Филологические науки

 

Рапишева Жанат Дабыловна   (фил.ғыл.канд, доцент, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті), Қазақстан

Аширбекова Гульмира Жоламановна (Қарағанды қ. №59 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі), Қазақстан

Мақалада қазақ және орыс тілдеріндегі сан есімнің кейбір ерекшеліктері қарастырылады. Екі тілдегі сан есімге қатысты категориялардың арақатынасы сөз болады. Мақала авторлары салғастырылып отырған тілдердегі сан есімнің есептік, реттік, жинақтық, бөлшектік, топтау аталатын түрлерінің айырмашылықтары мен қолданылу ерекшеліктерін нақты мысалдар арқылы көрсетеді.

 

ҚАЗАҚ ЖӘНЕ ОРЫС ТІЛДЕРІНДЕГІ САН ЕСІМНІҢ ТҮРЛЕРІ ЖӘНЕ ҚОЛДАНЫЛУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

Орыс, қазақ аудиторияларында сабақ беретін оқытушы, ең алдымен, екі тілді – қазақ, орыс тілдерінің грамматикалық құрылысын, лексикалық, дыбыстық жүйесінің айырмашылығын, ұқсастығын, бір-біріне әсерін жақсы білуге тиіс.

Екі тілде де морфологиялық сипаттары жағынан сан есімдердің өзіне тән, өзге сөз таптарына ұқсамайтын ерекшеліктері бар.

Сан есімнің негізгі функциясы анықтау болғандықтан, қазақ тілінде ол   үнемі анықтайтын сөздерінен бұрын тұрады, бірақ ешқандай морфологиялық өзгеріске түспейді. Ал орыс тілінде зат есімге ыңғайласып септеледі, көптеледі, тек (род) категориясы бойынша өзгереді: одна тетрадь – двух тетрадей – трем собакам – сорока птиц – ста девушек.

Қазақ тілінде  тек  субстантивтенген  жағдайда ғана түрленіп, өзгеріске   түседі, яғни көптеліп те, септеліп те, тәуелденіп те, жіктеліп те қолданыла береді. Сан есімдер морфологиялық құрамына қарай негізгі сан есімдер және туынды сан есімдер болып екіге бөлінеді. Негізгі сан есімдер қатарына тек қана есептік сандар жатса, туынды сан есімдер осы негізгі есептік сан атауларына қосымшалар мен шылаулардың тіркесуі, қосылуы арқылы жасалады. Мысалы: бес бесінші бесеу бес-бестен; пять пятый, пятеро по пять т.б.    

Қазақ тілінде де, орыс тілінде де де сан есімдер дара және күрделі сан есім болып бөлінеді. Мысалы: мың   тысяча, он десять; қырық төрт сорок четыре; тоғыз мың алпыс жеті девять тысяч шестьдесят семь т.б. Қазақ тілінде күрделі сан есімдер он бірден басталса, орыс тілінде жиырма бірден (двадцать один) басталады. Күрделі сан есімдердің жасалуына қатысты екі тілде мынадай айырмашылықтар бар: қазақ тілінде алдымен ондық, одан кейін бірлікті білдіретін сөз тіркеседі. Мысалы: он сегіз, жиырма екі, қырық бес, тоқсан тоғыз т.б.

Орыс тілінде он бірден он тоғызға дейінгі сан атаулары керісінше жасалады: алдымен бірлік, одан кейін ондық аты тіркеседі. Мысалы: девятнадцатъ (девять на десяти), восемнадцать (восемь на десяти) т.б. Ал жиырма бірден бастап қазақ тіліндегі сияқты алдымен ондық, содан соң бірлік атауы тіркесіп келеді. Мысалы: сорок четыре, девяносто два т.б. Екі тілде де сан есімдер семантикалық, морфологиялық және синтаксистік жағынан іштей бірнеше топқа бөлінеді: есептік (количественные), реттік (порядковые), жинақтық (собирательные), бөлшектік (дробные). Қазақ тілінде бұлардан басқа топтық және болжалдық сан есімдер бар [1, 38-39].

