Политология/10. Региональные
политические процессы
Абдықалық А.А., с.ғ.к.
Алматинский университет энергетики и связи, Казахстан
Мемлекеттің
әлеуметтік саясатын жүзеге асырудағы
әлеуметтік әділетілік
мәселесі
Заманауи әлеуметтік мемлекеттер тек қана экономикалық
нарықтық бәсеке ортасында пайда болады. Осыған
сәйкес, басты қиындықтар - мемлекеттің өзінде
нарықтық экономика мен әлеуметтік әділдік және
теңдікті біріктіру механизмін жасақтап алу болып табылады. Осылайша
жаңа сипатты әлеуметтік мемлекеттегі халықтың басым
бөлігінің әлеуметтік тұрғыда қорғалуы
мен әлеуметтік әділдікпен қамтылғандығын
байқауға болады. Батыс елдерінде әлеуметтік мемлекет
құру барысында әлеуметтік саясатта басты назар әлеуметтік
әділдікке аударылды. Бұл теорияны Ролздың «Әділеттілік
теориясымен» байланыстыруға болады.
Ролздың пікірі бойынша, әлеуметтік әділдік
қағидалар жүйесі либералдық түсініктерге
сүйенеді. Яғни, онда жалпы теңдік және теңдікке
келтіруге араласу теңсіздікке бағытталған болса, ол теріс
ықпалын тигізсе. Ролздың теориясы экономикалық
тұрғыдан мемлекет (қоғам) нақты өз
мәселелерін шеше алмағандарға көмек көрсетіп,
келешекте адам өз мұқтаждықтарын өзі шеше
алатындай болуы қажет деп көрсетеді. Нәтижесінде әлеуметтік
мемлекетті - кедейлерге көмек көрсететін, байлықты тең
бөліп беру арқылы әл-ауқатты жақсартып алатын
формада емес, кедейлері жоқ, азаматтардың белсенді және
бастамашыл іс-әрекеттерімен өлшенетіндей етіп құру[1]
деп тұжырымдайды .
Әлеуметтік мемлекет міндеті
– өз азаматтарының әл-ауқатын қамтамасыз
етуі. Бұл міндеттеме мемлекеттің құзыреттілігі
арқылы әлеуметтік-экономикалық үрдістерде қажетті
әл-ауқатты ұстап тұру үшін, заңнамаларды
қолдану аясы болып табылатынын атап көрсетеді. Осының
негізінде әлеуметтік мемлекет сипаттамасы әлеуметтік әділдік, әлеуметтік теңдік
және әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ету.
Жалпы әлеуметтік әділдік түсінігі сан қырлы.
Мәселен, классикалық либералдар мемлекет азаматтардың жеке
істеріне араласу арқылы, жеке тұлғалардың өз
өмірлеріндегі таңдау жауапкершілігін жояды деп түсіндіреді.
Осы ретте, әлеуметтік әділдік орнатуда оған араласудың
негізі жоқ екендігін, мемлекет оған қол жеткізе алмайтын
жағдайда болатынын жоққа шығармайды. Яғни
көп жағдайда шешім шығару құқығы
саясаткерлер мен шенеунектерге беріліп, ал қарапайым азаматтар билікке
тәуелді болып қалатыны мәлім. Осыған байланысты, Хайнс
Ламперттің түсініктемесі барлық мән-жайды ашып
бергендей. Ол: «Ешбір адам, ешбір қоғам логикалық тегеурінді
талапты иеленбегендіктен әділеттілік ұғымын түсінбейді.
Сондықтан қоғамда барынша әділетті болуға тырысу
керек, индивидумдарға өзін-өзі анықтау
құқығы, кәсіпті таңдау еркіндігі,
еңбек ету еркіндігі, өз қасиеттерін көрсету еркіндігі,
келісімдер жасасу еркіндіктері берілуі қажет» [2] деген болатын .
Мәселен, дамыған Еуропа елдерінде әлеуметтік
саясаттың екі үлгісі кеңінен қолданылады. Біріншісі –
«бисмарктық» әлеуметтік саясат үлгісі. Екіншісі –
«беверидждік» үлгі
«Бисмарктық» әлеуметтік саясат үлгісі бойынша
әлеуметтік көмек пен белсенді еңбек қызметі арасында
тығыз байланыс орнатылады[3]. Жеке адам өзінің белсенді
еңбек қызметі барысында келісім-шарт негізінде әлеуметтік
қорға мөлшерлі аудармаларын жасап отырады. Кейін бұл
аудармалардан сақтандырушы қорлар құрылып, одан
әртүрлі әлеуметтік көмек көрсетіліп отырады.
Мұндай қорларға мемлекеттік бюджеттен қаржы
бөлінбейді. Ал, еңбек белсенділігі төмен отбасылар үшін
ұлттық ынтымақтастық ұстанымы бойынша мемлекеттік
органдар арқылы әлеуметтік көмек көрсетіледі.
