Сатаева М.Б.

М.Х.Дулати атындағы ТарМУ, Тараз қаласы

 

Қазақстанда туризмді қаржыландырудың  қажеттілігі

 

"Өңірлерде шағын және орта бизнес өндірісін дамыту және қосымша инвестициялар тартуға бағытталған жаңа индустриялық аймақтар салу мәселесін ойластырған жөн.

Туризмге арналған инфрақұрылым – жеке бағыт. Оның басты басымдығы жұмыс орындары санын көптеп құру болып табылады. Мұнда бір жұмыс орнын құру өнеркәсіпке қарағанда 10 есе арзанға түседі",- деп мәлімдеді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Нұрлы жол – болашаққа бастар жол" атты Қазақстан халқына жолдауында.

Әлемдік экономикадағы аса жылдам дамитын салалардың бірі туризм екені сөзсіз. БҰҰ-ның дүниежүзілік туристік ұйымы және Халықаралық валюта қорының мәліметтері бойынша, туризмнің табысы жылына 3,5 трлн. АҚШ долларын құрайтын көрінеді. Бұл әлемдік ЖІӨ-нің 10,9 пайызына, әлемдік инвестициялардың 7 пайызына парапар сома. Әлем елдерінің саяхаттау және туризм секторының бәсекелестігі жөніндегі рейтингінде Қазақстан соңғы 2 жылда бес орынға жылжып, 88-ші орынға көтерілді. Мұндай ақпаратты өткен жылы Дүниежүзілік экономикалық форумның сарапшылары жариялады. Алайда, Қазақстан Үкіметі биылғы көктемде ғана еліміздің 2020 жылға дейінгі туристік саланы дамыту тұжырымдамасын қабылдағанын ескерсек, бұл жақсы көрсеткіш.

Аталған тұжырымдаманың негізгі стратегиялық мақсаты – Қазақстанды 2020 жылға қарай жаһандық деңгейдегі туристік орталықтың біріне айналдыру. Ол үшін бес аумақтық кластерлер – Астана, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстанды дамыту ұсынылған. Атап айтқанда, Астана мен Алматыны іскерлік туризмнің, Шығыс Қазақстанды – экологиялық туризмнің, Оңтүстік Қазақстанды – мәдени туризмнің, Батыс Қазақстанды – жағажай туризмінің орталығы ретінде өркендету көзделген. Сала мамандарының айтуынша, аталған жобалар толығымен іске асырылған жағдайда елімізге келетін туристердің ағыны жылына 8 млн-нан астам адамды құрап, 200 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашылады.

2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап Еуразиялық экономикалық одақ өз жұмысын бастайды. Ал интеграциялық үрдістер туризмді тездетіп дамытуға зор мүмкіндіктер беретіні белгілі. Бұл жөнінде ағымдағы жылдың 28 сәуірінде М. Ломносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде сөйлеген сөзінде мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: "Еуразиялық интеграция мәдени-гуманитарлық байланыстарды, туризмді жемісті дамыту үшін көптеген басымдықтар береді. Осының барлығы миллиондаған адамдар үшін нақты тиімділік болмақ" деп мәлімдеді.

Еуразиялық интеграцияның күшеюі бұл салаға тек жағымды жағынан ықпал етеді. Мысалға, қазіргі кезде Қытай, Ресей, Үндістан сияқты жедел дамып келе жатқан әлеуетті нарықтар Қазақстанға қызығушылық танытуда. Бұған Қазақстан мен Қытайдың Ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту бағытындағы ұмтылыстары пайдасын тигізеді. Тек шекарамызды ашып, туристерге қолайлы жағдай туғызатын болсақ, іс оңға басады.

Халықаралық сарапшылар Қазақстанда туристік саланың 2020 жылға дейін дамуының үш түрлі сценарийін ұсынуда. Пессимистік нұсқасы: 50-60 мың жұмыс орындарын ашу, жекеменшік инвестициялар үлесі – 2 млрд. доллар, ЖІӨ-дегі үлесі – 1 пайыз. Бәтуалық нұсқасы: 150-170 мың жұмыс орны, 6-6,5 млрд. доллар инвестиция, ЖІӨ-дегі үлес – 1,5 пайыз. Оптимистік нұсқа: 270-300 мың жұмыс орындары, 6-6,5 мрлд. жекеменшік инвестициялар, ЖІӨ-дегі үлесі – 3 пайыз. Яғни, осы үшеуінің бірін таңдауымыз керек. 2020 жылға дейінгі Қазақстандағы туристік саланы дамыту тұжырымдамасында бұдан басқа төрт бағыт бар.

