Европейская
наука XXI века 05.05.2016 07- 15 мая
2016 г. Польша
Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті/Қазақстан
ОРТА ҒАСЫРЛЫҚ ХАНАФИ ҒАЛЫМЫ ӘБУЛ ҚАСЫМ
ӘЛ-ФАРЙАБИ (?-2010)
Орта
ғасырдағы Қарахандықтар тұсында өмір
сүрген, хандар мен басшылар арасында білімімен танылған,
мұсылман әлемінің ойшыл қайраткері Имад ад-Дин Әбул Қасым Махмуд ибн Ахмад
ибн Әбул-Хасан әл-Фарйаби (1130-1210ж) фарйаб елді мекенінде
дүниеге келген.
Әбул Қасымның ныспысы жайлы
түрлі пікірлер бар. Бірде әл-Фараби деп көрсетілсе, екінші
бір деректерде әл-Фарйаби [1, 3/426 б.] деп жазылған. Орта
ғасырда Хорасанда екі қала болған, біреуі қазіргі
қазақ жеріндегі Фараб (қазіргі атауы Отырар), ал екіншісі –
Фарйаб (Ауғанстанның солтүстігінде
Түркіменстанмен шекаралас орналасқан аймақ). Фариаби атауына
қатысты араб дереккөздерінде «فيريابي» «фиирииаби» және «فريابي» «фириаби» деген атаулар кездеседі.
Алайда көптеген дереккөздерінде «فاريابي» фариаби атауы жиі кездеседі және бұл атаудың «фариаб»
атуынан алынғандығы айтылады [15, 284 б.]. Фариаб
сөзінің парсы тіліндегі мағынасы «сулы жер» немесе
«өзен суларымен суғарылатын жер» дегенді білдіреді [5].
Әбул Қасымның Фарабилік екендігі жайлы
профессор Ә.Б.Дербісәлі «Қазақ даласының
жұлдыздары» [Алматы 1995] кітабында И В Готвальд (1813-1897ж) пен
К.Брокельманның еңбектеріне сүйене отырып жазады.
Өйткені К.Брокельман Әбул Қасымның Фарйабилік те болу
мүмкіндігін ескеріп, Фараби деген сөзден кейін Фарйаби деп
көрсеткен [2]. К. Брокельман секілді Қажы Халифа да «Кашф
аз-зунун» атты еңбегінде ғалымды бірде әл-Фарйаби десе, бірде
әл-Фараби деп көрсетеді [3, 399,719, 997 б]. Әбул
Қасымның Түркиядағы Сулеймания кітапханасындағы
Қажы Махмуд Ефенди бөлімінде 1766 нөмерімен
сақталған «Халисату-л хақайқ» қолжазбасында
автордың есімі «Махмуд ибн Ахмад әл-Фарйаби» деп жазылған.
Тек бұл ғана емес, сонымен қатар Франциядағы «Арлес»
кітапханасында 428 нөмермен сақталған қолжазбаның
екінші томының бірінші бетінде де ғалымның аты «Фарйаби» деп
көрсетілген. Сондай-ақ Мысырлық Америка университетінің
оқытушысы доцент Ахмад Шаһаб та Әбул Қасымды
әл-Фарйаби деп жазған [4, 24-43 б.]. Бұлай жазуылуына
қолжазбалардағы «Фарйаби» сөзі ықпал еткен болса керек.
Сондай-ақ парсы,
тәжік әдебиеттерін қамтыған «парсы әдебиеті» атты
еңбектің авторы Ч.А. Стори (1888–1967ж.) де Әбул Қасымды «Фарйаби» деп атаған. Олай болса бұл деректер Әбул
Қасымның Фарйабилік екендігіне нақты дәлел.
Әбул Қасым әл-Фарйаби хижра жыл санауы
бойынша, 609 жылы (1210 жылы) жумад ал-аууәл айының бейсенбісінде
дүние салған [3,
1/618-719-997-1705 б.]. Әбу ал-Уафа ал-Қураши «Жауаһирул
мудия» кітабында Әбул Қасым әл-Фарабидің жерленген жері
«мақбаратус-судур» деп көрсетілген [1, 51 б.].
