ТІЛДІК ЖӘНЕ ТІЛСІЗ ҚАТЫНАС МӘСЕЛЕСІ
Жакан Айсулу, КОк-31 тобының студентi
Мажитаева Ш., ф.ғ.д, профессор
Е.А.Букетов
атындағы Kарағанды мемлекеттiк университетi
Тіл қоғам
өмірінен алатын орны ерекше күрделі құбылыс
болғандықтан, ол үнемі үздіксіз дамып отырады.
Сондықтан да тіл адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас
жасап, ой-пікірлерімен алмасып, олардың өзара түсінісуіне
таптырмас қатынас құралы.
Тіл – «дайын ойды» жеткізу
құралы ғана емес. Сонымен бірге ол ойдың пайда болу,
қалыптасу құралы. Зерттеушілер тілдің маңызы
туралы айтқан алымдардың пікіріне былайша тоқталады: «...көрнекті
орыс психологы Л.С.Выготский, ой сөз түрінде айтылып қана
қоймады, сондай-ақ сөз түрінде іске асады десе, XIX
ғ. бірінші жартысында дүниеден өткен немістің аса ірі
тілші ғалымы Вильгельм Гумбольдт тілді «ойды құраушы орган» –
деп, оның дүниетанымдық функциясы мен ақпараттық қызметі туралы айтады» [1, 33].
Қатынастың негізгі
теориялары интерактивтік, коммуникативтік, перцептивтік болып табылады.
Идентификация (теңестіру, ұқсату)
қарым-қатынас кезінде басқа адамды тану тәсілі,
яғни серіктесінің орнына қойып өзін сынау, салыстыру
негізінде оның ішкі хал-жағдайына болжам жасау.
Эмпатия басқаның күйзеліс сезімін бірге
өткізу, басқа адамды тану формасы. Ал, бейвербалды қатынас
құралын оқып үйренуде төмендегі
ғылымдарға жүгінеміз:
1. Кинесикa – адамның ішкі сезімі
және көңіл күйі; ым-ишара, бет құбылыстары,
дене мүшелерінің қозғалыстары (пантомимика),
бүкіл дене қозғалысы қимыл мен ым арқылы ғана
жасалатын қозғалыс, дене тұрысы, қалып, кейіп, бас ию,
жүріс, келбет.
2. Такесика – жанасқан
қарым-қатынас жағдайында болатын құбылыстар:
қол алысуда, сүйісуде, тиіп кеткенде, сипағанда және
т.б.
3. Проксемика – кеңістікте болған
қатынаста адамдардың орналасуын зерттейтін ғылым саласы.
Жалпы адамдардың қарым-қатынасына қатысты
әрекеттер екі үлкен тармақтан тұрады. Оның бірі –
тілдік қатынас, екіншісі –
тілсіз қатынас. Тілдік
қатынас пен тілсіз қатынастың ұқсастықтары
да, айырмашылықтары да бар. Бұл қатынастардың
сәйкес жақтары: олардың екеуі де, біріншіден,
адамдардың бір бірімен байланысын қамтамасыз етеді. Екіншіден,
тілдік қатынаста да, тілсіз қатынаста да белгілі бір дерек, ой,
мағлұмат хабарланады, бірақ тілсіз қатынаста хабар
шартты түрде болуы мүмкін. Үшіншіден, тілдік, тілсіз
қатынас та адамдардың өзара түсінісуіне жол ашады.
Ұғынысу тікелей жолмен емес, сырттай болуы да мүмкін,
мұндай жағдайда да адамның белгілі бір хабарды
ұғып, соған қатысты іс әрекет жасауына
мүмкіндік туады.
