Психология

 

Оқушыларды  Ұлттық Бірыңғай Тестілеуге  психологиялық тұрғыдан   дайындаудың тиімділігі

 

Жакипбекова  Айгуль  Орынбасаровна

педагог-психолог

      Ж.Еділбаев атындағы  №18 мектеп-гимназия

Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан  қаласы, Қазақстан  Республикасы 

     

       Бүгінгі таңдағы білім беру жүйесі оқыту мен тәрбиелеудің құрылымы, мақсаты мен мазмұны, технологияның  түбегейлі өзгерісімен ерекшеленеді.   Мұндағы мақсат тұлғаның білім, білік дағдысын механикалық тұрғыда дамыту емес, танымдық қабілетті дамыған және өзін-өзі көрсете алатын тұлғаның ақыл-ойын, тұлғалық психикалық қасиеттерін дамыту.

       Үкіметтің қаулысымен қабылданған  «Білім тұжырымдамасы» негізінде елімізде ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесі құрылған.

       Ұлттық Бірыңғай Тестілеуді өткізу елімізде өте үлкен жауапты шараға айналғаны мәлім. Бұл  науқанды  өткізуге жер-жердегі ұстаздар мен құқық қорғау саласының қызметкерлерінен бастап, мемлекеттің басқа да жауапты лауазым қызметкерлері, сонымен қатар, мектеп психологтары да еңбек  атқаруда.

       Мемлекеттік ҰБТ жүйесі  жылма-жыл жетілдіріліп, бітіруші түлектердің білім деңгейін шынайы айқындау тәжірибесі  жинақталып қалды. Түлектің әрі қарай жоғарғы оқу орнына түсіп білімін жалғастыру, жалғастырылмауы осы ұлттық бірыңғай тесттің қорытындысына тікелей байланысты.

      Ұлттық  Бірыңғай Тестілеуге  қатысу оқушыдан терең білім мен білікті қажет етеді. Осы сәтте талапкерлердің өз тағдыры – өз қолында десек, онда әрбір талапкерлердің жауапкершілігі арта бастайды. Себебі, баланың алдындағы Ұлттық Бірыңғай Тестілеуден жоғарғы балл жинап, грантпен оқуға түсу мақсаты тұрады, «Мақсаттың орындалуы үшін не істеу керек?» деген сұрақ туындайды.

      Міне, бұл үшін сынақ тапсыру барысында кездесетін әр түрлі кедергілерді жою қажет, сол кедергілердің ішіндегі ең маңыздысы психологиялық кедергі. Алайда, белгілі бір сынақтан, тексеруден шошыну немесе қорқу, қобалжу және үрей жалпы адам баласына тән қасиет.

     Сондықтан да оқушылар сынақ барысында көбінесе біліп тұрғанын есіне түсіре алмай қиналады. Ол оның жоғарғы ұпай жинауға міндетті түрде кедергі келтіреді.

     ҰБТ — оқушылар үшін ең маңызды кезең. Сондай-ақ  ҰБТ-оқушылардың орта білімін жалпы бағалау көрсеткіші болып саналады. Бір ұпайдың жетпей қалуынан оқушылар  мемлекеттік оқу грантынан, көп  жағдайда жоғары оқу орының ақылы түрде оқуға түсу мүмкіндігінен айырылады.

     Оқушылар үшін келесі жылы оқуға қайта тапсыру ұғымы мүлде мойындалмайды, өздеріне қажетті ұпай санын жинай алмау – үлкен психологиялық дағдарысқа әкеліп соғады. Жалпы жыл аяғындағы ҰБТ-ға дайындық – көп жағдайда оқушы  балаларды  жағымсыз психологиялық соққыға әкелуде.

    Оқушылардың ҰБТ жағдайындағы жеке басының психологиялық күйі оларды нашар күйзеліске, яғни, стресске әкеліп соқтыруы мүмкін. Мәселен, тесті жақсы, ойдағыдай  орындап, қажетті ұпайын жинаған жағдайдың өзінде, жоғарғы көрсеткіш иегерлері біраз уақытқа дейін психологиялық жағымсыз күйді бастан өткізеді. Мұның себебін балалардың қарқынды дайындалуымен байланысты  болатын уақыт кестесінің қысымдығымен, жеке бастарындағы уайымдауларымен, жыл бойы бастан кешірген ҰБТ-ға деген қорқыныш, үрей сезімдерімен, алынған  тесттің нәтижесіне ұзақ уақытқа дейін сенбеуінен туындайтын «түсініксіз» сенімдерімен және т.б. психологиялық ерекшеліктерімен түсіндіруімізге болады. Ал нәтижелері теріске шыққан оқушылардың психологиялық күй-жағдайы мүлдем нашарлайды деуге болады.

        Стресс (ағыл. stress)- қатты күйзелу, абыржу, мөлшерден тыс ширақтылық деген сияқты бірнеше мағынаны қамтитын жалпылама сөзбен айтылған адамның ерекше күйі.

