1960-80 ЖЫЛДАР ПОВЕСТЕРIНДЕГI  МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕРДIҢ ҚОЛДАНЫСЫ

 

 

Амантай Аңсар, КОк-31 тобының студентi

Мажитаева Ш., ф.ғ.д, профессор

 

Е.А.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттiк университетi

 

 

Халық өнерінің бірі – мақал-мәтелдердің көркемдік қуаты сан алуан. «Сөздің көркі – мақал» деп халық мақал-мәтелдің  құдіретіне аса  жоғары баға берген.  Мақал-мәтелдердің көкежиегі өте кең. Тақырыптар мазмұны ауқымды. Олар адамды жақсылыққа жетелеп, мәнді, мазмұнды ойлар арқылы тәрбиелейді.

А. Байтұрсынұлы «Сөз өнерінің ғылымы» және «Қара сөз бен дарынды сөз жүйесіне» тоқтай келіп, оларды өрнекті сөйлемдер, өлеңді сөйлемдер, шешен сөз, дарынды сөз, ділмәр сөз деп бөледі де, әрқайсысына жеке тоқтайды. Осылардың ішінде мақал-мәтелге айрықша орын беріледі. «Мәтел дегеніміз  кезіне келгенде  кесегімен айтылатын белгілі-белгілі сөздер. Мәтел мақалға жақын болады. Бірақ мақал тәжірибеден шыққан ақиқат түрінде айтылады» [1, 92].

Мақал-мәтелдер де әдеби қалыптасқан, орныққан; оның құрамындағы компоненттердің де орны бекем. Мақал-мәтелдер – құрылысы жағынан әрі ықшам, әрі көркем, мағынасы жағынан терең ой, кең мазмұнды қамтитын, асқан шеберлікпен жасалған сөз өрнегі.  Мақал мен мәтелдің айырмасы туралы М.Ғабдуллин былай дейді: «Мәтелдер көбінесе сөз айшығы, көркем теңеу, сөз образы («Көппен көрген ұлы той», «Құрыққа сырық жалғап», «Қызым, саған айтам, келінім,сен тыңда», «Тілге тиек жасап» т.б.) ретінде қолданылады. Егер мақалда дәлелдеу мен қорытынды, пікір бірдей келіп отырса, мәтелде бұл екеуінің бірі ғана болады», – деп жазды [2, 78]. 

Мақал-мәтелдердің үш жақты ерекшелігі бар тұлғалар екендігін ғалымдар ертеден бері-ақ назар аударып келеді. Біріншіден, мақалдар мен мәтелдер фразеологизм сияқты тілдік құбылыс; екіншіден пайымдау мен ой-пікірдің түйіні ретінде логикалық тұлға; үшіншіден, келелі ой, кең мазмұнды қысқа айтып, қорытынды жасаудың тамаша үлгісі.

Мақал-мәтелдер әбден қалыптасқан орныққан оның құрамындағы компонеттердің де орны бекем болады. Зерттеушілер Ә. Болғанбайұлы мен Ғ.Қалиұлы мақал-мәтелдердің даяр қалпында жұмсалуы жағынан фразеологизмдерге жатқызады. Бірақ барынша тар ұғымда алынатын фразеологизмдер мен мақал-мәтелдердің арасында үлкен айырмашылық бар. Фразеологизмдер мен мақал-мәтелдер бір-бірінен өздерінің мазмұны жағынан да сырт тұлғасы жағынан да  сараланып тұрады. Мазмұны жағынан мақал-мәтелдердің көбі жақсы қасиеттерге үндеу, уағыз-өсиет сипатында болады, ал фразеологизмдер тек атауыш бейнелеу мәнде келеді.