Судур «басшы», «би» дегенді білдіреді, ал «мақбара» қабірлер
дегенді білдіреді. Олай болса, «басшылардың қабірлері» деген мағынаны береді. Әбул
Қасым да осы басшылардың қабірлерінің жанына жерленген.
Өйткені Әбул Қасым да халықты туралыққа,
көркем мінезге шақыратын терең білімімен халыққа
танылып, басшылардың сый-құрметіне бөленген ойшыл
ғалым болғаны байқалады. Бұл қабір қазіргі
таңда Бұхара қаласының оңтүстігінде.
Әбул Қасым ал-Фарйабидің
шығармалары мен «халисату ал-хақайқ» трактатының
фиқһи ұстанымы.
Әбул Қасымның: «Халисату
ал-мақамат»; «Мисбаху-л жанан уа мафатиху-л жанан»;
«Әл-әсилатул ламиа уа ажуибатул жамиа»; «Салаку ал-жауаһир уа
нашруз-зауаһир» және «Халисату ал-хақайқ лима фиһи
мин асалиб ад-дақайқ» [1, 3/426 б.] деген бірнеше еңбектері болған.
Осылардың ішінен бізге жеткені Түркияда Сүлеймания
кітапханасында сақталған «Халисату-л хақайқ лима
фиһи мин асалиби ал-дақайқ» (түрлі ғылымды
қамтыған таза шындық) кітабы.
Ибн Құтлұбұға «Тажу
ат-тараджим» атты кітабында «осы жасқа дейін мынадай еңбекті
көрген емеспін», – деп мақтағаны бар. Бұл жинақ ұзақ
уақыттар бойы қолжазба күйінде тарап, әрбір діндар
адамның, жаттап айтып жүретін жүрекке жылы келетін
уағыз-насихат әрі шариғат кітабына айналған. Сол
себептен болса керек бұл еңбекті Али ибн Махмуд ибн Мұхаммад әр-Рабид әл-Бадахшани (?-1503) [6,5/20 б.] қысқартып көпшіліктің
жаттауына ыңғайлы етіп жасаған. Бадахшани алғы
сөзінде: «Маған кейбір бауырларым «Халисатул хақайқты»
түсінікті әрі жаттауға ыңғайлы етіп
қысқартып, ықшамдап беруімді өтінді», – деген [7, 2 б.].
Осылайша еңбек 62 бетке қысқартылып «хуласату ал-халиса» деп
аталды.
Әбул Қасым ал-Фарйаби
бұл кітапты «садр судурдың» жеке кітапханасына сыйлаған. Өйткені «халисату ал-хақайқ»
қолжазбасында: «Бұл кітапты Маулана
садр судур ал-алим бурһану ал-миллаһ уа ал-дин сайфу ал-ислам уа
ал-муслимин уаьиз ал-мулук уа ал-салатин айммату ал-аламин малик зумрату
ал-алимин имам ал-һуданың кітапханасына арнайы жаздым», – деп жазғаны бар.
Бұл жердегі «садр» және
«бурһан ад-дин» атты лақап аттар XII ғасырда
Бұхараның дәулетті әрі күшті ғалымдар
отбасына берілетін лақап есім. Ғалымдар отбасына «Әли
Бурһан» деген болса, осы отбасылардың басшыларын «садрат» деп
атаған. Ал «садр ас-судур» ханафи фиқһ ғалымдарына
берілетін лақап ат [8, 25
б.]. Олай болса бұл
мәселе Селжуктер, Қарахандықтар, Хорезімшахтар (1102-1232ж)
кезеңіндегі Бұхараны басқарушы сұлтандардың
биліктеріне сілтеп отыр. 1200-1201 жылдары «халисату ал-хақайқ» жазылған
кезде Бұхараның ең үлкен басшысы «садр» Умар II ибн
Масғуд (609/1212ж қ) болған, алайда бұл
сұлтанның лақап аты «таж ал-ислам» болған. Ал «садр
ал-алам» «әлем сұлтаны» лақабы Умар II ибн Масғудтың орынбасары Мұхаммад II ибн
Ахмадқа (616/1219 ж қ) тағылған, міне осы
сұлтанның кітапханасына «халисату ал-хақайқ» кітабын
сыйға тартқан. Сондай-ақ Мұхаммед II ибн Ахмадтың
қарамағында 6 000 фақих болған деседі [4].