Салғастырылып отырған тілдерде есептік сан есімдер жалпы заттың сандық мөлшерін білдіру үшін қолданылады. Олар тікелей саңдық мағынада қолданылғанда, ешқандай морфологиялық езгерістерге түспейді. Мысалы: Алты сабақ болды. – Было шесть уроков. Ал субстантивтенген жағдайда  сөз  түрлендіретін аффикстерді қабылдайды. Мысалы: Онға екіні қосқанда он екі болады. – К десяти прибавить два, будет двенадцать.

Қазақ тілінде есептік сандардың қатарына сан есімдердің өзге топтарының жасалуына негіз болатын табиғи сандар жатады. Есептік сан есімдердің ішінде бір сөзінің алатын орны ерекше. Бір сөзі есептік сан есімдерден жаңа сөздер жасайтын амал-тәсілдердің бәріне түгел қатысады, басқа қосымшалар арқылы да әртүрлі жаңа формалар жасайды. Бір сөзінен лексика-семантикалық тәсіл арқылы басқа сөз табына ауысқан формалар да бар. Мысалы: Біреу келеді, біреу кетеді. Ол бір келді, бір кетті.

Орыс тілінде де один сан есімінің орны ерекше. Один сөзі басқа сөз табына ауысып, зат есім, сын есім, есімдік мағыналарын білдіре алады. Мысалы: Один в поле не воин.  К нам пришел один человек. Сан есім ретінде один сөзі тек жекеше формада қолданылады. Ал көптік тұлғадағы зат есіммен тіркескен жағдайда один сөзі көптік жалғауын қабылдауы мүмкін. Мысалы: одни ножницы, одни эмоции т.б. Один сөзі тек (род) формасы бойынша өзгере алады: один человек, одна булочка, одно море.

Жалпы орыс тілінде үштен мыңға дейінгі есептік сан есімдердің тек (род) категориясы жоқ. Тек (род) тұлғасы один, одна, одно; два, две; оба, обе; полтора, полторы деген сан есімдерге ғана тән. Орыс тілінде есептік сан есімдер зат есімдермен тіркескенде септеледі, көптеледі. Мысалы: один сын пятеро сыновей одному сыну пятерым сыновьям т.б. Два (две), три, четыре сандары зат есімдермен ерекше тіркеседі. Егер олар атау немесе табыс септігінде тұрса, зат есімдер жекеше форманың ілік септігінде тіркеседі. Мысалы: два дома, четыре окна, три ученика. Но пять домов, сорок учеников [2, 303].

Ал зат есімдер басқа сан есімдермен тіркескенде, көпше форманың ілік септігінде қолданылады. Мысалы: пять домов, шестъ окон, семъ учеников т.б. Бірақ два, три, четыре сандары зат есімдердің ер (мужской), ортақ (средний) тек (род) тұлғаларымен қатар сын есімдермен тіркесіп берілсе, көбінесе көпше форманың ілік септігінде қолданылады. Мысалы: два болъших окна, пять широких кроватей т.б. Орыс тілінде кейбір есептік сан есімдер сын есімдер сияқты септеледі: один, одна, одно, одни; ал кейбіреулері зат есімдер сияқты септеледі: пять, восемь, тридцатъ т.б.

Реттік сан есімдер белгілі бір заттар мен кұбылыстардың сандық ретін білдіру үшін қолданылады. Қазақ тілінде реттік сан есімдер есептік сандарға -ыншы, -інші аффиксін қосу арқылы жасалады: жетінші үй, бірінші бала т.б. Реттік сан есімдер де өз мағынасында қолданылғанда, ешқандай өзгеріске түспейді. Субстантивтенген жағдайда ғана оларға көптік, тәуелдік, септік жалғаулары қосылады. Мысалы: біріншілер келді, алтыншының аты-жөні т.б.