Осы мәселе жайында зерттеуші
Ф.Оразбаева ғалым Э.П.Шубиннің ойларына мынадай тұжырымдарын
береді. Э.П.Шубин вербалды қатынастан бейвербалды қатынастың
айырмашылығы бар екенін көрсетеді. Вербалды қатынас
адамдардың саналық және физикалық әрекеттеріне
қызмет ететінін айта отырып, вербалды қатынаста адамның ойлау
қабілеті негіз болатынын көрсетеді. Ғалым тілдік
қатынастың ерекшеліктеріне тоқтала келе, екі түрлі
айырмашылығын көрсетеді: «Біріншіден, тілдік қатынас – әмбебап, яғни жан-жақты,
өйткені ол адамдардың барлық саналық және
физикалық әрекеттеріне қызмет етеді. Екіншіден, тілдік
қатынас бірінші пайда болады, яғни алғашқы
кезеңде тұрады, өйткені оған адамның ойлау
қабілеті негіз болады» дейді Ф.Оразбаева [2, 43].
Қазіргі уақытта
бейвербалды қатынас құралдарының аталуы мен
топтастырылуы бойынша паралингвистикалық және бейвербалды
семиотикалық бағыттары төңірегінде зерттелу
жұмыстары жүргізілуде. Осы тұрғыдан паралингвистикалық бағытты
зерттеуші ғалымдар И.Н.Горелов, З.З.Чанышева т.б., ал екінші
бағытты зерттеуші ғалымдарға Б.Момынова, С.Бейсембаева,
Г.Е.Крейдлин, Т.М.Николаеваларды атап өтуге болады.
«Паралингвистика сөзі
гректің «жанында, қасында» деген мағынаны білдіреді.
Яғни тілдік әрекеттің кез келген түрі, жазба тілі,
пантомима тілі, өзіндік коды бар ым мен ишаратпен жарыса
қолданылатын құбылыстар паралингвистикалық болып
табылады. Б.Момынованың көрсетуінше, бұл терминді алғаш
ұсынған американ ғалымы А.Хилл болса, жаңа ғылым
саласының зерттеу аясын белгілеген зерттеуші Дж. Трейгер екені белгілі»
[3, 5].
Қазақ баласы
көпшілікпен амандасқан кезде «орта толсын» деп, оң
қолын жүрек тұсына қойып, басын иіп сәлем береді.
Ал, қоштасар кезде шығарып салып тұрып, я жолға
шығушы қолын бұлғайды (қош бол, қос
қолымды шошайттым). Жұдырық түю – сес көрсетуді,
қорқытуды білдірсе, «біз біргеміз!» (жұдырықтай
жұмылу) деуді, екі қолды екі жаққа жаю –
ашықтықты, екі қолдың алақанын жайып, иықты
көтеру – білмеуді, түсінбеуді аңғартса, бас
бармақты көрсету мақұлдауды, яғни жарайсың
деп қолдауды, мақтауды (ал Нигерия, Ауғанстан, Иран, Италия
секілді елдерде бұл қимыл адамға доқ көрсетуді
білдіреді), сұқ саусақты кісіге қарай шошайту –
намысқа тиюді, тұқыртуды, сондай-ақ оны жоғары
көтеру «байқа» немесе «ойлан» дегенді байқатады.
Бейвербалды тіл көбінесе
жан-жануарлар әрекетінде, олардың қарым-қатынасында
байқалады.
Оған күнделікті
өмірде де жиі көз жеткізе аламыз. Мысалы, ит не
мысықтың иесіне келіп сүйкенуі тамақ сұрауды
білдірсе, денесін үлкейте көтеріп, үрпиюі айбар шегуді
білдіреді.
Бұлардан басқа
халықаралық деңгейге көтерілген бейбербалды
қатынастар бар екені белгілі: өнерпазға қол
шапалақтау, келісу не келіспеу мағынасын білдіретін бас изеу,
иық көтеру, т.б. Суреттер, графика, түрлі белгілер, жол
белгілері мен қауіп-қатерді бейнелейтін сигналдар, символикалар,
ишараттар, басқа да таңбалар адам қатынасының даму,
жетілу кезеңін танытып қана қоймай, әлі де
жалғасып, толығып келеді. Алайда, тілдік қатынас – адамдар
арасындағы ақпараттың қабылдануы мен
ұғынылуы, хабар алмасу, қатынасқа түсу және
ең бастысы қоғамдық қажеттілік ретінде дамып,
жетіле беретін үдеріс. Тілдік қатынас білім мен техника, өнер
мен мәдениет, дүниетаным мен көзқарас,
ұлттық құндылық пен мәдени мұра тілі
болумен бірге, тіл зерттеу құралы болып та ерекше қызмет
етеді.