Олай болса Абу ал-Қасым білімді сұлтандармен бірге болған,
кітап жазып оларға имани азық беріп отырған,
тұлға болған.
Әбул Қасим ал-Фарйаби
«халисату ал-хақайқ» қолжазбасында «Устаз шамсу ал-аймма
ал-Кардари» яғни Шамс Аймма Мұхаммад ибн Абд ал-Саттар Кердериге
ұстаз болғандығын жазған [9, 3/426].
Шамсу ал-әимма ал-Кердери (559-642) өз дәуіріндегі
атағы көпшілікке танымал, ханафи мәзһабының
ғалымы саналған. Өйткені ол Шәмсул-әимма
ас-Сарахсидан кейінгі ханафи мәзһабының фиқһ
негіздерін жандандырушы ғалымның бірі [9]. Оның ғылыми
деңгейінің жоғарылығы соншалық, «өз
дәуірінің Әбу Ханифасы» деген лақап ат
тағылған. Шамсу ал-Аимма
ал-Кердери біршама еңбектер қалдырған. Олар:
1. Китаб фи халли мүшкиләт әл-Қудури.
2. Тәсис әл-қауғид фи исмат әл-әнбия.
3. Шарх әл-мүнтаһаб фи усули әл-мәзһаб.
4. Мұхтасар: Ханафи фиқһ мәселелері туралы
жазылған еңбек.
Шамсул Аймма ал-Кердери
фиқһ ілімін Әбул Қасым ал-Фариабидан Бұқара
қаласында үйренген. Ол туралы Мұхаммед ибн Насруллаһ
ал-Құраши өзінің «жауаһир ал-мудия»
еңбегінде айтады. Әбул Қасым ал-Фариабидің ұстазы
«һадиат
ал-асдиқа мин имла ал-Шейх Мұхаммад ибн ал-фарғани»
(ауд: Шейх Мұхаммад ибн ал-Фарғанидің жаздыруымен «достардың
сыйы» кітабы) еңбегінің авторы ал-Шейх ал-Имам Мұхтар
ал-Аиммаһ Мұхаммад ибн Аби Бакр ал-Фарғани болған.
Толық аты: Рукн ал-Дин Мұхаммад ибн Аби Бакр ибн Юсуф Абу
Абдуллаһ ал-Фарғани. Ғалымдар арасында «ал-адип
ал-Мұхтар» атымен танылған. Ханафи мазхабын ұстанған.
Ферғанадағы Марғинан елді мекенінде 1198 жылы қайтыс
болған. Мұхаммад ибн ал-Фарғанидің бірнеше
еңбектері бар: «Баян фи ғарибил Құран», «Мафатихул ахиар», «Мафатихул иқбал».
Бұл еңбектердің ішінде «Баян фи ғарибул Құран» еңбегін һижри
591 жылы тәмамдаған.
Жоғарыдағы
«Шейх Мұхаммад ибн ал-Фарғанидің жаздыруымен «достардың
сыйы» атты еңбекте «мин имла» деген сөз «жаздыруыммен» деген
мағынаны береді. Олай болса Шейх ал-Фарғани бұл еңбекті
шәкірті Әбул Қасим ал-Фариабиға жаздырған.
Әбул Қасим ал-Фариаби ұстазынан дәріс алып,
шәкірті болған.
Сондай-ақ
Әбул Қасим ал-Фарйаби «халисату ал-хақайқ»
еңбегінде 78 әдебиет қолданған. Олардың 49-ы
Құран тәпсірі, хадис, фиқһ ғалымдары
секілді Орталық Азиялық (Мауаранахр мен Хорасаннан) ғалымдар
екені анықталды. Олай болса Әбу ал-Қасим ал-Фарйабды ислам
ғылымының түрлі салаларын менгерген ғалым десек болады.
Сондай
ақ, Әбул Қасым ал-Фарйабидің «халисату
ал-хақайқты» жазу барысында қандай ханафи
мазһабының ғалымдарынан әсер алғанын,
қандай ханафи ғалымдардың еңбегіне сүйенгенін
анықтадық.
«Халисату
ал-хақайқ» еңбегінің соңында мынадай ханафи
мазһабының ғалымдары анықталды:
1.
