Право/8.Конституционное право

 

Аусагатова Г.Қ., Куандыкова  Э.Ж.

М.Х. Дулати атындағы ТарМУ, ТМП, Қазақстан

Қоғамдағы демократияландыру процесi

 

Әлемдiк тарихқа көз жiберсек қоғамды демократияландырудың  сан қилы жобаларының бiрсыпырасы  жүзеге асты да. Мәселен, ХVII ғасырдағы Американ Конституциясы немесе Ұлы Француз буржуазиялық революциясының азаттық пен теңдiк ұрандары. Ал, Қазақстан қоғамындағы демократия туралы мәселенi халқымыздың  тарихынан бастаған жөн болар. Мәселен, Дала демократиясы, хандардың сайланумен қатар Қасым ханның қасқа жолы, Есiм ханның ескi жолы мен Тәуке ханның ”Жетi жарғысы” қазақ даласындағы демократияның алғашқы көрiнiстерi емес пе, сахарадағы демократияның мықты тұғырларды тiрек еткенiне билер институты да куә болып табылады .

 Алайда Егемен Қазақстанның ұлттық тәуелсiздiкке бағытталған жолы өте ұзақ болды.

.Адамзаттық қоғам құру жөнiндегi идея Ресейде тек ғасыр басында ғана көтерiле бастады, ал шет аймақтарына тым кеш естiлдi. Дегенмен, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов және т.б. либерал демократтық бағыттағы қазақ зиялылары ұлттық мемлекет  құрудың жолдарын, оның келешек өзiндiк келбетiн талқылай бастады. Маңайына алдындағы қатарлы зиялыларды топтастырған ”Қазақ” газетi кезiнде бұл мәселеге байланысты  маңызды мақалалар арнады. Қазақстандағы тарихи даму өркендей келе 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысқа ұласып, ол жаңа ұлттық сананы оятуға әкелдi. Оның соңы патшалық ресейдегi революцияға ұласты.

Отандық тарихымызда қазақ  халқының ұлттық өркендеуiндегi көкейкестi мәселелердi шешудiң шынайы мүмкiндiгi туып отырған бүгiнгi сәтте  бiз тек ғана ашық, демократиялық азаматтық қоғам құра білгенде ғана, әлемдiк өркениеттiң, жалпы адамзатың тәжiрибесiне қол арта алғанда ғана сәттi қадам жасауға болатындығын түсiнiп отырмыз.

 Бүгiнгi өркениеттiң   аса бағалы көп   сипаттарының iшiнде әрбiр мемлекетте қоғамдық өмiрдi демократияландыру қажеттiгiн түсiнуге негiзделген, әлемдiк қауымдастықта құрметтi орынға лайық  адам құқығы ерекше орынға ие. Сөз жүзiнде адамдардың еркiндiгi мен құқығын айғайлай жариялағанымен де, тотаритарлық қоғам өз табиғатында қоғамда шынайы демократия орнатуға  дәрменсiздiгiн танытты. Сондықтан да елдiң қожасы деп жарияланбаған  еңбекшiлер iс жүзiнде  партиялық – мемлекеттiк машинаның  елеусiз теңгермешiлiк жоғары өнiмдi еңбекке деген ынта-ықыласты жойды. Адам қоғамның идеологиялық диктат пен өмiр ағысын  қатаң реттеу жағдайында өзiндiк таңдау құқығынан мүлде айырылды. Бұл жағдай ең алдымен тұлғаның демократиялық құқығы мен еркiндiгiн жоққа шығарған тоталитарлық саяси режим басқаруының салдарынан болды.

 Құқықтық мемлекет  құру мен қоғамды демократияландыру-қайшылықты, ұзақ та күрдделi процесс. Бұл бiздiң жас мемлекетiмiздiң аяғынан қаз тұру жолынан да жақсы байқалады. Тоталитарлық жүйеден демократиялық қоғам өмiрiне өту қажеттiгiн айқын болған күннен бастап-ақ Қазақстан тұрғындарының алдында ең алдымен қалыптасып келе жатқан демократиялық жетiстiктердi қорғаудың механизiмдерiн жасаудың мiндетi туындады. Сол маңызды механизмнiң құрамдас бiр бөлiгi –Қазақстан мемлекетiнің егемендiгi мен тәуелсiздiгi.

 Бұл орайда демократияны дамыту-меншiк қатынастарын реформалау мен нарықтық экономикаға өту экономиканы тығырықтан алып шығудын, ұлттық мемлекеттiң қалыптасуына қолайлы жағдай туғызудың толассыз жолы. Саяси саладағы басты мақсат – жас егемен мемлекеттi қуатты президенттi республика етiп қалыптастыру. Бiздiң мемлекетiмiзде барлық азаматтардың теңдiгi барлығының заң алдындағы бiрдей жауапкершiлiгi, кiмнiң қай ұлтқа жататындығына қарамастан бiрдей екендiгi әуелден-ақ нақты көрсетiлген, әрине. Кейбiр жағдайда жергiлiктi ұлт-қазақтардың мүддесi, бiрқатар мемлекеттердегi сияқты ерекше ескерiледi. Мұндай жағдайларға ұлттық мәдениеттi, тiлдi өркендету, қазақ диаспорасының рухани – мәдени және басқа да байланыстарын  қалпына келтiру, оларды өз Отанына қайтып оралуына қолайлы жағдайлар туғызу жатады.

