинақталған
өзінің білімін түсіну қоры ретінде пайдалану;
сөйлеушінің әңгіме пәніне қатысын
түсіну; тыңдау уақытында жаза алуға бейімділігі;
ырғақ пен екпінді түсіну; айтудың этикалық
жағы; дискуссия, дебат және айтыстың басқа
түрлері.
Тыңдалым – есте
сақтау қызметімен байланысты. Есте сақтау
түсінігінің өзін мынандай құрамға
бөлуге болады: қысқа уақыттық – қысқа
уақыт аралығында ақпаратты сақтау тәсілін
көрсетеді; шұғыл – ақпаратты белгілі бір есептік, алдын
ала тапсырылған мерзімге ақпаратты сақтау; ұзақ
уақытқа – бұл ақпаратты есте сақтау
тәжірибе жүзінде шексіз уақытқа дейін
сақтау мүмкіндігі.
Тыңдаудан
кейінгі орындалатын жаттығулар, жиі бақылау бағытында болады.
Дұрыс/ бұрыс жаттығулары немесе тыңдалым жайлы
өзінің пікірін білдіру. Міндетті түрде басылымдық
тапсырмамен танысуға уақыт беру керек, егер ол оқулықта
болса немесе оқытушымен жеке парақта берілсе. Міндетті түрде
– үйренуші тапсырманы түсінгенін тексеру керек (лексиканы, олардан
не талап етілетінін), міндетті түрде қиыншылықтар кездессе,
оны алып тастау қажет. Ең маңызды нәрсе
мәтіннің ұзақтығы. Егер мәтін бір минут
дыбысталса, онда үйренушілер оны аяғына дейін түсінбей
қалуы ықтимал, өйткені әдетте мәтінің
бастапқы бөлігі жақсы түсініледі де, соңғы
жағына қарай ойлары шашырап, олар мәтіннің
мазмұнын толығымен түсініп үлгермейді. Сондықтан
жұмысты көлемі шағын мәтінді тыңдаудан бастау
керек, яғни лексикалық материалға негізделген,
үйренушілер оны жақсы игере алатын.
Әдетте
мәтін екі рет тыңдалады. Бірінші тыңдалғаннан кейін
үйренушілердің
мәтіндегі құралған ақпаратты түсіну
дәрежесін тексеру керек.
Бұл жаттығулар жалпы сауалдар арқылы жасалады. Егер сұрау
барысында үйренушілерге мәтіннің түсініксіздігі
анықталса, немесе шала түсінікті болса, ондай уақытта екінші
тыңдалымда мәтінді мағыналық жағынан
бөлшектеп және жеке бөлшектерімен жұмыс істеу
қажет. Үйренушілердің көпшілігі тыңдалымның
мағынасын түсінгенін байқағаныңызда, онда
жұмыстың келесі кезеңіне өтуге болады. Бұл
тыңдалым үдерісіндегі алынған жинақталған
ақпарат болуы мүмкін. Бұл тыңдалған мәтін
бойынша құрастырылған мәітін болуы мүмкін,
тыңдалым негізінде берілген тақырыпта мәтіндегі
грамматикалық бірліктер мен лексиканы пайдаланып
өзіңнің құрастырған әңгіме
болуы мүмкін.
Тыңдалым –
басқалардың не сөйлеп жатқанын ажырата білу және түсіну
қабілеті. Күнделікті қарым-қатынас жасау барысын,
әр түрлі жағдаяттарды орындауды біз тыңдалым
арқылы жүзеге асырамыз. Ол іс-әрекеттер мына
жағдайларды тыңдағанда іске асады:
Ø әр түрлі жарнамаларды;
Ø радио және теледидар ақпараттары мен
жаңалықтарын;
Ø әр түрлі нұсқаулықтар мен тапсырмаларды
орындау;
Ø дәрістерді;
Ø сұхбаттасушының әңгімесін;
Ø актерлердің, әртістердің қойылымдары мен
орындауларын;
Ø телефон арқылы сөйлесу және т.б.