«Әл-Ихқақ»:
Насир ал-Дин Абу ал-Қасим Мұхаммад ибн Иусуф ал-Хусайн
ал-Самарқанди ал-Ханафи (556/1161ж). Бұл кісі
ханафи мазхабын ұстанған әрі Пайғамбар
ұрпағынан. Еңбектері: мұхталат фи ал-фатауа Абу Ханифа,
мабсут ли-алимам» [1, 3/409 б].
2.
«Басатин ал-музаккирин уа райахин ал-мутазаккирин»: Имам
Аби Наср (Ахмад ибн) Мұхаммад ибн Ахмад ал-Хаддади ал-Самарқанди
ал-Ханафи (400/1009ж). Ибн ал-Жазари бұл ғалымның
Самарқанттың Құран оқушыларының
арасындағы ең беделдісі екенін айтады.
3.
«Ал-Бустан»: Ханафи фиқһының танымал
ғалымы: Имам әл-Һуда Абу ал-Лайс Наср ибн
Мұхамммад ибн Ахмад ибн
Ибраһим ал-Самарқанди. Әбу Лайс атымен танымал Ханафи
фиқһының ғалымы, Әбу Жағфар
әл-Һандуанидан фиқһ үйренген. Еңбектері:
«ал-наузил» «фуруғ фиқһу ал-Ханафи» «тафсиру
ал-Құран» «танбиһ әл-ғафилин» «хазанату
әл-фиқһ ала мазһаб Аби Ханифа» «Бустан ал-арифин» [1, 2/196 б.]. Хадис ілімін әкесінен
үйренген. Фиқһ ілімін Абу Жағфар Мұхаммад ибн
Абдуллаһ Һандауаниден (Балхи 362/973 қ) [1, 32 б.] және Әбу Сайд Калил
Ахмад Сажидан алған [2, 363 б.].
4.
«Сауақиб ал-Ахбар»; имам Рукну ад-дин Али ибн Осман
әш-Шахиди/ ал-Оши. Кейде «Рукн ал-дин» деп атаса көбнесе «Сираж
ал-дин» деп танылған. Бұл ғалымның толық аты:
Сираж ал-Дин Али ибн Осман ал-Уши (575/1178ж) Ханафи фиқһын
ұстанған Матуридилік ғалым. Бұл ғалымның
«қасида» «усул ал-дин» «бад ал-аьмал» атты еңбектері бар. Ал-Уши
(Ош) қазіргі таңда Қырғызстан еліндегі жер атауы. Ол
орта ғасырдағы Ферғанада үлкен қала болған.
5.
«Жумал ал-ғараиб»: Қади Баян ал-Хақ
Мұхаммад ибн Аби ал-Хасан ал-Нисабури (553һ қ.б). «Баян
ал-хақ» лақабымен танымал болған. Баян ал-Хақ Нисабурда
туылып, есейгеннен кейін Ғазнаға қоныс аударған.
Дамаскідегі ал-Муиния мен «ал-халауия» медреселерінде ұстаздық
еткен [4, 87-88 б]. Баян ал-хақ
ханафи мазһабын ұстанған [10,
271-279 б.].
6.
«Жумал ал-ма, сура»: Шейх Имам Нажм ал-Дин Умар ибн
Мұхаммад ал-Ханафи ал-Насафи ал-Самарқанди (537/1142),
ақидада матуриди, фиқһта ханафи мазһабының
ғалымы болған. «Ал-ақидату ал-Насафия» деген еңбек
жазған. Бұл еңбекке Саьд ал-дин ал-Тафтазани түсіндірме
жазған. Насафта туылып Самарқантта қайтыс болған [11, 394-395 бб.].
7.
«Ал-жауаһир» [3,
618 б.]: Шейх Аби Исхақ Ибраһим ибн Мұхаммад ал-Мусули. Бұл ғалым Дамаскідегі
Садирия медресесінде сабақ берген. Ол ханафи мазһабының
медресесі болған, сондықтан ал-Мусули ханафи мазһабының
ғалымы және ол Хорасандық бірнеше ұстаздардан
сабақ алған. Ибраһим ибн Мұхаммад ал-Мусули 577 жылы
қайтыс болған [12, 3/378 б.].
Маусул қаласы – солтүстік Иракта.
8.
«Ал-Даауат ал-мустағфирин»: Абу Ал-Аббас
Жағфар ибн Мұхаммад ибн Мұьтазз ибн Мұхаммад
ал-Мұстағфири ал-Насафи 432/1051 жылы қайтыс болған.