Орыс тілінде реттік сан есімдердің жасалу жолы күрделі. Олар есептік сан есімдердің түбіріне сын есім жалғауларының жалғануы арқылы жасалады. Мысалы: шесть – шестой, восемь – восьмой т.б. Тек первый (один), второй (два) реттік сан есімдері басқа тәсілмен, яғни түбірлерінің өзгеруі арқылы жасалады. Ал елуден сексенге дейінгі есептік сан есімдерден реттік сан есімдер жасалғанда септік тұлғасындағы есептік санның түбіріндегі соңғы жіңішке дауыссыз жуан дауыссызға айналады. Мысалы: пятьдесят пятидесятый, семъдесят семидесятый т.б. Девяностый реттік сан есімі девяност негізінен жасалады. Сто есептік сан есімінен реттік сан есім сот деген негізден жасалады: сот+ый. Ал екі жүзден тоғыз жүзге дейінгі реттік сан есімдер ілік септік тұлғасындағы есептік сан есімдердің негізінен жасалады: двухсот+ый, пятисот+ый т.б. Мың, миллион, миллиард, т.б. есептік сан есімдерінен жұрнағы арқылы реттік сан есімдер жасалады: тысячный, миллионный т.б.

Реттік сан есімдер орыс тілінде сын есімдер сияқты септеледі, көптеледі, тек (род) формалары бойынша өзгереді. Мысалы: шестой, шестые, шестая т.б. Ал күрделі реттік сан есімдердің тек соңғы компоненттері септеледі, көптеледі, тек (род) формалары бойынша өзгереді. Мысалы: сто двадцатъ первый, сто двадцать первая, сто двадцать первые т.б.  Сан есімнің тұлғалануы зат есімнің тұлғасына тәуелді болады: зат есім қай текте, қай септікте тұрса, сан есім де сол текте (род), сол септікте тұрады. Басқаша айтқанда, сан есім зат есіммен қиыса байланысады. Ал қазақ тілінде өзінің тұлғалық дербестігін сақтап қалады, қабыса байланысады [3, 55].

Қазақ тілінде жинақтық сан есімдер бірден жетіге дейінгі есептік сан есімдерге -ау (-еу) жұрнағының қосылуы арқылы жасалады: біреу, алтау т.б. Жинақтық сан есімдер үнемі субстантивтеніп жеке қолданылады. Мысалы: Екеуі келді. Үшеуіне айт. Бұл сан есімдерге қазақ тілінде сөз түрлендіретін грамматикалық формалар қосыла береді, бірақ олар бәріне бірдей жалғанбайды. Мысалы, көптік жалғау тек қана біреу сөзіне жалғанады. Мысалы: Біреулер келді (белгісіздік есімдігі). Ал тәуелдік жалғаулары тек семантикалық ерекшеліктеріне карай жалғанады: үшеуің келіңдер, екеуміз барамыз т.б.

Егер жинақтық сандар сөйлемде баяндауыш болса, жіктіктің І-ІІ жағының қосымшалары ғана жалғанады: сендер бесеусіңдер, біз төртеуміз т.б. Ал септік жалғаулары жинақтық сан есімдердің жай түріне де, тәуелді түріне де жалғана береді. Мысалы: Үшеуінің жағдайын біл. Алтауды анықта т.б.

Ал орыс тілінде жинақтық сан есімдер (собирательные числительные) екіден онға дейін болады. Төрттен онға дейінгі жинақтық сан есімдер -еро аффикстері арқылы жасалады. Мысалы: четверо, десятеро т.б. Орыс тілінде оба, обе сөздері де жинақтық сан есімдерге жатады. Жинақтық сан есімдер орыс тілінде зат есіммен тіркесіп қолданылады. Мысалы: четверо детей, оба брата т.б. Бірақ жан-жануарлар атаулары мен әйел тегі (женский род) тұлғасындағы зат есімдермен жинақтық сан есімдер тіркеспейді. Мысалы: две сестры, два вола т.б. Ал двое, трое, четверо жинақтық сан есімдер тек көпше формадағы зат есімдермен атау (именительный), табыс (винительный) септік формаларында тіркеседі. Мысалы: двое щипцов, трое ножниц, четверо саней т.б. Ал басқа септік формаларында трех щипцов, четырем саням деген тұлғада қолданылады [1, 56].