Мәселен, отандық мамандар туризмді әлеуметтік саладан толық шығарып, экономиканың басымдыққа ие секторына айналдыруды ұсынып отыр. Сондай-ақ, жобалар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында іске асырылып, ірі қосалқы инвестор тағайындалады. Аталған тұжырымдама қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізіп, экономикалық және саяси тұрақты елдердің азаматтарына визалық тәртіпті алып тастау, арнайы туристік аймақтарды құру және т.б. мәселелер қамтылған.

Туризм аясы эксперттерінің көзқарасы бойынша, бүгіндері Қазақстан туризмді дамытуда өзінің барлық мүмкіндіктерін қолданбай отыр. Ал осы арада халықаралық  тәжірибе нәтижелерінің көрсетуі бойынша, туризм индустриясы ел экономикасының перспективалы салаларының қатарына жатады. Бірақ туризмнің дамуы мүмкіндігінше жаңа аймақтарды меңгеру арқылы іске асқаны жөн, өйткені әлемдік туристік нарықтың дәстүрлі аймақтары рекреациялық сиымдылығы шегінен артып отыр. Сондықтан Қазақстанның әлемдік туристік рынокта өз нишасын иеленудің тамаша мүмкіндігі бар.

Қазақстанда туризм республиканың сыртқы экономикалық байланысында басымдықты кластерлердің қатарына жатады. Бұл шараны тиімді түрде іске асыру үшін отандық және шетелдік туроператорлардың үйлесімді жұмысы қажет. Қазақстанда туристік қызығушылық тудыра алатын объектілердің саны жеткілікті. Компаниялар туризмнің келесі түрлерін ұсынуда: мәдени, этникалық, экологиялық, сауықтыру, спорттық және аңшылық[2].

Туристік кластердің негізін қызмет көрсетудегі жабдықтаушылар құрайды, басқаша айтқанда, бұлар Қазақстанға шетелдік туристерді баулитын  туристік агенттіктер. Қонақүйлер, демалыс үйлері, транспорттық компаниялар туристік бизнестегі маңызды звеноны құрай отырып, туристік агенттіктер ұсынатын қызметтер пакетінің құрамын анықтайды.

Жалпы туризм мемлекет экономикасына үш жақты оңтайлы әсер береді: шетелдік валюта ағымын күшейтеді, төлем балансы мен жиынтық экспорт сияқты экономикалық көрсеткіштерге оң әсер беріп, жергілікті тұрғындардың еңбек бастылығын арттырады.

«Астана ЭКСПО 2017» халықаралық көрмесінің Қазақстанда өтуі елміміздегі туристік саланың дамуына қарқынды түрде артықшылықтар берері сөзсіз. Дәл қазір бүкіл әлем бойынша туризм саласы қаржы дағдарысына, эпидемиялық індеттердің өршуі, лаңкестік пен табиғи катаклизм мен апаттарға байланысты тұрақсыздыққа ұшырап отыр. Бірақ бұл факторлардың алдын алу жолдарын нығайта отырып, туристік агенттік қызметінің тәуекелділігін төмендетуге болады, ал экономикалық дағдарыс циклдік сиптақа тән болғандықтан, фирма басқармасы мен ұлттық деңгейде Үкімет алдында тұрған басты міндет – нарықтағы тұрақсыздық жағдайларды болашақтағы бұл индустрияның оңтайлы даму мүмкіндіктерін барынша күш салу.

Қызықтыру және баулу орындары туристік кластердің маңызды бөлігін құрайды, өйткені  олар туристердің талаптарын ғана емес, сонымен қатар әр елдің ерекше сипаттамаларын анықтайды. Қазақстанның басты бәсекелік артықшылығы ерекше мәдениетінде (тарихи туризм), экологиялық туризмінде, сонымен қатар демалыстың белсенді түрлерімен айналысу мүмкіндігінде. Өкінішке орай, бүгіндері  туроператорлар туризмнің нақты қай түрін дамыту қажеттілігі туралы нақты шешімдері жоқ. Нәтижесінде клиентті жете түсіну мен оның қажеттіліктерін алдын ала білу шарасы қиындай түсуде. Келушілер туристік кластердің маңызды құрамасы болғандықтан, тапсырыс берушінің талғамына қарай туристік кластердің де картасы өзгере түседі.