«Беверидждік» әлеуметтік саясат үлгісі бойынша кез келген
қоғам мүшесі әл-ауқаты мен экономикалық
белсенділігінің деңгейіне қарамастан денсаулық
сақтау, зейнеткерлік т.б. белгілері бойынша мемлекеттен минималды
әлеуметтік көмек алуға құқылы. Бұл
үлгіні ұстанатын елдердегі зейнетақы жүйесінде зейнетақы алатын жасқа
жеткен әрбір азаматқа белгіленген зейнетақы төленеді,
ал денсаулық сақтау саласы бойынша әрбір азамат медициналық
сақтандыру жүйесіне автоматты түрде тіркеледі. Бұл
үлгіде де ұлттық ынтымақтастық ұстанымы
негізінде ұлттық байлықты әділетті бөлудің
тұжырымдамасы қолданылады. Ал, Қазақстанның
өзіндік әлеуметтік саясатының үлгісі мен
тұжырымдамасы қалыптасу үстінде екенін ескерсек, онда
бұл екі үлгінің басты жетістіктері мен тиімді тетіктері
нысанаға алынып отырғандығына көз жеткізуге болады.
Әсіресе, ол жаңа жинақтаушы зейнетақы жүйесінен
айқын көрінеді.
Сонымен қатар әлеуметтік әділдік –
қоғамның өмір сүру шеңберіндегі
әділеттілік талаптары деп те айқындалады. Әдетте бұл
термин ортақ өмір сүрудің игіліктері мен ауыртпалықтары
бойынша әділетті талап ету ретінде қарастырылады да, бұл
мағынада алғанда, әділет дегеніміз міндетті түрде
бөлу мәселесі. Бірақ «әлеуметтік әділеттікте»
қоғам өміріндегі әділет сипатына, әділетті
түсінуде конституция үлгісіне, экономиканы ұйымдастыруда
маңызды перспективаларға, азаматтық бағынбау
теорияларына көшуге ерекше назар аударылады[3]. Осы заманғы
либерализмнің айқын бір нышаны –
әлеуметтік ынтымақтастықтың әділетті
шарттарына жүгінудің негізділігіне алаңдаушылық
сипатында көрініс табады.
Өткен ғасырдың 50-жылдардың соңына қарай,
өндірістік басқару мен технологиядағы айтарлықтай
өзгерістерден кейін, әлеуметтік-экономикалық күрт даму
жолына түсу Батыс елдерінде әл-ауқатты мемлекет
теориясының орнығуына алғышарт жасады. Әсіресе, мемлекеттің
әлеуметтік қызметі жаңа түрге еніп тиімді әрі
қалыптасқан тәртіптің күшті
тұрақтандырушысына айналды. Адамның қарапайым
құқығына сүйенген теорияның негізінде,
біріншіден, барлық азаматтар бірдей мүмкіндіктерге ие болуы
қажет; екіншіден, әлеуметтік және жеке мүмкіндіктер
жеткізуші ерекшеліктеріне қарағанда, көп жағдайда
әлеуметтік-экономикалық қалыптасқан
жағдайларға детерминациялануы керек; үшіншіден,
қоғам өз мүшелері үшін жауапты болуы,
әсіресе әр түрлі себептердің салдарынан әлсіреген
топтарға қарайласуы шарт.
Әлеуметтік саясаттың негізгі
мақсаттарының бірі – нарықтық экономиканың
жағымсыз нәтижелерінен халықты әлеуметтік
қорғау. Мемлекеттің әлеуметтік саясатында маңызды
орын алатын тағы бір жағдай – экономикалық, саяси және
құқықтық жағдайлар мен фактілердің
өзіндік бағасы болып табылатын, қоғамда
әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету.
Әрбір мемлекет әлеуметтік саясатты
жүзеге асыру барысында әлеуметтік әділдік принциптеріне
бағынуы қажет. Сондай-ақ, мемлекеттік билік
азаматтардың лайықты өмір сүру деңгейін
қамтамасыз ететін саясатты жүзеге асыруы және барлық
әлеуметтік топтардың өмірлік қажеттіліктерін
қанағаттандыруы тиіс. Осыған байланысты әлеуметтік
саясаттың мәні мен әлеуметтік мемлекет түсінігінде кез
келген мемлекет - әлеуметтік институт қана емес, сонымен
қатар материалдық игіліктерді бөлу саласында оның саяси
бет-бейнесін, мемлекеттіліктің жаңа мәнін айқындайтын
дәрежеде болуы керек. Осындай мемлекет қалыптасқанда
ғана өз азаматтарының жақсы тұрмыс жағдайын
қамтамасыз етуге, халықтың әлсіз топтарына
әлеуметтік қолдау көрсетуге, қоғам өмірінде
әлеуметтік ақиқаттың орнауына бағытталған саясат жүргізе алады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.
Абдрахманова
А. Проблемы формирования социального государства // Вестник КазГУ.
Серия юридическая. - 2005.- №1 (29).- C. 184-186.
2. Оспанов Г.Б. Проблемы финансового обеспечения пенсионной системы в условиях рыночной экономики Казахстана
и пути их решения: автореф.
кандидата экон. наук.- Алматы.:Институт экономики, 2007.- 26c.
3.Оксфорд қысқаша
сөздігі. Саясаттану. - Алматы.: Қазақстан, 2001.- 340 б.