Екі тілде де бөлшектік сан есімдер (дробные) белгілі бір заттар мен құбылыстардың сандық бөлшегін білдіреді. Мысалы: алтыдан үш три шестых, нөл бүтін оннан тоғыз ноль целых девять десятых т.б.    Қазақ   тілінде   бөлшектік сан есімдер құрамы жағынан күрделі, олар есептік сан есімдердің синтаксистік тәсілмен тіркесе айтылуы
арқылы жасалады:
бөлшектік сан есімдердің құрамындағы сөздердің бірінші компоненті ілік септік тұлғасында тұрады, екінші сыңары тәуелдік жалғаулы болып келеді: екінің үші, елудің он бесі т.б. Сонымен қатар бөлшектік сан есімдердің құрамындағы сөздердің бірінші сыңары шығыс септік тұлғасында, ал екінші компоненті атау септік тұлғасында беріледі: отыздан елу, тоғыздан бес т.б. Ондайда «бөлігі» сөзі қосылып айтылады: бестен бір бөлігі, екіден бір бөлігі т.б. Қазақ тілінде бөлшектік мәнді білдіретін жарты, жарым, ширек деген сөздер де қолданылады.

Орыс тілінде бөлшектік сан есімдер есептік сан есімдердің реттік сан есімдермен тіркесуі арқылы жасалады: бірінші компонент ретінде есептік сан есім аталса, екінші компонент ретінде, негізінен, көптік форма, ілік септік (родительный падеж) тұлғасындағы реттік сан есімдер айтылады. Тек одна есептік сан есіммен тіркескен жағдайда реттік сан есім жекеше форма атау септік тұлғасында келеді: одна вторая, одна шестая т.б. Бөлшектік сан есімдер септелгенде, орыс тілінде бірінші компонент те, екінші компонент те септеледі. Мысалы: три пятых, трех пятых, трем пятым, тремя пятыми, о трех пятых. Ал қазақ тілінде басқаша үлгіде келеді: бестің үші, бестің үшінің, бестің үшінен т.б.

Орыс тілінде полтора  деген болшектік сан есім пол, втора деген сөздердің бірігуі арқылы жасалған. Бұл сөздің септелуі де басқаша:
           И.п.  полтора ( полторы )
                     В.п.  полтора  ( полторы )

   Р.п.   полутора                                      Тв.п.   полутора

   Д.п.  полутора                                       П.п.  о полутора

Сонымен қатар орыс тілінде бөлшектің ширегі четверть сөзімен де беріледі: четверть площади. Ал қосарланған заттар пара сөзімен аталады: пара сапог, две пары перчаток т.б. [4, 193].

Қазақ тілінде біркелкі заттар мен құбылыстардың сан мөлшерін топтап көрсететін топтау сан есімдер деп аталатын ерекше топ бар. Олар есептік, жинақтық, болжалдық сан есімдерге -дан, -ден; -тан, -тен аффиксін қосу арқылы жасалады. Мысалы: екі жүзден, қырықтан т.б. Морфологиялық  құрамы жағынан топтау сан есімдері дара да, күрделі де болады. Дара түрі жеке сөздермен айтылады да, күрделі түрі сан есімдердің тіркесіп келуі арқылы немесе қосарланып келуі арқылы жасалады. Мысалы: жиырма екіден, қырық-елуден т.б.

Орыс тілінде сан есімдердің бұндай тобы жоқ, бірақ сан есімдердің топтық мағынасы есептік сан есімдердің по предлогымен тіркесуі арқылы беріледі. Мысалы: по два, по двести т.б.

