Минасипова А.Р.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

ЖЕТКІНШЕКТЕРДІҢ ОҚУ МОТИВАЦИЯСЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУ МӘСЕЛЕСІ

 

         Білім сапасын көтеру ел басының жолдауына атап көрсеткендей, оқушылардың біліктілігін, ойлау мәдениетін қалыптастыру, жеке адамның ішкі өзіндік түсінуін, өзіндік дамуын қамтамасыз ету, оқытуда белгілі бір нәтижеге жету мақсатында оқыту үрдісін тиімді етіп ұйымдастыру, оқу белсенділігін арттыру және танымдық қызығушылығын қалыптастыруды көздейді. Сонымен қатар, оқушылардың мотивациясын анықтау және қалыптастыру педагогика және психология ғылымдарының өзекті мәселесі болып табылады.

          Мотивация - мотивтердің жиынтығы. Мотивациялық сфера диспозициялық және ситуациялық құрылымнан тұрады. Диспозициялық адамның өзінің ішінен шығатын: қажеттіліктер, қызығушылықтар, ниет, тілек,  мақсат, ал ситуациялық жағдай - орта әсеріне байланысты пайда болады.

          Мотивацияны зерттеу мәселесін Х.Хеккаузен, В.Г.Асеев,А.Н. Леонтьев, П.Н. Якобсон, А.К. Маркова, Ю.Б. Орлов сынды атақты психологтар қарастырған.

        А.К. Маркова жас өспірімнің оқу мотивациясының қалыптасуына жәрдемдесетін және оған кедергі келтіретін ерекшеліктерін анықтап көрсетті.

         Мотивацияның жағымды ерекшеліктерін анықтай отырып, төмендегі негізгі факторларды тұжырымдап көрсеткен:

-         «есею сезімі»-өзін бала деп есептеуді, қаламау, адамдарға, өзіне, жалпы әлемге деген жаңа өмірлік бағыт ұстануға талпыну;

·        -жасөспірімнің әсіресе ересек адамның мінез-құлқына еліктеу оның әдістерін үйрену;

·        -жасөспірімнің жалпы белсенділігі, оның ересектер және жолдастары мен бірге түрлі іс-әрекеттерге қатысуға құштарлығы;

·        -өзге адамның,жолдасының пікірінің негізінде өзін жеке тұлға деп санау, өзін өзге адамдардың талапты көзқарасымен және өзінің ішкі талаптарына сай бағалау, өзін-өзі анықтау және өзін-өзі бағалауға сұраныс білдіру;

·        -жасөспірімнің өз бетінше әрекет етуге тырысуы;

·        -қызығушылығының кеңеюі мен әрқилылығы (ойлау деңгейінің кеңеюі), оларды таңдауда пайда болатын анағұрлым талғампаздық, теңдестік;

·        -қызығушылығының тұрақтылығы мен айқындылығы.

·        Осы қасиеттер негізінде жасөспірімнің арнайы қаблеттерінің дамуы (музыкалық, әдеби, техникалық,т.б).

        Жеткіншектердің оқуға деген кері мотивациясының ерекшеліктерінің бірқатар себептермен түсіндірілуін А.К. Маркова былай көрсетті:

       Жеткіншектің өзіне-өзі және өзге адамдарға баға беруіндегі тәжірибесінің төмендігі оны өзге адамдармен  қарым-қатынас жасауда қиыншылықтарға кезіктіреді: жеткіншек мұғалімнің пікірі мен бағалауына сенбегендігінен, кейде тіпті сары уайымға салынады, кері қиындықтарға бой ұрады, қоршаған ортадағы өзге адамдармен жиі келіспей қалады.

         В.Г.Асеев көрсеткендей, адамның мотивациялық жүйесі берген мотивациялық тұрақтылардың қарапайым қатарына неғұрлым күрделі құрылымға ие. «Мотивациялық аясының бағыныстылық құрылымы тұлғаның бағыттылығын анықтайды, ол тұлға бағыттылығы өз мазмұны мен құрылысы  бойынша қайсы түрткілер үстем болса, соған байланысты түрлі сипатқа ие ».

