Далибаев Б.Т
Таразский государственный университет им. М.Х. Дулати
Казахстан, Тараз
ЖАСӨСПІРІМДЕРДІҢ ҚОЗҒАЛЫС ДАҒДЫЛАРЫН
ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАР АРҚЫЛЫ ТӘРБИЕЕЛЕУДІҢ
МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ
Қазіргі уақытта бүкіл
тарихи, мәдени-адамгершілік, рухани құндылықтарымыз
жаңа ғасыр, жаңа заман тұрғысынан қайта
бағаланып, ұлтымыздың төл мәдениеті, салтымыз,
тіліміз, ұлттық намысымыз, табиғи ортамыз, ұлттық
мәдениетіміз бекіп, жаңғырып, дамып, өркендеуде.
Қазақстан
Республикасының «Білім туралы» заңында: «Білім беру
жүйесінің міндеттері ретінде азаматтық пен
елжандылыққа, өз Отаны – Қазақстан Республикасына
сүйіспеншілікке, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге,
халық дәстүрлерін зерделеу, мемлекеттік тілді, басқа да
тілдерді меңгеруді» - міндеттейді
[14,22].
Ал, бүгінгі таңда жеке
тұлғаны дамытуды жаңаша көзқараспен қарап,
оны әлемдік ғылым мен прогресс деңгейіне сәйкес білім
мен ғасырлар бойғы қалыптасқан тәрбие
әдістері мен тәсілдерін ұштастырып, өмір
тәжірибесі сынынан өткен әдептілік, сыпайылық,
адалдық пен инабаттылық, іскерлік, мейірімділік, дарындылық,
қайырымдылық, енбексүйгіштік, үлкенді сыйлау,
оған ілтипат көрсету сияқты қасиеттерді,
сондай-ақ, жас ұрпақтан өркениетті
қоғамның ерікті, өз бас бостандығын
қорғай алатын, бүкіл адамзат құндылығын
бағалай алатын дені сау, ой еңбегі мен дене еңбегіне бірдей
қабілетті азамат тәрбиелеу қажет.
Әрбір
әдепті ұрпақ халық дәстүрін, ата
кәсібін, халық мұрасын жоғары бағалайды. Ата
кәсіп – атадан балаға ауысып келе жатқан тіршілік
мұрасы, мұрагер жалғастыратын дарынды әрекет болса,
халық дәстүрі имандылыққа,
қайырымдылыққа, мейірімділікке тәрбиелейді.
Қазақ халқының әдет-ғұрып, салттары
мен дәстүрлері өзінше бір ғажайып әлем.
Қазіргі
қайта өркендеу, ұлттық мәдениет пен
салт-сананың жаңғыру кезеңінде баспа беттерінде
ұлттық ойындар, оларды қолдану жөнінде жазылған
бірсыпыра мақалалар, құнды еңбектер пайда бола бастады.
Солардың ішінде Е.Сағындықовтың (1991 ж.)
«Қазақтың ұлттық ойындары» атты оқу құралында
халқымыздың тарихи-мәдени мұраларының бірі
және халық педагогикасының құрамды бір
бөлігі ұлттық ойындардың тууы, дамуы, олардың
ауыз әдебиетіндегі үлгілері, қазақтың
ұлттық ойындарының зерттелуі мен жиналуы, олардың
жинаушылары туралы сөз болады. Автор қазақтың ұлттық
ойындарының тақырыбына, мазмұнына және ондағы
көзделген мақсатына байланысты негізінен үш салаға
топтастырып қарастырған. Олар: ойын-сауық, тұрмыс-салт
ойындары, дене шынықтыру, спорт
ойындары және оймен келетін ойындар екеніне, олардың баланы
тәрбиелеудегі маңызына тоқталған. Ол халық
педагогикасының құрамдас бөлігі екенін, оларды
ана-тілі, математика, дене тәрбиесі сабақтарында және
ұлттық ойындарды тәрбие жұмысында үзіліс
кездерінде, ұзартылған күн топтарында, ертеңгіліктер
мен кештерде пайдаланудың әдістемесі жасалған.
Халықтық
тәрбиенің қайнар көзі: ұлттық
дәстүрлер, әдет-ғұрыптар, ауыз
әдебиетінің туындылары, өнер түрлері,
ұлттық ойындар, отбасы тәрбиесі, тағы басқалары.
Ойын - тіршіліктің
нышаны, еңбекке бейімделудің белгісі, дене шынықтыру мен
сергудің құралы. Кез-келген қазақ
халқының ұлттық ойындарының тәрбиелік
мақсаттары бар. Мысалы: “Асық” ойыны бағдарлыққа,
дәлдікке, мергендікке, ептілікке үйретсе, доппен ойын бүкіл
дененің тұтас қимылдап, шынығуына себепші болады.
Ойнаудың түрлерін: «қауымдасып ойнау, одақтасып ойнау,
жеке ойнау» деп, мазмұнына қарай оларды «тұрмыстық
ойындар, шынығу ойындары, кәсіптік ойындар», ал жас ерекшеліктеріне
байланысты «спорттық ойындар» деп бөледі.
Ойын – халықты рухани
әдептілікке, әділеттілікке баулитын тәрбиелік
құралы. Сондықтан әрбір ойынның
мәнін-мазмұнын түсініп, ойын кезінде
қызбалыққа, дөрекілікке салынбай, әр
ойынның тәртібіне әдеппен, қызыға қарап,
мәдениетті түрде ойнау қажеттігіне көңіл
бөлініп отырған.