Тілдік
қатынас күрделі қоғамдық-әлеуметтік
құбылыс бола келіп, көптеген ғылым салаларымен
тығыз байланысты. Бұл саланың басқа ғылымдар
негізінде қалыптасып, тіл білімінде жетекші орын ала бастауы – кейінгі
жылдардың жемісі. Сондықтан тілдік қатынас
мәселесінің түпкі тамырларын белгілей отырып, оның ғылымдағы
орнын және онымен тікелей байланысты ілімдермен ара қатысын
айқындаған жөн.
Тілдік
қатынастың қоғамдық негізі
қарым-қатынас құралы тілдің
қоғамдағы ролі мен мәніне байланысты.
Кейде адамдар белгілі бір шартты келісімдер немесе белгілер арқылы
тілсіз-ақ үғынысады. Бұл да –
адамдар арасындағы қарым-қатынастың бір түрі. Осы
басқа да адамдардың бірін-бірі түсінудің көптеген
жолдары бар.
Мұндай семиотикалық таңба-белгілерден өзгеше
адамдардың ыммен түсінісуі және көздің,
ауыздың, қабақтың қимыл-қозғалыстары
мен жалпы бет-әлпеттің өзгеруі арқылы
ұғынысуы сияқты қаншама көп белгілер бар. Тіптен
дене мүшелерінің /қолдың, аяқтың,
иықтың т.б./ әртүрлі
қимыл-әрекеттерінің өзін неше саққа жүгіртуге болады.
Тілсіз қатынас пен оның түрлері қоғамда да,
өмірде де белгілі орын алады. Бұлар адамдардың
қарым-қатынасына қызмет ете келіп, түсінісудің
қарапайым жолы болып табылады.
Жалпы адамдардың қарым-қатынасына қатысты
әрекеттер екі үлкен тармақтан тұрады. Оның бірі –
тілдік қатынас, екіншісі – тілсіз
қатынас.
Тілдік қатынас пен тілсіз қатынастың
ұқсастықтары да, айырмашылықтары да бар. Бұл
қатынастардың сәйкес жақтары: олардың екеуі де,
біріншіден, адамдардың бір-бірімен байланысын қамтамасыз етеді,
яғни адамдар арасындағы қатынасқа қызмет етеді.
Екіншіден, тілдік қатынаста да, тілсіз қатынаста да белгілі бір
нәрсе хабарланады, бірақ тілсіз қатынаста хабар шартты
түрде болуы мүмкін.
Үшіншіден, тілдік, тілсіз қатынас та адамдардың
өзара түсінісуіне жол ашады. Ұғынысу тікелей жолмен
емес, сырттай болуы да мүмкін, бәрібір адамның белгілі бір
хабарды үғып, соған қатысты іс-әрекет жасауына
мүмкіндік болады. Алайда тілдік қатынас адамдардың бір
бірімен ұғынысуын, ойын еркін, толық жеткізуінде ерекше
қызмет атқарады. Оның осы ерекшелігіне ғалымдар баса
көңіл аударады.
Лингвистикадағы тілдік қатынас мәселесін жан-жақты
қарастырып, белгілі бір тұжырымға келген автордың бірі –
Э.П.Шубин. шет тілдерін оқытудың қағидалары мен
әдістемелерін сөз ете отырып, жалпы тілдік қатынастың
құрамын, олардың атқаратын қызметін,
оқытудың мақсаты мен мазмұнын, тілдік
құралдары анықтауға тырысады. Оның бұл проблемаға
қатысты өзіндік пікірлері бар. Ол көзқарастардың
ұғымды жақтары да, субъективтік жақтары да кездеседі.