         Осыған байланысты С.М.Жақыпов өзінің зерттеулерінде былай дейді: «біздің зерттеулеріміз көрсеткендей-ақ оқыту барысында танымдық процестердің өнімді бірлігін ұйымдастырудың қажетті шарты-оқыту үрдісіне қатынасушылардың, яғни оқытушы мен білім алушының танымдық әрекеттерінің қалыптасуы және дамуы болады. Ұйымдасқан оқыту жағдайларында алдын ала жоспарланған білім алушының танымдық әрекеті оқыту үрдісіндегі өзара әрекеттесуші индивиттердің субъект - субъектілі кеңістігінде өрби отырып, оқып білім алушылардың танымдық әрекеттерін дамытып, қалыптастыру үшін алғашқы жағдайларды жасайды, оқыту үрдісінде танымдық әрекет ерекше психологиялық феномен бола отырып, оқыту жағдайларында танымдық процестер негізінде (әсіресе,қабылдау, ес пен ойлау)қалыптасқан танымдық әрекеттің тұтас жүйесін құрайды, онда ойлау жүйе құраушы фактор ролін орындайды ».

        Оқу мотивациясын қалыптастыру мәселесі оқыту мен тәрбиелеуді ұштастыруға саяды. Бұл қазіргі оқытудың маңызды аспектісі болып табылады. Яғни, бұл оқытушының назарында оқушы жүзеге асыратын оқуға ғана емес, сонымен қатар оқу барысындағы оқушы тұлғасының дамуы да болатындығын білдіреді. Мотивацияның қалыптасуы – оқушыларда біздің қоғамда қабылданған, оқушылардың белсенді жүріс-тұрысы мен үйлесімді идеаларды, дүние танымдық құндылықтарды тәрбиелеу, ал бұл саналы және шынайы әрекет етуші мотивтердің өзара байланысын, сөз бен іс бірлігін, оқушының белсенді өмірлік позициясын білдіреді.

         Оқу мотивациясы оқу іс -әрекетіне, оқудағы іс-әрекетке енетін мотивациялардың жеке түрі ретінде анықталады. Кез-келген басқа түр сияқты оқу мотивациясы да осы іс-әрекетке тән өзгеше факторлар қатары мен сипатталады. Біріншіден, ол білім беру жүйесімен, оқу іс-әрекеті жүзеге асатын білім беру мекемесімен анықталады; екіншіден, білім беру процесін ұйымдастырумен; үшіншіден, оқушының субектілік ерекшеліктерімен (жасы,жынысы,интелектуалдық дамуы,қабілеттері, жеке адам талабының дәрежесі, өзін-өзі бағалауы, басқа оқушылармен өзара қарым -қатынасы); төртіншіден, оқу пәнінің өзгешелігімен .

         Оқу мотивациясы, оның басқа түрлері сияқты жүйелі болып табылады. Ол бағыттылығымен, тұрақтылығымен және өзгермелілігімен сипатталады.

          Оқу мотивациясы үнемі өзгеріп отыратын және бір-бірімен жаңа қатынастарға түсуші түрткілер қатарынан қалыптасады, мектеп оқушысы үшін оқу қажеттілігі мен маңызды оның түрткілері, мақсаттары, эмоциялары, қызығулары.Сондықтан мотивация жетілуі бұл жай ғана оқуға деген жағымды қатынастың өсуі немесе теріс қатынастың тереңдеуі емес, ал оның артында тұрған мотивациялық аясы құрылымының, оған енетін түрткілердің күрделенуі, олардың арасында жаңа, неғұрлым кемелденген, кейде қарама-қайшы қатынастардың пайда болуы.Осыған сәйкес оқу іс-әрекетінің мотивациясын талдауда тек үстем түрткіні анықтап қоймай, сонымен қатар адамның мотивациялық аясының бүкіл құрылымын есепке алу қажет. 

         Мотивтер сипаты ретінде тұлға мұралары, қызығушылықтары, әлеуметтік  ұстанымдары, құндылықтары, сенімдері көрінетінін есепке аламыз. Алайда, бұл жерде біз осы себептердің бар болуының сыртында алуан түрлі тұға қажеттіліктері тұрғанын (қарапайым, биологиялық, жоғары әлеуметтік)болжаймыз.

          Жеткіншек жаста көптеген оқушылардың фактілерге деген қызығушылығы заңдылықтарға деген қызығушылықтарға ауысады. Бұл жаста көптеген мектептен және сыныптан тыс әуестіктер (үйірмелер секциялар т.б) танымдық мотивтер аясының кеңейіп,дамуына мол жағдай тудырады.

            Жеткіншектік жаста білім алу әдістеріне қызығушылыққа септігін тигізетін оқу-танымдық моивтер де айтарлықтай нығая түседі. Оқушылардың есеюге деген талпынысы бұл мотивтердің сенімді негізі болып табылады.

          

  Әдебиет:

1.            П.М.Якобсон Психология чувств и мотивации\ под.ред.Е.М.Борисовой.-МГУ,1988.

2.            Ю.А.Самарин. Развитие и воспитание детей в переходном возрасте. Л.,1950