Құқықтық демократиялық мемлекетке Конституцияның аса жоғары мемлекеттік мәнге ие екендiгi белгiлi.

Қоғамды демократияландыру  оның нарықтық экономикаға қарай iлгерi жылжуының аса маңызды шарты. Ол шара барлық азаматтарды қоғамның саяси, экономикалық және рухани өмiрiне кеңiнен тартып, олардың белсендi атсалысуын қажет етедi. Қоғамды демократияландыру дегенiмiз қоғамның мүшелерiн оның сан салалы өмiрiне қатыстыру түрлерiн жетiлдiре беру барысындағы ұзаққа созылатын күрделi процесс. Бiздiң жас республикамыз өзi өмiр сүре бастаған уақыт iшiнде қоғамды демократияландыру саласында қыруар жұмыс атқарды. Мұның жарқын дәлелi – бiздiң Ассамблеямыздың құрылуы, оның жүргiзiп келе жатқан белсендi қызмет.

 Демократиялық құқықтық мемлекет құру, елiмiздiн Конституциясында атап көрсетiлгендей, Қазақстан Республикасының басты саяси мiндетi болып табылады. Ал мұндай мемлекеттiң «басты құндылықтары адам, оның өмiрi, еркi және еркiндiгi» екендiгi және белгiлi. Мiне, сондықтан да Республика Конституциясындағы бұл жолдар мемлекеттiк өмiрдiң мәселелерiн неғұрлым демократиялық әдiстермен шешу болып табылатынын атап көрсетедi.

Саяси өмiрдi демократияландыру процесi – Қазақстан тәрiздi жас, егемен мемлекет үшiн, айтарлықтай қайшылықты әрi мүлде жаңа мемлекеттік мәселе болып табылады. Оның үстiне демократиялық азаматтық қоғамды әлдеқашан құрып үлгерген елдердiң тарихи тәжiрибесi бiздiң Республика бастан кешiп отырған өтпелi кезеңде әрбiр елдiң өзiне тән ерекшелiктерi және  әртүрлi мiндеттерi көрiнiс беретiнiн көрсетiп бердi.

 Тәуелсiздiк алғалы берi Қазақстанда да осындай күрделi процестер жүрiп жатыр. Мұндағы ерекшелiктер: 1 – ден, бiздiң елiмiз бүгiнде дүниежүзiлiк бұрынғы КСРО құрамындағы елден бiртiндеп егемен мемiлекетке, халықтың саясат субъектiсiне айналуда, 2-ден, бұрын мемлекет Мәскеу басқаратын және Орталыққа жүгiнген Қазақстанның дербес нарықтық экономика жолына өтуi белең алып келедi. Ақырында Қазақстанда бұрынғы тоталитарлық, әмiршiл-әкiмшiл социалистiк жүйеден демократиялық құқықтық және әлеуметтiк мемлекеттерге өту басталды.

 Әрине, мұндай құбылыстар тек Қазақстанда ғана емес, бұрынғы кеңестiк империя құрамында болған  басқа да одақтас республикаларда, сондай-ақ Ресейдiң өзiнде де орын алуда.

 Бiздiң ойымызша, Қазақстан  үшiн көрнектi үлгi болатын  елдер бәрiнен бұрын, шын мәнiнде демократиялық, құқықтық, зайырлы мемлекет құрып  үлгерген, азаматтық қоғам қалыптасып қалған, көп партиялық саяси жүйе шынайы әрекет ететiн, тәуелсiз бұқаралық ақпарат құралдары iс жүзiнде  өрiс алған, сондай-ақ осыларға азаматтың құқықтық және саяси мемлекет мәдениет деңгейi сәйкес келетiн елдер болуы тиiс екендiгi еш күмән туғызбаса керек.  Қазақстанда демократиялық қоғам  құруға қажеттi  практикалық маңызы бар нақты материал және тарихи  тағылым бере алады. Қоғамдағы демократиялық өзгерiстерге  тiкелей жол ашатын  саяси жүйенi реформалаудың маңызы орасан зор.

 Бүгiнгi қазақстандық қоғамдағы  демократиялық үрдiстер мәселесiне тоқталатын болсақ, алдымен Қазақстанда Президенттiк билiк жүйесi орныққанын атап өтуге тиiспiз. Бiздiң елiмiздiң Конституциясында да осылай делiнген. Әлемде билiк  жүйесiнiң түр-түрi бар: парламенттiк, монархиялық, президенттiк. Алайда, бiздер үшiн қазiргi жағдайдағы ең тиiмдiсi- президенттiк билiк. Оның себептері:

 Бiрiншiден, президенттiк билiк өтпелi кезең үшiн таптырмайтын, бiрден – бiр  өзiн ақтай аларлықтай билiк болып  табылады. Президенттiң харизмалық күш-қуаты мен оның сан алуан мемлекеттiк мемлекет мәнi бар шешiмдерге тiкелей араласуы көппрезидент жағдайларда түрлi тығырықтардан алып шығары сөссiз.