Жазушы тіліндегі көріктеу құралдарының бірі – мақал мен мәтелдер. Халық даналығының қазына – байлығы саналатын мақал-мәтелдер тіл арқылы адамзат қауымының асыл арманын, ақыл-парасатын, өмірлік тәжірибесін, дүниетанымын ұрпағына ғибрат етіп ұсыну әрекеті нәтижесінде туындап, қалыптасқан рухани құбылыс. Ол халықты дүниені түйсінуінен хабар беретін қойма, ғаламның тілдік бейнесі ретінде ұлттық эстетикалық таным-талғамын, шаруашылық кәсібін, мінез-құлық, ырым-нанымын, ұлттық рухты тек тілде ғана жан-жақты танытушы, таным бәйтерегі. Мақал-мәтелдерді даналардан қалған аталар сөзі десе де болады. Бұл – ұлт даналығын араға талай ғасырлар салып, бүгінгі ұрпаққа нақыш бояуын солғындатпай мән-мағынасын бәсеңдетпей, көркемдігі мен бейнелілігін жоғалтпай, тұтас жеткізіп отырған ана тіліміздің құдіретті күші  [3, 121].

Халық мақал-мәтелдерінің көркемділігі ең алдымен олардың, ықшамдылығында. Мақал-мәтел туралы жазылған  еңбектерде  осы пікір «әрі қысқа, әрі нұсқа» яки «қысқа да нұсқа» деген тіркестермен беріліп, тұрақты қайталанады. Бұл бекер емес: ең ұлы даналық қысқа да қарапайым сөзбен беріледі. Мақал-мәтел – сөз мәйегі, ой түйіні. Яғни, мақал мен мәтелдің түйіндеу тәсілі көркемдік қасиеті, аз сөзбен көп мағынаны жинақтау шеберлігі, кең таралып жұрт жүрегіне ұялауы сияқты қасиеттері байқалады [4, 56].

С.Жүнісов, А.Сейдімбеков, О.Бөкей повестерінде өмір құбылысын жинақтай отыра, кейіпкердің қадамын әсерлі жеткізуге, оның бейнесін  ашуға, салт-дәстүрді жеткізуде мақал-мәтелдер шебер қолданылған.

Жазушылар шығармаларында мақал-мәтелдерді өз қалпында, синтаксистік, морфологиялық жағынан құбылтпай, өзгеріссіз қолдану аясы жиі кездеседі. Түпнұсқасын сақтап қолданылған мақал-мәтелдер шығарманың көркемдігін арттыра түседі. Шығармада мақал-мәтелдер кейіпкер тілінде де, автор сөзі ретінде де кездеседі. Олар әр тақырыпты қамтиды. Мақал-мәтелдер бейнелі сөздермен көмкеріліп, басқа тілдік қолданыстармен ұтымды берілген.

 Мақалдардағы ойды басқа оймен жанастыру үшін, мақал мен басқа     сөздердің арасына көбінесе «де», «деп», «деген» етістігін қойып айтылған.  «Де» етістігі арқылы екі негізгі ойды құрап, сөйлем мен сөйлемді жалғастыру - мақал тәрізді тізбектердің «қаймағын бұзбау», стандартты қалпын өзгертпеу керек екендігін көрсетеді.