Туристік кластерді дамытудың жанама құрамаларына ресторандар мен туристердің  қауіпсіздігімен айналысатын ұйымдар  жатады. Бүгіндері бұл сектордың  туристік агенттіктермен байланысы жетілмей отыр.

Туристік кластердің келесі құраушысы білім беру орындары, салалық ассоциациялар мен мемлекеттік органдар құрайды. Білім беру орындары туристік кластерге мамандар даярлаумен айналысады. Институттардың туроператорлармен байланысы да онша дамымай отыр, өйткені кейбір мамандар бойынша мамандардың жетіспеушілігі байқалуда (мысалы, тарихи туризм бойынша білімі бар экскурсия жүргізшісі).

Туризм аясында зерттеулермен айналысатын арнайы институттар жоқ (қазір зерттеулермен тек мемлекеттік ұйымдар ғана айналысуда). Қазақстандық компаниялар нарықты зерттеу жұмыстарын өз күштері арқылы айналысады. Сонымен қатар, туристік объектілерді дамытуға ықпал ете алатын туристердің бос уақытын өткізу мен көңіл көтеру объектілерін салатын компаниялар жоқтың қасы.

Сонымен туристік саланың алдында тұрған маңызды мәселелердің келесі ретін келтіруге  болады:

-         Виза (визаны алу процедурасының ұзақтығы мен қымбаттығы);

-         Маркетинг (Қазақстан имиджін әлемдік рынокта жылжыту шаралары жетілмеген);

-         Қазақстан туралы ақпараттар мен мәліметтердің жетіспеушілігі;

-         Қаржыландырудың мардымсыздығы;

-         Білікті мамандардың жетіспеушілігі;

-         Туризм инфрақұрылымының жетілмегендігі;

-         Нарықты  сегменттеу аса жетілмеген;

-         Ұлттық парктердің экологиялық туризм ретінде тұйықсыздығы;

-         Туристің қауіпсіздігі.

Бүгіндері, эксперттердің  бағалаулары бойынша туризмнің  дамуына кедергі болып отырған  негізгі фактор Қазақстанда қажетті  инфрақұрылымның болмауы. Қазақстанда туризм табыс деңгейі бойынша  үшінші орында тұратын индустриалды салаға айналдыру мүмкіндігі бар.

Сонымен жоғарыдағы өзекті мәселелер шешімін тауып, бірқатар шаралар кешешенін іске асырғанда туристердің санын отандық азаматтар мен шетелдік демалушылар есебінен ұлғайтуға мүмкіндік пайда болады. Нәтижесінде ұлттық турөнімнің тартымдылығы арта түсіп, Қазақстанның әлемдік туристік рынок жүйесіне қарқынды түрде кіру жолдары ашылмақ. Туристік кластерді дамыту туристік индустрияның бәсекеге қабілеттілігін жоғарылатып, ұлттық экономиканың шикізаттық емес табысты секторларының бірі ретінде дамуна ықпал етеді. Нәтижесінде Қазақстанның Орталық Азия аймағында туризм орталығына айналудың шынайы мүмкіндігі пайда болады.

 

 

Қолданылған әдебиеттер:

1.     Доғалова Г.Н. Халықаралық экономика : Оқу құралы - Алматы: Экономика, 2000. - 88б.

2.     Друкер, Питер Ф. Нарық: топжарып, алға шығу: Практика мен принциптер. / Орыс тілінен аударғандар  Р.Шаймерденов, Н. Бөлекбаев.-Алматы: Білім, 1994-320б.

3.     Кекенова А.Т. Сыртқы қарыз мәселелері және дамушы елдерде сыртқы қарызды басқару: 08.00.14. Э.ғ.к. ғылыми дәрежесін алу   үшін дайындаған дис. авторефераты

4.     Кешенова Б.А.  Ақша, несие, банктер, валюта  қатынастары: Оқу құралы.-Алматы: Экономика, 2006-328б.