Ханафи мазхабының танымал ғалымы. «Насафтың уағызшысы»
лақабымен танылған. Ол Бұхара, Мары, Сарахс және Насаф
қалаларына білім іздеу мақсатында сапар шеккен [13, 5 б.].
9.
«Зад ал-муттақин»
[3, 2/946 б.]: Абу Абдуллаһ Мұхаммад ибн Аби Хафс Ахмад ибн
Хафс ал-Бухари ал-Ханафи (274/878 ж қ) Ханафидің табақат
кітаптарында Абу Хафс ал-Бухари ал-Сағир (әкесі Абу Хафс Кабир) атымен танылған. Саманилердің
басқару кезеңінде 875жылдары өмір сүрген [14].
10. «Ал-Саликин»: Абу ал-Аббас ал-Фадл ибн ал-Аббас ибн Яхия ибн ал-Хусейн
ал-Саьани ал-Ханафи. Мауаранаһрдағы Саьаниан жерінен. Хатиб
ал-Бағдади оның Нисабурда үйренген хадистерінен Бағдад
қаласында 420/1029 жылы сабақ бергенін айтады. Ал-Саьани бірнеше
кітап жазған, алайда олар бізге дейін сақталмаған [15].
11. «Сирр ал-Сурур»: Шейх Муьин ал-Дин Мұхаммад ибн Махмуд ал-Нисабури.
Толық аты: Абу ал-Ала Мұхаммад ибн Махмуд ибн Аби ал-Хасан
ал-Нисабури ал-Ғазнауи (547/1152 ал-Самьани онымен Балһта кездескен
кезі) Баян ал-Хақ ал-Нисабуридің (жоғарыдағы 5-ші нөмірде)
баласы. Әкесінің Ханафи мазһабында болуына байланысты
баласының да Ханафи мазһабын ұстанғандығын
айтуға болады[16, 5/6 б.].
12. «Ал-Ғаяту ли аһл-ниһая»: Сәһл ибн
Абдуллаһ ал-Тустари өте атақты сопы болған. Тустар –
Иранның оңтүстік батысында орналасқан Хузистанның
бас қаласы [17, 7-42 бб.]. Ибн
Қутлубуға бұл ғалымның Ханафи мазһабын
ұстанғандығын айтады.
13. «Ал-ғарибаин»: Әби Убайда ал-Һарауи ал-Ханафи. Абу Убайда
Ахмад ибн Мұхаммад ибн Абд ал-Рахман ал-Һарауи филолог ғалым
401/1011 жылы қайтыс болған [18].
14. «Мафатих ал-ихбар» және
«һадиат ал-асдиқа мин имла ал-Шейх Мұхаммад ибн
ал-фарғани»: Рукн ал-Дин Мұхаммад ибн Аби Бакр ибн Юсуф Абу
Абдуллаһ ал-Фарғани. Ғалымдар арасында «ал-адип
ал-Мұхтар» атымен танылған. Ханафи мазһабын
ұстанған [1, 2/36 б.].
15. Ал-Нутаф»: Шейх Заһид Аби Бакр ал-Уасити. Хаж Халифа бұл
кітаптың толық атын: «Китаб нутаф ал-хишан ала мазһаб Аби
Ханифа ал-Нұғман» деп келтіріп жазушысының атын Шейһ
ал-Заһид Абу Бакр ал-Уасити деген. Және бұл ғалым
«мабсут» кітабының авторы Таж ал-Аймма ал-Сарахсидің (490/1097)
ұстазы болған [3, 2/1925 б.].
Олай болса Аби Бакр ал-Уасити Ханафи мазхабының үлкен ғалымы
десек болады. Ал Аби Бакр Уаситидің туылған жері оның несебі
«ал-уасити» болғандықтан ол қала Иракқа жақын
қалалардың бірі. Алайда бірнеше деректер бойынша бұл атау
Балхқа жақын бір ауыл дегендер де бар.
16. «Раудату ал-улама»: Али ибн Яхия ибн ал-Зандауисти ал-Бухари ал-Ханафи.
Абдуллаһ ал-Тарасусидің (382/992) шәкірті болған [4].