сан есімдер. Қазақ тілінде сан есімдердің болжалдық деген тағы бір тобы бар. Олар белгілі бір заттар мен құбылыстың сан мөлшерін дәл атамай, шамалап атайтын сөздер. Болжалдық сан есімдер -дай, -дей, -тай, -тей жұрнақтары арқылы морфологиялық жолмен есептік сан есімдердің не жинақтық сан есімдердің қосарлануы арқылы және шақты, шамасы, тарта, жуық, шамалы, қаралы деген сөздермен тіркесуі арқылы синтаксистік жолмен жасалады. Мысалы: екі жүз алпыстай, екі-үш жылға, он шақты, елуге жуық т.б. Болжалдық сан есімдер де тек субстантивтеніп қолданылған жағдайда ғана көптік, септік, тәуелдік жалғауларын қабылдайды. Мысалы: үш жүзге жақын, алпыстайын алды т.б. Ал болжалдық сан есімдерге жалғанған көптік жалғаулары көптік мағына емес, болжалдау мағына береді. Мысалы: Жиырмаларға келген шығар т.б. [5, 59].

Орыс тіліне болжалдық сан есімдердің мағынасы ілік септік (родительный падеж) формасындағы есептік сан есімдердің около шылауымен тіркесіп келуі арқылы, есептік сан есімдермен жинақтық сан есімдердің қосарлануы арқылы беріледі: около пятисот, два-три раза, двое-трое суток т.б. Сонымен қатар орыс тілінде болжалды сан есімдер под, свыше шылаулары, более сөзі және қосарланған сан есімдердің по шылауымен тіркесуі арқылы беріледі. Мысалы: ей было под сорок, свыше двадцати тысяч тенге, более девяти случаев, по четыре-пять книг т.б.

Екі тілде де барлық топқа жататын сан есімдер (қазақ тіліндегі болжалдық сан есімдерден басқалары) субстантивтенеді. Осыған байланысты сөйлемде бастауыш, толықтауыш, баяндауыштың қызметін атқарады. Мысалы: Екінші бұрын келді.  Второй пришел раньше. Екі жерде екі төрт. Дважды два четыре. Он сегіз төртке тең бөлінбейді. Восемнадцатъ на четыре без остатка не делится. Сонымен қатар сан есімдер екі тілде де анықтауыш пен пысықтауыштың қызметін атқарады. Мысалы: Сен екінші үйге тоқта. Ты остановисъ во втором доме. Оған күнде екі жүзден төлейді. Ему платят каждый денъ по двести [6, 69].

Қазіргі лингвистикалық  парадигма тілдерді оқытудың жиынтығына негізделген  нақты лингвистикалық пәндердің негізінде қарастырылады.

Тіл білімінің қазіргі даму кезеңі құрылымы әртүрлі тілдерді салыстыра-салғастыра зерттеудің артуымен сипатталады және функционалдық, прагматикалық, когнитивтік, антропоцентристік, лингвомәдениеттану және басқа да парадигмалардың қатар өмір сүруімен ерекшеленеді.

 

 

 

Әдебиеттер тізімі:

 

1 Мажитаева Ш. Қазақ  және  шетел тілдерінің  салғастырмалы  грамматикасы. – Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2003. – 86 б.

2 Розенталь Д. Э. Современный русский язык. – М.: Айрис-пресс, 2006. – 444 с.

3 Какжанова Ф.А. Ағылшын және қазақ тілдерінің салыстырмалы практикалық  грамматикасы. – Қарағанды, 1997. –  82 б.

4 Тұрсынов Д., Хасанов Б., Ислямов А., Бейсенбаева К., Ищанов   К. Сопоставительная   грамматика   русского   и казахского языков.   Алматы, 1967. – 297 б.

5 Оразахынова Н. А. Қазақ тілі: сөзжасам, морфология.  – Алматы: Арыс, 2004. – 175 б.

6 Мажитаева Ш., Головина К.М. Қазақ және орыс тілдерінің салғастырмалы грамматикасы. – Қарағанды: Болашақ-Баспа, 2002. – 92 б.