Сонымен тілсіз
қатынас немесе бейвербалды амалдар – ауызекі тілдің ажырамас
бөлігі. Қарым-қатынас кезінде
бейвербалды амалдар тілдік амалдармен қатар қолданып,
сөйлеуді жеңілдетеді. Тілсіз қатынас құралдарына
бет-жүз құбылыстары мен дене қимылдары: бас изеу,
жұдырық түю, тісін қайрау, ернін жымқыру,
өз маңдайын өзі ұру, қолын шапалақтау,
бөркін аспанға ату, иығын көтеру, басын, желкесін
қасу, бармағын тістеу, бас ию, қарсыласының
арқасынан қағу, үнсіз тұрып кету, бас
шайқау, қол сермеу, т.б. ым-ишара құбылыстары жатады
Зерттеушілер бейвербалды амалдар
мынадай қызмет атқарады деп көрсетеді:
- қосымша ақпарат
беру (жағдайға байланысты бас изеп қолдау\қолдамау,
фонациондық сипаттамалар арқылы баға беру т.б.).
- вербалды элементтің
орнына қолданылады (мысалы, басын шайқау немесе таңдайын
қағу арқылы жағымсыз ым-ишараны білдіру);
- ортақ мағынаны
білдіру мақсатында вербалды әдістермен қатар
қолданылады (мысалы, «Маған анау кітапты әперіп
жіберіңізші» деген сөйлемді сілтеу ишарасы арқылы қол
сілтеп көрсетуге болады. Көзге көрініп тұрған
болса, бұл жерде кітаптың авторын немесе атауын айтып жатудың
қажеті жоқ [4, 367].
Бейвербалды амалдар хабарлаушы
(немесе жазушы) жайында ақпарат беруі мүмкін, яғни оның
әлеуметтік, жыныстық, жастық белгілерін, мінез
ерекшеліктерін, сонымен қатар этнолингвистикалық
құрамын анықтайды.
Бейвербалды амалдар арқылы
адамдардың қарым-қатынасын, бір нәрсені
ұнату-ұнатпауын, жақсы көру, жеккөру т.б. сынды
қасиеттерін білуге болады. Мәселен, дәрісханада студенттерге
оқытушы дәріс оқыған жағдайда оқытушы
үнемі студенттердің тақырыпты қалай тыңдап
отырғандығына назар аударып отыруы тиіс. Мұндай
жағдайлар көбіне тақырып қызықтырмаған
жағдайдан туындауы мүмкін. Соған сай ол аудиторияны көз
қиығымен, бар жан-тәнімен ұға бақылап
отырғаны дұрыс. Мұндай әрекет оқытушының
педагогикалық шеберлігін аңғартады. Бұл
оқытушының дикциясын өзгерту арқылы (дауыс көтеру
немесе созу), көзін алайту немесе партаны тықылдату т.б.
әрекеттерінен көрінеді.
Қорыта айтқанда,
коммуникациядағы бейвербалды амалдар баяншы не қабылдаушы
арқылы беріліп тұрған ақпаратты толық
мәнінде түсінуге мүмкіндік береді,
қарым-қатынасқа түсушілер сөздерінің
экспрессивті-эмоционалдық реңкін арттырады, гендерлік сипатын
айқындайды.
Әдебиет:
1
Тұрғанбаев Ә.Х. Тіларалық байланыстар мен
қатынастар диалектикасы. – Алматы, 2005. – 216 б.
2 Оразбаева
Ф. Тілдік қатынас. – Алматы, 2005. – 272 б.
3 Момынова Б.
Қазақ тіліндегі ым мен ишараттың қазақша-орысша
түсіндірме сөздігі. – Алматы, 2003. – 238 б.
4
Николаева
Т.М. Паралингвистика
// Лингвистический
энциклопедический словарь / Под ред. В. Н. Ярцевой. – М.: Советская энциклопедия, 1990. – 686 с.