Осылайша
«халисату ал-хақайқты» жазуда сүйнеген
ғалымдардың арасынан Ханафи ғалымдарын тауып, олардың
өмір сүрген кезеңдері мен жазған еңбектерін
анықтадық. Бұл еңбекті жазуда сүйенген
ғалымдар ішінен 16-сы Ханафи мазһабының ғалымдары
және олардың басым көпшілігі Орта Азиядан,
нақтырақ айтар болсақ 4-ғалым Иран мен Ирак жерінен ал
қалғандары Самарқант, Бұхарадан.
Сондай-ақ Әбул
Қасим ал-Фарйаби «Халисату ал-хақайқты» 50
тақырыпқа бөлген. Солардың ішінде
фиқһқа қатысты: тазалық, намаз, зекет,
садақа, ораза, қажылық, ұмра тақырыптары
қамтылған.
«Халисату
ал-хақайқтың» жетінші бөліміндегі тазалық
тақырыбында мынадай мысал келтірген: «Пайғамбарымыздың
(с.а.с.): «ақыретте бір адамды алып келіп амалдарын таразыға
тартады, сонда оның жамандықтары жақсылықтарына басым
түседі, сол сәтте бір сүлгі әкелдіреді, ол
сүлгімен дәрет алғанда беті мен дәрет ағзаларын
сүрткен екен. Сол сүлгіні таразыдағы игі амалдар тоспасына
қосқанда, жақсылықтары ауыр басады» деген хадисін жазғаннан кейін
Әбул Қасим былай деп пікір білдіреді: «Әбу Ханифа сол себепті
дәрет алғаннан кейін сүлгімен сүртінуді
мәкруһ санамаған» [19, 49
б.].
Сондай-ақ осы намаз
тақырыбында Пайғамбарымыздың (с.а.с.): «лә
иләһә илла Аллаһ» деген адамның барлығына
намаз (жаназа намазын) оқыңдар сондай-ақ «лә
иләһә илла Аллаһ» деген имамның артында
тұрып намаз оқыңдар» деген
хадисін келтірген. Негізінде тақуалықтың,
шариғаттың шыңын ұстанған Әбу
ал-Қасым мұндай хадисті бұл еңбегінде келтіруі бір
мақсатпен болса керек. Өйткені осы тақырыптың
соңында «Намаз тақуалықсыз қабыл болмайды,
өйткені намаздың сәні намаз оқушының
тақуалығы» деген ғалымдардың сөздерін
келтірген. Олай болса Әбул Қасым қанша тақуалықты
ұстанса да фиқһи қағидаларды арасына қосып
отырған. Әсіресе Ханафи фиқһының
қағидасын қосқан. Өйткені Ханбали мен Малики
мазһабының көзқарасы бойынша пасық адамның
артында тұрып намаз оқу дұрыс емес [21, 1/53б]. Ал Шафии мазһабында пасық
адамның имам болуы, оның артында тұрып намаз оқу да
мәкруһ деген [20, 4/253].
Ханафи мазһабында тақуа адам табылмаса кәлима айтқан
пасық адамның артында тұрып намаз оқуға болады
деп жоғарыдағы хадисті дәлел
еткен [10, 1/156].
Олай болса Әбул
Қасым ал-Фарйаби ханафи мазһабының көзқарасына
сай тілін кәлимаға келтірген адамның артында тұрып
намаз оқуға болатындығын білдіру үшін
Пайғамбарымыздың (с.а.с.) осы хадисін келтірген.
Қорыта келгенде,
Әбул Қасым ал-Фарйабидің ұстазы Ханафи ғалымы
Рукн ал-Дин Мұхаммад ибн әби Бакр ибн Юсуф әбу Абдуллаһ
ал-Фарғани (594/1198). Ал Әбул Қасым ал-Фарйабидің
шәкірті Ханафи мазһабының ғалымы Шамсу ал-аймма
ал-Кердери.
«Халисату
ал-хақайқты» «садр ас-судурға» яғни
Ханафи фиқһ ғалымы Мұхаммед ибн Ахмадтың
(616/1219 қ.б.), кітапханасына сый еткен. Әбу ал-Қасым
ал-Фарйаби осы «садрлардың» (Ханафи фиқһ
ғалымдарының) жанына жерленген. Ғалым «Халисату
ал-хақайқты» Орта Азиялық Ханафи мазһабы ғалымдарына
сүйенген және бұл еңбекке Ханафи мазһабының
көзқарасына сай үкім енгізген. Сондықтанда Әбул
Қасым ал-Фарйабиді ханафи мазһабын ұстанған Орта
Азиялық ғалым деуге толық негіз бар.