Екiншiден, бiздiң қазақ қоғамында Батыстағы сияқты ғасырлар  бойы қалыптасқан парламенттiк дәстүрлер жоқтың қасы. Жоғарыда айтып  өткенiмiздей, демократияның мәнiн тарихи  тұрғыда жақсы сезiнсек те тура бүгiнгiдей батыстық либералдық  құндылықтар жағы кемшiндеу соғып жатыр.

Үшiншiден,  қазiргi Қазақстандық қоғамдағы саяси партиялар мен қозғалыстардың өзi де көптеген объективтiк себептерге орай айтарлықтай қуатты емес. Бұл жерде әңгiме билiк үшiн күрес және күрестiң өркениеттi формалары  хақында болып отыр.

 Республика  Президентiнiң бастамасымен өз  бастауын алатын қоғамдағы соңғы өзгерiстер: Қазақстан – 2030 стратегиялық бағдарламасы, Қазақстан Президентi Н.Ә. Назарбаев “Елдегi  жағдай, iшкi және сыртқы саясаттың негiзгi бағыттары туралы: жаңа ғасырда қоғамды демократияландыру, экономикалық  және саяси реформа” атты жолдауында Қазақстан қоғамын одан әрi демократияландыру турасында: ”Мен бүгiн сiздерге демократиялық принциптерге арқа  сүйейтiн Қазақстанды таңдап алуды ұсынамын.... Мемлекетi тиiмдi де әдiл басқаруға негiзделген жаңаша құрылымдар мен жаңаша  тәртiптi  таңдап алуды ұсынамын ” – деп атап көрсеттi . Ал жоғарыдағы Жолдаудың өз кезегiндегi ”Қазақстан- 2030”стратегиялық бағдарламасымен  мейлiнше үндестiк тауып отырғанына күмән жоқ.

 Қоғамды демократияландыру ондағы азаматтардың саяси белсендiлiгiн арттыра  берудi, пiкiрлердiң әр алуандығын, түрлi саяси  партияларды, кәсiподақтардың, әйелдердiң, жастардың ұйымдарын  құруды, адамдардың  дiни нанымдарына жол ашып жандандыра түсудi көздейдi.

 Менiң көзқарасым бойынша, еркiн өмiр сүруге және белсендi  қызмететуге, бiрiншiден, өз жұмысын елдiң Конституциясының  талаптарына   сай  құра  бiлетiн,  екiншiден,  бүкiл қызметi республикамыздың егемендiгiн  нығайта түсуге, көп ұлтты мемлекетiмiздiң халықтарын демократия, азаматтардың тең құқығы  мен бостандығы, прогресс пен әдiлеттiк принциптерiнiң  негiзiнде одан әрi топтастыруға бағыттаған саяси ұйымдар мен қоғамдық  қозғалыстардың ғана құқығы болуы тиiс. Алайда өмiрiмiзде  кездесетiн  уақытша қиындықтарды тiлге тиек етiп, оларды өздерiнiң қызметтерiне Конституцияға  қарап, әрекет түрлерi мен тәсiлдерiне  баруға тырысатын партиялар мен адамдардың жекелеген  топтары да бар екенi шындық.

 Қоғамды демократияландыру ұлттық сана – сезiмдi оятады, ұлт  мәдениетiнiң, айырылып қала жаздаған  тiлiмiздiң, дәстүрiмiздiң, әдет-ғұрыпымыздың және басқа да салттарымыздың қайта өрлеп, дамуына iзгi ықпал етедi.Тап осындай жаңа толқынның пайда болуы арқасында республикамызда ұлттық-мәдени орталықтар  құрылып, белсене жұмыс iстеп келедi. Этносаралық  қарым-қатынастардың жарасымды үйлестiгi мен ұлтаралық қатынастардың мәдениетi арта түстi, қазақстандықтардың этносаяси ортақтастығы негiзiнде әртүрлi ұлт өкiлдерiнiң  арасында жаңаша қарым-қатынас түрлерi қалыптасып келдi.

 

Әдебиет:

 

1.     Дос Көшімов. «Демократия негіздеріне кіріспе», Алматы – 1997.

2.     Ғ. Сапаргалиев., А.Ибраева. «Мемлекет және құқық теориясы». Алматы, «Жеті Жарғы»,1998 жыл.

3.     Ғ.Сапаргалиев. Қазақстан Республикасының Конституциялық құқығы. Алматы, «Жеті Жарғы», 1998 жыл.

4.     С.Е. Жүсіп. «Ерікті сайлау дегеніміз не?»

5.      А.М. Абасилов. «Демократия дегеніміз не? » Демократия қазақ тілінде оқытып үйрету орталығы., Алматы, 1998 жыл.