       Ғылымға ең алғаш ең алғаш осы ұғымды енгізген канадалық физиолог Ганс Селье. Оның анықтамасы  бойынша, стресс — өте жағымсыз әсерлерге жауап ретінде туған  организмнің қалыпсыз бейімделу әрекеттерінің жинағы. Адамның жеке ерекшеліктеріне, мінезіне,  жоғарғы жүйке әрекетінің типтеріне орай стрестің бірнеше түрлері байқалады.

Стресс үш кезеңнен тұрады:

1) үрейлену — жағымсыз  тітіркендіргіш әсер еткен сәтте туатын жауаптың алғашқы кезеңі. Таңырқау  іспетті сезім пайда болады;

2) төзімділік – жағымсыз тітіркендіргіш әсеріне беріліп кетпей, оған төзу реакциясы туады. Бұл кезде гипоталамус-гипофиз жүйесінің ықпалымен бүйрек үсті безінің гормондарының мөлшері қанда тез мөлшерде көбейіп кетеді. Симпатикалық жүйке жүйесінің әсерімен жүректің соғу ырғағы жылдамданады, тыныс алу ырғағы да жиілене түседі. Бұлшық еттердің жиырылу қабілеті күшейеді;

3) әлсіреу – бейімделу қорының мүикіндігі азайып, таусылады, сондықтан психологияда дезадаптация (бейімделудің нашарлап жойылуы) пайда болады. Стрестің көпке созылған ауыр түрі адамды жүдетіп, қайғыға батырады.

       Суицид  дегеніміз – сезініп тұрып өзіне-өзі қол жұмсау, яғни осы көзқарас бойынша өзін-өзі өлтіру таза адамдық, ойланып жасалған  әрекет болып табылады.

        Мамандар арасындағы соңғы мәліметтерге қарағанда, оқушы балалар арасында суицидтік мінез-құлық пайда болуда. Яғни,  балалардың әлеуметтік-психологиялық қолайсыз жағдайларда өз-өздеріне қол жұмсаулары, сол арқылы өз  өмірлеріне нұсқан келтірулері. Суицидтік мінез-әрекеттің көптеген себептері болады. Көптеген келеңсіз жағдайларда өз-өздерінің  психологиялық-эмоциялық  күйлерін басқара алмай немесе шиеленістен шығудың  жолдарын  таба алмай, ауыр эмоциялық жағдайларды көтере алмай, аяқ жағы қайғылы оқиғаларға ұшырап жатады. Оның ішінде ең өзекті және жиі кездесетін себеп-салдарды мысал ретінде келтіре кетейік.

       Әлеуметтік-психологиялық  тұрғыдағы себептері:  басындағы қатыгездік, қарым-қатынастың бұзылуы,  психологиялық  климаттың балаға жағымсыз әсер етуі, отбасындағы басқару стилі, үлкендер тарапынан күш көрсетуі, әке-шешесі тарапынан балаға тиісті көңіл бөлінбеуі, құрбы-құрдастары, көше  мен  ауланың жағымсыз әсерлері  мен  қысымдары және т.б.

     Педагогикалық-психологиялық тұрғыдағы себептері: оқушылармен жүргізілетін педагогикалық- психологиялық дайындық  жұмыстарының  жоқтығы немесе нашарлығы (балалардың проблемалық жағдаяттарда өз-өздерін басқара алмауы, жағымсыз жағдаяттарда өз-өздерін дұрыс бағыттай алмауы, өз-өзінің ішкі мәселесі  мен  жағдайын реттей алмауы, кері әсерлерге қарсы тұра алмауы, өзіндік ішкі қорғаныс бағытының жоқтығы, алға жетелейтін мақсат қоя алмауы, сол мақсатқа жетудегі өзіндік стратегияларының жоқтығы немесе оны құра алмауы, қиын жағдайлардан шыға алмауы, ішкі эмоциялық күйлерінің тұрақсыздығы, фрустрацияға, стресске бейім мінез-құлық, емтихан, ҰБТ жағдайларында, әсіресе, теріс немесе төмен нәтижеге ие болғанда өздерін ұстай алмауы және т.б.); мамандар педагогикалық-психологиялық біліктілігін төмендігі, яғни нақты балалар суицидіне байланысты зерттеу, түзету, алдын алу  жұмыстарының  педагогикалық және  психологиялық  әдіснамасының жоқтығы, сондай-ақ арнайы  жұмыс  бағдарламасының жасалмағандығы (арнайы тәрбие  жұмысының  ұйымдастырылмағаны) және т.б.

      Экономикалық-психологиялық тұрғыдағы себептері: балалардың құрбы-құрдастары қатарынан қаржы-қаражат, киім киісі, ақша жарату, материалдық-тұрмыстық жағдай жағынан жетіспеушілік көруі және т.б.

      Биологиялық-генетикалық тұрғыдағы себептері: кейбір жағдайларда балалардың себептен-себепсіз өз-өздеріне қол жұмсауын мамандар тұқым қуалаушылықпен байланыстыра түсіндіреді, бірақ, бұл басқа себептерге қарағанда төменгі көрсеткішті көрсетеді. Сондықтан да мамандар көбінесе жоғарыдағы негізгі, әсіресе, педагогикалық себептерге бағытталады.