Мәселен, абстрактілі мәтіндерді,
техникалық нұсқауларды, өндіріс және ғылым
салалары бойынша мақалаларды, әр түрлі пәндер бойынша
оқу құралдарын түсініп оқу,
радиохабарлардың, ұзақ оқылатын лекциялардың,
телебағдарламалардың негізгі тақырыптарын, көркем
фильмдерді қиындықсыз түсіну көптеген
тыңдаушыларда бірден қалыптаспайды.
Бұл әдісті
тыңдаушы күнделікті дағдыға айналдырған
жағдайда құрылымы мен мазмұны жағынан
әр түрлі мәтіндерді оқып түсінеді, әр
түрлі сөйлеу жағдаяттарында еркін сұхбаттасып, теле,
радио арқылы берілген хабарларды еркін қабылдап, өз ойын
жазбаша эссе, түйін, сын, пікір түрінде бере алады, тілдің
әр түрлі стилінде сөз саптай алады деген сөз.
Тыңдата отырып сөйлету
жаттығулары қабылдауға, ойлауға, еліктеуге және
сөйлеу үлгілерін есте сақтауға бағытталып, тіл
үйренушілерді белсенді сөйлеу әркетіне жетелейді.
Тыңдалым қатысымдық жаттығуларынсыз жүзеге
аспайды. Қатысымдық жаттығулар дайындық
жаттығуларынан бірсыпыра күрделі, оларды шығармашылық
жаттығулар деп те атау бар. Қазақ тілін студенттерге
үйрету кезінде сөйлеу жаттығулары жиі қолданылады,
өйткені бұл жаттығуды орындау үшін тіл
үйренушінің белгілі тілдік білімі, сөздік қоры,
пікірлесу тәжірибесі болуы керек. Қатысымдық жаттығулар
арқылы олардың бәрі де әрі қарай дамытылады, сондықтан
мұнда да жаттықтыру әрекеті жалғастырылады, бірақ
ол күрделену, дамыту, қалыптастыру бағытында
жүргізіледі[3].
Мысалы, мынадай тапсырмалар: «Мәтінді тыңдап,
сөйлемдерін аяқтаңыз, өз
көзқарасыңызды білдіріріңіз»-деп берілді. Сөйлеуді еркін меңгеру үшін
тыңдап түсінусіз үйрену мүмкін емес. Қазір біз
тілді меңгертуде
әр түрлі тақырыпта жазылған үнтаспаларды, бейнефильмдерді
қолданып, тыңдаушылар үшін мемлекеттік тілде жүретін телебағдарламаларды
көруді ұсынамыз.
Диалогті, әңгімелерді, мәтіндерді тыңдап, одан не түсінгенін
анықтау үшін де әр түрлі әдіс-тәсілдерді кең қолданамыз. Әдетте
тыңдауға арналған мәтіндер оқылған тілдік материалға негізделіп құрылады.
Оның ішінде 3-4% таныс емес лексикалық материалдар қосуға
болады. Әңгімені алғашқы ретте тыңдауға
жіберілген уақыт 1– 1,5 минут көлемінде болуға тиіс [4].
Тыңдалым
материалдары аса күрделі болмауы керек. Ол материалдар студенттерге таныс
алдыңғы сабақтарда орындалып жүрген, сол ұсынылып
отырған тапсырмаға ұқсас не жақын
жаттығулар болуы тиіс. Аса қиын жаттығуларды да алмаған
жөн. Себебі қиын мәтіндер де тым оңай жазылған
тапсырмалар да тыңдаушылардың
бұл тапсырмаға деген қызығушылығын
жоғалтады.