Пайдаланылған
әдебиеттер тізімі
1.
Мұхаммад ибн Насруллаһ ибн Салим ибн
Әбу-л Уафа әл-Қураши әл-Ханафи. Жауахиру ал-мудия фи
табақати ханафия. – Рияд: 1991 – Т. III
2. Brockelmann
C.Ceschihte der arabischen Litterature. Erster Band. N 28
3. Хажи
Халифа. Кашфу Зунун ан асами уа фунун. – Бейрут: 2008
4. Shahab
Ahmed. Mapping the World of a Scholar in Sixth/twelfth Century Bukhāra:
Source: Journal of the American Oriental Society, Vol. 120, No. 1 (Jan. - Mar.,
2000), Published by: American Oriental Society
5. Balland
Daniel. Encyclopaedia Iranica. Ed. E.Yarshater. – New
York: 2008
6. Хайруд-дин
ибн Махмуд ибн Мұхаммад ибн Али ибн Фарис әз-Заркали
әд-Дамашқи. әл-Ағлам. - Бейрут: 2002 – T VIII
7. Малик
Сауд университеті, қолжазбалар бөлімі, тіркелген номер: 7527,
Бадахшани «ахласу ал-халиса». – Сауд Арабиясы
8. Zuhriddin
Husniddinov. Islom insiklopedyasi. өң: Ne’matulla Ibrohimov
«O’zbekiston milliy entsiklopediyasi» Davlat ilmiy nashriyoti. 2004
9.
Ахмет Өзел. Ханефи фиқһ улемалары.
Дианет вакф ве ислам иайнлары – Анкара: 2013.
10. Ала
ал-Дин ал-Касани ал-Ханафи «Бадайғ уа санайғ фи тартиб
ал-Шараиғ» «дару ал-кутуб ал-илмия». – Каир: 1986 – T VII
11. Ибн
Хажар ал-Асқалани, лисату ал-мизан, маншурат ал-аьлами лилматбуьат. –
Бейрут: 1971
12. Ал-Бағдади,
«идах ал-макнун фи ал-зайл ала кашф аз-зунун». «ихия турос ал-араби. – Бейрут
13. Абдул
Карим ал-Самани. ал-ансаб «мажлису даирату ал-маьариф усмани». – Хайдарабад:
1962.
14. Abu
Bakr Muhammad b. Jafar al-Narshakhi (d. 348/ 959). Ta'rikh Bukhara. ed: Amin
Abd a l-Majid Badawi and Nasr Allah Mubashshir al-Tarrazi. Dar al-Maarif. –
Cairo: 1965.
15. Абдул
Карим ал-Самани. Ал-Ансаб «мажлису
даирату ал-маьариф усмани». – Хайдарабад: 1962.
16. Салах
ал-дин ал-Сафади. Ал-Уафи бил-уафаиат. ed: Турки Мұстафа, «дар ихия
турос». – Бейрут: 2000 – T XXIX
17. See
the study by Gerhard Bоwering, The Mystical Vision in Classical Islam: The
Quranic Hermeneutics of Sahl al-Tustari (Berlin and New York: Walter de
Gruyter, 1971)
18. Hyderabad:
Da'irat al-Maarif al-Uthmaniyyah. 1984. Fort he author, see al-Shаfiiyyah,
4:84-85; Yaquta l-Hamawi, Mu'jam al-udaba', ed. Ihsan Abbas (Beirut: Dar
al-Gharb al- Islami, 1993); 2: 491; Kah., 1: 292; and GALS, 1: 200.
19. Сулеймание
кітапханасы. Амжазаде №276. Нафис Паша №382. – Санбул
20. Абу
Закия ал-Науауи. ал-Мажмуғ шарх ал-муһаззаб. Дару ал-фикр. – Каир
21. Хаттаб
ал-Руайни ал-Малики. Мауаһибу ал-жалил фи шархи мұхтасар халил.
Дару ал-фикр. – Каир: 1992 – Т. VI