С.Жүнісовтің қолданған мақал-мәтелдері  оқиғаны бейнелі және нанымды етіп суреттейді. Өткір тілді қаламгерлер мақал-мәтелдерді кейде кейіпкер бейнесін аша түсу үшін, кейіпкердің шешендігін, ақылдылығын, тапқырлығын көрсету үшін жұмсайды. Мысалы: Қазақ халқының ұлы, ақылды әйелдері тарихта көп болған. Шын мәнінде бір әйелдің айласы, тапқырлығы көп істі тындыратындығы  анық. Бұлт сөз мәйегі көркемдік мақсатта жұмсалып,  оқиғаға стильдік өң береді. Мысалы: – Осы колхозда сен бе басқарма, әлде Садық па? «Хан сыртынан жұдырық» деп сырттай билеп, басынуың жетеді енді («Әжем мен Емші және Дәрігер», 299-б.). «Азған елге арамза молда» демекші, оның қолынан не келер дейсіз («Әжем мен Емші және Дәрігер», 288-б.).  Қазір Шәмшуәлиден бай адам жоқ. Бәрі арам жолмен жинаған мал. Бір өзінде құлынды бие, төрт бұзаулы сиыр, жиырма шақты қой, ешкі бар. Қайдан келді? Колхозда бір де еңбек күні жоқ, бәрі белгілі. Жұрт «Жұтқан жұтамас» деп, малдың сүмесімен күн көріп, майдан үшін еңбек етіп жүрсе, оның бар пиғылы – баю. Менің ұсынысым сол, мына өкіл айтып кеткендей, осындай тар уақытта «жау жағадан алғанда, бөрі етектен алды» дегендей, іштен шалып жүрген ескіні уағыздаушы, арамтамақ Шәмшуәлиді колхоздан шығару керек («Әжем мен Емші және Дәрігер», 306-б.). Бұл мысалдардағы  Ораза намаз тоқтықта, Иттің аузынан түскен май жаншылмай шықпайды, Ұрының арты қуыс, Өз үйім – өлең төсегім,  Бір әйелдің айласы қырық есекке жүк, Ер қанаты – ат,  Өлімнен ұят күшті, Тама берген тамшы тасты да қазады,  Жақсыда кек жоқ, кектіде тек жоқ, Қаз тойғанына емес, орғанына семіреді, Хан сыртынан жұдырық, Азған елге арамза молда, Жұтқан жұтамас, Жау жағадан алғанда, бөрі етектен алды» деген жалпыхалықтық қолданыстағы мақал-мәтелдер дегендей, деп, деген, демекші сияқты етістіктер  мақал-мәтелдің шырайын бұзбай, оның сол қалпында қолданылуына септігін тигізіп тұр.

Мақал-мәтелдерді өз қалпында, синтаксистік, морфологиялық жағынан құбылтпай, өзгеріссіз қолдану аясы жиі кездеседі. Түпнұсқасын сақтап қолданылған мақал-мәтелдерге мысалдар келтірейік: «Ат баспаймын деген жерін үш басады», бұл төңірекке, сіздің шаңыраққа кеп дәм татамыз деген үш ұйықтасақ түсімізге кірген нәрсе емес еді.   Бұл мысалдағы «Ат баспаймын деген жерін үш басады» деген мақал тырнақшаға алынып, өзінің қалпын бұзбай қолданылған.  Ал келесі мысалдарда мақал-мәтелдер сөйлемнің бір компоненті болып, тұтасып, күрделі ойды білдіріп тұр. Мысалы: Үндемеген сайын құтырып кеттің ғой, семірейін деген екенсің, түлейін деген екенсің, - деп Ырыскелдіге тап-тап берді. Жуас түйе жүндеуге жақсы («Әжем мен Емші және Дәрігер», 299-б.). Бар болсаң көре алмас, жоқ болсаң бере алмас ағайын шыр айналып келгенде, қара басының қамын күйттеп кетері рас та... («Қар қызы», 333-б.).  Бұл мысалдарда да мақал-мәтелдер  құрмалас сөйлемнің бір компоненті болып, күрделі ойды береді. Халқымыздың түсінігіне жақын құбылысты, салтты бейнелейді.

Жоғарыдағы мысалдарда авторлар мақал-мәтелдердің түпнұсқасын сақтап, өзгеріссіз қолданған.  Авторлар халық даналығын оқиғаға орай, кейіпкер әрекеті мен мінезіне сай жұмсаған.

Шығармаларда қолданылатын мақал-мәтелдер автордың өзгертуімен де өзіндік көрініс тауып жатады. Кей жазушылар әрбір мақал-мәтелді ырғағына сай, кейде түп нұсқасын сақтап өзгеріссіз алады да, сөйлем ішінде оларға қосымшалар жалғап отырады, бірде олардың кейбір сөздерін басқа сөзбен ауыстырып қолданады.