Халқымыздың
өткен заманда жасаған өнегелі тәжірибесі бізге
қалдырған ой-парасаттық мұрасы мол. Бүгінгі
ұрпақ бұрынғылардың ақыл-кеңесіне
құлақ асса, адаспай, абыржымай, жаңылмай, жаза баспай
арман–тілегіне неғұрлым тезірек жетуге жол табады екен. Әр
замандағы ақылмандар айтып кеткен даналық сөздер
тірліктің барша саласына қатысты, халықтың тәлімі
қарастырмайтын бірде-бір мәселе жоқ. Өйткені
тәрбие - өмірдің өзекті мәселесі. Олар өмір
сүру үшін ғана жазбаған, керісінше, жазу үшін
өмір сүрген. Өмір сүруді - өмірдің
өзінен үйрену керек деп ескерген, өнегелі ғибраттарын,
кітаптарды ауызша сөзбен қалдырған.
Қазақ
халқының өзіндік мәдени, рухани, әдеби
ұлттық дәстүрі қалыптасқан.
Қазақ ұлтының дамуы мен қалыптасуына зор
үлес қосқан хандар мен сұлтандар, билер мен жыраулар,
батырлар мен ақындар: Жәнібек, Керей, Асан қайғы,
Мұхаммед-Хайдар Дулати, Қадырғали Жолайри, Қасым, Есім,
Хақназар, Тәуекел, Тәуке, Қазтуған,
Ақтанберді, Шал, Әнет, Төле, Қазыбек, Әйтеке,
Әбілқайыр, Абылай, Бұхар, Қабанбай, Бөгенбай,
Наурызбай, Райымбек, Сырымдай қасиетті ата-бабаларымыз көп болды. Аузы дуалы ақылгөй, жыраулар
мен шешен билер жалпы жұртқа өнегелі сөздерімен,
өлең-жыр, толғауларымен зор ықпал етіп, халықты
ел болуға үндеп, берекелі бірлікке шақырып,
қоғамдық өмір сахнасында көріне білген.
Халық дене
тәрбиесін нәресте іште жатқаннан бастайды. Іштегі
баланың уақытында қимылдауы, ананың “шошып”
қалмауы, “құрсақ көтерген” ананың
дұрыс тамақтанып, көңілді өмір сүріп,
іштегі нәрестенің жан-дүниесіне айналасы мен ананың
жағымды әсер етуі, ананың “жерігінің” қануы, т.б.
рәсімдер мен әрекеттер нәрестенің “ай-күніне”,
толымды болып, тоғыз ай, тоғыз күнде дүниеге келуіне
әсерін тигізеді.
Халықтың
тәрбиелік дәстүрлеріндегі «Құрсақ тойы»,
«Қазанжарыс», «Қалжа», «Шілдехана», «Бесік тойы», «Тыштырма»,
«Иткөйлек» тәрізді, т.т. керемет әдет-ғұрыптары
бала тәрбиесіне дүниеге келген күнінен-ақ, ер жеткенге
дейін терең мән берілетінін көрсетеді.
Қазақ
халқының ұлттық тәрбиесінің бір негізі –
дене тәрбиесі, түрлі спорттық ойындар (көкпар,
күрес, қыз қуу, ат жарыс, аударыспақ, найзаласу,
арқан тартыс, ақ сүйек, тоғыз
құмалақ, т.б.) арқылы іске асырылған. Оған
жаңаша (ат ойнату, гимнастика, бокс, футбол, волейбол, теннис, т.б.)
ұлттық-адами, спорттық ойындар мен дәстүрлер,
үйірмелер қосылады
Халықтық
қимылдық ойындар мұралары сан алуан болып келеді, олар өздерінің төл
ерекшеліктерімен пайда болу жағынан да, міндетті жағынан да
ерекшеленеді. Мұнда қазақ халқы басынан өткізген
тарихи жолдың нақтылы шындығы бейнеленген. Дене
тәрбиесінің негізгі халықтық
құралдарының бірі ретіндегі бұл ұлттық
ойындарының маңызы айналысушыға тәрбиелік ықпал
етуге негізделеді. Басқа жағынан алғанда, қазақ
ұлттық ойындары өзінің қарапайымдылығымен,
қол жетерлігімен және тартымдылығымен көзге
түседі және айналысушылардың денсаулық жағдайын
жақсартуға ғана емес, сондай-ақ, білім беру міндеттерін
шешуге де жәрдемдеседі
Пайдаланған
әдебиеттер тізімі:
1. Бөлеев
Қ., Бөлеева Л.Қ. Мұғалім және
ұлттық тәрбие.-Алматы: Нұрлы әлем, 2000.-116 б.
2. Ұзақбаева
С.А Халықтық психологиядағы эстетикалық тәрбие. –
Алматы, 1993. – 246 б.
3.
Оразбекова
К. Иман және инабат: Әдет және тұрмыс – салт
психологиясы. – Алматы: Ана тілі, 1993. – 217 б.
4.
Уаңбаев
Е. Дене тәрбиесінің негіздері. – Алматы: Санат, 2000. – 72 б.
5. Оңалбек
Ж.К. Ұлттар арасындағы дене тәрбиесі мен спорт. – Алматы:
РБК, 1997. – 126 б.
6. Тайжанов
С.Дене мүмкіндіктерін тәрбиелеу. – Алматы: Мектеп, 2004. – 96 б.
7. Төтенаев
Б. Қазақтың ұлттық ойындары. – Алматы, 1978. – 144 б.