Тыңдалған
мәтін бойынша келесідей жұмыс түрлерін орындаймыз: сұрақтар
бойынша тыңдаушы түсінігін
тексеру; кілт сөздерді анықтау, сөз тіркестерін
жазу; тыңдалған мәтінге тақырып қою; жоспар құру; ауызша қысқаша / толық
мәтіннің мазмұнын беру; мәтін туралы негізгі
ойын, пікірін білу; мәтін кейіпкеріне немесе жағдаятқа
мінездеме беру; мәтінде естігенді
өмірмен байланыстыру; өзіндік
көзқарастарын ортаға ұсыну және сонымен
қатар, тыңдалымды диктант алу жолымен дұрыс жазуды
бағалау құралы ретінде де қолданып жүрміз.
Тыңдалым
материалдарын қолданудың келесі түрі – тест
сұрақтарына жауап беру. Тыңдалымды тестілеудегі біздің
мақсатымыз – тіл үйренушінің естігенін және арнайы
тыңдағандарын түсініп, жауап бере алу деңгейін
анықтау.
Тест
мазмұны әр деңгейдегі тест тапсырмалары диалогтар мен
монологтардан туындайды. Диалогтар деңгей ретіне қарай 2-3
сөйлемнен (репликадан) 20-40 сөйлемге дейін ұлғаяды.
Монолог көлемі 40 сөзден 450-500 сөзге дейін
ұлғаяды. Диалог пен монолог арнайы бейімделген мәтіннен сол
күйіндегі көркем, саяси- қоғамдық, ғылыми
мәтінге дейін қамтиды.
Енді осы
әдістің сабақ барысында қолданылуымен таныссақ.
Мәселен:
Жалпы осындай тыңдалым материалдарын, оның
әдістерін сабақта қолдану – шығармашылық
ізденіске жетелейді. Өз сабақтарымыздағы басты бағдар – тыңдаушылардың
шығармашылық мүмкіндіктерін дамыту және оларды шынайы
өмірдегі дара тұлға етіп әзірлеу екенін жақсы
түсінеміз. Сондықтан да әрбір жаңа сабақ
өткен сабақтың материалымен байланыстырудан басталады.
Оқытушы тыңдаушының
сабақтағы әрбір әрекетін алдын ала жоспарлап отырса, тыңдаушының ойлау,
болжау, тұжырымдау сияқты негізгі зерделік көрсеткіштерін де қалыптастыра алады.
Қорыта келе айтарымыз, тыңдалым –
қарым-қатынастың негізін құрайды, одан ауызша
коммуникацияны игеру басталады. Осындай тілдік қызметтің
түрін игеру, тыңдалым сияқты, адамға оған нені
айтатынды түсінуге және айтылғанды байыппен
бағдарлауға, оппонентке өзінің жауабын дұрыс
жеткізуіне тілдің диалогтық негізі болып табылады.
Алайда тілдік
қызметтің басқа түрінің ролін яғни айтудан
тыңдалымды, жазуды немесе оқуды бөлуге болмайды.
Тыңдалымның коммуникативтік ерекшелігі – тілдік қызмет
түрі ретінде қазақ тілін оқытудың барлық
кезеңінде ролі үстем және қазақ тілін
үйретуге талаптың үнемі өсуі заманауи
оқытушыдан оқыту
үдерісіне тыңдалымды
кіргізуге міндет екенін талап ету қажет.
Пайдаланылған әдебиет:
1. Назарбаев Н. «Қазақстан жаңа жаһандық
нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму». Қазақстан
халқына Жолдауы. «Егемен
Қазақстан» – Астана қ., 2015 жылғы 30
қараша.
2.
Аренова Т. Тілдерді оқытудағы жаңа бағыт. –
Қазақ тілі: әдістеме. №1
2008 (15).
3. Құрманбаева Ш.
Қазақ тіліндегі сөйлеу жаттығулары. – Қазақ
тілі: әдістеме. № 6 2008 (20).
4.
Соболева Н.И. Обучение аудированию русской речи (1
сертификационный уровень)//Традиции и новации проф. Деятельности преподавателя
РКИ. Сб.статей., М., РУДН, 2002