Мақал-мәтелдердің өзгеріске түсуі стильдік қолданыста сөз зергерлерінің сөз саптау шеберлігіне қарай құрылған. Бірақ бұл өзгерістер мақал-мәтелдердің жалпы мазмұнына, мән-мағынасына, бүкіл тіркеске негіз дәнекер болып тұрған бейнеге еш әсерін тигізбейді. «Мақал-мәтелдердің осылайша әртүрлі өзгерістерге ұшырауы салдарынан пайда болған, тіл практикасында бір-ақ рет қолданыс табатын түрлерін инварианттар дейміз. Олардың пайда болуында белгілі бір заңдылық жоқ. Инварианттық өзгерістер көркемдік өрнегін, образы мен бейнелеушілік әсерін, эмоция-экспрессивті қуатын бойында сақтай отыра, пайдаланатын талантына байланысты», – деп саралайды Ә. Қайдар [57, 132]. А.Сейдімбековтің мақал-мәтелдердің құрамындағы компоненттердің бірін басқа сөзбен алмастырып қолданады. Мысалы: Осыдан кейін-ақ «аузы күйген үріп ішеді» дегендей, Боздақ бай құдасын асықтыра бастады («Қыз ұзатқан», 55-б.). Халықтық қолданыста бұл мақал-мәтел «аузы күйген үрлеп ішеді» деп айтылады.  Қазақ әдебиетінің ұлы тұлғасы Абайдың тәлім-тәрбиеге толы «Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға»  деген сөзі мақалға айналып, халықтың ұғымында жатталып қалды.  Ал О.Бөкей бұл нақылды шығармасында былайша өрнектейді: Мұндай пиғылымды аңғарған ол: «Ақырын жүріп, анық бассаң ғана алысқа барарсың», дейтін («Қайдасың, қасқа құлыным», 6-б.). Нақыл сөздің екінші компоненті түсіріліп, оның орнына алысқа барарсың деген сөздер берілген. Сонымен қатар, «Алтын көрсе, періште  жолдан таяр» деген мақал О.Бөкейдің «Қар қызы» повесінде түгел айтылмай сәл өзгеріске түсіп қолданылған: Қолдан соққандай қиқы-шойқысыз әсем мүсін, келісті де кербез жүріс, әсіресе шырадай жанған қайқы кірпікті шуақты көз – періштенің өзін де жолдан тайдыратындай («Қар қызы», 344-б.).  Келесі мысалдарда автор оқиғаны толыққанды таныту мақсатында мағыналас екі мақалды қатар қолданып, айтылар ойды бірте-бірте күшейте түскен. Мысалы: Құдай бір айналдырса шыр айналдырады ғой. «Жығылғанға жұдырық» деп мына баласы да көзінен кем-тар болып жүр («Әжем мен Емші және Дәрігер», 313-б.). Ал енді, Ырыскелді қарағым, сен өзің, жасыратыны жоқ, Садықпен айтысып, Садықпен тартысады екенсің, «Бөрі ашуын тырнадан алады» деп, мені шырылдатпа.  Екі ортада шыбын өледінің кебін кимеймін. Оны табалағың келеді екен, басқаша табала.- («Әжем мен Емші және Дәрігер», 307-б.).

Сонымен қазақ тілінде ұлттық негізді танытатын тілдік мұра – мақал-мәтелдер, халық даналығына толы мақал-мәтелдер, айшықты идиомаларды жазушылар айтылмақ сөздерін жандандыра түсу үшін шебер пайдалана білгенін байқадық

.

 

Әдебиет:

 

1 Байтұрсынов А.  Шығармалары.  – Алматы, 1980.   92 б.

2 Ғабдуллин М. Қазақ халық ауыз әдебиеті. – Алматы, 1974.  78 б.

3 Қарсыбекова Ш. Қазақ мақал-мәтелдерінің логика-семантикалық және

заттық-тақырыптық топтастырылу принциптері// ҚазҰУ Хабаршысы.      

Филология сериясы. –№ 2 (92).  2006. –Б.36-42.

4 Мукаддас Мырза. Қазақ және ұйғыр мақал-мәтелдердің көркемдік 

 табиғаты. ҚазҰУ Хабаршысы. Филология сериясы, №6(96). 2006. Б.56-60.

5 Қайдар Ә. Қазақ тілінің өзекті мәселелері. – Алматы, 1991. 209 б.